Жаңалықтар

Ұлы ойшыл, сыншы

Ұлы ойшыл, сыншы   Июньнің 7-сі күні орыс халқының ұлы ойшыл философы, кемеңгер сыншы, әдебиетшісі және демократ революционері В.Г. Белинскийдің өлгеніне 100 жыл толады.   Белинский 37 жасында қайтыс болған. Саналы еңбек өмірі ұзақ дәурен кешпеген. Бірақ аз жылдық қадірлі еңбек кезеңінде соншалық өнімді өмір кешіп өткен. Тереңдігі мен молдығын теңіздей еңбек деуге болады. Осы еңбегінің үш түрлі ерекшелік сипаты бар еді. Ол: әлеуметшілік, ойшылдық, сыншылдық. Еңбектерінің барлығын халыққа пайда келтіріп, жәрдем ету үшін сарп еткен. Бұл - бір сипаты. Әрбір еңбегін қоғам тартысына арналған акт, үлкен әрекет есебінде түсінген. Бұл жағынан өзі туралы "Мен бұл әлемде алысушымын" деген-ді.   Екінші сипаты - үлкен ойшылдық қасиеті берік еді. Ол жазушылық, сыншылдық еңбектің барлығының негізінде терең ой, тұңғиық мол ой жатсын деген. Осы ретте өзі айтқан тағы бір нақылы еске келеді. "Көркемөнер ойсыз болса, жансыз дене есепті, ол өлік", - деген.   Үшінші ерекше сипаты - өнімді ойды серік етіп алысушы болғанда, халық үшін, халықтың азаттығы, болашақ бақыты үшін алысу шарт деп білген еді.   Біздің дәуір Белинскийді қадірлегенде осындай сипаттарының өзгешелігін еске ала отырып қадірлейді. Россия тарихында қоғамдық ойдың даму жолында Белинский үлкен бел. Ленин оның барлық еңбегінің нәтижесін қорыта келіп, баға бергенде: "Біздің бостандық жолындағы қозғалысымызда, крепостнойлық правоның тұсында-ақ бұқарашыл топтың өкілдері дворяндарды толығынан ығыстыруына жол салып берген Белинский болды", - деген.   Белинскийден қалған мол мұралардың ішінде Отанын сүйгендік, орыстың халқын сүйгендік ерекше айқын орын алады. Өз Отаныңды сүю - сол Отанды адам баласы арманының іске асуына бар ықыласыңды салып, қолыңнан келгенше соған көмектесу деген сөз. Осы жағынан алғанда, Белинский көп ақынға, жазушыға тәрбие болатындай ақылдар айтқан. Сондай ой толғауының бірінде "ақын қандай болу керек" деген сөзге жауап беріп: "ақын барлық қоғамның ең қасиетті күйсандығы есебінде болсын. Қоғамның өзіне-өзі соншалық анық емес қасиетті сырларының да үншісі болсын", - деген-ді. Бұл жөндегі Белинский қасиеті Жданов жолдастың "Звезда", "Ленинград" журналдары туралы айтқан баяндамасында аталып еді. "Белинскийден бастап орыстың революцияшыл-демократияшыл интеллигенциясының таңдаулы өкілдерінің бәрі "таза көркемөнер", "көркемөнер - көркемөнер үшін" деген нәрсені мойындаған емес. Олар халық үшін жасалатын көркемөнердің, оның идеясы және қоғамдық маңызы жоғары болуының жаршысы болады", - дейді. "Совет әдебиетінің ең жақсы дәстүрі XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің жақсы дәстүрінің жалғасы, біздің революцияшыл ұлы демократтарымыз - Белинский, Добролюбов, Чернышевский, Салтыков-Щедрин жасаған, Плеханов ілгері бастырған, Ленин ғылыми жағынан шешіп, әбден негіздеп берген дәстүрдің жалғасы болып табылады", - дейді тағы да Жданов жолдас.   Белинский турасында осы айтылған ірі баға, үлкен сөздер оның қандай қасиеттерінен туған? Ең алдымен, Белинский орыс мәдениетінде азаттық қозғалыстың ең ірі өкілінің бірі болады. Бұл күнге дейін Белинскийді тану жөнінде жат сана - мың өкілдері ол туралы көп теріс сөздер айтып келген. Солардың көбінше қайталап айтатын теріс бір пікірлері - Белинскийдің ойшылдығы мен өсуі тек батыстың ойшылдарына кезекпе-кезек еліктеуден туған дейтін. Бір заман ол Шеллингтің өсеріне түсті, одан кейін Фиктенің, сонан әрі Гегельдің ізіне түсумен болам дейтін. Анығында, Белинскийдің ой-өрісінде іздену жаңағылардың көзқарастарын қабылдау мен құптау емес болатын. Қайта оларды мақұлдамай, сынап, идеалистік философияны мінеп, оған жеткенінен әрі асыра ой жүргізген. Олардың жолымен жүру емес, қайта сонымен алысу - Белинскийдің өсуіндегі ерекше қадірлі сипат еді.   Белинский Россияда марксизм дамымай тұрып дүниеден қайтты. Бірақ Белинскийдің еңбегі арқылы Россиядағы әлеуметтік ой революциялық тартысқа, социализмнің санасына қарай анық ауысты. Осы жөнінде 1837 жылы 15 июньде Белинскийдің Гогольге жазған хатын - оның революциялық программасының ең айқын, ең толық түрі деуге болады. Ленин бұл хатты Белинскийдің әдебиеттік еңбектерінің ең үлкен қорытындысы деп білген. Россиядағы цензура тұмшалап ұстаған баспасөздің ішінде патшалықпен, крепостнойлықпен алысқан ең бір асылы осы деп бағалаған.   Белинский халық атынан, қанауда жатқан сан миллион шаруа атынан ой жүргізген, тартыс бастаған ірі әлеумет қайраткері еді. Осы жөнде Белинский заманындағы орыс әдебиетіне үнемі сын бере отырып, ұлы ой, ұлы арманға қарай бағыттап, бастады. Өзінің сынын жаңа әдебиеттің қалыптануына, жаңа үлкен сипат тауып, өрістеуіне жетекші етіп жұмсады.   Орыс әдебиетінің ХҮІП-ХІХ ғасырдағы бар жазушысын алсақ, солардың кейбіреулерін мақтап, кейбіреулерін мінеп сөйлеген Белинскийдің сөзі баршаға мәлім. Әсіресе бағалы бір өзгешелігі - шығармаларды соншалық әділ, барынша шыншыл жүрекпен талдайтын. Ол Пушкиннің бар қасиетін танытып, орыстың жаңа әдебиетінің негізін салушы деген бағаны берді. Ол Грибоедовтың "Ақылдың қайғысы" деген шығармасын Россиядағы сол замандағы болмысқа қарсы наразылықтан туған ірі шығарма деп бағалады. Лермонтовтың жаратылысынан ол анық халық ақынының сипатын тапты. Идея жөнінде, көркемдік жөнінде Белинский жаңа дамып келе жатқан талай жазушыға жетекші болды. Некрасовтың, Тургеневтің, Гончаровтың ең алғашқы адымдарын алыстан танып, ілгері қарай өнди басуына көмекші болды. Ең алғашқы бір әңгімесінен Достоевскийдің де үлкен жазушы болатынын айқын таныды.   Белинскийдің ең үлкен қасиеті - өзінің сыншылдық еңбегінің барлығын реалистік әдебиет туғызуға арнады. Қалың халық топтарына түсінікті, жақын боларлық және озат ойды танытатын көркем сапасы мен құлашы зор әдебиет үшін алысты. Бұл жағынан алғанда, Белинский орыстың әдебиет тарихы мен сынының ғылымдық берік іргесін қалаушы деп танылады.   Ұлы сыншы "көркемөнер - көркемөнер үшін" деген бағыттың зияндығын да аша білді. Ол өмірге ден қоймаған, халық мүддесінен қашықтаған өзімшілдер түсетін жол екендігін ашып берді.   Әдебиетті ыстық жалынмен сүйген Белинский шын зор әдебиет - халықты тәрбиелейтін құрал болсын деді. Николай патша тұсындағы Россияның тарихы мен жағдайларын ойлай отырып, күйіне сөйлеген уақытта: "Халық орыс жазушыларына өзінің жапа-жалғыз көсеміндей, қорғаушысындай қарайды. Патшалықтың жауыздығынан құтқарушы деп санайды", - деген. Сол себепті жазушы халық алдындағы өз жауаптылығын ұмытпайтын болсын дейді. Сондықтан да, Гогольдің қателескен шағында, оған өзінің атақты хатын жазады. Хатында қайнаған ызамен, халық үшін намыстанған зор ашумен, наразылықпен сөйлейді.   Әдебиеттің халықтық сипаты туралы да Белинский мәселені өз заманында жаңаша шешіп берген. XIX ғасырда кейбіреулер жазған халықшылдық жолына түсіп, халық санасындағы патшалық дәуірдің таңбасы есебінде болған кейбір кертартпа жайларды мадақтаған еді. Патша әкімшілігіне бағынғыштық, діншілдік, жалған момындық халдері "халық сипаты" деп ұғындырушылар болып еді.   Белинский шын халықтық қасиеттің басқа екенін және оның өзінше, өзгеше сыры барын ашты. Әдебиеттегі халықшылдық азатшыл ойды көрсететін, оның жаңалық туғызар сипатын танытсын, халық ішіндегі өршіл ой мен сенімінің барлық нәрселерін танытатын әдебиет болсын деді. Бұл жөнінде ол өзі туған орыс халқының бұрынғы тарихындағы геройлықты, халық бойындағы ақылдың, таланттың молдығын анық көрді. Өзінің ұлы халқы бір заманда кең құлаш сермеп, дүниеде ең зор өріске жететініне барынша сенді. Россияның келешегін ойлағанда Европаның бар халқынан орыс халқы әлдеқайда ілгері келетінін таниды. Бүгінгі күні бізді таң қалдырарлық терең болжауларды келешек туралы айта келіп, ұлы сыншы "Асылы, Россия Европаға қарағанда әлеуметтік мәселені әлдеқайда жақсы шешіп, капитализм мен жеке меншікті құртып жіберуі ықтимал", - деген еді. Осы жағынан қарағанда, Белинскийді біздің социалистік дәуіріміздегі идеологиялық ұлы мұрат тартысымыздың ерте күндегі серіктесі, әрі қайраткері деп танимыз.   Белинский тек әдебиет сыншысы, әдебиет тарихшысы ғана емес, ол социализмнің ұлы армандары үшін алысқан анық революционер-демократ. Россия халықтарының ойшылдығы мен санасы даму жолында оның еңбегі ұшан-теңіз. Ол халықтың санасын оятумен, өсірумен бірге, әдебиетте әлденеше талантты жазушының, ойшылдардың тәрбиесін бастады. Әрбір жазушыға өзінің туған халқын сүюді үйретті. Өзі орыс халқын жанындай сүйді. Орыс халқы туралы айтқан бір сөзінде: "Мен орыс халқын жаныммен сүйемін, оның намысы мен абыройы, атағы жолында қалың ел қатарында бір томар есебінде керегіне жарасам, бар арманым ақталады деп білемін", - деген. Заманның қараңғылығын сынап, патшалық құрылыстың кері кеткен кесір-кескінін жиренішпен аластап: "Жасасын асыл ой, өшсін зұлмат қараңғылық" деген ұранын тастап, дәуіріндегі зұлымдықты жою үшін тартысқан еді.   Сол қатарда Россияның жарыққа шығуы өнерде, білім мен үлкен гуманизмде деп білген. "Россияға дін үгітшісі қажет емес, оны ол аса көп тыңдаған-ды. Мінәжат діндарлық қажет емес, оған намазды да көп оқытқан-ды. Біздің халқымызға оның адамдық қасиетін таныту - жазушы атаулының ең үлкен арманы болсын", - деген. Осындай ұлы сипат, асыл қасиет иесі, орыс ойшылы Белинский қазақ халқының есеюі тарихынан да өзінің ерекше орнын алады.   Қазақ халқының XIX ғасырда оянуы мен жаңғыруына басшы болған Шоқан, Ыбырай, Абайлар Белинский ойлары мен өсиеттерінен, үлкен сындарынан мол нәр тәрбие алған. Абай шығармаларындағы, Алтынсарин өсиеттеріндегі халық қамын жейтін сан толғауларда Белинский еңбектерінен ауысқан өнімді ойлар әсерін тану қиын емес.   Бір Абайдың өзінің мұраларына көз салсақ: "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп бастаған сарында ел үшін ширығып сөйлеп жатқан сана сезілмей ме. Өнерді өнер үшін емес, ел керегіне жаратамын деген ойды білдірген де сол Абай:   Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, -   десе және де Белинскиймен туысып жатыр. Жас буын, келер ұрпақ адамгершілік, әлеуметтік сипатта жаңа қасиет тапсын деген үлкен ұран жатыр.   Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ, -   деген жолдарда талай терең әлеуметтік сырлар бар. Ақындық еңбекті әлеуметтік әрекет есебінде түсіну танылады.   Белинский эстетикасы бойынша, ақындық еңбекті бүкіл қазақ әдебиеті тарихында, өз дәуірінде өзгеше жаңа сапаға бастаған Абай, поэзия тек өмірді танушы емес, оған үкім де айтушы деп білді. Сол үкім айтушы асыл еңбектің арман ететіні құр жылтыраған сырт келісім емес болатын. Өнер - өнер үшін деп, жырдың сылдыраған сырт сұлулығын Абай қостаған емес. "Іші алтын, сырты күміс сөз" дегенде, Абайдың эстетикасы түрден мағына, мазмұнға ерекше артық баға беріп жатқаны көрінеді. Бұл жөнінде де қазақтың ұлы ақыны Абай орыс халқының революцияшыл-демократ, ойшылдары: Белинский, Чернышевский, Добролюбовтармен іштей үлкен, терең түрде табысып, туысып жатқанын білдіреді.   Міне, осындай белгілерінің өзіне қарағанда, Белинский мұралары жалғыз орыс жұртшылығы емес, бүкіл Россиядағы ерте оянған көп елдеріміздің көп классиктеріне анық жақын дос, қымбатты тәрбиеші, жетекші болғанын көреміз. Сол себепті, Белинскийдің асыл мұралары бүгін социалистік мәдениеттің барлық табыстарына ұлы орыс халқымен бірге ортақ мұрагер болып отырған қазақ халқына да ерекше қымбат. Ол аса сүйікті. Біздің де социалистік буындарымыз терең түсініп, жете білуіне қажет қазына.   1948 Мұхтар Әуезов
05.12.2012 12:22 9085

Ұлы ойшыл, сыншы

 

Июньнің 7-сі күні орыс халқының ұлы ойшыл философы, кемеңгер сыншы, әдебиетшісі және демократ революционері В.Г. Белинскийдің өлгеніне 100 жыл толады.

 

Белинский 37 жасында қайтыс болған. Саналы еңбек өмірі ұзақ дәурен кешпеген. Бірақ аз жылдық қадірлі еңбек кезеңінде соншалық өнімді өмір кешіп өткен. Тереңдігі мен молдығын теңіздей еңбек деуге болады. Осы еңбегінің үш түрлі ерекшелік сипаты бар еді. Ол: әлеуметшілік, ойшылдық, сыншылдық. Еңбектерінің барлығын халыққа пайда келтіріп, жәрдем ету үшін сарп еткен. Бұл - бір сипаты. Әрбір еңбегін қоғам тартысына арналған акт, үлкен әрекет есебінде түсінген. Бұл жағынан өзі туралы "Мен бұл әлемде алысушымын" деген-ді.

 

Екінші сипаты - үлкен ойшылдық қасиеті берік еді. Ол жазушылық, сыншылдық еңбектің барлығының негізінде терең ой, тұңғиық мол ой жатсын деген. Осы ретте өзі айтқан тағы бір нақылы еске келеді. "Көркемөнер ойсыз болса, жансыз дене есепті, ол өлік", - деген.

 

Үшінші ерекше сипаты - өнімді ойды серік етіп алысушы болғанда, халық үшін, халықтың азаттығы, болашақ бақыты үшін алысу шарт деп білген еді.

 

Біздің дәуір Белинскийді қадірлегенде осындай сипаттарының өзгешелігін еске ала отырып қадірлейді. Россия тарихында қоғамдық ойдың даму жолында Белинский үлкен бел. Ленин оның барлық еңбегінің нәтижесін қорыта келіп, баға бергенде: "Біздің бостандық жолындағы қозғалысымызда, крепостнойлық правоның тұсында-ақ бұқарашыл топтың өкілдері дворяндарды толығынан ығыстыруына жол салып берген Белинский болды", - деген.

 

Белинскийден қалған мол мұралардың ішінде Отанын сүйгендік, орыстың халқын сүйгендік ерекше айқын орын алады. Өз Отаныңды сүю - сол Отанды адам баласы арманының іске асуына бар ықыласыңды салып, қолыңнан келгенше соған көмектесу деген сөз. Осы жағынан алғанда, Белинский көп ақынға, жазушыға тәрбие болатындай ақылдар айтқан. Сондай ой толғауының бірінде "ақын қандай болу керек" деген сөзге жауап беріп: "ақын барлық қоғамның ең қасиетті күйсандығы есебінде болсын. Қоғамның өзіне-өзі соншалық анық емес қасиетті сырларының да үншісі болсын", - деген-ді. Бұл жөндегі Белинский қасиеті Жданов жолдастың "Звезда", "Ленинград" журналдары туралы айтқан баяндамасында аталып еді. "Белинскийден бастап орыстың революцияшыл-демократияшыл интеллигенциясының таңдаулы өкілдерінің бәрі "таза көркемөнер", "көркемөнер - көркемөнер үшін" деген нәрсені мойындаған емес. Олар халық үшін жасалатын көркемөнердің, оның идеясы және қоғамдық маңызы жоғары болуының жаршысы болады", - дейді. "Совет әдебиетінің ең жақсы дәстүрі XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің жақсы дәстүрінің жалғасы, біздің революцияшыл ұлы демократтарымыз - Белинский, Добролюбов, Чернышевский, Салтыков-Щедрин жасаған, Плеханов ілгері бастырған, Ленин ғылыми жағынан шешіп, әбден негіздеп берген дәстүрдің жалғасы болып табылады", - дейді тағы да Жданов жолдас.

 

Белинский турасында осы айтылған ірі баға, үлкен сөздер оның қандай қасиеттерінен туған? Ең алдымен, Белинский орыс мәдениетінде азаттық қозғалыстың ең ірі өкілінің бірі болады. Бұл күнге дейін Белинскийді тану жөнінде жат сана - мың өкілдері ол туралы көп теріс сөздер айтып келген. Солардың көбінше қайталап айтатын теріс бір пікірлері - Белинскийдің ойшылдығы мен өсуі тек батыстың ойшылдарына кезекпе-кезек еліктеуден туған дейтін. Бір заман ол Шеллингтің өсеріне түсті, одан кейін Фиктенің, сонан әрі Гегельдің ізіне түсумен болам дейтін. Анығында, Белинскийдің ой-өрісінде іздену жаңағылардың көзқарастарын қабылдау мен құптау емес болатын. Қайта оларды мақұлдамай, сынап, идеалистік философияны мінеп, оған жеткенінен әрі асыра ой жүргізген. Олардың жолымен жүру емес, қайта сонымен алысу - Белинскийдің өсуіндегі ерекше қадірлі сипат еді.

 

Белинский Россияда марксизм дамымай тұрып дүниеден қайтты. Бірақ Белинскийдің еңбегі арқылы Россиядағы әлеуметтік ой революциялық тартысқа, социализмнің санасына қарай анық ауысты. Осы жөнінде 1837 жылы 15 июньде Белинскийдің Гогольге жазған хатын - оның революциялық программасының ең айқын, ең толық түрі деуге болады. Ленин бұл хатты Белинскийдің әдебиеттік еңбектерінің ең үлкен қорытындысы деп білген. Россиядағы цензура тұмшалап ұстаған баспасөздің ішінде патшалықпен, крепостнойлықпен алысқан ең бір асылы осы деп бағалаған.

 

Белинский халық атынан, қанауда жатқан сан миллион шаруа атынан ой жүргізген, тартыс бастаған ірі әлеумет қайраткері еді. Осы жөнде Белинский заманындағы орыс әдебиетіне үнемі сын бере отырып, ұлы ой, ұлы арманға қарай бағыттап, бастады. Өзінің сынын жаңа әдебиеттің қалыптануына, жаңа үлкен сипат тауып, өрістеуіне жетекші етіп жұмсады.

 

Орыс әдебиетінің ХҮІП-ХІХ ғасырдағы бар жазушысын алсақ, солардың кейбіреулерін мақтап, кейбіреулерін мінеп сөйлеген Белинскийдің сөзі баршаға мәлім. Әсіресе бағалы бір өзгешелігі - шығармаларды соншалық әділ, барынша шыншыл жүрекпен талдайтын. Ол Пушкиннің бар қасиетін танытып, орыстың жаңа әдебиетінің негізін салушы деген бағаны берді. Ол Грибоедовтың "Ақылдың қайғысы" деген шығармасын Россиядағы сол замандағы болмысқа қарсы наразылықтан туған ірі шығарма деп бағалады. Лермонтовтың жаратылысынан ол анық халық ақынының сипатын тапты. Идея жөнінде, көркемдік жөнінде Белинский жаңа дамып келе жатқан талай жазушыға жетекші болды. Некрасовтың, Тургеневтің, Гончаровтың ең алғашқы адымдарын алыстан танып, ілгері қарай өнди басуына көмекші болды. Ең алғашқы бір әңгімесінен Достоевскийдің де үлкен жазушы болатынын айқын таныды.

 

Белинскийдің ең үлкен қасиеті - өзінің сыншылдық еңбегінің барлығын реалистік әдебиет туғызуға арнады. Қалың халық топтарына түсінікті, жақын боларлық және озат ойды танытатын көркем сапасы мен құлашы зор әдебиет үшін алысты. Бұл жағынан алғанда, Белинский орыстың әдебиет тарихы мен сынының ғылымдық берік іргесін қалаушы деп танылады.

 

Ұлы сыншы "көркемөнер - көркемөнер үшін" деген бағыттың зияндығын да аша білді. Ол өмірге ден қоймаған, халық мүддесінен қашықтаған өзімшілдер түсетін жол екендігін ашып берді.

 

Әдебиетті ыстық жалынмен сүйген Белинский шын зор әдебиет - халықты тәрбиелейтін құрал болсын деді. Николай патша тұсындағы Россияның тарихы мен жағдайларын ойлай отырып, күйіне сөйлеген уақытта: "Халық орыс жазушыларына өзінің жапа-жалғыз көсеміндей, қорғаушысындай қарайды. Патшалықтың жауыздығынан құтқарушы деп санайды", - деген. Сол себепті жазушы халық алдындағы өз жауаптылығын ұмытпайтын болсын дейді. Сондықтан да, Гогольдің қателескен шағында, оған өзінің атақты хатын жазады. Хатында қайнаған ызамен, халық үшін намыстанған зор ашумен, наразылықпен сөйлейді.

 

Әдебиеттің халықтық сипаты туралы да Белинский мәселені өз заманында жаңаша шешіп берген. XIX ғасырда кейбіреулер жазған халықшылдық жолына түсіп, халық санасындағы патшалық дәуірдің таңбасы есебінде болған кейбір кертартпа жайларды мадақтаған еді. Патша әкімшілігіне бағынғыштық, діншілдік, жалған момындық халдері "халық сипаты" деп ұғындырушылар болып еді.

 

Белинский шын халықтық қасиеттің басқа екенін және оның өзінше, өзгеше сыры барын ашты. Әдебиеттегі халықшылдық азатшыл ойды көрсететін, оның жаңалық туғызар сипатын танытсын, халық ішіндегі өршіл ой мен сенімінің барлық нәрселерін танытатын әдебиет болсын деді. Бұл жөнінде ол өзі туған орыс халқының бұрынғы тарихындағы геройлықты, халық бойындағы ақылдың, таланттың молдығын анық көрді. Өзінің ұлы халқы бір заманда кең құлаш сермеп, дүниеде ең зор өріске жететініне барынша сенді. Россияның келешегін ойлағанда Европаның бар халқынан орыс халқы әлдеқайда ілгері келетінін таниды. Бүгінгі күні бізді таң қалдырарлық терең болжауларды келешек туралы айта келіп, ұлы сыншы "Асылы, Россия Европаға қарағанда әлеуметтік мәселені әлдеқайда жақсы шешіп, капитализм мен жеке меншікті құртып жіберуі ықтимал", - деген еді. Осы жағынан қарағанда, Белинскийді біздің социалистік дәуіріміздегі идеологиялық ұлы мұрат тартысымыздың ерте күндегі серіктесі, әрі қайраткері деп танимыз.

 

Белинский тек әдебиет сыншысы, әдебиет тарихшысы ғана емес, ол социализмнің ұлы армандары үшін алысқан анық революционер-демократ. Россия халықтарының ойшылдығы мен санасы даму жолында оның еңбегі ұшан-теңіз. Ол халықтың санасын оятумен, өсірумен бірге, әдебиетте әлденеше талантты жазушының, ойшылдардың тәрбиесін бастады. Әрбір жазушыға өзінің туған халқын сүюді үйретті. Өзі орыс халқын жанындай сүйді. Орыс халқы туралы айтқан бір сөзінде: "Мен орыс халқын жаныммен сүйемін, оның намысы мен абыройы, атағы жолында қалың ел қатарында бір томар есебінде керегіне жарасам, бар арманым ақталады деп білемін", - деген. Заманның қараңғылығын сынап, патшалық құрылыстың кері кеткен кесір-кескінін жиренішпен аластап: "Жасасын асыл ой, өшсін зұлмат қараңғылық" деген ұранын тастап, дәуіріндегі зұлымдықты жою үшін тартысқан еді.

 

Сол қатарда Россияның жарыққа шығуы өнерде, білім мен үлкен гуманизмде деп білген. "Россияға дін үгітшісі қажет емес, оны ол аса көп тыңдаған-ды. Мінәжат діндарлық қажет емес, оған намазды да көп оқытқан-ды. Біздің халқымызға оның адамдық қасиетін таныту - жазушы атаулының ең үлкен арманы болсын", - деген. Осындай ұлы сипат, асыл қасиет иесі, орыс ойшылы Белинский қазақ халқының есеюі тарихынан да өзінің ерекше орнын алады.

 

Қазақ халқының XIX ғасырда оянуы мен жаңғыруына басшы болған Шоқан, Ыбырай, Абайлар Белинский ойлары мен өсиеттерінен, үлкен сындарынан мол нәр тәрбие алған. Абай шығармаларындағы, Алтынсарин өсиеттеріндегі халық қамын жейтін сан толғауларда Белинский еңбектерінен ауысқан өнімді ойлар әсерін тану қиын емес.

 

Бір Абайдың өзінің мұраларына көз салсақ: "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп бастаған сарында ел үшін ширығып сөйлеп жатқан сана сезілмей ме. Өнерді өнер үшін емес, ел керегіне жаратамын деген ойды білдірген де сол Абай:

 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, -

 

десе және де Белинскиймен туысып жатыр. Жас буын, келер ұрпақ адамгершілік, әлеуметтік сипатта жаңа қасиет тапсын деген үлкен ұран жатыр.

 

Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ, -

 

деген жолдарда талай терең әлеуметтік сырлар бар. Ақындық еңбекті әлеуметтік әрекет есебінде түсіну танылады.

 

Белинский эстетикасы бойынша, ақындық еңбекті бүкіл қазақ әдебиеті тарихында, өз дәуірінде өзгеше жаңа сапаға бастаған Абай, поэзия тек өмірді танушы емес, оған үкім де айтушы деп білді. Сол үкім айтушы асыл еңбектің арман ететіні құр жылтыраған сырт келісім емес болатын. Өнер - өнер үшін деп, жырдың сылдыраған сырт сұлулығын Абай қостаған емес. "Іші алтын, сырты күміс сөз" дегенде, Абайдың эстетикасы түрден мағына, мазмұнға ерекше артық баға беріп жатқаны көрінеді. Бұл жөнінде де қазақтың ұлы ақыны Абай орыс халқының революцияшыл-демократ, ойшылдары: Белинский, Чернышевский, Добролюбовтармен іштей үлкен, терең түрде табысып, туысып жатқанын білдіреді.

 

Міне, осындай белгілерінің өзіне қарағанда, Белинский мұралары жалғыз орыс жұртшылығы емес, бүкіл Россиядағы ерте оянған көп елдеріміздің көп классиктеріне анық жақын дос, қымбатты тәрбиеші, жетекші болғанын көреміз. Сол себепті, Белинскийдің асыл мұралары бүгін социалистік мәдениеттің барлық табыстарына ұлы орыс халқымен бірге ортақ мұрагер болып отырған қазақ халқына да ерекше қымбат. Ол аса сүйікті. Біздің де социалистік буындарымыз терең түсініп, жете білуіне қажет қазына.

 

1948

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға