Еуропа кеңесі
Еуропа кеңесі
Еуропа кеңесі - әлемдегі беделді халықаралық ұйымдардың бірі. 1949 жылы Батыс Еуропаның 10 мемлекетінің бірлескен шешімімен құрылған. Штаб-пәтері Страсбург (Франция) қаласында. Ресми тілі — ағылшын және француз тілдері. Қазіргі кезде Еуропа кеңесінің 40 мүшесі бар. Әзербайжан, Армения, Беларусь, Босния мен Герцеговина, Грузия, Монако елдері мүшелікке кандидат. Бұл елдердің парламенттерінің (Беларусьтен басқасы) Еуропа кеңесінің парламеттік ассамблеясына “арнайы шақырылған” деген мәртебесі бар. Ал АҚШ, Канада, Жапония мемлекеттерінің бақылаушылық мәртебесі бар. Еуропа кеңесінде демократиялық принциптер, адам құқы мәселелері, гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық байланыстар, мәдениет, экология мен ақпарат салаларындағы бірлескен іс-әрекеттер үнемі қаралып отырады. Жалпыеуропалық істерге, аймақтық жанжалдарға, т.б. халықаралық маңызы бар саяси мәселелерге үнемі көңіл бөлінеді. Жұмыс, негізінен, үкіметаралық, парламентаралық кездесулер деңгейінде, жергілікті үкімет орындары мен үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүргізіледі. Жарғы бойынша, ұлттық қорғаныс мәселелері Еуропа кеңесінің қарауына жатпайды. Еуропа кеңесінің негізгі органдары: Еуропа кеңесінің Министрлер Кеңесі (МК) — жылына 2 рет Еуропа кеңесіне мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Страсбург қаласында кездесіп отыратын жиыны. Ал қалған уақытта Еуропа кеңесінің тіркелген тұрақты өкілдері арқылы жұмыс жасайды. Ағымдағы жұмысты ұйымдастыру үшін төраға мен оның 2 орынбасарынан тұратын бюро сайланады. Төраға міндетін мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері 6 ай сайын кезектесіп атқарады. Министрлер Кеңесі міндеті — мүше мемлекеттердің өз міндеттерін атқаруын қадағалау, ұйымның жыл сайынғы бағдарламасы мен бюджетін бекіту, мүше мемлекеттердің өзара ішкі саяси келісімдерін орындауға және халықаралық мәселелерге араласуына көмектесу. Министрлер Кеңесінің жұмыс жасайтын арнайы комитеттері мен жұмыс топтары бар. Министрлер Кеңесінің шешімі мүше мемлекеттер үшін міндетті емес, тек қаулы-қарар, ұсыныс түрінде ғана. Бірақ Министрлер Кеңесі бұл шешімдердің атқарылу барысы жайында кез келген үкіметтен ақпарат сұрауға құқы бар. Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) — кеңесші орган болып табылады. Ол ұлттық парламент депутаттары арасынан жиналған 306 өкіл мен олардың 306 орынбасарынан тұрады. Әр мемлекетке квота сол елдегі халық санына қарай анықталады. Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясының депудаттары жыл сайын Страсбургте қаңтар, сәуір, маусым, қыркүйек айларының ақырғы апталарында кездесіп отырады, кейде “көшпелі мини-сессиялар” өткізеді. Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы мүшелері өз мемлекеттерінің емес, өз сайлаушыларының мүддесін қорғауға тиіс. Дауысқа салынғанда ұлттық емес партиялық мүдделер қорғалады. Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясыдағы неғұрлым көрнекті партиялар: социалистер, христиан-демократтар, консерваторлар. Бұған қоса аз санды “тәуелсіз депутаттар” да кездеседі. Депутаттардың Министрлер Кеңесіне және мүше-мемлекеттерге жіберетін қаулы-қарарлары мен ұсыныстары үштен екі бөліктен көп дауыс алғанда ғана қабылданады. Депутаттар Парламенттік ассамблея төрағасы мен орынбасарларын және хатшысын, Еуропа кеңесінің бас хатшысы мен оның орынбасарын, адам құқы жөніндегі Еуропалық соттың судьяларын сайлайды. Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясының әр түрлі салалар (саясат, заң және адам құқы, мәдениет пен ағарту, экономика, т.б.) бойынша 14 комитеті бар. Соның ішінде мониторинг жөніндегі комитет мүше мемлекеттердің алған міндеттерін орындау мәселесін қарайды. Егер мүше мемлекеттер тарапынан бұл міндеттер орындалмаса немесе бұзылса, комитет мүшелері сол елдің парламенттік делегациясын Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясыдан шығару және Министрлер Кеңесіне ол мемлекетті Еуропа кеңесі құрамынан шығару мәселесін қояды. Бұған қоса Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы пленарлық жиналыстар арасында жұмыс істейтін бюро мен тұрақты комиссия мүшелерін сайлайды. Еуропа кеңесінің күнделікті жұмысын халықаралық секретариат жүргізеді. Оның бас хатшысы 5 жыл мерзімге сайланады. Еуропа кеңесінің жеке бюджеті болатын арнайы кеңселері бар: конституциялық құқық жөніндегі Венеция комиссиясы, есірткі тасымалдаушылармен күрес жөніндегі Помпиду тобы, өз мүшелеріне жеңілдікпен қарыз бөлетін әлеуметтік даму қоры, т.б. Еуропа кеңесі атынан үнемі еуропалық конференциялар өткізіп тұрады. Оған еуропалық мемлекеттер толығымен (кейде еуропалық емес мемлекеттер де) шақырылады. Еуропа кеңесі мүшелері “Адам құқын қорғау және негізгі бостандықтар туралы” конвенцияны орындауға міндетті. Осы конвенция негізінде Страсбургте адам құқын қорғау жөніндегі Еуропалық сот құрылған. Мүше мемлекеттердің кез келген азаматы өз үкіметтері тарапынан саяси қысым көрген жағдайда осы сотқа шағымдануға құқылы. Еуропа кеңесінің өз рәміздері де бар. Олар: Еуропа туы 1955 жылы бекітілген ортасында Еуропа халықтарының одағын білдіретін 12 жұлдызша айнала орналасқан. Бұл ту 1986 жылдан бастап Еуропалық Одақтың да рәмізі болып бекітілді; Еуропа әнұраны (1972 жылы бекітілген) ретінде Бетховеннің 9-симфониясы — “Куаныш одасы” алынған. 5 мамыр Еуропа кеңесінің құрылған күні — Еуропа күні болып мерекеленеді.