Оптикалық кескін
05.12.2012 10:25
10924
ОПТИКАЛЫҚ КЕСКІН – нысаннан тарайтын және оның контуры мен жеке бөлшектерін кескіндейтін сәулелердің оптикалық жүйе арқылы өтуі нәтижесінде алынатын кескін. О. к. нәрсе кескінінің масштабын өзгерту және белгілі бір бетке (киноэкран, фотопленка, т.б.) проекциялау мүмкіндіктеріне байланысты қолданылады. Нәрсе көзге көріну үшін оның О. к-ні көз торына проекциялануы керек. Кескін нысанға барынша сәйкес келуі нысанның әрбір нүктесі нүктемен кескінделгенде ғана алынады. Бірақ бұл кез келген жағдайда мүмкін бола бермейді. Мыс., оптик. осі бар жүйелер үшін нысан паракс. аймақта (остен бұрыштық қашықтығы аз аймақ) орналасу керек. Параксиалдық аймақтағы кез келген нүктенің кескінін геом. оптика заңдары арқылы анықтауға болады. О. к. нақты және жорамал болып бөлінеді. Нақты кескін тоғысатын сәулелердің қиылысу нүктелерінде түзіледі. Қиылысу нүктелері орналасқан жазықтыққа қалқа, фотопленка, күңгірт шыны орналастырып, нақты кескінді бақылауға болады. Жорамал кескін оптик. жүйеден шашырап шыққан сәулелерді кері бағытта созғандағы қиылысу нүктелерінде түзіледі. Оны қалқаға немесе фотопленкаға түсіруге болмайды. Бірақ жорамал кескінді нақты кескінге түрлендіретін кейбір оптик. жүйелер (жинағыш линза, көз) үшін олар нысан қызметін атқарады. Оптик. нысанды жеке нүктелер жиыны ретінде қарастырып, барлық нүктелердің кескіндерін құрастыру арқылы нысанның кескінін алуға болады. Жазық айнадағы нысанның кескіні әрқашан жорамал болады (в-сурет); ойыс айна мен дөңес линза түзетін кескін нысанның линза не айна фокусының қай жағына орналасқанына байланысты нақты немесе жорамал болады (ә, б-суреттер); дөңес айна түзетін кескін әрқашан жорамал болады (а-сурет). Егер нүкте-нысан параксиалдық аймақтан тыс жатса, одан шыққан сәулелер бір нүктеге жиналмай аберрац. дақ құрайды. Бұл дақтың өлшемі нүктенің орналасуына және оптик. жүйенің құралымына байланысты. Оптик. жүйелерді аберрац. дақ кескін сапасын бұзбайтындай етіп жасайды. Бірақ аберрацияны толық жою мүмкін емес. Бұл тұжырымдар тек геом. оптика шеңберінде ғана дұрыс орындалады. Жарықтың толқындық табиғатын ескеру оптик. кескіннің күрделі дифракц. сурет екендігін көрсетті. Оптик. кескіннің сапасын бағалауда кескіндегі жарық энергиясының таралуының маңызы зор.
К. Жұманов
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Мавритания