Жаңалықтар

Жалтарыссыз жайсаң еді

  Жалтарыссыз жайсаң еді Қасым Аманжолов туралы «Кіші Ата» аталған естелігімді кейінірек жазғандықтан да екшеп-елеп айтарымды сонда қапысыз қамтыған секілдімін. Ол еңбегім маусымдық басылымдарда жариялана келіп, ақыры «Өмір өрнегі» атты кітабыма орныққан. Бұл жолғы ара-арасында жырлап та жіберетін аз ғана сөзімде Қасым менің жеке басым үшін кім еді, қазір мен оны қай дәрежеде түсінемін дегенді қысқа да болса әдейі қысылмай аңғартамын. Өйтпесем, «мына кісі мақтанып отыр» дейтіндей жалаң қабат ойлаушыдан қаймықсам, шындық шырайын солғындатып аламын. Әрі-беріден соң, өзіме деген Қасым ықыласымен мақтанудан да қашпан. —        Өзім секілді жетімнен жетілгелі тұрсың ба қалай?.. Ақыры бастаған екенсің — тартынба!.. Бұл Қасым Аманжоловтың отыз бесінші жылы Орал қаласында, Оразғалиев Шәкір үйінде қойын дәптерімнен өлең оқығанымда айтқан бір лебізі еді. —        Сен бала осы өлеңнің ендігі тағдырын маған тапсыр да, жөніңе жүре бер! Бұл Қасым Аманжоловтың отыз алтыншы жылы Орал облыстық «Екпінді Құрылыс» газетінде өзінің редакциялауымен алғаш рет жарияланғалы отырған өлеңім қолына тигенде айтқан ағалық жарлығы еді. —        Өзіне мәлім, мен мәймеңкені білмейтін кісімін... Қара да тұр, сенің осы дүниең төңірегінде саған жағымды көп сөз айтылады. Ал, тап мына жеріне келгенде мен сен болсам бүйтер ем... Бұл Қасым Аманжоловтың қырық жетінші жылы Алматыда «Әке сыры» атты поэмамды қолжазба күйінде бірінші болып оқығаннан кейін өз үйінде отырып топшылаған болжамы болатұғын. Ал елу екінші жылы «Біздің ауылдың қызы» атты дастаныма арнайы жазған мақаласының ақырында ол: Құнаныңда кекілге шоқ таққансың, Дөненіңде топтан озып шапқансың. Бесті бол да бас бәйгені ала бер, Дұшпан күйіп, достарың бір мақтансын! — деп өзінің табиғатына тән кең жайсаңдығымен ағалық ақ тілеуін ақтара салған. Осынша нақты, мағлұматтардан кейін оның маған өле өлгенше ұстаздық қылғанын дәлелдеп жатудың қажеті қанша?!. Сөйте жүріп ол мені өзіне тетелес жолдасы да санаған. Ақынның әлгі өлеңіне орай, оның аруағына қарата енді айтарым: Бас бәйгені ал деп едің маған сен. Одан бері ақты қанша ағар сел... Шүкір, әзір желге жемтік еместей Өзің өлшеп, жомарт кескен бағаң сол. Оқпан-оқпан белден асқан талайғы, Мені де жұрт бапты бозға балайды. Шүкір, әзір еңселіктен тер кеппей Жана берсем, жаным соны қалайды. Қасымның маған танытқан көп ықыласының азғантай өтеуі бәлкім сол болған да шығар, бірақ, ол үшін емес, күні бүгінге дейін айтылмаған ащы бір ақиқат басын аша кетудің орны осы деп, білгізбегім бар. Жадыңа жайсыз орныққан естеліктің ескерткіш қуаты болады. Айтайын дегенім — Қасым дүниеден өткен тұстың және соған дейінгі тіршілік тәртібінің қатыгез, тар пейіл мінезін танытатын жәйіт. Соның ызғарынан бұл күндері аққұла арылып кеткен болсақ, бәлкім, бұны ұмытқан да болар едім. Ақын көз жұмған күнгі қоналқада кірпік қақпай күзетінде болған Есмағамбет, Қапан Сатыбалдин үшеуміз қазалы хабарды түні бойы телефон арқылы таратып, сәскелікте одақта президиум мүшелерінің бас қосуына себепші болдық. Мәжілісте