Жаңалықтар

Қазақ халқының ұлы ақыны

Қазақ халқының ұлы ақыны
06.01.2016 11:05 62181

Қазақ халқының ұлы ақыны

Қазақ халқының ұлы ақыны

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті.

Иә, өзі өмір кешкен және өлең жазған ғасыр үшін Абай жұмбақ болды. Ал ол біз үшін жұмбақ па?

Біз Абайды қазір қараңғы жұмбақ ретінде емес, қазақ әдебиетінің шамшырағы ретінде қабылдаймыз. Социалистік ұлы Отанның өзара ортақ идеяларымен, күресімен, жеңістерімен туысып кеткен халықтары Абайды қастерлеп еске алады.

Ақынның қайтыс болғанына елу жыл өтті. Бірақ біз үшін Абай өткен күннің ғана ақыны емес, халықтың алға қарай қажырлы ұмтылуында ақын онымен бірге болды — ал мұндай ақын өлмек емес, өйткені оның шығармаларына уақыт шек қоя алмайды.

Қазақ халқы бір кезде адамның өмірін мүшелмен санаған. Ал поэзияның аңыз болған қайнары Әбілхаяттан мәңгі суын татқан жыршы үшін мүшел ғасырлармен өлшенеді. Өзінің еңбегін жете бағаламаған және аз түсінген замандастарын артқа тастап, Абай дәл бүгінгідей, біздің қасымызда тұр.

Халқының күресі мен азабын, тағдырын өз үлесіне алған ақынның есімін біздің әділетті совет халқы аса қастерлейді.

Абайдың қайтыс болғанына елу жыл толғанын атап өте отырып, біз ақынның уақыт сынынан мүдірмей өткен ұмытылмас, қымбатты және ұлы мұрасын еске аламыз.

Өзінің көптеген тұстастарының айтуына қарағанда, Абай өлеңді өте ерте, он екі жасынан бастап шығарған. Оның бұл кезеңде шығарғандарының көпшілігі бізге жеткен жоқ. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерінің кейбіреулері және бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен, шығармаларының аттары ғана сақталған. Мысалы, сүйікті қызы Тоғжанға арналған өлеңдерінің тек бастапқы жолдары ғана белгілі, жас Абайдың ақын қыз Қуандықпен айтысуының ауызша мазмұны ғана сақталған. Қазақстанда ол кезде жазу-сызу нашар дамыған болғандықтан, бізде Абайдың жас кездегі өлеңдерін сақтаған, оның өмір тарихын баяндайтын, тұстастары жазған мемуарлар, хаттар, жазбалар жоқ. Үстем тап өкілдерінің ақынға деген қатынасының да салқыны бұған аз тиген жоқ. Егер халық поэзияны терең қастерлеп, ақын атын жоғары бағаласа, ру байлары: "Құдайға шүкір, біздің рудан бір де ақын, бір де бақсы шыққан жоқ" деп күпінетін. Поэзияға осындай көзқарастың әсерімен Абай өзінің көптеген өлеңдерін жас достарының атынан таратқан.

Ру таластарының қым-қуыт дау-жанжалына амалсыз араластырылған Абай әкесінің әділетсіздігімен, қаталдығымен келісе алмады және көп істерге, әкесінің ырқына көнбей, әділ үкім шығарып отырды. Абайдың халық арасынан шыққан адал, ақылгөй адамдармен дос болуы және жас кезінен бастап орыс мәдениетіне бой ұруы Құнанбайға ұнамады. Қатал, айлалы әке мен әділетті, қайсар баланың арасында елеулі тартыстар жиі-жиі болып тұрды.

Жиырма сегіз жасқа келгенде Абай әкесімен біржола ажырасады. Ол енді тағдырын өзі белгілей алатын болады. Абай, ең алдымен, орыс тілін үйренуге қайтадан бет бұрады.

Оның жаңа достары, негізінен, кедей рулардан шыққан талантты жастар, ақындар, жыршылар және орыс интеллигенциясының таңдаулы өкілдері болады. Есейген, мәдениеті өскен Абай орыстың классикалық әдебиеті мен Шығыстың халық творчествосын оқи бастайды.

Отыз бес жасқа келгенде ғана Абай творчествоға қайта оралады. Бірақ бұл кезеңде де Абай өз өлеңдерін жас достарының атынан таратады. Тек 1886 жылы, қырық жастан асқан соң, "Жаз" деген атақты өлеңін жазғаннан кейін ғана Абай шығармаларына өз атын қояды.

Отыз жастарға келгенде Абай феодалдық-рулық ортадан біржола түңіледі. Ол патша үкіметі тұтандырып отырған рулық тартыстың халық үшін өте ауырға соғатынын анық көреді.

Нағыз ақын әрі патриот Абай халыққа оның неге қасірет шегетінін түсіндіруге тырысты. Өзінің өлеңдерінде ол феодалдық-рулық билеп-төстеушілерді аяусыз әшкерелейді және халықты өнер-білімге шақырады.

Абай орыстың жер ауып келген жетпісінші-сексенінші жылдардағы революционерлерімен танысады. Олар революцияшыл интеллигенциясының өкілдері, Чернышевскийдің жолын қуушылар еді. Солардың бірі Е.П. Михаэлис — Щелгуновтың жақын досы, белсенді қызметтесі болған.

Михаэлис те, сондай-ақ Семейге кейінірек жер ауып келген оның пікірлестері де жас адамдар болатын. Абайдың олармен таныстығы кешікпей үлкен достыққа айналады. Орыс достары Абайдың өз бетімен білім алуына ерекше назар аударып, зор көмек көрсетеді. Олар Абайдан қазақ халқының тарихы, поэзиясы, әдет-ғұрпы және искусствосы жайында көп мәлімет алады, өздеріне бейтаныс өлкенің табиғи-географиялық, экономикалық жағдайларын, тұрмысын зерттейді. Мешеу қалған қиырдағы өлкеге орыс мәдениетін тұңғыш таратушылар да, халықтың өмірі мен тұрмысын өзгертудің, оны ағартудың жақтаушылары да солар болды. Біз Михаэлистің көптеген еңбектерін және Леонтьевтің "Обычное право у киргизов" деген көлемді зерттеуін білеміз. Орыстың демократиялық интеллигенциясының бұл өкілдері халықты ағартуды царизмге қарсы күрестің маңызды құралы деп санады. Абай сияқты адамдарды орыс әдебиеті классиктерінің және орыс мәдениетінің басқа да алдыңғы қатарлы өкілдерінің мұрасымен таныстыруы — олар үшін, әрине, маңызды міндет болды.

Абайдың бұл достары орыстың ұлы жазушылары мен алдыңғы қатарлы саяси-әлеуметтік қайраткерлерінің еңбектері мен ойларында бейнеленген орыс халқы туралы шындықты қазақ өлкесінің қалың еңбекші бұқарасына жеткізуге тырысты. XIX ғасырдағы азаттық идеяларға толы орыстың классикалық әдебиетінің асқан гуманизмі мен терең революцияшылдығы, оның царизмге қарсы өшпенділігі, оның езілген бұқараны қорғап көтерген өшпес даусы Сибирьде де, Қазақстанда да қоғамдық ойды өмірге оятты, тәрбиеледі.

Ал Абай болса, қазақ халқының ғасырлар бойғы қараңғылықтан құтылатын бірден-бір дұрыс жолы — орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуында деп білді. Ұлы ақын-ағартушы халықтардың туысқандығы мен достығы идеяларын жақтаушы болды. Өзінің өлеңдерінде ол қазақ халқына орыс халқын патша отаршылдарынан айыра білуді көрсетуге тырысты.

Тура тілді кісіні дейміз орыс,

Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.

Жылпылдақтап айрылып, сенісе алмай,

Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.

Сенімі жоқ серменде сырды бұзды,

Анық таза көрмейміз — досымызды.

Қылт етпеген көңілдің кешуі жоқ,

Жүрегінде жатады өкпе сызы.

Дос асықтың болмайды бөтендігі,

Қосылған босаспайды жүрек жігі.

Орыс халқының рухани мәдениетінің нағыз бағалылықтарын тауып, таныған шақта Абайдың ой-өрісі мейлінше кеңейеді. Абай Пушкин мен Лермонтовтың, Крыловтың, Салтыков-Щедрин мен Лев Толстойдың құштар ардақтаушысы болады. 1886 жылдан бастап ол Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударады.

Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге музыкант, қазақтың халық музыкасын терең білген, жете бағалаған адам болды. Ол бірқатар мелодиялар шығарды. Ақынның мелодиялары, негізінен, оның қазақ поэзиясына жаңалық енгізген өлеңдеріне ("Сегіз аяқ", "Алты аяқ", т.б.) арналған еді. Ол өзінің "Евгений Онегиннен" жасаған үзінді аудармаларына да осындай мелодиялар шығарған. 1887-89 жылдарда Пушкин есімі және оның геройлары Онегин мен Татьянаның есімдері сол әндермен бірге бүкіл далаға кең таралды, қазақ халқы үшін қазақ ақындары мен қазақтың эпикалық поэмаларының геройларындай сүйікті, жақын болып кетті.

Сексенінші жылдардың аяқ кезінде ақын, ойшыл, музыкант Абай халық жақсы білетін әрі аса қадір тұтатын кісі болады. Оған тіпті алыс жерлерден ақындар, музыканттар, жыршылар келеді. Даңқты Біржан, соқыр ақын Ажар, Қуандық, Сара және басқалар оның өлеңдерін бүкіл кең далаға таратады.

Мұқа, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия сияқты жас таланттар, ақындар, жыршылар Абайдың төңірегіне топталады. Олардың кейбіреулері Абайдан үлгі алып, өздігінен білімін көтереді, орыс әдебиетін оқып үйренеді, тарихи, романтикалық және салт поэмаларын жазады.

Абайдың маңына тек қазақтар ғана емес, шығыс халықтарының қуғынға ұшыраған (көбіне татар жастары), азат ойлы адамдары да келеді. Сибирьдегі ссылкадан өз еліне қашып бара жатқан кавказдықтар Абай аулында айлап жатып қонақ болады. Абайдың аулы бірте-бірте Шығыстың прогресшіл ойдағы, алдыңғы қатарлы адамдары келетін орталыққа айналады.

Абайдың талантын бағалаушылардың саны жыл сайын молая береді. Тек Абайдың өз өлеңдерін ғана емес,

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға