Айға сапар
05.12.2012 06:57
6083
Айға сапар – сериялы «Аполло» ғарыш кемелерімен Айға ұшуды жүзеге асырған адамдар тобының сапары. Әр сапарға үш астронавт қатысты, оның екеуі Айға арнаулы кабинамен қонып, біреуі орбитадағы негізгі бөлікте қалып, айналып ұшып жүрді. Бортында астронавтар бар «Аполло-8» кемесі 1968 ж. 24 желтоқсанда Айдың жасанды серігі орбитасына шығарылды. Қонатын орын сайлау мақсатында Ай беті жақыннан суретке түсірілді, телевизиялық репортаж жүргізіліп, Айдың жасанды серігі орбитасынан Жерге қарай ұшатын жолға қайта түсу, Жер – Ай жолында ұшу, екінші ғарыштық жылдамдықта атмосфераға ену жұмыстары атқарылды. Ұшу бас-аяғы 6 тәулік 3 сағат, 42 минутқа созылды. 1969 ж. 18 майда аттандырылған «Аполло-10» кемесімен астронавтар Ай кабинасына өтіп, Жер серігінен 12,8 км биіктікте 4 айналым жасап, аман-есен Жерге оралды. Ұшу 8 тәулік 3 минут 23 секундқа созылды. 1969 ж. 16 шілдеде Гринвич уақыты бойынша 13 сағат 32 минутта «Аполло-11» ғарыш кемесі Айға аттанды. Ай кабинасы негізгі бөліктен бөлінгеннен кейін, автоматты режимде құлдилау басталды. Қонуға жақын қалғанда Армстронг кабинаның көлемдері 3 м-ге дейін жететін тастарға толы қазаншұңқырға тап келгенін дер кезінде байқап қалады, автоматты режимді өзгертеді де басқаруды өз қолына алып, Ай кабинасын қазаншұңқырдан 330 м шалғайға апарып қондырды. 1969 ж. 20 шілдеде Гринвич уақыты бойынша 20 сағат 17 минут 42 секундта кеме табаны Тыныштық теңізі тегісіне тиді. 1969 ж. 21 шілдеде 2 сағат 56 минут 20 секундта Армстронг адамзат тарихында тұңғыш рет Ай үстіне аяқ басты. «Бұл – адамның қарапайым қадамы, бірақ адамзат үшін ғаламат секіріс» – деп бастады, ол алғашқы толқулы сөзін. Астронавтар Ай үстінде жүруді меңгерді, бірқатар ғылыми приборлар орнатты, 22 кг Ай жынысының үлгісін жинап, суретке түсірді. Олар Ай үстінен Жермен телевизиялық байланыс жасап, қайтыс болған бес ғарышкердің (Юрий Гагарин, Владимир Комаров, Вирджил Гриссом, Эдвард Уайт, Роджер Чаффи) бейнесі бедерленген медальдарды қалдырды. Сыртта Армстронг 2 сағат 31 минут 40 секунд, Эдвин Олдрин 2 сағат 15 минут болды. Ай кабинасына әуелі Олдрин оралып, арада он минут өткен соң Армстронг мінді. 1969 ж. 24 шілдеде кеме Жерге қайтып оралды. Ұшу 8 тәулік 3 сағат 18 минут 35 секундқа созылды. «Аполло-12» ғарыш кемесі астронавтары алдарына қойылған мақсат – Айды зерттеу, Ай бетіне изотопты генератордан ток алатын ғылми құралдарды орнату, Жерге Ай жыныстарының үлгілері мен сонда 1967 жылғы 20 сәуірден жатқан «Сервейер-3» автоматты ғарыш аппаратының кейбір бөлшектерін Жерге алып келу болды. Қонғаннан кейін астронавтар кемеден 450 м қашықта жұмыс жасады. Ұшу 10 тәулік 4 сағат 36 минут 25 секундқа созылды. «Аполло-13» кемесі Жерден 330 мың км алыстап, Айға 91 мың км қалғанда оттекті-сутекті жанармай элементтері батареясына арналған оттегі бар қалбыр жарылып, кеменің негізгі бөлігі электр қуатынсыз қалды. Екі астронавт Ай кабинасына өтті, үшіншісі экипаж бөлімінде болды. Ай кабинасынан экипаж бөліміне оттек келіп тұруы үшін екі арадағы люктер ашық қалдырылды. Ғарыш кемесі эллиптикалық геоцентрлік орбита бойынша Айды үлкен эксцентриситетпен айналып ұшып өтіп, Жерге оралды. Ұшу 5 тәулік 22 сағат 54 минут 41 секундқа созылды. «Аполло-14» кемесінің қонатын аймағы «Аполло-13» орындай алмаған Фра Мауро қазаншұңқыры төңірегі болды. Әдеттегі міндеттерге қоса астронавтарға бұл жолы шағын магнитометрдің көмегімен локальды магниттік өрісті зерттеу, Айдың жасанды серігі орбитасындағы негізгі бөліктен Ай үстін радиозондтау, Жер мен Ай арасындағы ұшу жолында технологиялық тәжірибелер жасау, «Аполло-12» ғарыш кемесі астронавтары орнатып кеткен сейсмометрмен сейсмологиялық дірілді тіркеу мақсатында «Сатурн-5» ракета ұшырғышының соңғы сатысын орбитадан Ай бетіне тастау ісін жүзеге асыру жоспарланды. Қонғаннан кейін астронавтар сыртқа екі рет шығып, алғашқысында 4 сағат 48 минут, кейінгісінде 4 сағат 35 минут уақыт болып, кемеден 1,2 км-ге дейін қашықтай алды. Зерттеу жүргізген аймақтың кедір-бұдырлығынан магнитометр салынған салмағы 9 кг екі дөңгелекті арбаны көп жағдайда астронавтардың өз қолдарымен көтеріп алып жүрулеріне тура келді. Айдан ұшып шығу және Жерге оралу алдын ала жасалған штатты бағдарлама бойынша жүзеге асырылды. Ұшу 9 тәулік 1 минут 57 секундқа созылды. «Аполло-15», «Аполло-16» және «Аполло-17» ғарыш кемелерінде Айды жасанды серігі орбитасынан зерттеуге арналған приборлар кешені, кемеден бөлек ұшып жүріп зерттейтін автономды Айдың жасанды серігі, ал Ай кабинасында астронавтар айдап жүретін «Ровер» Ай электромобилі болды. «Аполло-15» ғарыш кемесі негізгі бөлігінен ажыраған Ай кабинасы қонғаннан кейін екі астронавт кемеден сыртқа үш рет шықты. Алғашқысы 6 сағат 33 минут, екіншісі 7 сағат 12 минут, үшіншісі 4 сағат 50 минутқа созылды. Астронавтар зерттеу жұмыстарын Ай электромобилімен жүргізді, олар 27,2 км аймақты шарлап, Ай тастарын жинады, тас жынысы үлгісін алу үшін және Ай қыртысынан шығатын жылу ағынын өлшейтін құралдарды орнату үшін 2,7 м тереңдікте бірнеше оқпан қазды. Айдан Жерге оралу негізгі бағдарламаға сай өтті. Ұшу 12 тәулік 7 сағат 11 минут 53 секундқа созылды. Кейбір технологиялық және биологиялық тәжірибелер «Аполло-16» астронавтарына жүктелген жаңа міндеттер болды. Астронавтар қонғаннан кейін кемеден Ай бетіне 7 сағат 11 минут, 7 сағат 23 минут және 5 сағат 40 минуттан үш рет шықты. Олар кемеден 5 км қашықтықта ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Ай электромобилі ылдилы жерлерде сағатына 17 км жылдамдыққа дейін алып отырды. Олар 27,1 км жол жүріп, 3 м тереңдікте оқпандар қазды. Ай бетінде қалған Ай электромобиліне орнатылған телекамера арқылы ұшып шығу сәті телекөрініске түсірілді. Жерге оралу ойдағыдай өтті. Ұшу 11 тәулік 1 сағат 51 минут 5 секундқа созылды. «Аполло-17» ғарыш кемесінің Ай кабинасы негізгі бөліктен бөлініп, Ай бетіне қонғаннан кейін кеме басшысы мен Ай кабинасының ұшқышы кемеден сыртқа 7 сағат 12 минут, 7 сағат 37 минут және 7 сағат 15 минуттан үш рет шықты. Ай кабинасынан 7 км қашықтықта астронавтар Ай электромобилімен 35,7 км жол жүрді, ғылыми-зерттеу ісін жүргізді. Ылдилы жерлерде Ай электромобилі сағатына 18 км-ге дейін жылдамдық алды. Тереңдігі 3 м оқпандар қазды, Ай тастарының үлгісін жинады. Жерге оралу негізгі бағдарламаға сай өтті. «Аполло-17» кемесінен кейін Айға сапар тоқтатылды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Айбана