жерлеу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру президиум мүшесі ретінде маған жүктелді. Зират басындағы қаралы жиынның ең ауыр сөзін де еңіреп тұрып өзім айтып шыққан едім ғой. Сонда қаптап тұрған қалың ел де аспан астын күңірентіп жіберген. Бұған дейін өз қолынан тап мұндай мезгілсіз ауыр өлім атқарып көрмеген әдебиетшілердің аза тұтуында шек жоқ еді де, дәрмен кемшін болатын. Ол өзінше ғой, ал, әлгі кабинеттегі мәжілісте, сол кездегі бірінші бастығымыз Ғабиден Мустафин: «Ал, бұған қандай қам қылар жағдайымыз бар?» — деп, ең алдымен Әуезовке, Мұқановқа, Mүcipeпов, Жароковтарға қарата сауал салмағын салды, әдеби қордың берекелі берері жоғын да бірден айтты. Сонда кемінде үш, әйтпесе бес минут бойы іләм деп жақ ашқан жан батасы болмады. Тегінде, біздің өлген-жіткенімізге назары құлағандай жоғарғы жақ бар дейтін ұғым ешкімнің миында қалмаса керек. Әлгі үнсіздіктен кейін Әуезов сәл қозғалақтап ақырын жөткірінді де: —        Әркімнің хадари халіне қарай жәрдем жинастырса қайтер еді?.. — деді. Ендігі жұрт ұйғарымы солай қарай ойысатын түрін байқадым да, есікке тақау жақтағы орнымнан оқыс көтеріліп: «Сонда бұл кісінің өмір бойы жырын жырлаған, жауынан да қорғасқан халқы мен үкіметі, партиясы қайда қалады?.. — дедім. Мұқан о баста ортадан осындай бір тілге тиек күтті ме, кім білсін, әйтеуір оның іле-шала айтқаны: —        Е, жөн, жөн, мына Хамит жөн айтады. Ғабиден, сен жоғарыңа жол тауып көрші! Егер тамаша азамат, Совмин төрағасы Тайбеков ешкіммен ақылдасып-мақұлдасып жатпай-ақ, ескі ақшамен 25 мыңға қолды қойып жібермегенде «тым жомарт екенсіз» деген мыстан мысқыл ол кісіні үлкенірек үй жағынан қағытпаған да болар еді. Сол жылы балаларымен көрші болған кез1імде осыны мен Елекең марқұмның өз аузынан естігем. Тірлігінде жылы сөз есітіп те жарымаған аса үлкен ақынның өлімі тұсында біздің осылай қалтырап-дірілдегенімізді де бүгінгілер білуге тиіс. Өйткені, тіріні тануға келгенде әлі де сол межеден ұзап кеткеніміз шамалы. Оны мен биылғы бір мақаламда проблема сипатында көтергем, жаңғырығы көне демесеңіз... Жә, әлгіде бұл күндері Қасымды қай дәрежеде түсінетінімді айтамын дедім ғой. Енді соны жақын арада жазылған мына бір кішкене өлеңімнен аңғарып көріңіздер: Қайран менің мәңгі жас Қасым Ағам! Думаныңның бұйырды асы маған. Тетелестің құпта сен құлшылығын Жетпіс бесте қуаты жасымаған.   Бұл тойда мен қалайша қалыс тұрам, Жүрегімді жүйрікпен жарыстырам! Бәрін көргіш бүгін сен секілдісің Қалықтаған аспанда алыс қыран.   Көзбен шолып күллісін жердегінің, Шаңқылдайды құлаққа желдегі үнің. Дауысыңа дұға оқып ел ағасы, Бас жығады сәждаға жөндеп інің.   Бос даурығу көңілді көншітпейді, Палуанға да ортаға ел шық дейді, Ұлан-асыр жиында осы жүрген Әр кім сені өзінше меншіутейді.   Сен көрмеген мен айтсам шөбереңді, Пір тұтуға даңқыңды шебер енді. Ең ақырғы дұшпанға қарғысың да Қара тасқа біржола шегеленді.   Еш қаһардан енді сен тосылмайсың, Баяғыша демейсің «Досым қайсың?..» Тірлігіңде шоқ шайнап, от түкірген Ақын Қасым, бұл күнде осындайсың!   1991 жыл  
07.12.2012 23:06 3464

 

Жалтарыссыз жайсаң еді

Қасым Аманжолов туралы «Кіші Ата» аталған естелігімді кейінірек жазғандықтан да екшеп-елеп айтарымды сонда қапысыз қамтыған секілдімін. Ол еңбегім маусымдық басылымдарда жариялана келіп, ақыры «Өмір өрнегі» атты кітабыма орныққан. Бұл жолғы ара-арасында жырлап та жіберетін аз ғана сөзімде Қасым менің жеке басым үшін кім еді, қазір мен оны қай дәрежеде түсінемін дегенді қысқа да болса әдейі қысылмай аңғартамын. Өйтпесем, «мына кісі мақтанып отыр» дейтіндей жалаң қабат ойлаушыдан қаймықсам, шындық шырайын солғындатып аламын. Әрі-беріден соң, өзіме деген Қасым ықыласымен мақтанудан да қашпан.

—        Өзім секілді жетімнен жетілгелі тұрсың ба қалай?.. Ақыры бастаған екенсің — тартынба!..

Бұл Қасым Аманжоловтың отыз бесінші жылы Орал қаласында, Оразғалиев Шәкір үйінде қойын дәптерімнен өлең оқығанымда айтқан бір лебізі еді.

—        Сен бала осы өлеңнің ендігі тағдырын маған тапсыр да, жөніңе жүре бер!

Бұл Қасым Аманжоловтың отыз алтыншы жылы Орал облыстық «Екпінді Құрылыс» газетінде өзінің редакциялауымен алғаш рет жарияланғалы отырған өлеңім қолына тигенде айтқан ағалық жарлығы еді.

—        Өзіне мәлім, мен мәймеңкені білмейтін кісімін... Қара да тұр, сенің осы дүниең төңірегінде саған жағымды көп сөз айтылады. Ал, тап мына жеріне келгенде мен сен болсам бүйтер ем...

Бұл Қасым Аманжоловтың қырық жетінші жылы Алматыда «Әке сыры» атты поэмамды қолжазба күйінде бірінші болып оқығаннан кейін өз үйінде отырып топшылаған болжамы болатұғын.

Ал елу екінші жылы «Біздің ауылдың қызы» атты дастаныма арнайы жазған мақаласының ақырында ол:

Құнаныңда кекілге шоқ таққансың,

Дөненіңде топтан озып шапқансың.

Бесті бол да бас бәйгені ала бер,

Дұшпан күйіп, достарың бір мақтансын! —

деп өзінің табиғатына тән кең жайсаңдығымен ағалық ақ тілеуін ақтара салған. Осынша нақты, мағлұматтардан кейін оның маған өле өлгенше ұстаздық қылғанын дәлелдеп жатудың қажеті қанша?!. Сөйте жүріп ол мені өзіне тетелес жолдасы да санаған.

Ақынның әлгі өлеңіне орай, оның аруағына қарата енді айтарым:

Бас бәйгені ал деп едің маған сен.

Одан бері ақты қанша ағар сел...

Шүкір, әзір желге жемтік еместей

Өзің өлшеп, жомарт кескен бағаң сол.

Оқпан-оқпан белден асқан талайғы,

Мені де жұрт бапты бозға балайды.

Шүкір, әзір еңселіктен тер кеппей

Жана берсем, жаным соны қалайды.

Қасымның маған танытқан көп ықыласының азғантай өтеуі бәлкім сол болған да шығар, бірақ, ол үшін емес, күні бүгінге дейін айтылмаған ащы бір ақиқат басын аша кетудің орны осы деп, білгізбегім бар. Жадыңа жайсыз орныққан естеліктің ескерткіш қуаты болады. Айтайын дегенім — Қасым дүниеден өткен тұстың және соған дейінгі тіршілік тәртібінің қатыгез, тар пейіл мінезін танытатын жәйіт. Соның ызғарынан бұл күндері аққұла арылып кеткен болсақ, бәлкім, бұны ұмытқан да болар едім.

Ақын көз жұмған күнгі қоналқада кірпік қақпай күзетінде болған Есмағамбет, Қапан Сатыбалдин үшеуміз қазалы хабарды түні бойы телефон арқылы таратып, сәскелікте одақта президиум мүшелерінің бас қосуына себепші болдық. Мәжілісте жерлеу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру президиум мүшесі ретінде маған жүктелді. Зират басындағы қаралы жиынның ең ауыр сөзін де еңіреп тұрып өзім айтып шыққан едім ғой. Сонда қаптап тұрған қалың ел де аспан астын күңірентіп жіберген. Бұған дейін өз қолынан тап мұндай мезгілсіз ауыр өлім атқарып көрмеген әдебиетшілердің аза тұтуында шек жоқ еді де, дәрмен кемшін болатын. Ол өзінше ғой, ал, әлгі кабинеттегі мәжілісте, сол кездегі бірінші бастығымыз Ғабиден Мустафин: «Ал, бұған қандай қам қылар жағдайымыз бар?» — деп, ең алдымен Әуезовке, Мұқановқа, Mүcipeпов, Жароковтарға қарата сауал салмағын салды, әдеби қордың берекелі берері жоғын да бірден айтты. Сонда кемінде үш, әйтпесе бес минут бойы іләм деп жақ ашқан жан батасы болмады. Тегінде, біздің өлген-жіткенімізге назары құлағандай жоғарғы жақ бар дейтін ұғым ешкімнің миында қалмаса керек. Әлгі үнсіздіктен кейін Әуезов сәл қозғалақтап ақырын жөткірінді де:

—        Әркімнің хадари халіне қарай жәрдем жинастырса қайтер еді?.. — деді. Ендігі жұрт ұйғарымы солай қарай ойысатын түрін байқадым да, есікке тақау жақтағы орнымнан оқыс көтеріліп: «Сонда бұл кісінің өмір бойы жырын жырлаған, жауынан да қорғасқан халқы мен үкіметі, партиясы қайда қалады?.. — дедім. Мұқан о баста ортадан осындай бір тілге тиек күтті ме, кім білсін, әйтеуір оның іле-шала айтқаны:

—        Е, жөн, жөн, мына Хамит жөн айтады. Ғабиден, сен жоғарыңа жол тауып көрші!

Егер тамаша азамат, Совмин төрағасы Тайбеков ешкіммен ақылдасып-мақұлдасып жатпай-ақ, ескі ақшамен 25 мыңға қолды қойып жібермегенде «тым жомарт екенсіз» деген мыстан мысқыл ол кісіні үлкенірек үй жағынан қағытпаған да болар еді. Сол жылы балаларымен көрші болған кез1імде осыны мен Елекең марқұмның өз аузынан естігем. Тірлігінде жылы сөз есітіп те жарымаған аса үлкен ақынның өлімі тұсында біздің осылай қалтырап-дірілдегенімізді де бүгінгілер білуге тиіс. Өйткені, тіріні тануға келгенде әлі де сол межеден ұзап кеткеніміз шамалы. Оны мен биылғы бір мақаламда проблема сипатында көтергем, жаңғырығы көне демесеңіз... Жә, әлгіде бұл күндері Қасымды қай дәрежеде түсінетінімді айтамын дедім ғой. Енді соны жақын арада жазылған мына бір кішкене өлеңімнен аңғарып көріңіздер:

Қайран менің мәңгі жас Қасым Ағам!

Думаныңның бұйырды асы маған.

Тетелестің құпта сен құлшылығын

Жетпіс бесте қуаты жасымаған.

 

Бұл тойда мен қалайша қалыс тұрам,

Жүрегімді жүйрікпен жарыстырам!

Бәрін көргіш бүгін сен секілдісің

Қалықтаған аспанда алыс қыран.

 

Көзбен шолып күллісін жердегінің,

Шаңқылдайды құлаққа желдегі үнің.

Дауысыңа дұға оқып ел ағасы,

Бас жығады сәждаға жөндеп інің.

 

Бос даурығу көңілді көншітпейді,

Палуанға да ортаға ел шық дейді,

Ұлан-асыр жиында осы жүрген

Әр кім сені өзінше меншіутейді.

 

Сен көрмеген мен айтсам шөбереңді,

Пір тұтуға даңқыңды шебер енді.

Ең ақырғы дұшпанға қарғысың да

Қара тасқа біржола шегеленді.

 

Еш қаһардан енді сен тосылмайсың,

Баяғыша демейсің «Досым қайсың?..»

Тірлігіңде шоқ шайнап, от түкірген

Ақын Қасым, бұл күнде осындайсың!

 

1991 жыл

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға