Жаңалықтар

Қырғыз Республикасы

Қырғыз Республикасы, Қырғызия, Қырғызстан – Орта Азияда орналасқан мемлекет. Жер аумағы – 198,5 мың км2. Халқы – 5,2 млн. адам. Қырғыздар (60,6%), орыстар (15,3%), өзбектер (14,3%), украиндар, татарлар, қазақтар, ұйғырлар, немістер, тәжіктер, дүнгендер, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Астанасы – Бішкек қаласы (624 мың адам). Конституциясы бойынша – Президенттік басқару нысанындағы мемлекет. Заң шығарушы органы (Жоғарғы Кеңес) 2 палатадан тұрады. Ресми тілдері – қырғыз және орыс тілдері. Ұлттық мерекесі – 31 тамыз – Тәуелсіздік күні. Ақша бірлігі – сом. Тянь-Шань және Памир-Алай таулары аралығында орналасқан. Жерінің 75%-дан астамын тау жоталары алып жатыр. Ең биік жері – Қоңгур шыңы (7439 метр). Жер қойнауы  полиметалл мен сирек кездесетін металдар, алтын, күміс, сынап, сүрме, қалайы, мұнай, газ, тас көмір, қоңыр көмір, т.б. кендерге бай. Климаты континенттік, қаңтардағы орташа температура биік тау жоталарында –8 – 20°С, биік шыңдарда –53°С-қа дейін жетеді, тау бөктері мен аңғарларда –1,5 – 8°С. Жазы қуаң, ыстық. Шілде айында аңғарларында 20 – 27°С, кейде 43°С-қа дейін (Шу аңғарында), тауда 15 – 17°С, биік шыңдарда 5°С болады. Жылдық жауын-шашынның ең аз мөлшері (100 мм) – Ыстықкөл қазаншұңқырының батысы; ең көбі (900 – 1000 мм) – Ферғана жотасының оңтүстік-батыс беткейі. Ең ірі өзені – Нарын. Ол Қарадария өзенімен қосылып Сырдарияға құяды. Үш мыңға жуық көл бар. Ірілері – Ыстықкөл,  Шатыркөл. Өсімдіктің үш жарым мың түрі кездеседі. Шөлейт аймақтарында қоян, сарышұнақ, кірпі, далалық өңірлерде сұр аламан, ақшыл күзен, ормандарында қоңыр аю, сілеусін, жабайы шошқа, елік, сусар, марал; құстардан: аққу, қаз, үйрек, қаршыға, т.б. кездеседі. Ыстықкөл, Сарышелек қорықтары ұйымдастырылған. Бұл өлкені адам баласы ежелгі тас дәуірінен (бұдан 300 мың жыл бұрын) мекендей бастаған. Біздің заманымыздан бұрынғы 7 – 6-ғасырларда тайпалық одақтар құрылып, сақ тайпалары (біздің заманымыздан бұрынғы 7 – 3-ғасыр), кейіннен үйсіндер (біздің заманымыздан бұрынғы 2 – біздің заманымыздың 5-ғасыры) өмір сүрді. Оңтүстік аудандар Кушан патшалығына (біздің заманымыздың 1 – 4-ғасырлары) бағынды. 6 – 7-ғасырларда Батыс Түрік қағанатының орталығына айналды. Көшпелі тайпалар арасында орхон, соғды жазулары тарады. Шу, Талас, Ыстықкөл аудандарында қалалар бой көтерді. 10 – 12-ғасырларда Жетісу мен қырғыз жерінде Қарахан мемлекеті құрылып, өндіргіш күштер жоғары сатыға көтерілді. 13-ғасырдың бас кезінен Шыңғысхан империясына, оның ішінде Шағатай ұлысына қарады. 14 – 15-ғасырларда ел аумағы Моғолстан мемлекетінің құрамына кірді. 15-ғасырдың екінші жартысынан жергілікті қырғыз тайпалары бір орталыққа біріге бастады. 16 – 17-ғасырларда қырғыз тайпалары алдымен Моғолстан, кейіннен жоңғар және қазақ хандықтарының құрамына кірді. Әсіресе жоңғар шапқыншылығы қырғыздарды қатты қырғынға ұшыратты. 18-ғасырдың аяқ кезінен бастап олар Қоқан хандығына бағынышты болды. Қоқан езгісіне қарсы күресте қырғыздар Ресейден көмек алу мақсатында 1814 және 1824 ж. Батыс Сібір үкімет орындарымен келіссөз жүргізді. 1863 – 76 ж. Ресейге қосылып, Түркістан генерал-губернаторлығына (1867 – 1917) қарады. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында алым-салық күрт көбейіп, халықтың тұрмысы қатты нашарлады. 1916 ж. қара жұмысқа адам алу жөніндегі патша жарлығына сәйкес қырғыздар жаппай көтеріліске шықты. 1917 ж. Ақпан революциясынан кейін елде көп үкіметтілік орнады. Қырғыз зиялылары қазақ зиялыларымен бірлесіп, автономияға қол жеткізуге тырысты. 1917 жылдың аяғы мен 1918 жылдың бас кезінде  Кеңес өкіметі жеңіске жетіп, ел сәуір айынан бастап (1918) Түркістан АКСР-інің құрамына кірді. Жергілікті халықтың бір бөлігі – наразы топтар, Кеңес өкіметіне қарсы қарулы жасақтар құрды, ақ гвардияшылармен одақтасты. Бірақ бұл көтерілістерді Қызыл Армия басып тастады. 1924 ж. 14 қазанда РКФСР құрамына кіретін Қара-Қырғыз АО құрылды, ол 1926 ж. 1 ақпанда Қырғыз АКСР-і болып қайта құрылды. КСРО-ның 1936 ж. 5 желтоқсанда қабылдаған жаңа Конституциясы бойынша, Қырғыз АКСР-і Қырғыз КСР-іне айналды. 2-дүниежүзілік соғысқа қырғыз халқы да белсене араласты. 70 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыстан кейінгі жылдары ол индустриалды-аграрлы республикаға айналды. 1991 ж. 31 тамызда елдің тәуелсіздігі туралы Декларация қабылданды. Экономикасы нарықтық қатынастарға көшірілген. Негізгі қатынас – автомобиль жолдары. Ыстықкөлде кеме жүзеді. Тұтынуға қажетті өнеркәсіп тауарларының (мұнай, газ өнімдері, машиналар мен электр тауарлары, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары, азық-түлік) 70 – 100%-ы шет елден әкелінеді. Экспортқа алтын, сынап, ағаш және ауыл шаруашылық өнімдерін шығарады. Тәуелсіздік алғаннан кейін шет елдермен тығыз байланыс орнатып, көптеген халықаралық ұйымдарға  мүше  болды.  Қазақстанмен  тығыз  саяси-экономикалық, әскери, мәдени байланыс орнаған.  
05.12.2012 07:56 14474

Қырғыз Республикасы, Қырғызия, Қырғызстан – Орта Азияда орналасқан мемлекет. Жер аумағы – 198,5 мың км2. Халқы – 5,2 млн. адам. Қырғыздар (60,6%), орыстар (15,3%), өзбектер (14,3%), украиндар, татарлар, қазақтар, ұйғырлар, немістер, тәжіктер, дүнгендер, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Астанасы – Бішкек қаласы (624 мың адам). Конституциясы бойынша – Президенттік басқару нысанындағы мемлекет. Заң шығарушы органы (Жоғарғы Кеңес) 2 палатадан тұрады. Ресми тілдері – қырғыз және орыс тілдері. Ұлттық мерекесі – 31 тамыз – Тәуелсіздік күні. Ақша бірлігі – сом.

Тянь-Шань және Памир-Алай таулары аралығында орналасқан. Жерінің 75%-дан астамын тау жоталары алып жатыр. Ең биік жері – Қоңгур шыңы (7439 метр). Жер қойнауы  полиметалл мен сирек кездесетін металдар, алтын, күміс, сынап, сүрме, қалайы, мұнай, газ, тас көмір, қоңыр көмір, т.б. кендерге бай. Климаты континенттік, қаңтардағы орташа температура биік тау жоталарында –8 – 20°С, биік шыңдарда –53°С-қа дейін жетеді, тау бөктері мен аңғарларда –1,5 – 8°С. Жазы қуаң, ыстық. Шілде айында аңғарларында 20 – 27°С, кейде 43°С-қа дейін (Шу аңғарында), тауда 15 – 17°С, биік шыңдарда 5°С болады. Жылдық жауын-шашынның ең аз мөлшері (100 мм) – Ыстықкөл қазаншұңқырының батысы; ең көбі (900 – 1000 мм) – Ферғана жотасының оңтүстік-батыс беткейі. Ең ірі өзені – Нарын. Ол Қарадария өзенімен қосылып Сырдарияға құяды. Үш мыңға жуық көл бар. Ірілері – Ыстықкөл,  Шатыркөл. Өсімдіктің үш жарым мың түрі кездеседі. Шөлейт аймақтарында қоян, сарышұнақ, кірпі, далалық өңірлерде сұр аламан, ақшыл күзен, ормандарында қоңыр аю, сілеусін, жабайы шошқа, елік, сусар, марал; құстардан: аққу, қаз, үйрек, қаршыға, т.б. кездеседі. Ыстықкөл, Сарышелек қорықтары ұйымдастырылған.

Бұл өлкені адам баласы ежелгі тас дәуірінен (бұдан 300 мың жыл бұрын) мекендей бастаған. Біздің заманымыздан бұрынғы 7 – 6-ғасырларда тайпалық одақтар құрылып, сақ тайпалары (біздің заманымыздан бұрынғы 7 – 3-ғасыр), кейіннен үйсіндер (біздің заманымыздан бұрынғы 2 – біздің заманымыздың 5-ғасыры) өмір сүрді. Оңтүстік аудандар Кушан патшалығына (біздің заманымыздың 1 – 4-ғасырлары) бағынды. 6 – 7-ғасырларда Батыс Түрік қағанатының орталығына айналды. Көшпелі тайпалар арасында орхон, соғды жазулары тарады. Шу, Талас, Ыстықкөл аудандарында қалалар бой көтерді. 10 – 12-ғасырларда Жетісу мен қырғыз жерінде Қарахан мемлекеті құрылып, өндіргіш күштер жоғары сатыға көтерілді. 13-ғасырдың бас кезінен Шыңғысхан империясына, оның ішінде Шағатай ұлысына қарады. 14 – 15-ғасырларда ел аумағы Моғолстан мемлекетінің құрамына кірді. 15-ғасырдың екінші жартысынан жергілікті қырғыз тайпалары бір орталыққа біріге бастады. 16 – 17-ғасырларда қырғыз тайпалары алдымен Моғолстан, кейіннен жоңғар және қазақ хандықтарының құрамына кірді. Әсіресе жоңғар шапқыншылығы қырғыздарды қатты қырғынға ұшыратты. 18-ғасырдың аяқ кезінен бастап олар Қоқан хандығына бағынышты болды. Қоқан езгісіне қарсы күресте қырғыздар Ресейден көмек алу мақсатында 1814 және 1824 ж. Батыс Сібір үкімет орындарымен келіссөз жүргізді. 1863 – 76 ж. Ресейге қосылып, Түркістан генерал-губернаторлығына (1867 – 1917) қарады. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында алым-салық күрт көбейіп, халықтың тұрмысы қатты нашарлады. 1916 ж. қара жұмысқа адам алу жөніндегі патша жарлығына сәйкес қырғыздар жаппай көтеріліске шықты. 1917 ж. Ақпан революциясынан кейін елде көп үкіметтілік орнады. Қырғыз зиялылары қазақ зиялыларымен бірлесіп, автономияға қол жеткізуге тырысты. 1917 жылдың аяғы мен 1918 жылдың бас кезінде  Кеңес өкіметі жеңіске жетіп, ел сәуір айынан бастап (1918) Түркістан АКСР-інің құрамына кірді. Жергілікті халықтың бір бөлігі – наразы топтар, Кеңес өкіметіне қарсы қарулы жасақтар құрды, ақ гвардияшылармен одақтасты. Бірақ бұл көтерілістерді Қызыл Армия басып тастады. 1924 ж. 14 қазанда РКФСР құрамына кіретін Қара-Қырғыз АО құрылды, ол 1926 ж. 1 ақпанда Қырғыз АКСР-і болып қайта құрылды. КСРО-ның 1936 ж. 5 желтоқсанда қабылдаған жаңа Конституциясы бойынша, Қырғыз АКСР-і Қырғыз КСР-іне айналды. 2-дүниежүзілік соғысқа қырғыз халқы да белсене араласты. 70 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыстан кейінгі жылдары ол индустриалды-аграрлы республикаға айналды. 1991 ж. 31 тамызда елдің тәуелсіздігі туралы Декларация қабылданды.

Экономикасы нарықтық қатынастарға көшірілген. Негізгі қатынас – автомобиль жолдары. Ыстықкөлде кеме жүзеді. Тұтынуға қажетті өнеркәсіп тауарларының (мұнай, газ өнімдері, машиналар мен электр тауарлары, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары, азық-түлік) 70 – 100%-ы шет елден әкелінеді. Экспортқа алтын, сынап, ағаш және ауыл шаруашылық өнімдерін шығарады. Тәуелсіздік алғаннан кейін шет елдермен тығыз байланыс орнатып, көптеген халықаралық ұйымдарға  мүше  болды.  Қазақстанмен  тығыз  саяси-экономикалық, әскери, мәдени байланыс орнаған.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға