Жаңалықтар

ЖӘНІБЕК ТАРХАН ЖАЙЛЫ

Торғай қаласында өткізілген ғылыми конференцияда сөйлеген сөзі «Шақшақ Жәнібек қандай адам болды?» – деген бір үлкен сауалдың көптен көңілде жүргені рас. Бірақ оған жауап бұдан бірнеше ғасыр бұрын берілген еді. Оны қазақ та, қазақтан басқа да берген. Көзі тірісінде Жәнібекті көрген, кім екенін білген Бұқар жырау мен Тәттіқара ақынның сөзіне тоқтап, осы әңгімені бітіруге де болатын еді. Бірақ біз сөзге бұған дейін тоқтап келе жатқан жоқпыз, құдай бұйыртып келешекте тоқтап жатсаң, ол да кеш емес деп ойлаймын. Ал қағазға сенетін болсақ, Жәнібек туралы сол кезде жер басып жүрген қазақтың бәрінен көп жазылған. Бұлай дейтінім, шығармашылық қамымен, бұл тұлға жайында көп шұғылданған кісілердің бірі менмін. Біздің қазақтың тарихына байланысты көп құжат Санкт-Петербургта бұрынғы Бас штабтың «Әскери-саяси архив» дейтін қорда, Мәскеуде сыртқы істер министрлігінің жанындағы үлкен «дипломатиялық архивте» жинақталған. Сол архивтердегі «қазақ істері», «қалмақ істері», «башқұрт істері», «жоңғар істері» дейтін мұраларда, одан басқа «Түркістанның жауланып алыну тарихына» байланысты құжаттардың бәрінде Жәнібектің аты жиі кездеседі. Оның көбінде Әбілхайыр ханның, біразында Абылайдың аты бар, ал Жәнібек жайлы Әбілқайырдан да, Абылайдан да кем айтылмаған. Осыларды былай қойғанда, сол кісі жөнінде орыс империясының тарихын жазған Соловьевтан бастап үлкен фундаментальдық еңбектерден де көп мағлұмат табуға болады. Сол заманда отарлаушы әскерді басқарған қолбасшылардың барлығы міндетті түрде естеліктер жазған. Міндетті түрде күнделік жүргізген, оны журнал деп атады. Солардың көбінде Жәнібектің аты бар. Орынбордың тұңғыш генерал-губернаторы Неплюевтың мемуарында, міл заманға байланысты басқа да құжаттарда бұл кісінің қайраткерлігі жан-жақты қамтылған. Сол құжаттар бойынша Ресейдің атақты барлаушысы, Таяу Шығысты, Иран, Индияны ықпалға көндіру мақсатымен талай миссияларды басқарып барған, сол сияқты Орта Азияда да көптеген «зерттеушілік» жұмыстарды басқарған, сол еңбегі үшін императордан алтын медаль алған ориенталист ғалым, арғы тегі поляк, Витевскийдің Орынбор губерниясының тарихы жайында кітабы бар. Соның да ең бір орталық кейіпкерлерінің біреуі – Жәнібек. Мен өзімнің сол дәуір жайында жазған еңбегімде қазақтың керекті аңызын аңыз қалпында, ал басқа мәселелердің бәрін, керек десеңіздер, кескініне дейін деректерге сүйене отырып жазуға тырыстым. Содан да болар кейінгі әрі тарт та, бері тарт таластар тұсында маған да біраз таяқ тиді. Колбин келген кезде менің үстімнен талай арыздар түсті. Сонда «қазақтарды азғырып жүрген Есенберлин, Мүсірепов, Мағауин, Сүлейменов дейтін сұмырайлар бар, солардың ең бір пәлесі Кекілбаев деген, өзі барып тұрған қазақшыл», – деп жамандады. Колбин кетіп қалып еді, әлгі жазғыштар енді мені орысшыл, біздердің басқа бабаларымыз құрып қалғандай қайдағы Әбілқайырды, Жәнібекті, Бөкенбайды, Есетті жазады деп жазғыратын әңгімелерін әлі айтып жатыр. Мұндай жағдайда Жәнібек бабамыз жайындағы көптердің басын ашып алғанымыз дұрыс. Ол кісі жайлы парасатты әңгіме енді ғана басталды. Жәнібектің қазақ үшін қадірлі болатындығы тек батыр болғандығы үшін ғана емес, қазақта мыңдаған батырлар болған. Бәлкім алысқанда Жәнібектен де жауырындылау шыққан батырлар аз емес шығар. Түсірген жауының саны көп батырлар да бар шығар. Бірақ Жәнібектің Жәнібек болуының ең басты сипаты оның батырлығында емес. Батырлық оның «сегіз қырлылығының» алдымен көзге түскен бір қыры ғана. Жәнібекті ұлан-асыр тарихтық төріне шығарып тұрған нәрсе – оның шын мәніндегі саясатшылығы. Шын мәніндегі мемлекеттік қайраткер екендігі. Ал батырлыққа келетін болсақ, оның да талай түрі бар... Жау тоқтатудың орнына, жау жоқ жерде жау шақыратын батырлар да көп болған, дау тоқтатудың орнына дау шақыратын билер де көп болған. Бізге дау шақыратын, жау шақыратын билер мен батырлар емес, қарап отырып тоқтықтан, қымыздың желіне масығып көршіге тиіспей, халықтың басына і түсе кенде қол бастайтын сардарлар керек. Әншейінде құлақ тыныш отырғанда өзі килігетін билер емес, құлақтан маза кетіп, арың төгіліп бара жатырғанда сөз бастайтын ділмарлар керек. Ең дұрысы, сөзді де, қолды да бастатпауға тырысатын, елдің тыныштығын, ағайынның аманшылығын сақтайтын елдарлар керек. Екі жолбарысты соңына ерткен, өзі үшінші жолбарыс сияқты боп, айбынын асырған батыр Жәнібектің бүгінгі ұрпақ үшін қадірлі болатындығы, кісінің тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен би Жәнібектің біз үшін қадірлі болатындығы, ең алдымен, сол батырлығы мен сол билігін елдарлыққа жұмсағандығы. Меніңше, жаңағы айтқан сыртқы архивтердің құжаттарында да Жәнібек атының жиі кездесетіндігі де осы елдарлықтан шығар. Әңгіме болып жатқан кезеңде қазір де ұлықталып отырған билердің де, батырлардың да көбі тірі жүр еді. Алайда генерал-губернатор Неплюев 1742 жылы патша ағзамға Жәнібекті: «бұл екі ордаға да бірдей қадірлі, екі ордада да хандардан да беделі артық, екі ордада хандармен бірдей тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ете алатын бірден-бір адам», – деп бағалап, сондықтан да «басқа адамдармен шатастырмас үшін оған тархан атағын дара, ешкіммен араластырмай жеке беру керек» деген ұсыныс жасауы да тегін болмаса керек. Бұл ұсынысты кейде біз қазақылық ұғымға салып: «оған неге орыстың емешегі үзіліп қалды, соған қарағанда Жәнібектің оларға жасаған бірдеңесі бар ғой, соны айрықша бағалап отырған болуы керек», – деп секем алатынымыз бар. Бұл – Жәнібек туралы шын ақиқатты білмегендіктің салдары. Әлгі деректерді оқи отырып, Ресей патшасы да ақымақ кісі еместігіне көзің жетеді. Ақымақтар екі құрлықты бірдей қамтитын ең үлкен империяны жасай алмас еді. Олар кезкелген елдің бәрін зеңбірекпен, күшпен алуға тырыспаған. Өйткені, мықтының да тасып бара жатқан рәсуа күші, мықтының тастайтын рәсуа ақшасы жоқ. Мүмкіндігі болса, ол да ымырадан қашпайды, ол да мәмілеге жүгінеді. Мінекей, сол себептен де бір жағынан батыстағы мұхитқа, екінші жағынан оңтүстіктегі мұхитқа жете алмай, екі жақпен бірдей соғыс салып жатқан, үшінші жағынан жеделдетіп елсіз жатқан, сусыз жатқан қалың орманды басып етіп, тездетіп қиыр шығысқа жетіп алу саясатын ұстанып отырған орыс үкіметі Орта Азияға да бірден зеңбірекпен кіргісі келген жоқ-ты. Өйтсе, жолынан қалады. Қыруар шығынға батады. Оған ең әуелі бос жатқан тундра мен тайга арқылы Қиыр шығысқа жетіп алу тиімді еді. Ресей империясы егер қазақ хандары келіссөз жүргізбесе, Қазақстанды сол кезде алар ма еді, алмас па еді деп ойлаудың өзі балалық шалық. Ресейдің сыртқы істер коллегиясының жұмысын жүргізген Кириллов 1734 жылы «Россияның шығыстағы саясаты» деген үлкен байыптама жазғаны белгілі. Соны мұқият зерделесеңіз, Ресей ол кезде Сібір арқылы Қиыр Шығысқа жетіп алуды, мұхитқа жеткеннен кейін сол кездегі дәуірлеп келе жатқан Қытай империясына қарсы екі күш – біреуі корейлер, екіншісі аралға барып күшейіп, ешкімді мойындамай бекініп жатқан жапон сегундарын пайдалана отырып, Қытайды әлсірету саясатын ұстанғанын аңғару қиын емес. Бұл саясатқа іргелес жатқан Қазақстан мен Орта Азияны пайдалануды да ойлаған. Ол пайдаланбаса, оларды Қытай пайдаланар еді. Мінеки, сондай жағдайда Қазақстанның бодандығы жайлы сөзді Әбілқайыр бастасын мейлі, Жәнібек бастасын мейлі бұл жетіскеннің әңгімесі емес. Екі оттың ортасында қалғанның жантәсілім әңгімесі. Амалсыздықтың әңгімесі. Ал Қазақстан деген елдің өзі қирап қалған монғол империясының орнында пайда болғанын өздеріңіз білесіздер. Көз ашқаннан бастап үш ғасыр бойы осындай қиындықтың шырмауында жүрді. Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде жаңа мемлекеттілікті сақтап қалу жолында қанша түрлі қауіп-қатер болды. Сол кезде де үлкен мәмілегерлік іске жүгінуге тура келді. Сонау Тәуекел ханның тұсында-ақ қазақтар тек қана өз күшіне сеніп қоймай, көршілермен ықпалдастыққа да назар аудару керек екендігін жақсы түсінген-ді. Жәнібек 1693 жылы туды. Ал 1690 жылы қазақтың сол кездегі астанасы Сайрам қаласы екінші рет қалмақтың шапқыншылығына ұшырап, түпкілікті жойылып кеткен-ді. Қазақтың жыл сайын өтетін мәслихаты Сайрамның түбіндегі Мәртөбеден Ангрен бойындағы Күлтөбеге көшіп кеткен-ді. Мінеки, сол кезде дүниеге келген баланың алдында қандай заман тұрғанын, өздеріңіз аңғара беріңіздер. Сол 1690 жылдардан бастап Тәуке өлгенге дейін қазақ хандығы Ресеймен ықпалдастық саясат орнатуға тырысты. Өйткен себебі, біріншіден, жоңғар хандығына тойтарыс беру керек болды. Ол жоңғардың өзінен қорыққандық емес еді. Жоңғардың ар жағында Цин империясы батысқа бағыттап келе жатты. Шығыстан ең үлкен экспанция төніп тұрды. Соны пайымдаған қазақ билеушілері бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүретін қазақ-жоңғар соғысында бәрібір табан тірейтін тірек болуы керек екендігін түсінді. Екіншіден, батыстағы Ресейдің қытай экспонционизміне қарсы Жоңғарияны пайдаланып отырғандығы, сол үшін де оған қару беріп отырғандығы белгілі болды. Сол кездегі жоңғар елшіліктерінің берген жауабына қарағанда, «Оларда 500 түйеге артатын зеңбірек, елу мортир, басқа да оншақты артиллерия түрлерінің барлығы анықталды». Ал Ренат деген жалғыз швед азғантай уақытта заводы, металлургиясы жоқ елде осынша артиллерия құралдарын бір өзі жасап шыға алмасы айтпаса да түсінікті. Ол жәй әншейін көз алдарқату. Ал шын мәнінде жоңғарды Россия ол кезде мықтап қаруландыра бастады. Өйткені, Россия ол кезде Цин империясының Орталық Азияны иемденіп кетуінде бірден-бір қарсы ел еді. Өйткені, Қытай империясы Орта Азияны алатын болса, Россияның Еділ бойындағы шекарасына жетіп жығылар еді. Өзінің болашағын ойлайтын кез-келген ел мұның алдын алуға, жауды алыстан тоқтатуға тырысады. Осындай жағдайда екі ортада отырған қазақ хандығы тек жан-жақтың бәрін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ыңғайыма қаратамын деп отырса, ханы да, биі де, төресі де, қарашасы да көрпесіне қарап көсілмей, көстеңдеп, қаралай қағынып отырса, онда өңшең бір ақымақтардың елі болып шығар еді. Құдай қарасқанда, сол кездің өзінде де қазақ даласында ақылдылар аз болмапты. Ақылды батыр да, ақылды бай да, ақылды хан да, төре де табылыпты. Сондықтан да олардың біреуін қиқы, біреуін жиқы санағанымыз баяғыдағы бабаларымызға обал болумен қоса, біздің қазіргі бірлігімізге де қиянат. Оның үстіне, менің Жәнібекті қатты қадірлейтіндігім – қазақтың мемлекеттігіне адалдығы. Өйткені, орыс үкіметі болсын, жоңғардың қонтайшысы болсын, қытайдың боғдаханы болсын, қазақты билеп тұрған, оған ықпалы зор хандар мен батырларға ғана хат жазған. Кез-келген батырға, биге хат жазған емес. Ол батырлардан орта жүзде – Арқадағы Жәнібекке, Түркістандағы Нияз батырға, кіші жүзде – жеті руды бірге билеп отырған Бөкенбай мен Есетке ғана хат жазған. Қалған бірде-бір батырға хат жазып, арнайы дипломатиялық депеше жүргізіп көрген емес. Осының өзіне қарап отырып-ақ мынадай жағдайды түсінуге болады. Батыр болсын, басқа болсын, Жәнібек – ұлыс бегі. Қазақтың бүкіл бір ұлысының тұтастығын қамтамасыз еткен саяси басшы. Аса ірі саяси тұлға. Есет пен Бөкенбай да солай болған. Олардың ханмен тізелес отырып жүруінің себебі де осындай саяси статустан. Оған әлгіде айтылған қазақ байланыстары құжаттарын байыптап оқитын болсаңыз, көзіңіз жете түседі. 1736 жылғы Орскіде Татищев келіп қазақтың елбасыларымен жүргізген журналында, 1738 жылы генерал-лейтенант Урусов жүргізген келіссөздерде де, 1742 жылы Неплюев Орынборда жүргізген келіссөздерде, 1747 жылы Тевкелевтің жүргізген келіссөздерінде де, 1749 жылы Нұралыны хан сайлау жөнінде Петербургтан грамота келгенде, Орынбордың түбіндегі инагурацияға барғандағы протоколда да, осылардың бәрінде де, Жәнібек аты ең алдымен аталады. Жәнібек ол келіссөздерге екі түрлі статуспен қатысады. Дипломатиялық қабылдаулардың екі түрлі жолы бар. Біріншісі – ресми делегациялар арасындағы келіссөздер. Оған хан, хан таныған ресми ұлысбегі, сұлтандар қатысады. Хан кез-келген сұлтанды қасына ертпейді. Ол кезде жүздеген сұлтан болған. Солардың арасында әрқайсысы бір-бір ұлысты билеп отырған сұлтандар ғана қатысады. Мысалы, Әбілқайыр келіссөзге барғанда өзі, байұлыны билеп отырған Нұралыны, Керейді билеп отырған Ералыны ғана ерткен. Әйтпесе өз тұқымындағы бүкіл сұлтандарды қасына ертіп апарған жоқ. Әбілмәмбет те қасына атығайды билеп отырған Абылайды ғана ерткен. Өйткені, бұлар – ұлысбегілік статуспен барған кісілер. Міне, осындай ұлысбегі болып барған кісілерді біріншіден ресми делегациялармен бірге қабылдайды. Одан кейін Европалық протокол бойынша делегацияны бастап келген мемлекет басшысын жеке қабылдайды. Мұны партикулярлық келіссөздер дейді. Делегацияның құрамындағы кіші суверендерге де осындай партикулярлық негіздегі жеке қабылдаулар жасалады. Мінекей, Жәнібек те өле-өлгенінше әрі хандармен ресми келіссөздерге де қатысқан. Сонымен қоса оның құрметіне әлгіндей жеке партикулярлық қабылдаулар да ұйымдастырылған. Жәнібек, осы реттен қарағанда, неге шыж-быж болып Әбілқайырдың қашан көзі жұмылғанша қасында жүрді? Әбілқайырдың тірі кезінде де естімеген сөзі, көрмеген қоқайы аз. Бұл арада ақылды, өзі ханнан кем емес Жәнібек Әбілқайырдан неге безіп кетпейді деген мәселе тууы мүмкін. Өйтетін себебі, Жәнібек билік үшін күрескен жоқ, қазақтың мемлекеттілігі үшін күресті. Әбілқайыр да билік үшін күресті деген қазақы ұғым. Ол да қазақтың мемлекеттілігі үшін күресті. Сондай мемлекеттілікті қамтамасыз ететін бас тақ үшін күресті. Болат өлгеннен кейін оның орнына ұзақ уақытқа дейін ешкім тағайындалмады. Әбілмәмбет ешқандай ерлігімен көзге түскен жоқ. Сәмеке қартайып келе жатты. Мұндай кезде бас тақты иесіз қалдыруға болмайтын еді. Өйткені, батыстағы Россия ол кезде башқұртты зеңбірекпен ұйпай бастады. Шығыста жоңғар өңмеңдеп тұрды. Осындай кезде қазақтың ханы аса ірі әскери стратег адам болуы керек еді. Ондай адам ол кезде қазақ қоғамында бар еді. Ол осыған дейін қазақ-жоңғар соғыстарында талай рет көзге түскен Әбілқайыр еді. Әбілқайыр бас билікке бір жағынан баққұмарлықтан, екінші жағынан қоғамдағы объективті жағдайларға бола ұмтылды. Ол да бұл жолда қолдайтын үш жүздің аузы дуалыларын қасында ұстауға тырысты, солардың ықпалына сүйенді. Мінеки, осы кезде оған үлкен тірек болған кісі, ел ішінде де, сыртта да асқан ақылымен, көрегендігімен ханды да, қараны да, жауларын да, достарын да өзімен санасуға мәжбүр еткен шақшақ Жәнібек тархан еді. Міне, бұлардың бәрі Жәнібек батырдың өз тұсындағы саяси өмірдің ең басты, ең ірі орталық тұлғаларының бірі екендігін айғақтайды. Ендеше, ол еліміздің егемендігі жолындағы көпғасырлық күресінің де мақтанышы бола алады. 1993 жыл.  
08.12.2012 05:06 6456

Торғай қаласында өткізілген ғылыми конференцияда сөйлеген сөзі

«Шақшақ Жәнібек қандай адам болды?» – деген бір үлкен сауалдың көптен көңілде жүргені рас. Бірақ оған жауап бұдан бірнеше ғасыр бұрын берілген еді. Оны қазақ та, қазақтан басқа да берген. Көзі тірісінде Жәнібекті көрген, кім екенін білген Бұқар жырау мен Тәттіқара ақынның сөзіне тоқтап, осы әңгімені бітіруге де болатын еді. Бірақ біз сөзге бұған дейін тоқтап келе жатқан жоқпыз, құдай бұйыртып келешекте тоқтап жатсаң, ол да кеш емес деп ойлаймын.

Ал қағазға сенетін болсақ, Жәнібек туралы сол кезде жер басып жүрген қазақтың бәрінен көп жазылған. Бұлай дейтінім, шығармашылық қамымен, бұл тұлға жайында көп шұғылданған кісілердің бірі менмін.

Біздің қазақтың тарихына байланысты көп құжат Санкт-Петербургта бұрынғы Бас штабтың «Әскери-саяси архив» дейтін қорда, Мәскеуде сыртқы істер министрлігінің жанындағы үлкен «дипломатиялық архивте» жинақталған. Сол архивтердегі «қазақ істері», «қалмақ істері», «башқұрт істері», «жоңғар істері» дейтін мұраларда, одан басқа «Түркістанның жауланып алыну тарихына» байланысты құжаттардың бәрінде Жәнібектің аты жиі кездеседі. Оның көбінде Әбілхайыр ханның, біразында Абылайдың аты бар, ал Жәнібек жайлы Әбілқайырдан да, Абылайдан да кем айтылмаған.

Осыларды былай қойғанда, сол кісі жөнінде орыс империясының тарихын жазған Соловьевтан бастап үлкен фундаментальдық еңбектерден де көп мағлұмат табуға болады. Сол заманда отарлаушы әскерді басқарған қолбасшылардың барлығы міндетті түрде естеліктер жазған.

Міндетті түрде күнделік жүргізген, оны журнал деп атады. Солардың көбінде Жәнібектің аты бар. Орынбордың тұңғыш генерал-губернаторы Неплюевтың мемуарында, міл заманға байланысты басқа да құжаттарда бұл кісінің қайраткерлігі жан-жақты қамтылған. Сол құжаттар бойынша Ресейдің атақты барлаушысы, Таяу Шығысты, Иран, Индияны ықпалға көндіру мақсатымен талай миссияларды басқарып барған, сол сияқты Орта Азияда да көптеген «зерттеушілік» жұмыстарды басқарған, сол еңбегі үшін императордан алтын медаль алған ориенталист ғалым, арғы тегі поляк, Витевскийдің Орынбор губерниясының тарихы жайында кітабы бар. Соның да ең бір орталық кейіпкерлерінің біреуі – Жәнібек.

Мен өзімнің сол дәуір жайында жазған еңбегімде қазақтың керекті аңызын аңыз қалпында, ал басқа мәселелердің бәрін, керек десеңіздер, кескініне дейін деректерге сүйене отырып жазуға тырыстым. Содан да болар кейінгі әрі тарт та, бері тарт таластар тұсында маған да біраз таяқ тиді.

Колбин келген кезде менің үстімнен талай арыздар түсті. Сонда «қазақтарды азғырып жүрген Есенберлин, Мүсірепов, Мағауин, Сүлейменов дейтін сұмырайлар бар, солардың ең бір пәлесі Кекілбаев деген, өзі барып тұрған қазақшыл», – деп жамандады. Колбин кетіп қалып еді, әлгі жазғыштар енді мені орысшыл, біздердің басқа бабаларымыз құрып қалғандай қайдағы Әбілқайырды, Жәнібекті, Бөкенбайды, Есетті жазады деп жазғыратын әңгімелерін әлі айтып жатыр.

Мұндай жағдайда Жәнібек бабамыз жайындағы көптердің басын ашып алғанымыз дұрыс. Ол кісі жайлы парасатты әңгіме енді ғана басталды. Жәнібектің қазақ үшін қадірлі болатындығы тек батыр болғандығы үшін ғана емес, қазақта мыңдаған батырлар болған. Бәлкім алысқанда Жәнібектен де жауырындылау шыққан батырлар аз емес шығар. Түсірген жауының саны көп батырлар да бар шығар. Бірақ Жәнібектің Жәнібек болуының ең басты сипаты оның батырлығында емес. Батырлық оның «сегіз қырлылығының» алдымен көзге түскен бір қыры ғана.

Жәнібекті ұлан-асыр тарихтық төріне шығарып тұрған нәрсе – оның шын мәніндегі саясатшылығы. Шын мәніндегі мемлекеттік қайраткер екендігі. Ал батырлыққа келетін болсақ, оның да талай түрі бар... Жау тоқтатудың орнына, жау жоқ жерде жау шақыратын батырлар да көп болған, дау тоқтатудың орнына дау шақыратын билер де көп болған. Бізге дау шақыратын, жау шақыратын билер мен батырлар емес, қарап отырып тоқтықтан, қымыздың желіне масығып көршіге тиіспей, халықтың басына і түсе кенде қол бастайтын сардарлар керек. Әншейінде құлақ тыныш отырғанда өзі килігетін билер емес, құлақтан маза кетіп, арың төгіліп бара жатырғанда сөз бастайтын ділмарлар керек. Ең дұрысы, сөзді де, қолды да бастатпауға тырысатын, елдің тыныштығын, ағайынның аманшылығын сақтайтын елдарлар керек.

Екі жолбарысты соңына ерткен, өзі үшінші жолбарыс сияқты боп, айбынын асырған батыр Жәнібектің бүгінгі ұрпақ үшін қадірлі болатындығы, кісінің тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен би Жәнібектің біз үшін қадірлі болатындығы, ең алдымен, сол батырлығы мен сол билігін елдарлыққа жұмсағандығы. Меніңше, жаңағы айтқан сыртқы архивтердің құжаттарында да Жәнібек атының жиі кездесетіндігі де осы елдарлықтан шығар. Әңгіме болып жатқан кезеңде қазір де ұлықталып отырған билердің де, батырлардың да көбі тірі жүр еді. Алайда генерал-губернатор Неплюев 1742 жылы патша ағзамға Жәнібекті: «бұл екі ордаға да бірдей қадірлі, екі ордада да хандардан да беделі артық, екі ордада хандармен бірдей тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ете алатын бірден-бір адам», – деп бағалап, сондықтан да «басқа адамдармен шатастырмас үшін оған тархан атағын дара, ешкіммен араластырмай жеке беру керек» деген ұсыныс жасауы да тегін болмаса керек. Бұл ұсынысты кейде біз қазақылық ұғымға салып: «оған неге орыстың емешегі үзіліп қалды, соған қарағанда Жәнібектің оларға жасаған бірдеңесі бар ғой, соны айрықша бағалап отырған болуы керек», – деп секем алатынымыз бар. Бұл – Жәнібек туралы шын ақиқатты білмегендіктің салдары. Әлгі деректерді оқи отырып, Ресей патшасы да ақымақ кісі еместігіне көзің жетеді. Ақымақтар екі құрлықты бірдей қамтитын ең үлкен империяны жасай алмас еді. Олар кезкелген елдің бәрін зеңбірекпен, күшпен алуға тырыспаған. Өйткені, мықтының да тасып бара жатқан рәсуа күші, мықтының тастайтын рәсуа ақшасы жоқ. Мүмкіндігі болса, ол да ымырадан қашпайды, ол да мәмілеге жүгінеді.

Мінекей, сол себептен де бір жағынан батыстағы мұхитқа, екінші жағынан оңтүстіктегі мұхитқа жете алмай, екі жақпен бірдей соғыс салып жатқан, үшінші жағынан жеделдетіп елсіз жатқан, сусыз жатқан қалың орманды басып етіп, тездетіп қиыр шығысқа жетіп алу саясатын ұстанып отырған орыс үкіметі Орта Азияға да бірден зеңбірекпен кіргісі келген жоқ-ты. Өйтсе, жолынан қалады. Қыруар шығынға батады. Оған ең әуелі бос жатқан тундра мен тайга арқылы Қиыр шығысқа жетіп алу тиімді еді.

Ресей империясы егер қазақ хандары келіссөз жүргізбесе, Қазақстанды сол кезде алар ма еді, алмас па еді деп ойлаудың өзі балалық шалық.

Ресейдің сыртқы істер коллегиясының жұмысын жүргізген Кириллов 1734 жылы «Россияның шығыстағы саясаты» деген үлкен байыптама жазғаны белгілі. Соны мұқият зерделесеңіз, Ресей ол кезде Сібір арқылы Қиыр Шығысқа жетіп алуды, мұхитқа жеткеннен кейін сол кездегі дәуірлеп келе жатқан Қытай империясына қарсы екі күш – біреуі корейлер, екіншісі аралға барып күшейіп, ешкімді мойындамай бекініп жатқан жапон сегундарын пайдалана отырып, Қытайды әлсірету саясатын ұстанғанын аңғару қиын емес. Бұл саясатқа іргелес жатқан Қазақстан мен Орта Азияны пайдалануды да ойлаған. Ол пайдаланбаса, оларды Қытай пайдаланар еді. Мінеки, сондай жағдайда Қазақстанның бодандығы жайлы сөзді Әбілқайыр бастасын мейлі, Жәнібек бастасын мейлі бұл жетіскеннің әңгімесі емес. Екі оттың ортасында қалғанның жантәсілім әңгімесі. Амалсыздықтың әңгімесі.

Ал Қазақстан деген елдің өзі қирап қалған монғол империясының орнында пайда болғанын өздеріңіз білесіздер. Көз ашқаннан бастап үш ғасыр бойы осындай қиындықтың шырмауында жүрді. Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде жаңа мемлекеттілікті сақтап қалу жолында қанша түрлі қауіп-қатер болды. Сол кезде де үлкен мәмілегерлік іске жүгінуге тура келді.

Сонау Тәуекел ханның тұсында-ақ қазақтар тек қана өз күшіне сеніп қоймай, көршілермен ықпалдастыққа да назар аудару керек екендігін жақсы түсінген-ді.

Жәнібек 1693 жылы туды. Ал 1690 жылы қазақтың сол кездегі астанасы Сайрам қаласы екінші рет қалмақтың шапқыншылығына ұшырап, түпкілікті жойылып кеткен-ді. Қазақтың жыл сайын өтетін мәслихаты Сайрамның түбіндегі Мәртөбеден Ангрен бойындағы Күлтөбеге көшіп кеткен-ді. Мінеки, сол кезде дүниеге келген баланың алдында қандай заман тұрғанын, өздеріңіз аңғара беріңіздер. Сол 1690 жылдардан бастап Тәуке өлгенге дейін қазақ хандығы Ресеймен ықпалдастық саясат орнатуға тырысты. Өйткен себебі, біріншіден, жоңғар хандығына тойтарыс беру керек болды. Ол жоңғардың өзінен қорыққандық емес еді. Жоңғардың ар жағында Цин империясы батысқа бағыттап келе жатты. Шығыстан ең үлкен экспанция төніп тұрды. Соны пайымдаған қазақ билеушілері бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүретін қазақ-жоңғар соғысында бәрібір табан тірейтін тірек болуы керек екендігін түсінді. Екіншіден, батыстағы Ресейдің қытай экспонционизміне қарсы Жоңғарияны пайдаланып отырғандығы, сол үшін де оған қару беріп отырғандығы белгілі болды.

Сол кездегі жоңғар елшіліктерінің берген жауабына қарағанда, «Оларда 500 түйеге артатын зеңбірек, елу мортир, басқа да оншақты артиллерия түрлерінің барлығы анықталды». Ал Ренат деген жалғыз швед азғантай уақытта заводы, металлургиясы жоқ елде осынша артиллерия құралдарын бір өзі жасап шыға алмасы айтпаса да түсінікті. Ол жәй әншейін көз алдарқату. Ал шын мәнінде жоңғарды Россия ол кезде мықтап қаруландыра бастады. Өйткені, Россия ол кезде Цин империясының Орталық Азияны иемденіп кетуінде бірден-бір қарсы ел еді. Өйткені, Қытай империясы Орта Азияны алатын болса, Россияның Еділ бойындағы шекарасына жетіп жығылар еді. Өзінің болашағын ойлайтын кез-келген ел мұның алдын алуға, жауды алыстан тоқтатуға тырысады.

Осындай жағдайда екі ортада отырған қазақ хандығы тек жан-жақтың бәрін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ыңғайыма қаратамын деп отырса, ханы да, биі де, төресі де, қарашасы да көрпесіне қарап көсілмей, көстеңдеп, қаралай қағынып отырса, онда өңшең бір ақымақтардың елі болып шығар еді. Құдай қарасқанда, сол кездің өзінде де қазақ даласында ақылдылар аз болмапты. Ақылды батыр да, ақылды бай да, ақылды хан да, төре де табылыпты. Сондықтан да олардың біреуін қиқы, біреуін жиқы санағанымыз баяғыдағы бабаларымызға обал болумен қоса, біздің қазіргі бірлігімізге де қиянат.

Оның үстіне, менің Жәнібекті қатты қадірлейтіндігім – қазақтың мемлекеттігіне адалдығы. Өйткені, орыс үкіметі болсын, жоңғардың қонтайшысы болсын, қытайдың боғдаханы болсын, қазақты билеп тұрған, оған ықпалы зор хандар мен батырларға ғана хат жазған. Кез-келген батырға, биге хат жазған емес. Ол батырлардан орта жүзде – Арқадағы Жәнібекке, Түркістандағы Нияз батырға, кіші жүзде – жеті руды бірге билеп отырған Бөкенбай мен Есетке ғана хат жазған. Қалған бірде-бір батырға хат жазып, арнайы дипломатиялық депеше жүргізіп көрген емес.

Осының өзіне қарап отырып-ақ мынадай жағдайды түсінуге болады. Батыр болсын, басқа болсын, Жәнібек – ұлыс бегі. Қазақтың бүкіл бір ұлысының тұтастығын қамтамасыз еткен саяси басшы. Аса ірі саяси тұлға. Есет пен Бөкенбай да солай болған. Олардың ханмен тізелес отырып жүруінің себебі де осындай саяси статустан. Оған әлгіде айтылған қазақ байланыстары құжаттарын байыптап оқитын болсаңыз, көзіңіз жете түседі. 1736 жылғы Орскіде Татищев келіп қазақтың елбасыларымен жүргізген журналында, 1738 жылы генерал-лейтенант Урусов жүргізген келіссөздерде де, 1742 жылы Неплюев Орынборда жүргізген келіссөздерде, 1747 жылы Тевкелевтің жүргізген келіссөздерінде де, 1749 жылы Нұралыны хан сайлау жөнінде Петербургтан грамота келгенде, Орынбордың түбіндегі инагурацияға барғандағы протоколда да, осылардың бәрінде де, Жәнібек аты ең алдымен аталады. Жәнібек ол келіссөздерге екі түрлі статуспен қатысады. Дипломатиялық қабылдаулардың екі түрлі жолы бар. Біріншісі – ресми делегациялар арасындағы келіссөздер. Оған хан, хан таныған ресми ұлысбегі, сұлтандар қатысады. Хан кез-келген сұлтанды қасына ертпейді. Ол кезде жүздеген сұлтан болған. Солардың арасында әрқайсысы бір-бір ұлысты билеп отырған сұлтандар ғана қатысады. Мысалы, Әбілқайыр келіссөзге барғанда өзі, байұлыны билеп отырған Нұралыны, Керейді билеп отырған Ералыны ғана ерткен. Әйтпесе өз тұқымындағы бүкіл сұлтандарды қасына ертіп апарған жоқ. Әбілмәмбет те қасына атығайды билеп отырған Абылайды ғана ерткен. Өйткені, бұлар – ұлысбегілік статуспен барған кісілер.

Міне, осындай ұлысбегі болып барған кісілерді біріншіден ресми делегациялармен бірге қабылдайды. Одан кейін Европалық протокол бойынша делегацияны бастап келген мемлекет басшысын жеке қабылдайды. Мұны партикулярлық келіссөздер дейді. Делегацияның құрамындағы кіші суверендерге де осындай партикулярлық негіздегі жеке қабылдаулар жасалады.

Мінекей, Жәнібек те өле-өлгенінше әрі хандармен ресми келіссөздерге де қатысқан. Сонымен қоса оның құрметіне әлгіндей жеке партикулярлық қабылдаулар да ұйымдастырылған.

Жәнібек, осы реттен қарағанда, неге шыж-быж болып Әбілқайырдың қашан көзі жұмылғанша қасында жүрді?

Әбілқайырдың тірі кезінде де естімеген сөзі, көрмеген қоқайы аз. Бұл арада ақылды, өзі ханнан кем емес Жәнібек Әбілқайырдан неге безіп кетпейді деген мәселе тууы мүмкін. Өйтетін себебі, Жәнібек билік үшін күрескен жоқ, қазақтың мемлекеттілігі үшін күресті. Әбілқайыр да билік үшін күресті деген қазақы ұғым. Ол да қазақтың мемлекеттілігі үшін күресті. Сондай мемлекеттілікті қамтамасыз ететін бас тақ үшін күресті. Болат өлгеннен кейін оның орнына ұзақ уақытқа дейін ешкім тағайындалмады. Әбілмәмбет ешқандай ерлігімен көзге түскен жоқ. Сәмеке қартайып келе жатты. Мұндай кезде бас тақты иесіз қалдыруға болмайтын еді. Өйткені, батыстағы Россия ол кезде башқұртты зеңбірекпен ұйпай бастады. Шығыста жоңғар өңмеңдеп тұрды. Осындай кезде қазақтың ханы аса ірі әскери стратег адам болуы керек еді. Ондай адам ол кезде қазақ қоғамында бар еді. Ол осыған дейін қазақ-жоңғар соғыстарында талай рет көзге түскен Әбілқайыр еді. Әбілқайыр бас билікке бір жағынан баққұмарлықтан, екінші жағынан қоғамдағы объективті жағдайларға бола ұмтылды.

Ол да бұл жолда қолдайтын үш жүздің аузы дуалыларын қасында ұстауға тырысты, солардың ықпалына сүйенді. Мінеки, осы кезде оған үлкен тірек болған кісі, ел ішінде де, сыртта да асқан ақылымен, көрегендігімен ханды да, қараны да, жауларын да, достарын да өзімен санасуға мәжбүр еткен шақшақ Жәнібек тархан еді.

Міне, бұлардың бәрі Жәнібек батырдың өз тұсындағы саяси өмірдің ең басты, ең ірі орталық тұлғаларының бірі екендігін айғақтайды.

Ендеше, ол еліміздің егемендігі жолындағы көпғасырлық күресінің де мақтанышы бола алады.

1993 жыл.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға