Оңтүстік Америка
05.12.2012 10:08
36630
ОҢТҮСТІК АМЕРИКА – батыс жарты шардың оңт-ндегі құрлық. Жерінің аум. (аралдарымен қоса есептегенде) 18,28 млн. км2. Халқы 340 млн. адам (2000). Солт-тен оңт-ке қарай 7150 км-ге, батыстан шығысқа қарай 5150 км-ге созылған. Құрлықтың солт-н Кариб т., батысын Тынық мұхит, шығысын Атлант мұхиты, оңт-н Магеллан, Дрейк бұғаздарының суы шайып жатыр. Солт.-батысында жіңішке Панама мойнағы арқылы Орт. және Солт. Америкамен жалғасады. Ең биік жері – Аконкагуа (6960 м). Теңіз деңгейінен ең төмен жатқан жері – Вальдес ойысы (–40 м). О. А-дағы ең ұзын өзен жүйесі – Амазона (Мараньон саласымен қоса есептегенде – 6437 м). Дүние жүзіндегі теңіз деңгейінен ең биік орналасқан көл – Титикака (биікт. 3812 м), ең биік су құламасы – Анхель (1054 м) және ең биік жанартау – Льюльяйльяко осында орналасқан. О. А. құрамына Отты Жер, Фолкленд, Галапагос аралдары, Чили топаралы, т.б. ұсақ аралдар кіреді.
Жер бедері. О. А-ның батыс бөлігін Кордильера тау жүйесінің жалғасы – Анд таулары алып жатыр. Ол қатпарланып созылған Солт., Орт., Оңт. Анд жоталарынан тұрады. Солт-нде Венесуэланың Кариб Андысы 2 тізбек құрайды. Колумбия Кордильерасы Шығыс, Орт., Батыс болып бөлінеді. Эквадор Андысында Чимборасо (6310 м), Котопахи (5897 м), Сангай (5230 м) жанартаулары кездеседі. Орт. Анд енді, кең (750 км). Мұнда Титикака көлі, батыс жағалауында Атакама шөлі, Льюльяйльяко жанартауы орналасқан. Оңт. Анд Басты Кордильера мен Жағалық Кордильерадан тұрады. Ең оңт-ндегі Патагония Андысы батысқа қарай Патагония үстіртіне ұласады. Құрлықтың солт.-шығысындағы Гвиана таулы үстірті мен шығысындағы Бразилия таулы үстіртін дүние жүзіндегі аса ірі ойпаттардың бірі – Амазона ойпаты бөліп жатыр. Ол Ориноко өз-нің сол жағындағы Ориноко Льяносы ойпатымен жалғасқан.
Геологиясы. Құрлықтың шығысы негізінен жазық және таулы-үстіртті болып келеді, бұл бөлік ежелгі Гондваналық Оңт. Америкалық платформада орналасқан. Платформаның қазіргі іргетасы архей-протерезойлық қалқандар түрінде (Гвиана, Батыс және Шығыс Бразилия) жер бетіне шығып жатыр. Ол кристалды тақтатас, гранитті гнейс пен кварциттен құралған. Абс. жасы 1,5 – 4 млрд. жыл аралығында. Олардың арасында қат-қабаттық интрузия мен жанартаулық әрекеттер әсерінен қалыптасқан конгломераттар (Рорайма формациясы) кездеседі. Әсіресе Бразилия қатпарлығы ежелгі құрылымдарға көптеген өзгерістер жасап, қазіргі жер бедерінде Орт. және Шығыс Бразилия қалқандарындағы орталық массивтер мен тұқылды таулы үстірттер жүйелерін қалыптастырды. Олар бір-бірінен тектоник. Парнойбо, Сан-Франсиску және Парана ойыстары арқылы бөлініп жатыр. Гвиана мен Бразилия таулы үстіртіне сәйкес келетін, тұтастай көтерілген аймақ аралығында өте үлкен алқапты алып жатқан Амазона, Ориноко, Ла-Плата ойпатты жазықтары қалыптасты. Жер бедері біртегіс, көбінесе батпақты, континенттік шөгінділермен жабылған қат-қабатты аккумулятті ойпаттар түрінде болып келеді. Юра-бор дәуірлеріндегі Оңт. Атлант мұхиты табанындағы тектоник. қозғалыстар әсерінен Парана ойысында терең жазықтар пайда болды. Батыстағы Анд жүйесінің қалыптасуы герцин қатпарлығынан басталады, бірақ негізгі тау жасалу Тынық мұхиттық геосинклиналды белдеудегі кейінгі альпілік қатпарланумен байланысты әлі де жалғасуда. Жанартаулардың атқылауы өте күшті болған Орт. Анд таулы қыратында терең тектоник. жарықтар (грабендер) мен әрекетті жанартаулар жүйесі қалыптасты. Тау жүйесінің биіктеуі және Антарктида құрлығымен жақын жатуына байланысты плейстоцендік мұз басу жүрді. Патагония Андысының тау басы түгелдей мұздықтармен жабылған. Соның әсерінен Патагония Андысының батыс жағалауында мұздық жер бедері пішіндері мен жағалаудың фьордты және шхерлі типтері кездеседі.
Кен байлықтары. О. А. қойнауы кен байлықтарына, әсіресе мыс, темір, марганец, молибден, қалайы, полиметалл мен сирек кездесетін метал кендеріне өте бай. Темір кенін өндіруден Бразилия дүние жүзінде 2-орынды, Чили мыс кенін өндіруден дүние жүзінде 1-орынды иеленеді. Перу, Чили, Боливия жерінде, Бразилияда алтын мен алмастың ірі кен орындары кездеседі. Боливияда солт-тен оңт-ке қарай 940 км-ге созылып жатқан қалайы белдеуі орналасқан. Теңіздің жағалық жазықтары мен синеклизаларында мұнай мен газдың мол қоры кездеседі. Маракайбо, Ориноко, Магдалена, Гуаякиль ойыстарында мұнайдың, Амазона ойпаты мен Бразилия таулы үстіртінің оңт.-шығысында тас көмірдің ірі кен орындары бар. Колумбия Кордильерасындағы замартастың, Чилидің солт-ндегі алтынның және селитраның мол қоры дүниежүз. маңызға ие.
Климаты. О. А. дүние жүзіндегі ең ылғалды құрлық, әрі жерінің басым бөлігі төменгі ендіктерде орналасқандықтан күн сәулесін де мол алады. О. А. 6 климаттық белдеу деңгейінде орналасқан. Климаттағы өзгерістер әсіресе жауын-шашынның маусымдылығына тікелей тәуелді. Сол себепті құрлық үстінде қысым жыл бойы көршілес мұхит айдындарынан төмен болады да, ауа массалары оның ішінде экваторлық және муссонды-пассаттық циркуляция басым түрде құрлыққа қарай бағытталған. О. А-ның орогр. ерекшелігі, яғни батыстағы Анд тау жүйесі құрлықта меридиан бағытында ауа қозғалысының қалыптасуына әсер етеді. Атлант мұхитына қарай жазық жер бедері басым болғандықтан мұхиттың климатқа әсер ету дәрежесі күшейеді. Қаңтар айында құрлықтың басым бөлігі қатты қызады. Ең қатты ыситын жер – Гран-Чако жазығы, ондағы абс. максимум темп-ра 49ӘС. Суық Перу ағысы шайып өтетін құрлықтың батыс жағалаулық бөлігі шығыспен салыстырғанда әлдеқайда салқын әрі құрғақ болады, бұл Атакама шөлінің қалыптасуына себепші болды. Жауын-шашынның мөлшері мен оның таралуы құрлық бойынша біркелкі емес. Ылғалдың ең көп түсетін жері Колумбияның батысы мен Чилидің оңт-і (5000 – 8000 мм), Амазонияның батысы мен оған жалғас жатқан Анд етегі, Гвиана таулы үстіртінің батысы, Бразилия таулы үстіртінің шығыс беткейінде 2000 – 3000 мм және одан да мол, ал құрлықтың қалған бөліктері 1000 – 2000 мм-ге дейін ылғал алады.
Ішкі сулары. О. А. дүние жүзіндегі ең суы мол құрлық, басқа құрлықтармен салыстырғанда онда екі есе артық жауын-шашын түседі. Жер бетіндегі құрлықтың 12%-ын құрайтын оның аумағына дүние жүзіндегі өзендер ағынының 27%-ы тиесілі. Құрлық пішіні, оның климаттық жағдайы мен орогр. құрылымы, жер бедері ірі өзен жүйелерінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Ірі өзендердің көпшілігі Атлант мұхитына құяды. Дүние жүзіндегі суы ең мол өзен – Амазона осы О. А-да орналасқан. Мұндағы өзендердің гидроэнергет. әлуеті өте жоғары. О. А. жеріндегі көл қазаншұңқырлары қалыптасу жолына қарай тектоник., мұздық, жанартаулық және лагуналық болып бөлінеді. Маракайбо, Титикака тектоник. көлдерге, Буэнос-Айрес, Аргентина, Сан-Мартин мұздық көлдерге, Патус, Лагоа-Мирин лагуналық көлдерге жатады. Жалпы атпен “саларес” деп аталатын батпақты көлдерге Уюни, Салинас-Грандес жатса, Поопо қалдық көлге жатады.
Топырағы мен өсімдігі. Құрлықтың топырақ-өсімдік жамылғысының қалыптасуы мен таралуы ең алдымен ылғалдану дәрежесіне тәуелді. Ұзақ уақыт құрлық жеке дара дамыған, орган. дүниенің эндемизмі өте жоғары. Флоралық құрамы жағынан құрлықтың көпшілік бөлігі Неотропиктік, қиыр оңт. Голантарктик. әлемге жатады. Неотропиктік әлем бес флоралық облысқа бөлінеді (Кариб, Гвиана, Амазона, Бразилия, Анд) және мезозойдан бері қалыптасқан көп түрлі өсімдіктердің, эндемик формалардың көптігімен ерекшеленеді. Қазіргі флора бір кездегі Гондвана құрлығындағы ежелгі қоңыржай флора қалдығы мен неотропиктік флора өкілдерінің араласуынан қалыптасқан. Өсімдік түрлерінің 75%-ы эндемиктерге жатады. Олардың ішінен оңт. мәңгі жасыл шамшаты, бал пальмасы, чили араукарийі ерекше көзге түседі. Өсімдік жамылғысының таралуында белдемділік айқын байқалады. Құрлықтың көпшілік бөлігін құрамы мен аумағы жөнінен дүние жүзінде теңдесі жоқ ылғалды тропиктік орман алып жатыр. Орман өте тығыз, тек қана ағаштың 4000-ға жуық түрі бар, ағаштары бірнеше қабатты болып келеді, биікт. 80 м, кейде 100 м-ге дейін жетеді. Оларға шарап пальмасы, алып сейба, жакаранда, пау-бразил, гуаякан, гевея, хинн ағашы, бразилия жаңғағы, какао, т.б. жатады. Бұл орман лианалар мен эпифиттерге өте бай, әсіресе, әдемі гүл ашатын хош иісті орхидеялардың 5 мыңнан астам түрі бар. Ылғалды тропиктік ормандар түр құрамы онша өзгеріске ұшырамастан 1000 – 1500 м биіктікке дейін көтеріледі. Бразилия таулы үстіртіндегі қызыл ферралитті топырақтағы саванна “кампос” деп аталады. Оның шөптесін бөлігі биік астық тұқымдастардан, бұршақ тұқымдастар мен күрделі гүлділерден, ағаштар қолшатыр тәрізді бөрікбасты мимозадан, кактустен, сүттігеннен құралады. Бразилияның солт.-шығысында балауыз беретін карнауба пальмасы өседі. Солт. бөлігінің Ориноко ойпатындағы пальмалы саваннаны “льянос” дейді. Қара шірікке бай, құнарлы саваннаның көп бөлігі кофе ағашы, мақта, банан, какао, маниок сияқты мәдени өсімдіктер өсірілетін плантацияларға айналған. Патагония жері қоңыржай климаттық белдеуге кіреді, оның батыс желдер жолында жатқан Патагония Андысында мәңгі жасыл субантаркт. ылғалды орман таралған. Сонымен қатар лиана, мүк, қына, ағаш тәрізді папоротник, бамбук, магнолия кездеседі. Патагония үстіртіндегі құрғақ дала мен шөлейт белдемінде сұр-қоңыр тұзды топырақта биік шөптесін және ксерофитті бұталар мен аласа кактус басым өседі. О. А. көптеген бағалы ағаштар мен пайдалы өсімдіктердің отаны болып есептеледі. Оларға картоп, маниок, арахис, ананас, какао, томат, асқабақ сияқты мәдени өсімдіктер мен бромелия, настурция, канна, кактус сияқты бөлме және бақша өсімдіктері нақты дәлел болады.
Жануарлары. Жануарлар дүниесі алуан түрлілігімен және эндемизм дәрежесінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Орт. Америкамен бірге Неотропиктік фауналық облысқа біріктіріледі. Сүт қоректілерден қалталы тышқандардың 70-тен астам түрі, құмырсқа жегіштің 3 түрі, сауыттылардың 20-дан астам түрі, жалқау аңның 5 түрі, приматтар және ірі жыртқыштардан: қабылан, шибөрі, оцелот, пампа мысығы, пума, көзілдірікті аю, жалды қасқыр, т.б. тіршілік етеді. Тұяқтылардан тапирдің 3 түрі, пекари, амазона бұғысы кездеседі. Андтың биік бөліктерін терісі өте бағалы аң – шиншилла мен америкалық өркешсіз түйе – ламаның екі түрі (гуанако және викунья) мекендейді. Құстардың 2,5 мыңнан аса түрі бар, оның 90%-ынан астамы эндемиктер. Әсіресе, басқа ешбір жерде кездеспейтін нанду, ара, тинаму, кондор, колибри (500 түрі бар), тукан, гоацин, т.б. бар. Жәндіктер, қосмекенділер және бауырымен жорғалаушылар да алуан түрлі. Галапагос аралдарының піл-тасбақалары (салм. 200 кг), анаконда (ұз. 11 м), саламандра, аяқсыз амфибиялар, игуана, боа, кайман соған дәлел. Мұнда кездесетін жәндіктердің 5600-ден астам түрінің 3400-ге жуығы эндемиктер. Тірі табиғат байлықтарын қорғау мен сақтау мақсатында О. А-да көптеген экол. және биол. резерваттар мен ұлттық саябақтар құрылды.
Зерттелу тарихы. 1498 ж. Х.Колумб О. А. жағалауындағы Ориноко өз-нің атырауы, Пария шығанағы мен түбегі маңына келіп тоқтаған. Америго Веспуччи қатысқан португал экспедициясы 1501 – 02 ж. құрлықтың солт. жағалауымен жүзіп, оның құрлық екендігін дәлелдеген. 1507 ж. Лотарингия географы М.Вальдземюллер Веспуччи құрметіне оңт. құрлықты Америка деп атаған, кейіннен 1541 ж. бұл атау батыстағы екі құрлыққа да берілді. 1515 жылдың соңында испандық Х.Д. Солис О. А-ның шығыс жағалауын жүзіп өтіп, 1516 ж. Ла-Платаны, кейіннен Уругвай мен Парана өзендерінің төменгі ағысын ашты. 1520 ж. Ф.Магеллан басқарған испан экспедициясы Ла-Платадан Патагонияға дейін жүзіп, Патагония (Магеллан) бұғазы арқылы Тынық мұхитына өтті. Құрлықтың Тынық мұхит жағалауын 1522 – 58 ж. испандықтар ашты. О. А. табиғатының ғыл. тұрғыдан зерттелуі 1735 – 43 жылдар аралығында жүргізілген француз және испан Экваторлық экспедициясы көмегімен жүзеге асырылды. Ориноко өз. мен Солт.-Батыс және Экваторлық Анд тауларында кешенді зерттеу жүргізген неміс ғалымы А.Гумбольдт және француз Э.Бонплан болды. Көрнекті орыс геоботанигі Н.И. Вавилов экспедициясы (1932 – 33) құрлықтың көптеген дәрілік және мәдени өсімдіктерін, олардың таралу аймақтарын анықтады.
Саяси бөлінісі. О. А-ның саяси картасы 12 егеменді мемлекет пен Франция иелігіндегі Гвиана мемлекеті және Ұлыбритания мен Аргентина иелігіндегі даулы аумақтар болып есептелетін Фолкленд (Мальвин) аралдарынан тұрады. Мемлекеттердің барлығы дерлік құрылымы жағынан – республика, оның ішінде Аргентина, Бразилия мен Венесуэла – федерац. республикалар. Халықтың орташа тығызд. 1 км2-ге 100 адамнан артық. Урбандалу дәрежесі өте жоғары, құрлықта 3 ірі агломерация: Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Буэнос-Айрес түзілген. О. А. Орт. Америка және Вест-Индия елдерімен бірге тілдік-тарихи ерекшеліктеріне байланысты Латын Америкасы елдері деп аталады. Индустрияландыру деңгейі жөнінен бұл елдер Азия мен Африка елдерінен әлдеқайда алда тұр.
Әдеб.: Дорст Ж., Южная и Центральная Америка, М., 1977; Забелина Н.М., Национальный парк, М., 1987; Рябчиков А.М. и др., Физическая география материков и океанов, М., 1988; Большой географический атлас мира, М., 2004.
Ж. Бұламбаев, І. Карпеков,
С. Әбілмәжінова
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Оңғарсынова Фариза
Келесі жаңалық
Ақтөбеде алғаш рет «Сыбаға» фестивалі өтеді