Жаңалықтар

Сіз қай брендті таңдайсыз?

Сіз қай брендті таңдайсыз? Тұтынушылар арасында киім таңдауға қатысты ерекше үрдіс пайда болды. Заманның ағымына қарай жастармен қатар аға буын өкілдерінің де белгілі бір брендке сұранысының өсуі аңғарылады. Олардың бір ғана өндірушінің тауарына таңдау жасауының сыры неде екен? Бір ғажабы, ол үшін бұйымның түр-түсі, ыңғайлылығы, жарасымдылығы, бағасы маңызды емес. Тек өзі қалаған бренд болса бас-көз жоқ сатып алуға құмбыл. Әуелі бренд дегеннің не екенін түсініп алайық. Ол сауда маркасы ма, әлде жаңа технология ма? Тауар, немесе қызмет түрі ме? Қазіргі кезде бренд болып табылмайтындар кемде-кем. Дегенмен, кез-келген ұйым, мекеме, музыка, кино, кітап, телеарна, бағдарлама да бренд болып есептелгенімен, оның көбісінің шын мәніндегі сапалық деңгейі, тұтынушы сұранысына ие болуы күмән келтіреді. Қаладағы Әл-Фараби сауда орталығында сатушы болып жұмыс істейтін құрбымның әңгімесі мені еріксіз таң қалдырды. Сауда орталығына келген тұтынушылардың басым бөлігі әдетте «ZARA», «DKNY» немесе «CНANEL» фирмасының көйлегін, аяқ киімін немесе сөмкесін сұрайды екен. Егер аталған өндірушілердің тауары болмаса, өзгесіне көңіл аудармайтын көрінеді. – Бірде мынадай «қызық» жасадық, - дейді құрбым. Сауда нүктемізге келген жаңа түсімдерді көрнекі етіп іліп қойдық. Алайда жаңа түскен тауарлар жиынтығының сапасы да, пішімі де көңілден шығып тұрғанына қарамай оларға ешкім назар аудармады. Амал жоқ, киімдердегі өндірушінің маркасы жазылған белгісін танымал брендпен ауыстырып тігіп шығуға тура келді. Сол-ақ екен әлгі киімдеріміз бір аптаға жетпей сатылып кетті. Байқағанымыздай, танымал бренд үшін тұтынушы қанша қаржы болса да төлеуге әзір. Мұндай адамдар өзі қалаған үлгіні сатып ала отырып, жоғары сапалы бұйым алдым деп есептейді. Себебі,олар брендтің сауда белгісі ғана емес, ол өнімнің сапасына, жарамдылық мерзіміне жауап беретініне сенеді. Әдетте сауда орталықтарынан отандық өнімдерге қарағанда, шетелдік тауарды көп кезіктіреміз. Бұл тұтынушылардың шетелдік брендті қалайтынын білдіре ме, әлде төл брендтің тапшылығынан орын алып отырған жайт па? «Талғамға талас жоқ » демекші, әр адам әрқалай таңдау жасауға құқылы. Кей адамдар тауардың сыртқы көрінісіне ғана көңіл бөлсе, келесісі өнімнің ыңғайлы, жайлы болуын қалайды. Енді біреулері әлгі айтқан фирмасының беделіне айрықша мән береді. Айтқандай, тұтынушылардың тауар таңдаудағы тұрақтылығына әсер етуші түрлі факторлар бар. Солардың бірі – жеңілдіктер. Яғни, жаппай сатылымдарды ұйымдастыру. Сол арқылы брендке деген сұранысты арттыруға да болады. Жеңілдік – сатып алушыға арналған «қақпан». Себебі, әр адамның затты өз бағасына қарағанда арзан сатып алуды ойлайтыны белгілі. Шымкент қаласының «Еуразия» базарында «Дивайн» дүңгіршегінің сатушылары тұтынушыларының қатарын арттыру және олардың тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында түрлі шараларды қолға алған. Олар келушілердің аты-жөнін, ұялы телефонының нөмерін жазып алып, жаңа түсім, маусымдық жеңілдіктер және жаппай сатылым жайлы тұрақты түрде хабарлама жіберіп отырады. Сондай-ақ әр мереке қарсаңында белсенді тұтынушыларына тосын сый дайындайтынын да ескертеді. Бренд тұтынушыға психологиялық тұрғыдан да әсер ете алады. Танымал фирманың тауарын сатып алу арқылы өзін сәнді болдым деп есептейтіндер де кездеседі. Сүйікті киімдерін алған адам өзгелердің назарын аударатындығына, жұрттың қызыға да қызғана қарайтындығына сенімді болуы мүмкін. Немесе керісінше, басқа өндірушінің өнімі тұтынушыға жайсыз әсер етіп, қоғамдық ортада өзін ыңғайсыз сезінеді. Біздің ойымызша, сәнді киіну үшін танымал бренд өнімін тұтыну міндет емес. Бастысы үйлесімді, қонымды болса кез-келген киім жарасымды көрінері сөзсіз. Мысалы, сіз атақты дизайнердің өніміне қол жеткізгеніңізбен, ол сіздің пошымыңызға келмей тұрса сәнді киіндім деуге бола ма? Нарықтағы кез-келген тауар жайлы оң және теріс пікір туындайды. Әр адам өз қалауы бойынша жеке стилін қалыптастырады. Сәнді әрі заманауи киіну үшін тек шетелдік брендті таңдау шарт емес. Өзіміздің отандық сәнгерлеріміздің қолынан шыққан туындылар жоғарыда аты аталған фирмалардың өнімінен кем түспейді. Мәселен, Аида Кәуменова, Құралай Нұрқаділова, Айгүл Қасымова, Салтанат Баймұхамедова және Оксана Корби сынды танымал сәнгерлеріміз тек қазақ жерінде ғана емес өзге мемлекеттерде де танымал. Заманауи киім үлгілерін ұлттық нақышқа сай ою-өрнекпен әсемдеп ұсынса тұтынушылардың қызығушылығы да артатыны сөзсіз. Әйелдер мен ерлердің сонымен қатар балалардың киім үлгісімен кезінде республикамызға, тіпті әлемнің бірнеше елдеріне танымал болған «Восход» тігін фабрикасын көпшілік жақсы біледі. Қазақстандық дизайнерлеріміздің брендін насихаттау үшін дербес жеңіл өнеркәсіп саласын дамытып, отандық өнімді өндіруге және оны импорттауға мүмкіндік беретін уақыт жеткен секілді. Сол арқылы тұтынушы сұранысын қанағаттандырып шетелдік тауарға деген тәуелділікті жоюға жол ашылар еді. Ал, сіз қай брендті таңдайсыз? Жанерке ЖҮСІПБЕКОВА.
07.12.2012 23:40 4882

Сіз қай брендті таңдайсыз?

Тұтынушылар арасында киім таңдауға қатысты ерекше үрдіс пайда болды. Заманның ағымына қарай жастармен қатар аға буын өкілдерінің де белгілі бір брендке сұранысының өсуі аңғарылады. Олардың бір ғана өндірушінің тауарына таңдау жасауының сыры неде екен? Бір ғажабы, ол үшін бұйымның түр-түсі, ыңғайлылығы, жарасымдылығы, бағасы маңызды емес. Тек өзі қалаған бренд болса бас-көз жоқ сатып алуға құмбыл.

Әуелі бренд дегеннің не екенін түсініп алайық. Ол сауда маркасы ма, әлде жаңа технология ма? Тауар, немесе қызмет түрі ме? Қазіргі кезде бренд болып табылмайтындар кемде-кем. Дегенмен, кез-келген ұйым, мекеме, музыка, кино, кітап, телеарна, бағдарлама да бренд болып есептелгенімен, оның көбісінің шын мәніндегі сапалық деңгейі, тұтынушы сұранысына ие болуы күмән келтіреді.

Қаладағы Әл-Фараби сауда орталығында сатушы болып жұмыс істейтін құрбымның әңгімесі мені еріксіз таң қалдырды. Сауда орталығына келген тұтынушылардың басым бөлігі әдетте «ZARA», «DKNY» немесе «CНANEL» фирмасының көйлегін, аяқ киімін немесе сөмкесін сұрайды екен. Егер аталған өндірушілердің тауары болмаса, өзгесіне көңіл аудармайтын көрінеді.

– Бірде мынадай «қызық» жасадық, - дейді құрбым. Сауда нүктемізге келген жаңа түсімдерді көрнекі етіп іліп қойдық. Алайда жаңа түскен тауарлар жиынтығының сапасы да, пішімі де көңілден шығып тұрғанына қарамай оларға ешкім назар аудармады. Амал жоқ, киімдердегі өндірушінің маркасы жазылған белгісін танымал брендпен ауыстырып тігіп шығуға тура келді. Сол-ақ екен әлгі киімдеріміз бір аптаға жетпей сатылып кетті.

Байқағанымыздай, танымал бренд үшін тұтынушы қанша қаржы болса да төлеуге әзір. Мұндай адамдар өзі қалаған үлгіні сатып ала отырып, жоғары сапалы бұйым алдым деп есептейді. Себебі,олар брендтің сауда белгісі ғана емес, ол өнімнің сапасына, жарамдылық мерзіміне жауап беретініне сенеді.

Әдетте сауда орталықтарынан отандық өнімдерге қарағанда, шетелдік тауарды көп кезіктіреміз. Бұл тұтынушылардың шетелдік брендті қалайтынын білдіре ме, әлде төл брендтің тапшылығынан орын алып отырған жайт па? «Талғамға талас жоқ » демекші, әр адам әрқалай таңдау жасауға құқылы. Кей адамдар тауардың сыртқы көрінісіне ғана көңіл бөлсе, келесісі өнімнің ыңғайлы, жайлы болуын қалайды. Енді біреулері әлгі айтқан фирмасының беделіне айрықша мән береді.

Айтқандай, тұтынушылардың тауар таңдаудағы тұрақтылығына әсер етуші түрлі факторлар бар. Солардың бірі – жеңілдіктер. Яғни, жаппай сатылымдарды ұйымдастыру. Сол арқылы брендке деген сұранысты арттыруға да болады. Жеңілдік – сатып алушыға арналған «қақпан». Себебі, әр адамның затты өз бағасына қарағанда арзан сатып алуды ойлайтыны белгілі. Шымкент қаласының «Еуразия» базарында «Дивайн» дүңгіршегінің сатушылары тұтынушыларының қатарын арттыру және олардың тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында түрлі шараларды қолға алған. Олар келушілердің аты-жөнін, ұялы телефонының нөмерін жазып алып, жаңа түсім, маусымдық жеңілдіктер және жаппай сатылым жайлы тұрақты түрде хабарлама жіберіп отырады. Сондай-ақ әр мереке қарсаңында белсенді тұтынушыларына тосын сый дайындайтынын да ескертеді.

Бренд тұтынушыға психологиялық тұрғыдан да әсер ете алады. Танымал фирманың тауарын сатып алу арқылы өзін сәнді болдым деп есептейтіндер де кездеседі. Сүйікті киімдерін алған адам өзгелердің назарын аударатындығына, жұрттың қызыға да қызғана қарайтындығына сенімді болуы мүмкін. Немесе керісінше, басқа өндірушінің өнімі тұтынушыға жайсыз әсер етіп, қоғамдық ортада өзін ыңғайсыз сезінеді.

Біздің ойымызша, сәнді киіну үшін танымал бренд өнімін тұтыну міндет емес. Бастысы үйлесімді, қонымды болса кез-келген киім жарасымды көрінері сөзсіз. Мысалы, сіз атақты дизайнердің өніміне қол жеткізгеніңізбен, ол сіздің пошымыңызға келмей тұрса сәнді киіндім деуге бола ма?

Нарықтағы кез-келген тауар жайлы оң және теріс пікір туындайды. Әр адам өз қалауы бойынша жеке стилін қалыптастырады. Сәнді әрі заманауи киіну үшін тек шетелдік брендті таңдау шарт емес. Өзіміздің отандық сәнгерлеріміздің қолынан шыққан туындылар жоғарыда аты аталған фирмалардың өнімінен кем түспейді. Мәселен, Аида Кәуменова, Құралай Нұрқаділова, Айгүл Қасымова, Салтанат Баймұхамедова және Оксана Корби сынды танымал сәнгерлеріміз тек қазақ жерінде ғана емес өзге мемлекеттерде де танымал. Заманауи киім үлгілерін ұлттық нақышқа сай ою-өрнекпен әсемдеп ұсынса тұтынушылардың қызығушылығы да артатыны сөзсіз. Әйелдер мен ерлердің сонымен қатар балалардың киім үлгісімен кезінде республикамызға, тіпті әлемнің бірнеше елдеріне танымал болған «Восход» тігін фабрикасын көпшілік жақсы біледі. Қазақстандық дизайнерлеріміздің брендін насихаттау үшін дербес жеңіл өнеркәсіп саласын дамытып, отандық өнімді өндіруге және оны импорттауға мүмкіндік беретін уақыт жеткен секілді. Сол арқылы тұтынушы сұранысын қанағаттандырып шетелдік тауарға деген тәуелділікті жоюға жол ашылар еді.

Ал, сіз қай брендті таңдайсыз?

Жанерке ЖҮСІПБЕКОВА.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға