Опцион
05.12.2012 10:28
3736
ОПЦИОН (ағылш. optіon, лат. optіo – таңдау, тілек, қалау) – 1) иесіне келешекте қайсыбір активтерді тиянақталған бағамен (орындалған бағамен) сатып алу (О. колл) немесе сату (О. пут) құқығын беретін бағалы қағаз. Егер О. беретін құқық тек белгіленген күні ғана іске асырылатын болса, еур. О. деп аталады; ал егер О-да осындай құқық белгіленген күнге дейін бірқатар кезең бойына жүзеге асыру мүмкіндігі көзделсе, оны америкалық О. деп атайды. Шын мәнінде О. мерзімді міндеттеме болып табылады. О. сатушы уағдаласылған активтерді тиянақталған бағамен сатуға немесе сатып алуға (О-ның түріне қарай) міндеттенеді; сатып алушы сатып алынған құқықты актив құнының өзгеруіне қарай өткізу керек пе, жоқ па деген мәселені шешеді. Қазіргі кезде О-дық келісімшарттар тек бағалы қағаздарға (акциялар мен облигацияларға) ғана емес, сонымен бірге түрлі тауарларға да (алтын, күміс, мал, жүгері, қант, бидай, соя, т.б.), шетелдік валютаға да, тіпті қор индекстеріне де жасалады. О-мен сауда жасау стандартталған және ол қор биржаларында сатылады. Мамандандырылған Чикаго О-дық биржасы (1973) кеңінен танымал, онда күн сайын 10 млн-нан астам акция бойынша О. жасалады. О. колл құны үш факторға: а) актив бағасының орындалу бағасына қатынасына; ә) пайыз мөлшерлемесіне; б) О. жазылған актив әкелетін табысқа тәуелді. Бірінші факторда: О-ды өткізу кезінде сатып алушы сатушыға орындалу бағасын төлеуге тиіс. Басқадай тең жағдайда бұл баға неғұрлым төмен болса, сатып алушы үшін солғұрлым жақсы. Демек, О. құны О. колл құны актив бағасының орындалу бағасына қатынасының көбеюіне қарай өсіп отырады. Екінші факторда: О-ды сатып алушы О. өткізілгенге дейін орындалу бағасын төлеуге тиіс емес. Демек, О. пайызсыз несие нысанына ие болады. Пайыз мөлшерлемесі жоғары болған сайын әрі орындалу мерзімі ұзақ болған сайын осы несиенің құны да жоғарылай түседі. Үшінші факторда: О. құны жоғары болған сайын О-ды пайдалану мерзімі өткенге дейінгі кезеңде актив бір жыл ішінде әкелетін табыстың мөлшері де солғұрлым жоғары болады. О. колл мен О. пут құнының арасында қатаң тәуелділік орын алады. Мыс., еур. О. үшін, бір жағынан, О. колл құнының сомасы мен келтірінді орындалу бағасы тепе-тең, екінші жағынан, О. путтың құны мен активтің ағымдағы бағасы тепе-тең. О. тауар айырбасының дамуымен байланысты пайда болды. О-дық мәмілелер ұйымдастырылмаған рынокта (биржадан тыс) да, ұйымдастырылған рынокта (биржада) да жасала береді. Оның дамуындағы жаңа бағыт, біріншіден, оның биржалық саудада пайдаланылуымен және оған стандартталған келісімшарттармен сауда жасау тетіктерінің қолданылуымен байланысты (мұндай О-дар биржалық О-дар немесе еркін айналушы О-дар деп аталады), екіншіден, биржалық О-дық саудаға жаңа активтер, атап айтқанда, фьючерстік келісімшарттардың тартылуымен байланысты. 2) Мерзімді биржа бағасында қамтылатын шарт, ол бойынша бірін-бірі теріске шығаратын немесе бастапқы шарттарды өзгертетін жекелеген мәміле шарттарының бірін таңдау құқығы беріледі.
С. Рахымжанұлы
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Жолжазба
Келесі жаңалық
Министр Қанат Шарлапаев Қызылорда тұрғындарымен кездесті