Ақтамберді Сарыұлы
05.12.2012 09:08
10510
Ақтамберді Сарыұлы (1675, Оңт. Қазақстан обл. Қаратау — 1768, Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Жүрекжота мекені) — жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат. «Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелейді. Қысқа нақыл, шешен сөздердің шебері. 1742 ж. Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болды. 1738 — 52 ж. қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері А. талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған. А. өз ғұмырнамасын толғауларына көркемдік қуаты зор, келісті нақыштармен түсірген. Шығармалары зиялы зергердің қолтаңбасын танытады. Әлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды. Азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгембай», «Менімен ханым ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» және т.б. өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, патриоттық күй-сезімдерге толы. А-нің «Балаларыма өсиет» деп аталатын толғауы соңғы туындыларының бірі болса керек. Жырау балаларын тірліктегі бірлікке, талап мұратқа, татулыққа үндейді. Жас ұрпақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы елді мақсатына жеткізерін ескертеді. Халықты алауыз мінездерден сақтандырады. А. толғаулары мен жырлары С.Мұқановтың «Қазақтың 18 — 19 ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942), «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Алдаспан» (1971), «15 — 18 ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1985) жинақтарына енгізілген.
Әдеб.: Халидұғлы Қ., Тауарих хамса-и-шарки, Қазан, 1910; Мағауин М., Қобыз сарыны. Монография, А., 1968; Алдаспан. Көне қазақ поэзиясының антологиясы, А., 1971; Қазақстан мәдениеті мен тарихы, А., 1988, 74-75 б.; Күмісбаев Ө., Ақтамберді, Кіт.: Терең тамырлар, А., 1994.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақ графикасы
Келесі жаңалық
Жетісу облысында аудан-қалалардың мәдениет күндері аяқталды