Өнеркәсіп
05.12.2012 08:12
16814
ӨНЕРКӘСІП – ұлттық экономиканың шикізат, отын, энергия өндірумен, ағаш өнімдерін дайындаумен, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық шикізатын өндіріс құрал-жабдығы мен тұтыну заттарына өңдеумен (қайта өңдеумен) айналысатын кәсіпорындарды (зауыттарды, фабрикаларды, кеніштерді, шахталарды, электр стансаларын, т.б.) біріктіретін аса маңызды саласы. Екі үлкен топтан – өндіруші Ө-тен – мұнай, газ, көмір, шымтезек, тақтатас, тұз, қара және түсті металл кентастарын, металлургия үшін кентасқа жатпайтын құрылыс материалдарын өндіру, ағаш дайындау, энергет. шикізат алу, т.б.; өңдеуші Ө-тен – қара және түсті металдар, қақтама, машиналар мен жабдықтар, хим. өнімдер, цемент және басқа құрылыс материалдарын, ағаш өңдеу, жеңіл Ө. пен тамақ Ө-і өнімдерін өндіру, Ө. бұйымдарын жөндеу, т.б. құралады. Сондай-ақ ол өндіріс құрал-жабдығын өндіретін Ө. (“А” тобы) пен тұтыну заттарын өндіретін Ө. (“Б” тобы) салаларына бөлінеді. Өнімнің бір түрлері түгелдей “А” тобына жатады (станоктар, өнеркәсіптік тракторлар, жабдықтар, қара және түсті металл кентастары, минералдық тыңайтқыштар, т.б.), екінші бір түрлері түгелімен “Б” тобына (тігулі киім, тоқыма бұйымдары, нан, нан-тоқаш өнімдері, тағамдық балық өнімдері, жиһаз, тоңазытқыш, телевизор, т.б.) жатады. Көмір, электр энергиясы, кездеме, ұн, ет және өндірістік мақсатта пайдаланылатын басқа да өнім түрлері олардың нақты тұтынылуына қарай екі топтың арасында бөлініске түседі. “А” тобының өнімдері еңбек құралдары мен еңбек заттарына бөлінеді.
Ө. – қоғамдық өнім мен ұлттық табыстың басым бөлігі жасалатын материалдық өндіріс саласы. Халық ш. мен халықтың жоғары сапалы өнімге деген қажеттілігінің қанағаттандырылу деңгейі, техникамен қайта жарақтандырылуы, халық ш-ның барлық салалары өндірісінің қарқынды дамытылуы, мемлекеттің қорғаныс қабілеті Ө-тің дамуында қол жеткізілген табыстарға байланысты.
Кеңестік дәуірге дейінгі Қазақстанда Ө. негізінен өте қарапайым еңбек құралдарын пайдаланатын ұсақ кәсіпшіліктер, шеберханалар мен цехтар түрінде дамыды. 1913 ж. небәрі 118 мың т мұнай, 0,1 млн. т көмір өндірілді. Кеңестік дәуірде Ө-ті дамыту үдерісі жедел қарқын алды. Алғашқы бесжылдықта (1928 – 32) Ө-ке 90 млн. сом күрделі қаржы бөлінді. Бұл осының алдындағы тоғыз жылда бөлінген қаржыдан 2,5 есе көп еді. Соның нәтижесінде бесжылдықтың әр жылында Ө. өнімі орта есеппен 17% өсті. Көмір өндіру, түсті металлургия, металл өңдеу, тамақ Ө-і салалары шұғыл дамыды. 2-бесжылдықта (1932 – 37) Ө. өнімі жыл сайын 19,5%-ға өсті. Мұндай қарқын 3-бесжылдықтың алғашқы үш жылы бойына сақталды. 1933 – 40 ж. республикада Шымкент қорғасын з-ты, Балқаш мыс қорыту, Ақтөбе химия комб-тары сияқты ірі Ө. орындары қатарға қосылып, Қарағандыда көмір шахталары кешені, мұнай құбырлары, электр ст-лары, жеңіл және тамақ Ө. орындары салынды. Бұл кезеңде Ө-ті дамытуға 446 млн. сом күрделі қаржы жұмсалды. Бұл 1920 – 32 ж. аралығында бөлінген қаржыдан 3,4 есе көп еді. Нәтижесінде халық ш-ның негізгі салалары Ө. пен а.ш-нда елеулі құрылымдық өзгерістер болды. Ө. өнімінің көлемі а.ш. өнімінен асып түсті.
2-дүниежүз. соғыс жылдары Қазақстан Ө-ті дамытуда маңызды үш міндетті шешті, олар: КСРО-ның батысынан көшірілген ф-калар мен з-ттарды қабылдап алып, орналастыру және іске қосу; Ө-ті одан әрі дамытып, жаңа объектілер салу; майданның қажетін ескере отырып, кәсіпорын номенклатурасын қайта қарау. Соғыстан кейінгі 4-бесжылдықта (1946 – 50) республика Ө-і бейбіт жағдайға бейімделіп қайта құрылды. Ө. өнімін қарқынды дамытудың іргетасы қаланып, оның көлемі 70%-ға өсті. 5-бесжылдықта (1951 – 55) Ө. өнімі 82%-ға артты, халық ш. үшін зор маңызы бар темір кентасын, болат, көмір, электр энергиясын, машиналар мен механизмдер, Ө. және азық-түлік тауарларын өндіру қарқынды жүргізілді.
6 (1956 – 60) және 7-ші (1961 – 65) бесжылдықтарда өндірістің құрылымдық бағытын түбегейлі түрде өзгертетін жаңа қуаттар іске қосылды. Қарағанды металлургия з-ты мен Соколов-Сарыбай кен байыту комб-ның іске қосылуына байланысты қара металлургия Ө-інің негізі қаланып, онан әрі дами түсті; түсті металлургияда ірі-ірі кәсіпорындар қатарға қосылды; көмір Ө-інде жаңа технологиямен жабдықталған оннан астам жаңа шахталар мен қималар іске қосылды; химия Ө-і Ақтөбе хром қосындылары з-ты, Қарағанды синтет. каучук з-ты, Қаратау кен-химия комб. сияқты ірі кәсіпорындармен толықты; Маңғыстау мұнайлы аймағын игеру ісі қолға алынды; Қазақстанның шығысында, солт. мен оңт-нде жаңа з-ттар салынып, шығарылатын өнім түрі көбейді; жеңіл және тамақ Ө-ін өркендетуде елеулі қадам жасалды. Сондай-ақ Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында аумақтық-өндірістік кешендер қалыптаса бастады.
8 (1966 – 70) және 9-шы (1971 – 75) бесжылдықтар кезінде Ө. өнімінің өсу қарқыны 2,2 есе, 10-бесжылдықта (1976 – 80) 18%-ға артты. 1980 жылдардың аяғында Ө. өндірісінің көлемі 1928 жылмен салыстырғанда 265 есе өсті. Мұнда өнімнің 75%-ы “А” тобынан (өндіріс құрал-жабдығын өндіру) өндірілді. Бұл кезеңде электр энергетикасы, хим. және мұнай-хим. Ө-і, машина жасау, металл өңдеу салалары жедел дамыды. 1980 ж. барлық Ө. өнімінің 1/4 бөлігі осы салалардың үлесіне тиді.
Бұдан кейінгі 11-бесжылдықта (1981 – 85) Ө. өнімінің көлемі 19,4%-ға өсті. Павлодар – Екібастұз, Қаратау – Жамбыл, Маңғыстау өндірістік аумақтық кешендерінің маңызы артты. 400-ге жуық ірі Ө. орындары іске қосылды. Олардың арасында Екібастұз 1-ші МАЭС пен “Восточный” қимасы және Қарағанды кен-металлугия комб-ндағы қаңылтыр цехы, Шымкент мұнай өңдеу з-ты сияқты өндіріс алыптары бар.
12-бесжылдық (1986 – 90) кезеңінде Екібастұзда бүкілодақтық энергет. орт. қалыптасты, оңт-те фосфор өндірісі өркендеді, батыста еліміздің мұнай базасын жасау, мұнайдың, газдың, полиметалл және темір кентастарының жаңа кен орындарын игеру қолға алынды. Минералдық тыңайтқыштар, түсті және қара металдар өндіруде республиканың одақтағы маңызы арта түсті.
Қазақстанда нарықтық экономиканың қалыптасуы барысында Ө-тің түрлі салаларындағы кәсіпорындардың техникасы мен технологиясы, ұйымдастырылу деңгейі төмен екендігі байқалды. 20 ғ-дың 90-жылдары басталған экон. реформа нәтижесінде Ө. орындары мемлекет иелігінен алынып, жекешелендіріле бастады. 2003 жылғы мәліметке қарағанда, Қазақстан Республикасындағы барлық меншік нысандары бойынша кәсіпорындардың саны және олардың үлесі айтарлықтай өзгерді. Мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар саны 1184 (9,3%), жеке меншікте 11217 (88,3%), ал басқа мемлекеттердің (олардың заңды тұлғалары мен азаматтарының) меншігінде 306 (2,4%) кәсіпорын болды. Бірақ меншік нысандары бойынша өндірілген өнімнің (көрсетілген қызметтің) жалпы көлеміндегі өнеркәсіптік өндірістің құрылымы тиісінше 1,3; 82,1 және 16,5% болды. Жаңа жағдайда Ө. орындары ірі, орта, шағын кәсіпорын және өнеркәсіптік қызметті жүзеге асыратын бейөнеркәсіптік кәсіпорын түрлеріне жіктелді. Сондай-ақ нарықтық экономиканың дамуы барысында ірі-ірі корпоративтік құрылымдар да қалыптасты. Олардың тұрпаттары алуан түрлі: ұлттық және мемл. компаниялар (“Қазақойл”, “Қазтрансойл”, “Қазатомөнеркәсіп”, т.б.), мемл. және жеке жобалармен жекешелендірілген акцион. компаниялар (“Испат-Қармет”, “Қазақмыс” корпорациясы”, “Қазақстаналюминий”, “Өскемен титан-магний комбинаты”, “Маңғыстаумұнайгаз”, “Ақтөбемұнайгаз”, “Қазхром” ҰАҚ”, т.б.), нарықтың дамуы барысында пайда болған жеке компаниялар (“Қазкоммерцбанк”, “ҚазақстанКаспийшельф”, “Тұран Әлембанк”, т.б.), ұлтаралық компаниялардың Қазақстандағы бөлімшелері (“Теңіз Шевройл”, “OKІOK”, “PeтроҚазақстан”, “Алматы темекі фабрикасы”, “Қазхром” ҰаҚ”, т.б.) мен өкілдіктері (“АВВ LTD” – электротех. жабдықтар өндіретін компания, “PGS Onshore” – мұнай барлау, геофиз. қызмет компаниясы, т.б.). Трансұлттық корпорациялар республиканың Ө-іне миллиардтаған қаржы салып, қыруар пайда табуда. Әйтсе де Қазақстан экономикасының корпоративтік секторында әлемдік деңгейдегі корпорациялар жоқ дерлік. Қазақстан Ө-інің әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігі зор екеніне қарамастан инвестиция тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мүлдем жоқ болатын. Сондықтан жеке жобамен жекешелендірілген кәсіпорындар мен трансұлттық корпорациялар басымдық алды. Республика экономикасында жүргізілген реформа барысында бұрын қалыптасқан Ө. салалары дамыды. Негізгі капиталға пайдаланылған инвестиция кен өндіру Ө-іне жұмсалды. Атап айтқанда, осы сала құрылымындағы инвестицияның үлесі 2000 – 03 ж. орта есеппен 76,3%-ды құрады. Бұл кезеңде өңдеу Ө-і саласында инвестиция тапшылығы айқын байқалды: оның үлесі орта есеппен 18%-дан аспады.
Қазақстан шетелдік инвестициялардың көлемі бойынша ТМД елдерінің ішінде алдыңғы орында болды. Республикада шетел инвестицияларының негізгі капиталдағы үлесі негізінен Бат. Қазақстан (92%), Маңғыстау (66%) және Ақтөбе (75%) облыстарына тиесілі болды.
Республика Ө-інің тиімділігі әлемдік стандартқа сай емес. Айталық, Қазақстанда 1 доллар ЖІӨ шығару үшін 2,8 кВт-сағ қуат жұмсалса, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 0,2 – 1,2 кВт-сағ шамасында. Мұның басты себебі: көптеген кәсіпорындар шикізатты бастапқы өңдеумен ғана айналысады, ал шикізатты ақырғы өнімге дейін өңдейтін кәсіпорындар аз. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі озық технологиялар да жоқтың қасы. Сонымен қатар Ө-тің біраз салаларында негізгі құрал-жабдықтар ескірген (50%-дан астам). Қазақстанда Ө. өнімінің ЖІӨ-дегі үлесі 2004 ж. 30%-дан асты, яғни ақшаға шаққандағы көлемі 3000 млрд. теңгеден астам болды, ал Ө-тің негізгі қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 30 мың теңге шамасында. Негізгі қызметтен алынған табыс 402,2 млрд. теңгені құрады және Ө-тің пайдалылық деңгейі 23%-ға жетті. 21 ғ-дың басынан Қазақстан Ө-ін әртараптандыру үдерісі жүргізіле бастады. Нәтижесінде ақпараттық технология, биотехнология, ядролық технология, автомоб. құрастыру сияқты өндірістің жаңа бағыттары пайда болып, әлемдік бәселестікке төтеп беретін өнім түрлерін кластерлеу ісі жолға қойылды. Қазақстан Ө-ін 2015 жылға дейін жаңа индустр. инновац. даму өрісіне шығару, сөйтіп, Ө. салаларын әртараптандыру жолымен келешекте оның шикізаттық бағыттағы даму үрдісінен сервистік-технол. экономика үлгісіне көшу көзделіп отыр.
К. Қажымұрат, С. Тоқсанбай
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Сұлтание ғимараттары
Келесі жаңалық
Алматыда есірткі жарнамалаған 22 жастағы жігіт қолға түсті