Жаңалықтар

Мемлекет театрында "Астық" пьесасы

Мемлекет театрында "Астық" пьесасы Қазақстан мемлекет театры былтырғы жыл репертуарына кірген "Астық" пьесасын соңғы күндерде жаңадан көрсете бастады. Театрдың 8-партия конференциясында көрсетпек боп отырған, өзінше ірі табысының бірі де осы —Астық. Киршонның бұл пьесасы Одақтағы пролетариат драматургиясының бір дәуірдегі үлкен бір тұрғысы деп саналады. Енді осындай пьесаны мемлекет театрының күштері қалай түсініп, қалай атқарып келеді? Тұтас спектакльден, жеке кейіпкерден не нәрселерді "табысым" деп санай алады? Дәл осы жағынан қарасақ, жалпы спектакльде, біздің театр әзірше жаңағыдай үлкен міндетті ада қыла алған жоқ. Меңгере ала қойды деп айта алмаймыз. Оп-оңай ада қылу, жеп-жеңіл де нәрсе емес. Бірақ театр осы жәйді өзінің ізденуі жолындағы бір сыны деп білу керек. Сондықтан "Астықтың" бүгінгі спектакілі аяқтап толып, жетіп тұрған спектакілі емес. Ол әлі театрдың өзімен бірге өрлеп, өсе баруға тиіс. Осыны жақын уақыттағы келешегі дейік. Қазір біздің театрда "Астық" спектаклін көрулі жолдастардың көбі жеке артистердің ойыны мен көпшілік сахналарының бірталай жерінде қазақшалау, қазақ пішіндес көріністер бар деседі. Артис жасаған кейіпті орыс крестьянының, орыс кулағының ғана кейіпі дей алмайды. Көруші ұнатар, ұнатпасын, жақсы-жаман дерін дәлелдеп шеше алмаса да, әйтеуір "қазақ исі бар", қазақылау тұрпаты бар дейді. Мысалы Серке1 ойнап жүрген қу құйрық түлкі сияқты кулак Катикин: бұның іс-мінезі орыс кулагы болумен қатар, қазақтың бұрынғы аулының қалдығы "ала-аяқ" сұм-сұрқияның иісі де шығып тұрады. Осы енді табыс па, жетіспегендік пе? Өзге ересек театр бұны істесе, онысын табыс дер ек. Онда әдейі істелген, іздену ретімен жасалған кейіп дер ек. Ал, біздің жас театрға келгенде, бұл мәселе үміт пен күдіктің түйісінде тұрған мәселе болады. Егер актер сол орыс кулагының кейпін әбден жеңіп, меңгеріп алып, соның ар жағынан тұр шығарып, өрнек салса, ол жақсы. Ол — актер шығарған жаңалық. Іздену жаңалығы. Спектакльдің түрі ұлттық өрнегі де сондайлардан құралады. Бұл жағынан қарасақ, Серке ойнындағы "қазақ исіне" бір жаңалық деп үміт артатын боламыз. "Осы жақсы, осы дұрыс" деп бояп қоймасақ та, қатты ескеретін тәжірибе дейтін боламыз. Ал, егер Серкенің Катикині шаманың жетісіне қарай ғана шыққан кейіп болса онда бұл - кемшілік, шалалық. Орыс кулагының кейіпі қолдан келмей, шала-шарпы боп, сүріне-қабына барған уағында "Көдебайша" кулак болса, ол табыс емес, әрине, мін. көпшілік сахнасындағы қазақылау күйлер турасында осыны айту керек. Театрдың барлық күші осындай жайларға үлкен сынмен қарасын. Істесе, әдейі сүйсініп, ұғына отырып істеген "ізденуім" деп істесін. Болмаса өл жетпегендік боп кетіп жүрмесін. Шынында қазақ актерінің көпшілігі мәдениетсіз. Оқу өнері аз. Сондықтан орыс оқығанын ойнау, жұмыскерді ойнау, кулак сияқтыларды ойнау да оңай жұмыс емес. Алғашқы сатысында орысты "ойнасаң дәл сол орыс кейпінің өзін, орыс актеріндей қып көрсете біл" деген ең бірінші, ең элементар шарт болады. "Астық" спектакілі театр күштерінің ішіндегі Серке сияқты бір алуанына жаңағыдай үлкен міндет артады. Әлі осы бір кейіптің үстінде көп еңбек етіп, актер ойынының үлкен сапасын көрсететін бол дейді. Осы қатарда ең алдымен атап кеп қосатын кісіміз — Қапан.2 Оған үлкен, нық ескерту жасау театр басшылығының да, жалпы жұртшылықтың да үлкен міндеті сияқты боп барады. Пролетариат драматургиясының ішінде "Астық" дейміз. Ал "Астық" өз ішінде Михайлов дейміз. Тегі, "Астық" Михайловпен ғана "астық" боп тұрғанын ұмытуға бола ма? Киршонның да мақтауы Квасовты жасауда емес. Бұрын дүние жүзінің әдебиетінде болып көрмеген жаңа адам, жаңа кейіп - Михайловты жасауда. Өйткені орыс әдебиетінде Квасовтар оншалық жаңалық емес. Оның аталас-тамырластары ескі, жаңа әдебиетте толып жатыр. Ал, Михайлов, Левинсондар әзірше, пролетариат әдебиетінің жас кезінде, бірден-бірлер ғана. Бұндай кейіптерді одақ құрылысы өмір жүзінде көп туғызып жатса да, әдебиет әлі онша молайта алған жоқ. Сондықтан, "Астық" пьесасындағы бәрі бір төбе де, жалғыз Михайлов өзі бір төбе. Аналар Михайловтың кім екендігін көрсету үшін жасалған адам рөлі. Олар құр шымылдық қана. Осы себепті Михайлов рөлі театр үшін, режиссер, актер үшін де ең жауапты, ең міндетті ауыр роль. Бұл рөлдің үстіндегі қызмет, талап, ізденушілер әлі аяқтаудан, бітуден алыс жатыр. Актер Михайлов рөлінің үстінде түлей-түлей өрлеп, ірілеп өсуге жараса, табыс, әні, сол. Ол біздің күштер үшін ұлы дүбірден жүлде алу есепті болады. Егеp Қапан мен режиссер былтыр бір дайындаған Михай онымен жүре бермек болса, ол қарын ашыратын іс болады. Ал, Қапанның "былтырғы ойыны биылғысынан тәуір еді" деген де сөздер бар. Бұл жақсы белгі емес. Оның үстіне мен былтыр, биыл ұдайы жойылмай келе жатқан бір орасан кемшілікті айтпақпын. Ол — Қапанның сөзді жеткізбейтіндігі. Не сөздің жарымы жұтығып кетеді. Немесе "қалдыр-құлдыр" етіп ұғынбайтын бір "дабыр" болып қалады. Михайлов демек, тегінде, "партия" демекпен тең. Оның бірде-бір сөзі айтыла салған, шығасы сөз болмайды. Ол, нервысының арқау, бұраулары өте нық, берік бұралған адам. Бойында "қоя берсіні", бос дадалы жоқ адам. Ольгамен екі арасының қайшылығы да содан емес пе? Олай болса, оның жалғыз сөзі қақас кетуі керек емес. Және Михайлов шешендігінің өзі де бір алуан, өзгеше шешендік. Ол суырылып, төгілтіп, қызыл-жасылды молайтып отыратын шешен емес. Сөз жарқ-жұрқын да сүймейді. Шешендігі әр қашан темірдей қатты логикасында сөз дәлелімен ұтымды. Ұтымдылығымен шешен. Біздің орташа көрушіміз оның сөзіндегі логикалық байланыстың бәрін бірдей, үнемі ұстап қап отыра алмайды. Оның үстіне жарым сөзі актер тілінің сүрініп, қабынуымен жойылса, Михайловтан не алмақшы? Әр қашан Михайлов сахнаға шыққанда, көруші: "не дер екен?" деумен отырады. Ал біздің театрда ол "деп" қойғаннан кейін де ылғи "не деді?", "не айтты?" деумен ентелесіп отыратынын Қапан біле ме екен? "Астық" спектакілі мемлекет театрында кейбір күштер жөнінде жоғарыдағыдай сұрақ таңбасын қойғызады. Кейбір күштердің тұсында күдікке де тіреп қояды. Ал, осыдан соң кейбір адамдардың ойынының тұсында қуантып, көңілді өсіруге де жарайды. "Театрдың табысы қайсы?" деген сұраққа "Астық" арқылы беретін жауабымыз Қанабек3 пен Елубай4 ойындары. Мысалы, Қанабек суреттеген кулак Квасов. Бұл жау. Сол жаудың "жаулық пішіні" қандай болатынын жақсы қып ашып беру де төңкерісшілдік міндет. Қанабекке өзге актермен қатар қойылатын шарт: "Орыс кулагын дәл қып, орыс актерінше ойнап бер" деген болса, оны Қанабек орындап отыр. Жалғыз ол емес, сол кулакты аз ғана қазақ актері болған комментариймен де суреттейді. Бұл рольді ол үлкен, терең түсінікпен, мол санамен ойнайды. Жаудың сырты қандай, іші қандай? Қай жерде бипың жорғаға салып, қай тұста жанын салып, тіс-тырнағымен қатып қалады? Сол қоймаларының бәрін ашады, ішек-қарнын түгел ақтармалап береді. Еш бір қимыл, қозғалысы үстірт емес. Ашық тартысқа қарай бастырып, өсіргенде де, көңілге қонымды, түсінікті қып өсіреді. Нәтижеде шығатын кейіп қандай? Ол: "табаны жұмсақ, жүрісі майда, қолы-басын жұмсақ түк басқан" мысық. Бірақ сол түгінің ішінде жасырынып тұрған тырнағы бар. Кезегін андып, шауып түсетін дұшпан боп суреттеледі. Екінші осындай үлкен сурет — Елубай жасайтын Романов суреті. Ең алдымен, былтырғысына қарағанда Елубай биыл гримін сайлы қып алған. Осының өзінде нық өсірген. Солар арқылы, енді Романов көруші көзге, ұмытылмас кейіп боп орнап отыр. Елубай Романовының, Қанабек Квасовынан айырмасы — оның тап-таза, толық тұлғалы орыс кейпін беруінде. Бұнда қазақ актері боп өз жанынан қоса берген комментарий көп байқалмайды. Бірақ адамын нағыз орыс қып ойнау деген шартты "Астық" тұсында ең жоғарғы дәрежесіне жеткізіп ойнаушы Елубай ғана. Жаңа... [1]  кейіпте, құр жансыз сурет қана емес. Фотографиядан аулақ5. Романов боп "қайта туғандай" жандылық, ... дауыс кеудені жансыз, мүсінсіз ... көрсетуінде емес. Сол кеудеге жан бітіруде. Жан кейіп дегеннің өзі туғанда да сол арқылы тумақшы. Кейіп жасау деген: актердің сапарға аттанып, шабытпен қанат қағу барысы емес пе? Олай болса актердің мұндай нық шабытпен ойнаған рөлі, оның құлаш қойған да жері болады. Елубай биылғы Романовын да сол айтылған шабытты (вдохновениесі) тауып, өте әсерлі, өте мағыналы ойнап ... "Достық" ішіндегі өзге актерлердің ойнауына ... боп келер, тағы суретші еңбегі жайында айтылатын сөздер көп еді. Оның бәрі газет мақаласының көлемінен асыңқырап кететін болды. Мен оның бәріне әзір тоқталмасам да, қорытынды ретінде жоғарыдағы өзіміз қойған сұраққа жауап айта кетпекшімін. Сұрақ: "Астық" спектакілі арқылы мемлекет театры ... жоғарыда саналған нәрселерді ғана ... қосымша ретінде айтарымыз. Жаңағы актерлер ойыңдарының әдістері болады. Осы үстінде біз Серке ойыны, Қанабек ойыны, Елубай ойыны арқылы үш түрлі үлгіні, үш түрлі "әдісті, іздену әдісін көріп отырмыз. Соның қайсысы дұрыс. Қайсысын театрдың әдісі қып ұстанып қаламыз. Жоқ әлде бүгінгі сатымызды бұның әр қайсысына өріс беріп жіберіңкірей түсіп, қорытындыны кейінірек жасаймыз ба? Бұлар әзір шешілген мәселелер емес. Бірақ осының бәрі жиылғанда, бәрін жеке алғанда осылар арқылы театрдың өсу, іздену элементтері белгіленіп келе жатқаны даусыз айқындалады. Театр табысы деп соны айтамыз. Оған ірге боп отырған "Астық".   Мұхтар Әуезов   [1] Жазуы өшіріліп, оқылмады.
05.12.2012 09:42 3518

Мемлекет театрында "Астық" пьесасы

Қазақстан мемлекет театры былтырғы жыл репертуарына кірген "Астық" пьесасын соңғы күндерде жаңадан көрсете бастады.

Театрдың 8-партия конференциясында көрсетпек боп отырған, өзінше ірі табысының бірі де осы —Астық.

Киршонның бұл пьесасы Одақтағы пролетариат драматургиясының бір дәуірдегі үлкен бір тұрғысы деп саналады.

Енді осындай пьесаны мемлекет театрының күштері қалай түсініп, қалай атқарып келеді? Тұтас спектакльден, жеке кейіпкерден не нәрселерді "табысым" деп санай алады?

Дәл осы жағынан қарасақ, жалпы спектакльде, біздің театр әзірше жаңағыдай үлкен міндетті ада қыла алған жоқ. Меңгере ала қойды деп айта алмаймыз. Оп-оңай ада қылу, жеп-жеңіл де нәрсе емес. Бірақ театр осы жәйді өзінің ізденуі жолындағы бір сыны деп білу керек. Сондықтан "Астықтың" бүгінгі спектакілі аяқтап толып, жетіп тұрған спектакілі емес. Ол әлі театрдың өзімен бірге өрлеп, өсе баруға тиіс. Осыны жақын уақыттағы келешегі дейік.

Қазір біздің театрда "Астық" спектаклін көрулі жолдастардың көбі жеке артистердің ойыны мен көпшілік сахналарының бірталай жерінде қазақшалау, қазақ пішіндес көріністер бар деседі. Артис жасаған кейіпті орыс крестьянының, орыс кулағының ғана кейіпі дей алмайды. Көруші ұнатар, ұнатпасын, жақсы-жаман дерін дәлелдеп шеше алмаса да, әйтеуір "қазақ исі бар", қазақылау тұрпаты бар дейді.

Мысалы Серке1 ойнап жүрген қу құйрық түлкі сияқты кулак Катикин: бұның іс-мінезі орыс кулагы болумен қатар, қазақтың бұрынғы аулының қалдығы "ала-аяқ" сұм-сұрқияның иісі де шығып тұрады. Осы енді табыс па, жетіспегендік пе? Өзге ересек театр бұны істесе, онысын табыс дер ек. Онда әдейі істелген, іздену ретімен жасалған кейіп дер ек. Ал, біздің жас театрға келгенде, бұл мәселе үміт пен күдіктің түйісінде тұрған мәселе болады. Егер актер сол орыс кулагының кейпін әбден жеңіп, меңгеріп алып, соның ар жағынан тұр шығарып, өрнек салса, ол жақсы.

Ол — актер шығарған жаңалық. Іздену жаңалығы. Спектакльдің түрі ұлттық өрнегі де сондайлардан құралады. Бұл жағынан қарасақ, Серке ойнындағы "қазақ исіне" бір жаңалық деп үміт артатын боламыз. "Осы жақсы, осы дұрыс" деп бояп қоймасақ та, қатты ескеретін тәжірибе дейтін боламыз. Ал, егер Серкенің Катикині шаманың жетісіне қарай ғана шыққан кейіп болса онда бұл - кемшілік, шалалық.

Орыс кулагының кейіпі қолдан келмей, шала-шарпы боп, сүріне-қабына барған уағында "Көдебайша" кулак болса, ол табыс емес, әрине, мін. көпшілік сахнасындағы қазақылау күйлер турасында осыны айту керек. Театрдың барлық күші осындай жайларға үлкен сынмен қарасын. Істесе, әдейі сүйсініп, ұғына отырып істеген "ізденуім" деп істесін.

Болмаса өл жетпегендік боп кетіп жүрмесін. Шынында қазақ актерінің көпшілігі мәдениетсіз. Оқу өнері аз. Сондықтан орыс оқығанын ойнау, жұмыскерді ойнау, кулак сияқтыларды ойнау да оңай жұмыс емес. Алғашқы сатысында орысты "ойнасаң дәл сол орыс кейпінің өзін, орыс актеріндей қып көрсете біл" деген ең бірінші, ең элементар шарт болады.

"Астық" спектакілі театр күштерінің ішіндегі Серке сияқты бір алуанына жаңағыдай үлкен міндет артады. Әлі осы бір кейіптің үстінде көп еңбек етіп, актер ойынының үлкен сапасын көрсететін бол дейді.

Осы қатарда ең алдымен атап кеп қосатын кісіміз — Қапан.2 Оған үлкен, нық ескерту жасау театр басшылығының да, жалпы жұртшылықтың да үлкен міндеті сияқты боп барады.

Пролетариат драматургиясының ішінде "Астық" дейміз. Ал "Астық" өз ішінде Михайлов дейміз. Тегі, "Астық" Михайловпен ғана "астық" боп тұрғанын ұмытуға бола ма?

Киршонның да мақтауы Квасовты жасауда емес. Бұрын дүние жүзінің әдебиетінде болып көрмеген жаңа адам, жаңа кейіп - Михайловты жасауда. Өйткені орыс әдебиетінде Квасовтар оншалық жаңалық емес. Оның аталас-тамырластары ескі, жаңа әдебиетте толып жатыр. Ал, Михайлов, Левинсондар әзірше, пролетариат әдебиетінің жас кезінде, бірден-бірлер ғана. Бұндай кейіптерді одақ құрылысы өмір жүзінде көп туғызып жатса да, әдебиет әлі онша молайта алған жоқ. Сондықтан, "Астық" пьесасындағы бәрі бір төбе де, жалғыз Михайлов өзі бір төбе. Аналар Михайловтың кім екендігін көрсету үшін жасалған адам рөлі. Олар құр шымылдық қана. Осы себепті Михайлов рөлі театр үшін, режиссер, актер үшін де ең жауапты, ең міндетті ауыр роль. Бұл рөлдің үстіндегі қызмет, талап, ізденушілер әлі аяқтаудан, бітуден алыс жатыр. Актер Михайлов рөлінің үстінде түлей-түлей өрлеп, ірілеп өсуге жараса, табыс, әні, сол. Ол біздің күштер үшін ұлы дүбірден жүлде алу есепті болады.

Егеp Қапан мен режиссер былтыр бір дайындаған Михай онымен жүре бермек болса, ол қарын ашыратын іс болады. Ал, Қапанның "былтырғы ойыны биылғысынан тәуір еді" деген де сөздер бар. Бұл жақсы белгі емес. Оның үстіне мен былтыр, биыл ұдайы жойылмай келе жатқан бір орасан кемшілікті айтпақпын. Ол — Қапанның сөзді жеткізбейтіндігі. Не сөздің жарымы жұтығып кетеді. Немесе "қалдыр-құлдыр" етіп ұғынбайтын бір "дабыр" болып қалады. Михайлов демек, тегінде, "партия" демекпен тең. Оның бірде-бір сөзі айтыла салған, шығасы сөз болмайды. Ол, нервысының арқау, бұраулары өте нық, берік бұралған адам. Бойында "қоя берсіні", бос дадалы жоқ адам. Ольгамен екі арасының қайшылығы да содан емес пе?

Олай болса, оның жалғыз сөзі қақас кетуі керек емес. Және Михайлов шешендігінің өзі де бір алуан, өзгеше шешендік. Ол суырылып, төгілтіп, қызыл-жасылды молайтып отыратын шешен емес. Сөз жарқ-жұрқын да сүймейді. Шешендігі әр қашан темірдей қатты логикасында сөз дәлелімен ұтымды. Ұтымдылығымен шешен. Біздің орташа көрушіміз оның сөзіндегі логикалық байланыстың бәрін бірдей, үнемі ұстап қап отыра алмайды. Оның үстіне жарым сөзі актер тілінің сүрініп, қабынуымен жойылса, Михайловтан не алмақшы? Әр қашан Михайлов сахнаға шыққанда, көруші: "не дер екен?" деумен отырады. Ал біздің театрда ол "деп" қойғаннан кейін де ылғи "не деді?", "не айтты?" деумен ентелесіп отыратынын Қапан біле ме екен?

"Астық" спектакілі мемлекет театрында кейбір күштер жөнінде жоғарыдағыдай сұрақ таңбасын қойғызады. Кейбір күштердің тұсында күдікке де тіреп қояды. Ал, осыдан соң кейбір адамдардың ойынының тұсында қуантып, көңілді өсіруге де жарайды. "Театрдың табысы қайсы?" деген сұраққа "Астық" арқылы беретін жауабымыз Қанабек3 пен Елубай4 ойындары. Мысалы, Қанабек суреттеген кулак Квасов. Бұл жау. Сол жаудың "жаулық пішіні" қандай болатынын жақсы қып ашып беру де төңкерісшілдік міндет. Қанабекке өзге актермен қатар қойылатын шарт: "Орыс кулагын дәл қып, орыс актерінше ойнап бер" деген болса, оны Қанабек орындап отыр. Жалғыз ол емес, сол кулакты аз ғана қазақ актері болған комментариймен де суреттейді. Бұл рольді ол үлкен, терең түсінікпен, мол санамен ойнайды. Жаудың сырты қандай, іші қандай? Қай жерде бипың жорғаға салып, қай тұста жанын салып, тіс-тырнағымен қатып қалады? Сол қоймаларының бәрін ашады, ішек-қарнын түгел ақтармалап береді. Еш бір қимыл, қозғалысы үстірт емес. Ашық тартысқа қарай бастырып, өсіргенде де, көңілге қонымды, түсінікті қып өсіреді. Нәтижеде шығатын кейіп қандай? Ол: "табаны жұмсақ, жүрісі майда, қолы-басын жұмсақ түк басқан" мысық.

Бірақ сол түгінің ішінде жасырынып тұрған тырнағы бар. Кезегін андып, шауып түсетін дұшпан боп суреттеледі.

Екінші осындай үлкен сурет — Елубай жасайтын Романов суреті. Ең алдымен, былтырғысына қарағанда Елубай биыл гримін сайлы қып алған. Осының өзінде нық өсірген. Солар арқылы, енді Романов көруші көзге, ұмытылмас кейіп боп орнап отыр.

Елубай Романовының, Қанабек Квасовынан айырмасы — оның тап-таза, толық тұлғалы орыс кейпін беруінде. Бұнда қазақ актері боп өз жанынан қоса берген комментарий көп байқалмайды. Бірақ адамын нағыз орыс қып ойнау деген шартты "Астық" тұсында ең жоғарғы дәрежесіне жеткізіп ойнаушы Елубай ғана. Жаңа... [1]  кейіпте, құр жансыз сурет қана емес. Фотографиядан аулақ5. Романов боп "қайта туғандай" жандылық, ... дауыс кеудені жансыз, мүсінсіз ... көрсетуінде емес. Сол кеудеге жан бітіруде. Жан кейіп дегеннің өзі туғанда да сол арқылы тумақшы. Кейіп жасау деген: актердің сапарға аттанып, шабытпен қанат қағу барысы емес пе? Олай болса актердің мұндай нық шабытпен ойнаған рөлі, оның құлаш қойған да жері болады. Елубай биылғы Романовын да сол айтылған шабытты (вдохновениесі) тауып, өте әсерлі, өте мағыналы ойнап ... "Достық" ішіндегі өзге актерлердің ойнауына ... боп келер, тағы суретші еңбегі жайында айтылатын сөздер көп еді. Оның бәрі газет мақаласының көлемінен асыңқырап кететін болды.

Мен оның бәріне әзір тоқталмасам да, қорытынды ретінде жоғарыдағы өзіміз қойған сұраққа жауап айта кетпекшімін. Сұрақ: "Астық" спектакілі арқылы мемлекет театры ... жоғарыда саналған нәрселерді ғана ... қосымша ретінде айтарымыз. Жаңағы актерлер ойыңдарының әдістері болады. Осы үстінде біз Серке ойыны, Қанабек ойыны, Елубай ойыны арқылы үш түрлі үлгіні, үш түрлі "әдісті, іздену әдісін көріп отырмыз. Соның қайсысы дұрыс.

Қайсысын театрдың әдісі қып ұстанып қаламыз. Жоқ әлде бүгінгі сатымызды бұның әр қайсысына өріс беріп жіберіңкірей түсіп, қорытындыны кейінірек жасаймыз ба? Бұлар әзір шешілген мәселелер емес. Бірақ осының бәрі жиылғанда, бәрін жеке алғанда осылар арқылы театрдың өсу, іздену элементтері белгіленіп келе жатқаны даусыз айқындалады. Театр табысы деп соны айтамыз. Оған ірге боп отырған "Астық".

 

Мұхтар Әуезов

 



[1] Жазуы өшіріліп, оқылмады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға