Юань империясы
Юань Әулеті – Қытайда билік жүргізген моңғол әулеті (13 – 14 ғасырларда). Әулеттің негізін Шыңғысханның немересі Құбылай қалады. 1206 ж. Орталық Азияны мекендеген көшпелі түркі-моңғол тайпаларын бағындырған Шыңғысхан 1211 – 15 ж. Қытайды жаулап алуды бастап берді, ал оның мирасқоры Үгедей хан 1234 ж. Солтүстік Қытайды толық бағындырды. 13 ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай Шыңғысхан империясы іс жүзінде бірнеше дербес мемлекеттерге бөлінді, солардың бірін Құбылай басқарды. Ол Қытайды жаулап алуды әрі қарай жалғастырды да өз мақсатына жету үшін мемлекет астанасын Қарақорымнан Дадуға (Пекинге) көшірді (1264). Алғашқыда бұл мемлекетке Моңғолия мен Солтүстік Қытай жері кірді. 1271 ж. Құбылай өз иелігіне “Юань“ деген ханзу (қытай) атауын берді. Оның әкімшілік жүйесі қытай үлгісінде жасалды. Бірақ сол кездегі саяси жағдайларға байланысты оның өзіндік ерекшеліктері де бар еді. Мысалы, Қарақорым мен Шанду (Ханбалчасун, кейіннен Кайпин) қалалары Пекинмен бірдей астана саналды. Ел аумағы жергілікті хатшылықтар (син-чжуншушэн) басқаратын 11 провинцияға бөлінді. Шаньдун, Шаньси, Хэбэе сынды аумақтардың біразы тікелей Сарай хатшылығына бағынды. Сондай-ақ кейбір моңғол ақсүйектерінің үлестік жерлері де орталық және жергілікті әкімшілік билікке бағынбады. Жоғарғы үкімет – чжуншушэн (сарай хатшылығы) болды. Хатшылыққа 6 мекеме бағынды. Императордың жанынан шенеуніктердің қызметін қадағалайтын “әскери кеңес“ (шумиюань) пен “цензорат“ (юйшитай) жұмыс істеді. Жоғарғы билік орындарында моңғолдар мен түрік тектес халықтардың өкілдері отырды. 1279 ж. Құбылай Оңтүстік Қытайдағы Сун империясын талқандап, Қытайды жаулап алуды аяқтады. 13 ғасырдың 70 – 90 ж. Юань Әулеті тарапынан Вьетнам, Бирма, Тямпа, Жапония мен Яваға қарсы жорықтар жасалғанымен, бұл елдерді бағындыру мүмкін болмады. Корей мемлекеті Юань Әулетінің билігін мойындады, мұнда моңғол уәкілі отырды. Құбылайдың мирасқоры Темір (Тэмур) тұсында да (1295 – 1307) осы саясат өз жалғасын тапты. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін елде таққа талас басталып, берекесіздік орнады. 1308 – 1332 жылдары 8 император бірін-бірі алмастырды. Бұл берекесіздік Тоғон-Темір билік еткен жылдары (1333 – 1368) біршама тоқтағанымен, мемлекетте жергілікті қытайлардың көтерілістері басталды. 1351 – 68 жылдарды қамтыған бұл көтерілістің нәтижесінде Юань Әулетінің билігі құлатылып, орнына Мин әулеті келді. Юань Әулеті өкілдері Моңғолияға қашуға мәжбүр болды.

