Омыртқалылар
05.12.2012 09:52
18170
ОМЫРТҚАЛЫЛАР, бассүйектілер (Vertebrata, Cranіata) – хордалы жануарлардың тип тармағы. Қазба қалдықтары ордовик – төм. силур кезеңдерінен белгілі. О-дың арғы тегі теңізде тіршілік еткен төм. сатыдағы хордалылар (қабықтылар, бассүйексіздер). Нағыз О. тұщы суларда пайда болып, олардың эвол. дамуының алғашқы сатылары сонда өткен. Жақсы жетілген қозғалу органдарының нәтижесінде су О-ы (негізінен балықтар) су қоймаларында тіршілік етіп, кейіннен теңіздерге таралған. Тіршілік еткен су қоймаларында оттектің жеткіліксіз болуы девонда олардың құрлыққа шығуына себепші болды. Алғашқы құрлыққа шыққан О. – ихтиостегилер. Бұлар саусаққанатты балықтардан шығып, қосмекенділердің; ал мезозойда жақсы дамыған бауырымен жорғалаушылардың, триаста сүтқоректілердің, юра кезеңінде құстардың арғы тегі болып саналады. Барлық О-дың эвол. дамуы олардың дене құрылысының күрделенуімен сипатталады. Дене тірегі – хорда, эвол. даму процесінің барысында ересек жануарларда (төм. сатыдағы балықтардан басқасында) хорда, көбінесе омыртқаға айналады (тип тармағының аты осыдан шыққан). О-дың судан құрлыққа шығуына байланысты дене құрылысы күрделілене түсті. Төм. сатыдағы О-дың жүрегі екі камералы болса, жоғары сатыдағы О-дың бұлшық етті төрт камералы жүрегі көптеген негізгі (құлақшалар мен жүрекшелер) және қосымша бөліктерден (венозды синус, артериальды конус) тұрады. Қан айналыс жүйесі тұйық біткен. Су О-ының (бассүйексіздер, балықтар) тыныс алу органы – желбезек, ал құрлықтағы О-да қос өкпе болады. Көру, есту, сезім және иіс сезу органдары жақсы дамыған. Жүйке жүйесі ми, жұлын және шеткі жүйке түйіндерінен (ганглиялардан) тұрады. Зәр шығару органы – қос бүйрек. О-дың барлығы да даражыныстылар, жыныс безі екеу, бірақ балықтарда гермафродитизм байқалады. Кейбіреулері жұмыртқа салып, екіншілері ұрпақтарын тірідей туып көбейеді. О-дың 40 – 45 мыңдай түрі белгілі. Оларды 7 класқа жіктейді: дөңгелекауыздылар, шеміршекті балықтар, сүйекті балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар және сүтқоректілер. О. жер бетінде кең тараған, оларды әлемдік мұхиттардың түбінен бастап, биік таулы аймақтар мен сусыз шөлді жерлерден кездестіруге болады. О-дың биосферада алатын орны зор, әдетте бұлар биоценоздағы трофик. (қоректік) тізбекті аяқтайды. О-дың адам өмірі үшін маңызы зор. Өйткені О-ға кәсіптік аң және а. ш. жануарларының негізгі көпшілігі жатады (қ. Балық өсіру, Аңшылық, Мал шаруашылығы). О-дың арасында а. ш., орман ш. зиянкестері, ауру тарататын түрлері де жетерлік.
Әдеб.: Мазунин Н.А., Определитель позвоночных Казахстана, 2 изд., А.-А., 1982; Жизнь животных, т. 4, М., 1983; Джумалиев М.К., Биоразнообразие животного мира (хордовые), 1 ч., А., 2002.
Ә. Бәйімбетов
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алаш Орда
Келесі жаңалық
Елімізде 26 млн ұялы байланыс операторы тіркелген