Жоғарғы Кеңес
Жоғарғы Кеңес – 1) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында (КСРО) болған жоғары мемлекеттік билік органы (1936 – 88);
2) бұрынғы КСРО Халық депутаттары съезінің тұрақты жұмыс істеген органы (1988 – 93);
3) КСРО құрамына кірген одақтас республикаларда, оның ішінде Қазақстанда да болған жоғары мемлекеттік билік органы (1937 – 93);
4) бұрынғы Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасында (РКФСР) Халық депутаттары съезінің тұрақты жұмыс істеген заң шығарушы, өкім жүргізуші және бақылаушы органы (1990 – 93);
5) қазіргі кезде Ресей Федерациясының құрамына енетін бірқатар республикалардағы заң шығарушы органның (парламенттің) атауы.
КСРО Жоғарғы Кеңесі ресми түрде КСРО-дағы мемлекеттік биліктің ең жоғары әрі бірден бір заң шығарушы органы болып саналды. Алайда, ол іс жүзінде Кеңес Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) басшылығы қабылдаған шешімдерді құқықтық тұрғыдан қайталап, заңды құжатқа айналдырып отырды. КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттары жалпыға бірдей тең және төте сайлау негізінде, жасырын дауыс беру жолымен төрт жыл мерзімге сайланды. Одақтық заңдар, мемлекеттік, шаруашылық және әлеуметтік-мәдени құрылыстың аса маңызды мәселелері бойынша шешімдер осы Жоғарғы Кеңес қабылдаған ресми құжаттар түрінде күшіне енді.
КСРО Конституциясы бойынша Жоғарғы Кеңестің құзырына, сондай-ақ, КСРО құрамына жаңа республикалар қабылдау, одақтас республикалар арасындағы шекараларға жасалған өзгертулерді бекіту және одақтас республикалардың құрамындағы жаңа автономиялық республикалар мен автономиялық облыстардың құрылымдарын бекіту жатқызылды. КСРО Жоғарғы Кеңесі тең құқылы екі палатадан – Одақ Кеңесі мен Ұлттар Кеңесінен құралды. Одақ Кеңесі КСРО-ның барлық тұрғындарының жалпы мүдделерін, Ұлттар Кеңесі КСРО халықтарының ұлттық ерекшеліктеріне байланысты мүдделерін білдірді.
КСРО Конституциясы бойынша, Одақ Кеңесіне 300 мың адамнан 1 депутат, Ұлттар Кеңесіне әр одақтас республикадан 32, автономиялық республикадан 11, автономиялық облыстан 5, ұлттық округтен 1 депутаттан сайланды. 23 жасқа толған, сайлау құқығын жоғалтпаған КСРО-ның әрбір азаматы Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайлана алды. Екі палата тең құқықты болды: олар тең дәрежеде заң шығарушылық бастама құқығына ие болды; палаталардың сессиялары бір мезгілде басталып, бір мезгілде аяқталды. Палаталар арасында алауыздықтар туған жағдайда мәселені палаталардың өздері теңбе-теңдік негізде құратын келісім комиссиясы қарады. Ал комиссия келісімді шешімге келе алмағанда немесе оның шешімі палаталардың бірін қанағаттандырмаған жағдайда мәселе палаталарда екінші рет қаралатын болды, олар да келісімді шешім таппаған ретте КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Жоғарғы Кеңесті таратып, жаңа сайлау тағайындауға тиісті еді. КСРО Жоғарғы Кеңесін КСРО заңдарын шығару жөнінде айрықша құқықты пайдаланды. Ол заң шығарушылық қызметті екі түрде: тікелей заңдар қабылдау жолымен және сессиялар аралығында шығарылған заңнамаға өзгертулер енгізген КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлықтарын бекіту жолымен жүзеге асырды. Заңдарға палаталар бойынша бөлек-бөлек дауыс берілді. Әр палатада жай көпшілік дауыс берілген жағдайда заң қабылданды деп есептелді. Конституцияға өзгертулер енгізу үшін әр палатада басым көпшілік дауыс (кемінде 2/3 дауыс) берілуі талап етілді. Сондай-ақ Конституция бойынша мке КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасын сайлау, КСРО үкіметін – КСРО Министрлер Кеңесін құру, КСРО Жоғарғы сотын сайлау, КСРО Бас прокурорын тағайындау жүктелді. Олар ресми түрде Жоғарғы Кеңес алдында жауапты болды және оған есеп беріп тұрды. КСРО Жоғарғы Кеңесі сессияларында депутаттар КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының сессиялар аралығында шығарылған жарлықтары туралы баяндамаларын, КСРО Министрлер Кеңесінің баяндамаларын, т.б. тыңдады. Сондай-ақ КСРО үкіметіне немесе оның жекелеген мүшелеріне палаталардың тұрақты комиссиялары арқылы депутаттардың сұрау салуы жолымен де бақылау жасалды. КСРО Жоғарғы Кеңесі қажет деп тапқан жағдайда кез келген мәселе бойынша тергеу және тексеру комиссияларын тағайындай алатын еді. Жоғарғы Кеңес сессиялары жылына кемінде 2 рет шақырылды. Жоғарғы Кеңес Төралқасы өз қалауы немесе одақтас республикалардың бірінің талап етуі бойынша кезектен тыс (төтенше) сессия шақыра алды. Жаңа сайланған Жоғарғы Кеңестің 1-ші сессиясында депутаттардың қатарынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы сайланды, ал әр палата – палатаның отырыстарын басқару үшін төрағалар және оның 4 орынбасарын сайлады, палаталардың бірлескен және бөлек мәжілістерінің тәртіптемелерін бекітті. КСРО-дағы жоғары мемлекеттік билік органдарының міндеттерін жүзеге асыруда палаталардың көмекші органдары – КСРО Жоғарғы Кеңесінің тұрақты комиссиялары маңызды буын болды. Әр палата 10 тұрақты комиссия құрды. Олар: мандат комиссиясы, заң шығарушылық ұсыныстар комиссиясы, жоспар-бюджет комиссиясы, сыртқы істер жөніндегі комиссия, сондай-ақ бірқатар салалық комиссиялар – мемлекеттік басқару салалары немесе салалар топтары жөніндегі комиссиялар. Одақтас және автономиялық республикаларда Жоғарғы Кеңес бір палаталы болды, олар тиісті республика конституциясында белгіленген өкілдік нормалары шегінде сайланды.
Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі (1937 – 91) Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасындағы (Қазақ КСР-і) мемлекеттік биліктің бір палаталы ең жоғары органы болды. Қазақстан КСРО құрамындағы одақтас республика болып құрылғанға дейінгі алғашқы кезеңде (1920 ж. қазан – 1936 ж. желтоқсан) республикада мемлекеттік биліктің заң шығарушы, өкім жүргізуші және бақылаушы органы міндетін Қазақ Автономиялық Социалистік Республикасының (Қазақ АКСР-і) Орталық Атқару Комитеті (ОАК) (1925 ж. cәуір айына дейін Қырғыз (Қазақ) АКСР ОАК-і) атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес республиканың қарауына жатқызылған барлық мәселелерді шешуге құқылы болды, әрі оған республика аумағында жоғары заң шығарушы орган ретінде заң шығарудың бүкіл өкілдік билігі жүктелді. Оның құзырына Қазақ КСР Конституциясын, шаруашылық құрылыстағы, экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірдегі алуан түрлі мәселелер бойынша заң қабылдау және өзгерту, сондай-ақ құқықтық-нормативтік сипаты бар заңи құжаттарды, үкімет құрамына және Конституцияға өзгерістер енгізетін барлық жарлықтарды ресми түрде бекіту өкілеттігі берілді. Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-нің экономикалық және әлеуметтік дамуы жөніндегі мемлекеттік жоспарларын, мемлекеттік бюджетін және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітті.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, оның бірінші орынбасары, орынбасарлары, министрлер және Қазақ КСР мемлекеттік комитеттерінің төрағалары құрамында Қазақ КСР Үкіметін құрды. Кезектен тыс сессиялар Жоғарғы Кеңес Төралқасының бастамасымен немесе депутаттардың кем дегенде үштен бір бөлігінің ұсынысымен шақырылды. Жоғарғы Кеңес сессиясы оның мәжілістері, ал олардың аралығында Жоғарғы Кеңес тұрақты комиссиялары мен өзге де комиссияларының мәжілістері түрінде өткізіліп тұрды. Әрбір жаңадан сайланған Жоғарғы Кеңес өзінің бірінші сессиясында тұрақты жұмыс істейтін, өзінің бүкіл қызметінде Жоғарғы Кеңеске есеп беріп тұратын және оның сессиялары аралығындағы кезеңде Қазақ КСР жоғары мемлекеттік билік құзырын жүзеге асыратын органы – Жоғарғы Кеңес тің Төралқасын сайлап отырды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік билік түрлерінің бірі саналатын сот жұмысы саласында да толық билікке ие болды. Ол сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін, сот органдары жүйесін, оларды сайлау тәртібін, өкілеттігін, қылмыстық және тәртіптік жауапкершілігін белгіледі, сот ісін жүргізу қызметіне бақылау жасады. Ол Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасын, орынбасарын, хатшысын, мүшелерін және үкімет мүшелерін, Жоғарғы сот мүшелері мен халық заседательдерін өз міндеттерін орындаудан мерзімінен бұрын босатуға өкілетті болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1-сайлауы 1938 ж. 24 маусымда, ең соңғы 12-сайлауы 1990 ж. өткізілді.
Қазақ КСР-інің осы соңғы сайланған Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін баянды еткен аса маңызды тарихи заңнамалық құжаттар қабылдады. Атап айтқанда: 1990 ж. сәуірде “Қазақ КСР Президенті қызметін белгілеу туралы” Заң қабылдап, Қазақстанда Президенттік басқаруды енгізді, бұл мәртебелі қызметке Н.Ә. Назарбаев сайланды; осы жылғы 25 қазанда “Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы” Декларацияны, 1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-інің атауын Қазақстан Республикасы (Қазақстан) деп қайта атау туралы Заңды, 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңын қабылдады; 1992 ж. маусымда егеменді тәуелсіз республиканың жаңа мемлекеттік рәміздерін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гербі мен Мемлекеттік Туын, желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранын бекітті; 1993 ж. 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын (Негізгі заңын) қабылдады. Бұл Конституция өтпелі кезеңдегі жағдайды сипаттайтын құжат қызметін атқарып, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен әлеуметтік-экономикалық, саяси міндеттерді шешуге бағытталды және екі жыл бойы Негізгі заң ретіндегі тарихи қызметін орындап шықты. Алайда, КСРО ыдырап, тәуелсіз мемлекеттілікті жүзеге асыра бастаған кезде қалыптасқан саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайда Қазақстандағы бұрынғы халық депутаттарының кеңестері түріндегі өкілетті органдар жүйесі республиканы дағдарыстан алып шығуға дәрменсіз болды. Ескі өкілетті билік жүйесімен және олардың заң шығарушылық әдістерімен нарықтық экономикаға бет алған жаңа қоғам орнату мүмкін емес еді. Кеңестік дәуірде сайланған соңғы Жоғарғы Кеңес елде қалыптасқан осындай жағдайда өз отырыстарын өткізуге қажетті депутаттар санын жинай алмайтыны айқын болғандықтан өзін-өзі таратуға мәжбүр болды. Сөйтіп, 1993 ж. 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің Төрағасы оның таратылғанын ресми түрде жария етті. Республиканың жаңа Жоғарғы Кеңесі сайланғанға дейін биліктің барлық тұтқасы Президенттің қолына уақытша көшті. Президент өз өкілеттігін пайдалана отырып, 1993 ж. 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі жаңа кодекс туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа кодекс бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 117 депутаттан тұрды. Оның 42-сі Президент ұсынған тізім бойынша сайланады. Қоғамдық бірлестіктердің депутаттыққа өз кандитаттарын ұсынуына мүмкіндік беретін баптар енгізілді, сондай-ақ азаматтың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік туды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесін және жергілікті заң шығарушы органдар – мәслихаттарды жаңа кодекс бойынша сайлау 1994 ж. 7 наурызда өтті. Сөйтіп, республикада алғаш рет көп партиялылық негізде заңдар қабылдауға қабілетті Жоғарғы Кеңес сайланды.
Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен 1995 ж. 30 тамызда өткен республикалық референдумда елдің жаңа Конституциясы қабылданды. Осы Конституция бойынша 1996 ж. қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жоғары заң шығарушылық өкілеттігін жүзеге асыратын қос палаталы (Сенат пен Мәжіліс) жоғары өкілетті билік органы – Қазақстан Республикасының Парламенті жұмыс істей бастады.
Қазақ АКСР ОАК-нің төрағалары болып С.Меңдешев (1920 ж. сәуір – 1925 ж. сәуір), Ж.Мыңбаев (1925 ж. сәуір – 1927 ж. сәуір), Е.Ерназаров (1927 ж. сәуір – 1935 ж. қаңтар), Ұ.Құлымбетов (1935 ж. қаңтар – 1937 ж. қазан), Н.Өмірзақов (1937 ж. қазан – 1938 ж. шілде); Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағалары болып Ә.Қазақбаев (1938 ж. шілде – 1947 ж. наурыз), Д.Керімбаев (1947 ж. наурыз – 1954 наурыз), Н.Оңдасынов (1954 ж. наурыз – 1955 ж. наурыз), Ж.Тәшенов (1955 ж. наурыз – 1960 ж. қаңтар), Р.Кәріпжанов (1960 ж. қаңтар – 1965 ж. сәуір), С.Ниязбеков (1965 ж. сәуір – 1978 ж. желтоқсан), И.Әбдікәрімов (1978 ж. желтоқсан – 1979 ж. желтоқсан), С.Мұқашев (1985 ж. наурыз – 1988 ж. ақпан), З.Камалиденов (1988 ж. ақпан – желтоқсан), М.Р. Сағдиев (1989 ж. наурыз – 1990 ж. ақпан), Н.Ә. Назарбаев (1990 ж. ақпан – 1990 ж. сәуір), Е.Асанбаев (1990 ж. сәуір – 1991 ж. қазан); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағалары болып С.Әбділдин (1991 ж. желтоқсан – 1993 ж. желтоқсан), Ә.Кекілбаев (1994 ж. наурыз – 1995 ж. қаңтар) жұмыс істеді.