Жаңалықтар

Костюм

Костюм (фр. costume, итал. costume, сөзбе-сөз – әдет-ғұрып), театрда – режиссерлік ойға сәйкес актердің сахналық образ жасауда пайдаланатын киім-кешегі, түрлі әшекей, т.б. заттары; спектакльді көркемдеудің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Костюм – өткір әлеуметтік, сатиралық, гротескілік, трагедиялық, ертегілік, т.б. образдар дүниесін жасаудағы театр суретшісі шығармашылығының жеке бір саласы. Костюм сахналық образдың ұлттық, әлеуметтік ерекшелігі мен мінез-болмысын айқындай түседі. Суретшілер спектакльге қажетті киім үлгілерін жасайды. Мұндай шығармашылық процесс кезінде әрбір киімнің қандай матадан тігілетіндігі, өлшемі мен үлгісі қатаң ескеріледі. Костюм актерге сахна кейіпкерінің ішкі жан дүниесін ашуға көмектеседі. Костюмге қосымша қажеттілік ретінде бет-жүзді арнайы опалау (грим) мен шашты үлгілеу қолданылады. Костюм әуелден дәстүрлі әдет-ғұрып пен ойын-сауықта, ежелгі дәуір мен орта ғасырлар театрларында, Шығыстың классикалық театрында (Жапония, Қытай, Үндістан, т.б.) пайдаланылған. Ежелгі дәуірдегі және одан кейінгі театр түрлерінде Костюм шартты немесе өз дәуіріне лайықты үлгіде болды. Француз драматургі Мольер өз пьесаларын қойғанда, сол заманындағы түрлі адамдар тобының киім үлгілерін пайдаланды. Вольтер Костюмнің тарихи дәлдігіне назар аударды, оны кезінде актриса Клерон (1723 – 1803) қолдады. Актер Ф.Ж. Тальманың киім-кешегі суретші Ж.Л. Давидтың эскизімен тігілді. 19 ғасырдың 2-жартысында немістің Мейнинген театры Костюм өнерінің дамуына едәуір ықпал етті. Пьесада бейнеленген заман мен ортаға, сахналық қаһарманның мінез-болмысына сай Костюм үлгілерін жасауда Мәскеу көркем академиялық театрының (МХАТ) қызметі зор ықпал жасады. В.М. Васнецов, А.Н. Бенуа (1870 – 1960), К.А. Коровин (1881 – 1939), М.А. Врубель, А.Я. Головин (1863 – 1930) сынды орыс суретшілері театр декорациясы өнеріне, оның ішінде Костюмге көп көңіл бөлді. Ал Шығыстағы дәстүрлі классикалық театрдың көркемдік тәсілдеріне орай әрбір Костюм символдық негізде жасалды (қараңыз Шығыс өркениеті). Спектакльге арнап Костюм дайындайтын және актердің киінуіне көмектесетін театр қызметкерін костюмер деп атайды. Кинода Костюм дайындағанда кинопленка мен материалдың ерекшелігі ескеріліп, оның ұсақ деталіне дейін дәл беру талап етіледі. Қазақстанда Костюм кәсіби театр мен кино өнерінің пайда болып, өркендеу тарихымен тығыз байланысты. Л.М. Қожықова, Қ.Қ. Қожықов, И.Б. Бальхозин, А.И. Ненашев, С.Романов, Э.В. Чарномский, Г.Исмайылова, Е.Тұяқов, т.б. көрнекті суретшілер қазақ театры мен кино өнері тарихында Костюм өнерінің дамуына да елеулі үлес қосты.
05.12.2012 07:28 7184

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға