Жаңалықтар

Қазақ ішіндегі партия неден?

Қазақ ішіндегі партия неден? Әрбір халықтың өзгеден өзгеше халықтығында екі түрлі шарт бар. Бірі — сол халықтың кәсібі, екінші — жұрт билеу тәртібі. Осы екі шарт қазақ өмірінде қандай түрлерде? Тексеріп көрейік. Қазақ мал баққан жұрт. Мал бағуды кәсіп қылған ел не қажымайтын, қайратты ер, жігерлі, жауынгер келеді (бұрынғы Орта Азиядағы көшпелі жұрттар), не ездікке мінген кең, салақ, сөзуар келеді. һәр бір мал баққан халықтың бұл екі жолдың қай-қайсысына болсын жақын болуына, бірінші — заман ыңғайы, екінші — ел ішін билеу тәртібі себеп. Қазақ халқы қараңғы надан болып, қысымсыз еркін өскен табиғатына лайық жауынгер мінезде келіп, билеу тәртібінде қысым, қаруы көп орыс қолына тиді. Тез құрылды, қақпан көбейді. Халықтың бетіндегі бұрынғы келе жатқан жауынгерлік мінез қаққы көріп өмір жолынан шығып қалды. Қандағы жаңа тамыр жайып келе жатқан жауынгерлік қызуы жүре-жүре солғындап келіп, салқындады. Жұрт бір тегіс тыныштығы мол өмірге қарай етпеттеді. Бірақ ол күндегі бағынған үкімет халықтың сыртқа жайылған мінезіне бақылаушы болғанымен, ішкі ісіне ілтипатты көзімен қарамай, өзіне-өзін тастай салды. Бұдан кейін қазақ сөзуар, жершіл ұсақтыққа таман айнала берді. Бұрынғыдай «ел шауып, егер қылатын» біреуден біреуге күштілігі, жаулығы азайды. Ірі жаулық азайған соң, басшының қадірі азайды, береке кетті. Бірақ бұл күнге шейін ол уақыттағы өрісті жаулық, әрі кең басшылық кетсе де ұсақ жаулық кеткен жоқ, ұсақ басшылық кеткен жоқ. Осымен ел тыныштығын сүйемелдерлік тәртіп көрмей, өмір жолы, ыңғайы партияқорлықты мінез қылып, сіңіріп отыр. Енді сол партияқорлықты сіңірген өмірдің ыңғайы мен жолына келейік. Осы күндегі қырдағы тәуір деген адамдар азға да болсын басшы болуға құмар. Және сонысы ықтиярсыз құмарлық. Қазіргі қырдағы өмірде біреуге біреу ылғи жалынышты: байға кедей, кедейге бай, жуанға нашар, нашарға жуан. Бұл неден? Бұл қырдағы басшылыққа құмарлық. Сыпыра жалыныштылық неден? Бұған беретін жауабым мынау: Адам баласы, әсіресе, надан, еңбексіз болса, құлқынына құлдығы күшең болмақ. Сондықтан тамаққа адамшылығын айырбастайтындық әр кедейдің жұмысы. Егер сол кедейдің ешкімге жалынбай, өз қорегін өзі тауып отыратын харекеті болса, оның адамшылығы басқалырақ жолда болар еді. Бірақ қазіргі біздің кедейде бұл соңғыны үлгі қылатыны жоқ. Үлгі қыла аларлық жолы да жоқ. Себебі: қырда отырып өз бетімен істей берерлік харекет жоқ. Басқа жерге харекетке баруға көп кедей еріншек. Амалсыздықпен шығып айдап отырған қырда аштық жоқ. Және көп кедей қырға керек. Керегі әрбір ауқатты адам жамап, жалғап, есебін таппаса, бір ауылды ұстап тұруға басыбайлы 5—6 малшы керек. Мұның бәрінің ақысы, киімі жылында жеңіл шығын болмайды. Бұл орайда бұл адамның бір ағайыны, бір сыбайласы маңында бірталай кедей отырады. Бұлардың бірінің қой сауысып, жұмыс істесуге қатыны болады. Бірінің қозы бағып, мал қайыруға қолайлы баласы болады, не біреудің қауға тартып, бие саууға өзі ыңғайлы болады. Осылардың біріне пәленше сауын беріп, біріне киінерлік киім беріп, біріне тамағыңды асырасаң да нең кетіп барады деп, біріне мен де бір керегіңе жарамас дейсің бе деп, матап отырады. Бұл байға қолайлы, еріншек үй күшік кедейге де ауыр емес, бірге отырса, тамағын көтереді. Басқа жерге кетіп, ашығайын десе, «шауып келіп тамағын тойғызады» және барлығынан дәме ететін көңілдестер бір байдың маңында әлденешеу болып, байға қоғам болады. Бұлай болып қосылып, өмір жағдайын жалғаған ниеттестер бір-бірінің жақсылығына бәрі ортақ болып, кедей байдың итаршысы да, сойыл соғары да болады. Міне, осындай болып үйлескен ұйымның бір кісісіне біреу зорлық қылайын десе, болмаса бір іспен келіп жармасса, әлгі бай кісісін бермеске тырысады. Артында жарға жығылып бара жатса, құтқаратын мықты түпқазығы болып бай жатқан соң, кедейде мұны арқа тұтатын көп тентектер шығады да, содыр сойқандығын күшейтеді. Не бұл құралдарына сүйеніп, бай өзі зорлықты ұнатып, бәле іздейді. Мұнда біреу зорлық қылайын десе, ызғар болып, бетін қайыруға жарайтын, өзі зорлық қылам десе, сүйеніш бел болатын қоғамы —кедейі байға күнде керек. Байдың ел ішіндегі жақсының ығында кедейін жығып бермейтіндігі осыдан. Мұнымен бұл бай іргесін бермейтін паналығы бар иығы зор болып, маңайына үйірілетін саяқ-сандырақ көбейеді. Міне, осындай жақсы әр жерден шығады. Мұның біріне біреу соқтықса, істеген зорлығын үкіметке шағып отырмайды. Ол үкімет қашан теңестіреді. Көмегі жоқ кісіше соның артынан дауласып, шарласып неге жүреді. Одан да терезесі тең ағайын сойыл соғар көмегі қолында. Бұл да барып кектескен кісісіне бір сезінерлік зиянды істеп тастайды. Бұл жол оңай және мұны істесе, қазір теңеседі. Осындай кикілжің, оның аяғы өкпе, әрбір ортаның тұрғыларының арасында болады. Ниеттері бір, достықтары жақын көптің ішінде өкпелеген бірен-саран болса, алғашқы өкпелеп кеткен жалғызды тауып алады. Мына жағы жиі тұрса, жырыла жайылған бірен-саран бұлқынып ешқайда бара алмайтын болып, елеусіздік, кемдік, зорлық көреді. Әр жерде аздығынан қаққы көреді. Сол себепті ел ішіне жік салып, жұртты қоздыру керек. Бір қозып алса, мұны өшірмеуге тырысып, болып тұрғанынан пайда алатын жұрт рухының жұлын құрттары әр елдің ішінен табылады. Алғашқы партия бір айқындалып, ел беті ашылып алған соң, бастапқы бас қорғау амалына көп сұрқия мінездер жамалады. Ұрлық, жала, зорлық көбейеді. Бұған басшылардың жуандық құмар, жемқұмар мінездері және һүкіметтің байшыл, парақор мінездері қосылады. Бұдан барып, екінші партия шықпасына болмайтын болады. Осындайлармен партияны жүрегі сүймесе де жанындағы досын бере алмай, не өз басын қорғамай отыра алмай, амалсыздан партия толқынына кіріп кетіп жүрген де адам бар. Әділетпен іс тексеріп отырған қырда әрі жуан, әрі ісі адал кісі жоқ. Азғана адалдығы бар кісі адалдығын ұстап отыра алмайды. Күндік керегі отырғызбайды. Сонымен біреуге адалымды айтқызам десең, не досы, не құдатамыры болуында керек. Осындай шиеленіскен себептермен ел іші партия деген пәледен құтыла алмай отыр. Құтқармай отырған қырдағы өмірдің ыңғайы. Біреуінің еңбегі ортақ болса, біреуінің ісі, бір уақыттағы қорғандығы ортақ, біреуінің селбесерлік көмегі ортақ. Біреуге біреу жалынышты... Ел ішінде тентек, зорлықшы, жуан көп істің салмағын өлшеп, ақтықтың маңызын айырып отыруға құрылған әділ таразы жоқ. Бұған қарсы біздің қалада жатып, «партияны қой!» дегенімізбен ел ақылы кірмейді. Ол елсізде «аттан!» салғанмен бірдей. Менің ойымша, партияға қарсы қару қылатын үш түрлі құрал бар: бірі — ел ішіне үш облыстың ішінен біреу болса да өзі күшті, басындағы кісілері әділ, оқыған, істі тез бітіретін суд[1]  болсын. Мұнымен біреудің ұрлығы, біреудің сотқар бүліктігі жылауларға есесімен қайтарылып отырады. Істі әділетке жеңгізіп отырған соң, біреудің зорлығын көрмесем деп, жуанға жалпылдайтын жалыныштылық қалады. Жуанның қадірі кетеді. Тап таптың бұл күнгі береке деп жүргені кетеді. Бұл пайдалы береке емес, сойқандылық, құқықтыққа дем беретін береке болатын. Екінші, ел ішінде уақ қарыз серіктері, потребитель лапкелері көп ашылсын. Мұнымен бірге нашардың жалыныштылығы азаяды. Үшінші, жұмысшының еңбегі бағалы болсын. Еңбегінің өнімі жоқтықтан еріншектікке салынып, байдың барына ортақ болып, тамақты тіленшілікпен асырап жүрген әншейіндегі бағасыз көп кедей партияның бір діңгегі. М. Ә. Мұхтар Әуезов   [1]Суд − сот.
05.12.2012 05:36 3998

Қазақ ішіндегі партия неден?

Әрбір халықтың өзгеден өзгеше халықтығында екі түрлі шарт бар. Бірі — сол халықтың кәсібі, екінші — жұрт билеу тәртібі. Осы екі шарт қазақ өмірінде қандай түрлерде? Тексеріп көрейік. Қазақ мал баққан жұрт. Мал бағуды кәсіп қылған ел не қажымайтын, қайратты ер, жігерлі, жауынгер келеді (бұрынғы Орта Азиядағы көшпелі жұрттар), не ездікке мінген кең, салақ, сөзуар келеді. һәр бір мал баққан халықтың бұл екі жолдың қай-қайсысына болсын жақын болуына, бірінші — заман ыңғайы, екінші — ел ішін билеу тәртібі себеп. Қазақ халқы қараңғы надан болып, қысымсыз еркін өскен табиғатына лайық жауынгер мінезде келіп, билеу тәртібінде қысым, қаруы көп орыс қолына тиді. Тез құрылды, қақпан көбейді. Халықтың бетіндегі бұрынғы келе жатқан жауынгерлік мінез қаққы көріп өмір жолынан шығып қалды. Қандағы жаңа тамыр жайып келе жатқан жауынгерлік қызуы жүре-жүре солғындап келіп, салқындады. Жұрт бір тегіс тыныштығы мол өмірге қарай етпеттеді. Бірақ ол күндегі бағынған үкімет халықтың сыртқа жайылған мінезіне бақылаушы болғанымен, ішкі ісіне ілтипатты көзімен қарамай, өзіне-өзін тастай салды. Бұдан кейін қазақ сөзуар, жершіл ұсақтыққа таман айнала берді. Бұрынғыдай «ел шауып, егер қылатын» біреуден біреуге күштілігі, жаулығы азайды. Ірі жаулық азайған соң, басшының қадірі азайды, береке кетті. Бірақ бұл күнге шейін ол уақыттағы өрісті жаулық, әрі кең басшылық кетсе де ұсақ жаулық кеткен жоқ, ұсақ басшылық кеткен жоқ. Осымен ел тыныштығын сүйемелдерлік тәртіп көрмей, өмір жолы, ыңғайы партияқорлықты мінез қылып, сіңіріп отыр. Енді сол партияқорлықты сіңірген өмірдің ыңғайы мен жолына келейік.

Осы күндегі қырдағы тәуір деген адамдар азға да болсын басшы болуға құмар. Және сонысы ықтиярсыз құмарлық. Қазіргі қырдағы өмірде біреуге біреу ылғи жалынышты: байға кедей, кедейге бай, жуанға нашар, нашарға жуан. Бұл неден? Бұл қырдағы басшылыққа құмарлық. Сыпыра жалыныштылық неден? Бұған беретін жауабым мынау:

Адам баласы, әсіресе, надан, еңбексіз болса, құлқынына құлдығы күшең болмақ. Сондықтан тамаққа адамшылығын айырбастайтындық әр кедейдің жұмысы. Егер сол кедейдің ешкімге жалынбай, өз қорегін өзі тауып отыратын харекеті болса, оның адамшылығы басқалырақ жолда болар еді. Бірақ қазіргі біздің кедейде бұл соңғыны үлгі қылатыны жоқ. Үлгі қыла аларлық жолы да жоқ. Себебі: қырда отырып өз бетімен істей берерлік харекет жоқ. Басқа жерге харекетке баруға көп кедей еріншек. Амалсыздықпен шығып айдап отырған қырда аштық жоқ. Және көп кедей қырға керек. Керегі әрбір ауқатты адам жамап, жалғап, есебін таппаса, бір ауылды ұстап тұруға басыбайлы 5—6 малшы керек. Мұның бәрінің ақысы, киімі жылында жеңіл шығын болмайды. Бұл орайда бұл адамның бір ағайыны, бір сыбайласы маңында бірталай кедей отырады. Бұлардың бірінің қой сауысып, жұмыс істесуге қатыны болады. Бірінің қозы бағып, мал қайыруға қолайлы баласы болады, не біреудің қауға тартып, бие саууға өзі ыңғайлы болады. Осылардың біріне пәленше сауын беріп, біріне киінерлік киім беріп, біріне тамағыңды асырасаң да нең кетіп барады деп, біріне мен де бір керегіңе жарамас дейсің бе деп, матап отырады. Бұл байға қолайлы, еріншек үй күшік кедейге де ауыр емес, бірге отырса, тамағын көтереді. Басқа жерге кетіп, ашығайын десе, «шауып келіп тамағын тойғызады» және барлығынан дәме ететін көңілдестер бір байдың маңында әлденешеу болып, байға қоғам болады. Бұлай болып қосылып, өмір жағдайын жалғаған ниеттестер бір-бірінің жақсылығына бәрі ортақ болып, кедей байдың итаршысы да, сойыл соғары да болады. Міне, осындай болып үйлескен ұйымның бір кісісіне біреу зорлық қылайын десе, болмаса бір іспен келіп жармасса, әлгі бай кісісін бермеске тырысады. Артында жарға жығылып бара жатса, құтқаратын мықты түпқазығы болып бай жатқан соң, кедейде мұны арқа тұтатын көп тентектер шығады да, содыр сойқандығын күшейтеді. Не бұл құралдарына сүйеніп, бай өзі зорлықты ұнатып, бәле іздейді. Мұнда біреу зорлық қылайын десе, ызғар болып, бетін қайыруға жарайтын, өзі зорлық қылам десе, сүйеніш бел болатын қоғамы —кедейі байға күнде керек.

Байдың ел ішіндегі жақсының ығында кедейін жығып бермейтіндігі осыдан. Мұнымен бұл бай іргесін бермейтін паналығы бар иығы зор болып, маңайына үйірілетін саяқ-сандырақ көбейеді. Міне, осындай жақсы әр жерден шығады. Мұның біріне біреу соқтықса, істеген зорлығын үкіметке шағып отырмайды. Ол үкімет қашан теңестіреді. Көмегі жоқ кісіше соның артынан дауласып, шарласып неге жүреді. Одан да терезесі тең ағайын сойыл соғар көмегі қолында. Бұл да барып кектескен кісісіне бір сезінерлік зиянды істеп тастайды. Бұл жол оңай және мұны істесе, қазір теңеседі.

Осындай кикілжің, оның аяғы өкпе, әрбір ортаның тұрғыларының арасында болады. Ниеттері бір, достықтары жақын көптің ішінде өкпелеген бірен-саран болса, алғашқы өкпелеп кеткен жалғызды тауып алады. Мына жағы жиі тұрса, жырыла жайылған бірен-саран бұлқынып ешқайда бара алмайтын болып, елеусіздік, кемдік, зорлық көреді. Әр жерде аздығынан қаққы көреді. Сол себепті ел ішіне жік салып, жұртты қоздыру керек. Бір қозып алса, мұны өшірмеуге тырысып, болып тұрғанынан пайда алатын жұрт рухының жұлын құрттары әр елдің ішінен табылады. Алғашқы партия бір айқындалып, ел беті ашылып алған соң, бастапқы бас қорғау амалына көп сұрқия мінездер жамалады. Ұрлық, жала, зорлық көбейеді. Бұған басшылардың жуандық құмар, жемқұмар мінездері және һүкіметтің байшыл, парақор мінездері қосылады. Бұдан барып, екінші партия шықпасына болмайтын болады. Осындайлармен партияны жүрегі сүймесе де жанындағы досын бере алмай, не өз басын қорғамай отыра алмай, амалсыздан партия толқынына кіріп кетіп жүрген де адам бар. Әділетпен іс тексеріп отырған қырда әрі жуан, әрі ісі адал кісі жоқ. Азғана адалдығы бар кісі адалдығын ұстап отыра алмайды. Күндік керегі отырғызбайды. Сонымен біреуге адалымды айтқызам десең, не досы, не құдатамыры болуында керек.

Осындай шиеленіскен себептермен ел іші партия деген пәледен құтыла алмай отыр. Құтқармай отырған қырдағы өмірдің ыңғайы. Біреуінің еңбегі ортақ болса, біреуінің ісі, бір уақыттағы қорғандығы ортақ, біреуінің селбесерлік көмегі ортақ. Біреуге біреу жалынышты... Ел ішінде тентек, зорлықшы, жуан көп істің салмағын өлшеп, ақтықтың маңызын айырып отыруға құрылған әділ таразы жоқ. Бұған қарсы біздің қалада жатып, «партияны қой!» дегенімізбен ел ақылы кірмейді. Ол елсізде «аттан!» салғанмен бірдей.

Менің ойымша, партияға қарсы қару қылатын үш түрлі құрал бар: бірі — ел ішіне үш облыстың ішінен біреу болса да өзі күшті, басындағы кісілері әділ, оқыған, істі тез бітіретін суд[1]  болсын. Мұнымен біреудің ұрлығы, біреудің сотқар бүліктігі жылауларға есесімен қайтарылып отырады. Істі әділетке жеңгізіп отырған соң, біреудің зорлығын көрмесем деп, жуанға жалпылдайтын жалыныштылық қалады. Жуанның қадірі кетеді. Тап таптың бұл күнгі береке деп жүргені кетеді. Бұл пайдалы береке емес, сойқандылық, құқықтыққа дем беретін береке болатын.

Екінші, ел ішінде уақ қарыз серіктері, потребитель лапкелері көп ашылсын. Мұнымен бірге нашардың жалыныштылығы азаяды.

Үшінші, жұмысшының еңбегі бағалы болсын. Еңбегінің өнімі жоқтықтан еріншектікке салынып, байдың барына ортақ болып, тамақты тіленшілікпен асырап жүрген әншейіндегі бағасыз көп кедей партияның бір діңгегі.

М. Ә.

Мұхтар Әуезов

 



[1]Суд − сот.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға