Жаңалықтар

Сын болашаққа мегзесін

Сын болашаққа мегзесін ("Қазақ әдебиеті" газетінің редакциясында өткен әдеби сын мәселелері жөніндегі жиналыста сөйлеген М. Әуезовтің сөзі)   Қазақ әдебиетінің Отанымыздағы басқа ұлттар әдебиеттерімен тағдыры да, болашағы да бір. Қазақ әдебиеті ревалюциядан бұрынғы томаға - тұйық қалпынан әлдеқашан құтылған. Ол қазір, бір жағынан, басқа ұлттардың, алдымен орыс әдебиетінің тамаша шығармаларынан үлгі, әсер алса, екінші жағынан, оларға да өз әсерін тигізіп, бүкіл совет әдебиетінің көркейіп, өсуіне атсалысып отырған әдебиет. Жеке ерекшеліктерін былай қойғанда, барлық ұлт республикаларының әдебиеттерінде де ортақ тақырыптар өте мол. Азамат соғысы, коллективтендіру, индустрияландыру, Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі жылдары түрлі тақырыпта СССР көлемінде әр тілде шыққан алуан авторлардың шығармаларындағы ортақ қасиет- олардың социалистік реализм тұрғысынан, коммунистік идеяны арқау ете жазылуында. Солай бола тұрса да, әрқайсысының тақырыпты игеру шеберлігі, ұлттық нақышы, оқиға құруы, талас - тартыс шешімдері әрқилы. Демек, оларды салыстыра зерттеген жөн. Мәселен, Ғабиден Мұстафиннің "Миллионер" повесі азербайжан жазушысы Мирза Ибрагимовтың "Тоғысқан су", украин жазушысы Рябоклячтің "Золототысячник", өзбек жазушысы Абдулла Қаһардың "Зымыран құс" повестерімен үндес жатады. Оның бәрінде де басты кейіпкер колхоздың дандайсыған председателі, оқиға нәрі - ауыл, деревнядағы жаңалық пен ескілік тартысы. Негізгі мәселе - колхоздың коллективтік меншігін жалпы қоғамдық меншік дәрежесіне көтеру, шаруашылықты неғұрлым жаңа, шебер әдістермен басқару. Бұл шығармалардың әрқайсысында басқаларында қайталамайтын, тек өзіне ғана тән артықшылық та, елеулі кемшілік те бар. Олай болса, F. Мұстафин творчествосына баға бергенде оның қаламдас замандастарынан шоқтығы биік қасиеттері қандай, кешеуіл, кенже соққан жерлері қайсы? Осы жағына назар аударылса, сынның да өресі өсіп, құлашы кеңейер еді.   Шығармада талас - тартыс болмаса, ол адамды қызықтырмайды. Роман үлкен оқиғаларға, шынайы һәм шытырман тартысқа құрылуы шарт. Онда негізгі ұйтқы адам тағдыры болуға тиіс. Ал біздің кейбір қазақ романдарының сюжеті әлсіз, сұйық. Орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларында тартыс - талас бір тап пен екінші таптың арасында ғана емес, бір таптың ішіндегі ұрпақ пен ұрпақ, қауым мен қауым, адам мен адам арасында да, ескілік пен жаңалық арасында да тармақтана, салалана, жүйе - жүйе жүріп жатады. Бұл сюжеттік ширақтығын тудырады, ондағы оқиға желісі, тағдыр шиеленістері, күрес - тартыс өз тереңіне сені ойыңмен, жаныңмен үңілтеді. М. Шолохов шығармаларының құндылығы - ол қою тартысқа толы. Бұл - үлгі боларлық нәрсе. Бізде, әсіресе қазақ драматургиясында конфликті ақсап жатыр. Көп пьесалардағы талас - тартыс адамды иландырмайды, оның жасанды екені қара матаны ақ жіппен көктегендей, анадайдан көрініп тұрады. Әр көңілде жүрген әлсіз кірбең - назды драмаға конфликт етудің қажеті не? Түйінді, түбегейлі, шытырман, терең, шынайы тартыс болуы керек. Міне, сыншылар жазушы, драматургтерге осы талап тұрғысынан келуі керек. Сыншылардың тағы бір ескеретіні, шығармадағы авторлық ремарка мен диалог күшті болуға тиіс. Романда да асқақ фантазия, күшті романтика, жан тебіренерлік жылы лирика болуы шарт. Әдеби сын мен әдебиеттану ғылымын ілгері бастыру үшін, ертедегі мұраларды зерттеумен бірге, әсіресе қазіргі әдебиетіміздің жайын ғылыми тұрғыдан талдап сұрыптап, жүйелеп, оған бүкілодақтық әдебиет биігінен әділ, терең баға беріп отыру, сөйтіп әдебиет теориясына лайықты үлес қосу қажет. Бүкіл совет әдебиетінің шежіресі жасалып жатқан қазіргі уақытта қазақ әдебиетшілері мен ғалымдарына да зор міндет жүктелмек. Мұхтар Әуезов
05.12.2012 11:48 3201

Сын болашаққа мегзесін

("Қазақ әдебиеті" газетінің редакциясында өткен

әдеби сын мәселелері жөніндегі жиналыста

сөйлеген М. Әуезовтің сөзі)

 

Қазақ әдебиетінің Отанымыздағы басқа ұлттар әдебиеттерімен тағдыры да, болашағы да бір. Қазақ әдебиеті ревалюциядан бұрынғы томаға - тұйық қалпынан әлдеқашан құтылған. Ол қазір, бір жағынан, басқа ұлттардың, алдымен орыс әдебиетінің тамаша шығармаларынан үлгі, әсер алса, екінші жағынан, оларға да өз әсерін тигізіп, бүкіл совет әдебиетінің көркейіп, өсуіне атсалысып отырған әдебиет. Жеке ерекшеліктерін былай қойғанда, барлық ұлт республикаларының әдебиеттерінде де ортақ тақырыптар өте мол. Азамат соғысы, коллективтендіру, индустрияландыру, Ұлы Отан соғысы, одан кейінгі жылдары түрлі тақырыпта СССР көлемінде әр тілде шыққан алуан авторлардың шығармаларындағы ортақ қасиет- олардың социалистік реализм тұрғысынан, коммунистік идеяны арқау ете жазылуында. Солай бола тұрса да, әрқайсысының тақырыпты игеру шеберлігі, ұлттық нақышы, оқиға құруы, талас - тартыс шешімдері әрқилы. Демек, оларды салыстыра зерттеген жөн. Мәселен, Ғабиден Мұстафиннің "Миллионер" повесі азербайжан жазушысы Мирза Ибрагимовтың "Тоғысқан су", украин жазушысы Рябоклячтің "Золототысячник", өзбек жазушысы Абдулла Қаһардың "Зымыран құс" повестерімен үндес жатады. Оның бәрінде де басты кейіпкер колхоздың дандайсыған председателі, оқиға нәрі - ауыл, деревнядағы жаңалық пен ескілік тартысы. Негізгі мәселе - колхоздың коллективтік меншігін жалпы қоғамдық меншік дәрежесіне көтеру, шаруашылықты неғұрлым жаңа, шебер әдістермен басқару. Бұл шығармалардың әрқайсысында басқаларында қайталамайтын, тек өзіне ғана тән артықшылық та, елеулі кемшілік те бар. Олай болса, F. Мұстафин творчествосына баға бергенде оның қаламдас замандастарынан шоқтығы биік қасиеттері қандай, кешеуіл, кенже соққан жерлері қайсы? Осы жағына назар аударылса, сынның да өресі өсіп, құлашы кеңейер еді.

 

Шығармада талас - тартыс болмаса, ол адамды қызықтырмайды. Роман үлкен оқиғаларға, шынайы һәм шытырман тартысқа құрылуы шарт. Онда негізгі ұйтқы адам тағдыры болуға тиіс. Ал біздің кейбір қазақ романдарының сюжеті әлсіз, сұйық. Орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларында тартыс - талас бір тап пен екінші таптың арасында ғана емес, бір таптың ішіндегі ұрпақ пен ұрпақ, қауым мен қауым, адам мен адам арасында да, ескілік пен жаңалық арасында да тармақтана, салалана, жүйе - жүйе жүріп жатады. Бұл сюжеттік ширақтығын тудырады, ондағы оқиға желісі, тағдыр шиеленістері, күрес - тартыс өз тереңіне сені ойыңмен, жаныңмен үңілтеді. М. Шолохов шығармаларының құндылығы - ол қою тартысқа толы. Бұл - үлгі боларлық нәрсе. Бізде, әсіресе қазақ драматургиясында конфликті ақсап жатыр. Көп пьесалардағы талас - тартыс адамды иландырмайды, оның жасанды екені қара матаны ақ жіппен көктегендей, анадайдан көрініп тұрады. Әр көңілде жүрген әлсіз кірбең - назды драмаға конфликт етудің қажеті не? Түйінді, түбегейлі, шытырман, терең, шынайы тартыс болуы керек. Міне, сыншылар жазушы, драматургтерге осы талап тұрғысынан келуі керек.

Сыншылардың тағы бір ескеретіні, шығармадағы авторлық ремарка мен диалог күшті болуға тиіс. Романда да асқақ фантазия, күшті романтика, жан тебіренерлік жылы лирика болуы шарт.

Әдеби сын мен әдебиеттану ғылымын ілгері бастыру үшін, ертедегі мұраларды зерттеумен бірге, әсіресе қазіргі әдебиетіміздің жайын ғылыми тұрғыдан талдап сұрыптап, жүйелеп, оған бүкілодақтық әдебиет биігінен әділ, терең баға беріп отыру, сөйтіп әдебиет теориясына лайықты үлес қосу қажет. Бүкіл совет әдебиетінің шежіресі жасалып жатқан қазіргі уақытта қазақ әдебиетшілері мен ғалымдарына да зор міндет жүктелмек.

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға