Жаңалықтар

Жолы кең жазушы

  Жолы кең жазушы   Қазақстан әдебиет жұртшылығы қазір қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбит Мұқановтың жиырма бес жылдық еңбегін мерекелеп отыр. Әрі ақын, әрі романшы, әрі драматург және әдебиет тарихының зерттеушісі - Сәбиттің аты қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі. Оның аты бүкіл Одақ елінің оқушысына да мәлім.   Сәбиттің өмірі мен еңбегі жазушының бір басының ерекшелігін ғана баян етпейді. Ол қазақ әдебиетінің тарихындағы аса бір күрделі дәуірдің өскен жолын, ізденген мүддесін, жеткен өрісін де баян етеді. Сол себепті оның көрнекті, көркем шығармасының көпшілігі қазақтың бастауыш және орта мектебінің барлық оқу құралдарына кірген. Бүгінгі совет жұртшылығының бірнеше буындары өздерінің балалық, жастық шақтарындағы естеліктері бойынша да, Сәбитті жете біліп, жақсы көреді.   Ленин-Сталин партиясы өсірген, еңбек елінің адал ұлы Сәбит - Қазақстандағы пролетариат әдебиетінің ең алғаш бастаушысының бірі. Бұл күнде Қазақстандағы совет жазушыларының алдыңғы буынындағы, ең алдыңғы қатар жазушысы. Ол өзінің еңбектерімен большевиктік, пролетариат салт-сананы жас буынға және жұмысшы, колхозшы көпшілікке кең танытуға себепкер болған жазушы. Кімде-кімге Октябрьдің жеңісі мен жемісі қымбат болса, Ленин-Сталин жүйесі қымбат болса, соның бәріне Сәбит өз еңбегімен көмектес болған жазушы. Ол және бүгінгі Қазақстанда қалыптанып, шынығып өскен қазақ жазушысының барлығына жазушы болу жолында көп жәрдем еткен қайраткер. Әдебиет өнерінің өсер жолы, беттер өрісі туралы үнемі жауапты ойлар ойлап, дамылсыз еңбек ететін Сәбит біздегі совет әдебиетінің ұйымдастырушысы есебінде де зор еңбегі бар адам.   Социалистік Қазақстанның әдебиет мәдениетін жетілдіріп, гүлдендіру туралы үнемсозар үрдіс әрекет еткен анық аға жазушы Сәбит дейміз. Сәбит өзінің жазушылық еңбегін 1920 жылы ақындықтан бастаған. Ол кезде де, одан бұрын да қазақ әдебиетіндегі мәлім, үстем әдебиет түрі поэзия (өлең) болатын. Көркем қара сөз жаңа ғана туып келе жатыр еді. Драматургия да аяғын апыл-тапыл басатын. Әдебиет тарихы мен сын мәселелері ол кезде күн тәртібіне қойылған да жоқ-ты.   Әдебиетке ең алғаш атсалысып, араласқан шақтан бастап Сәбит әдебиет пен жазушының міндетін қоғам үшін, жаңа тарих үшін алысу деп түсінеді. Ыстық отпен, жалынды екпінмен алысқанда өз халқының ендігі тарихы Ұлы Октябрь нұсқаған бетпен, Ленин-Сталин басшылығымен өркендесін деп алысады. Өзі ақын, өзі саяси қайраткер боп барлық өлең, дастандарының, мақалаларының тақырыбын социалистік революцияның зор санасын үгіттеуге арнайды. Ол кезде аяқталып болмаған азамат соғысының жауынгерлік сарындарынан бастап, ауылдың советтенуін, ұлтшыл-байшыл алашордашылармен алысуды ұран қып көтерді. Одан бері келе, қайта құрылыс дәуірін, байларды конфискелеу науқанын, колхоздасу тақырыбын жыр етеді. Тағы бір кезек совет Конституциясын жыр етіп, Отан қорғаудың көркем жырларын туғызады. Сәбит ақындығының бұл саласы кешегі Ұлы Отан соғысында өз Отанын қаһармандықпен қорғаған жауынгерлерге арналған жалынды жырларына кеп соғады.   Осы аталған негізгі тақырыптардың ұзын санының өзі де Сәбиттің өз дәуірімен қатар жүріп отырғанын танытады. Ақындық еңбегімен жаңа дүние үшін алысып, сонымен бірге жасап келгенін көрсетеді. Патшалық Ресейдің отары болған қараңғы өлкенің енді көп ұлы Одақтағы теңдес, дос ұлттардың арасында алдыңғы қатарлы социалистік республикаға айналған жолы мен өткелдерін Сәбит өлеңдері өзінше бір ақындық шежіре есебінде, кезең-кезең, жылма-жыл дәл елестетіп отырады.   Сәбит ақындығы бұл жағынан қарағанда, өз өлкесінің Октябрь жаңғыртқан жас тарихының құрдасы есепті. Бірақ ақын шығармалары тек қана Қазақстанда болған уақиғаларды жыр етіп қоймайды. Қазақ совет поэзиясының тақырыбын ұлттық шеңберден асырып, кең өріске беттеткен жазушының бірі де Сәбит. Челюскин жорығына арналған "Ақ аю" атты дастаны - жалпы социалистік поэзияның кең толғауына сай болған, үлкен жауапты тақырыпты қозғайтын, күрделі еңбектің бірі. Бұл дастан - терең ойлы, көркем шебер жырлы және философиялық ақындық түйіні ірі келген шығарма. Ондағы қара аю тұспал суретпен, адам өнеріне бағынған табиғат күшін суреттейді. Ақ аю болса, әлі адамға бағынып, бойсұнып болмаған жабайы, дүлей табиғат күшін бейнелейді.   Сәбиттің ақындық шығармаларының арасында өткен заман тақырыбына, қазақ фольклорының сарынына ұштасып жазылғандары да бар. Көркемдік сапасы бойынша аса ірі шыққан дастаны - белгілі "Сұлушаш", халық аңызы мен жырының желісінен туған. Бірақ ақын сол әңгіменің өрісін ұлғайтып, өзгертіп, қоғамдық мазмұны зор драмаға айналдырып жыр етеді. Мұнда фольклор іргесін қаймағын бұзбай сақтап отырып, қайта жырлауды мақсат етпейді. Оның орнына барлық тартыстың қоғамдық, таптық терең тамырларын аша отырып, кейіпкерлерінің таптық мінез-бітімін айқындап суреттеу арқылы, халық аузындағы әңгімеге жаңа сыр-сымбат, жаңа сана-сапа бітіреді.   Сәбит қазақ поэзиясына жаңалықты тақырып жаңалығымен ғана енгізбейді, сонымен қатар дүниеге өз көзқарасын, оз сезімін өзінше, жаңаша танытатын жаңа түр іздеумен де енгізеді. Қазақ өлеңін түрге байытып, жаңғырту, жасарту үшін тыңнан үлгі, нақыс іздеу - бұл ақынның ең айқын, ең батыл шыққан ерекшелігі.   Ұлы орыс халқының революциялық поэзиясынан жақсы өрнек алып, Сәбит қазақ әдебиетіне жиын бейнемен ойдың уақиғасыз дастанын кіргізді. "Ақ аю", "Сөз - советтік армия", "Колхозды ауыл осындай", "Майбұлақтан Мәскеуге" сияқты ұзақ жырларға Сәбит қазақтың бұрынғы әңгімелі өлеңінің, әнді-күйлі қиссалау өлеңінің ырғағын әдейі жаңғыртып, өзгертеді. Қазақ поэзиясына сөйлеп толғап айтатын, еркін екпіні бар өлеңді кіргізеді. Бұрынғы буын санаған, баяу басқан, айнымас жәй ырғақты өлең жолын желпініп сөйлейтін, жеңіл орамға жеткізуге тырысады. Шығармаларының барлық мұң-мұраты қалың елдің күнделік керегіне жарау болғандықтан, сол сыпатты жаңа мазмұн, жаңа түрді өзі туғызған. Ол түр динамикалы, орамды және жеңіл түсінікті бір ырғаққа бөленеді.   Поэзиямен қатар Сәбит қазақтың көркем қара сөзіне де еңбек етеді. "Адасқандар", "Теміртас", "Жұмбақ жалау" сияқты романдар, "Есіл", "Менің мектебім", "Балуан Шолақ" сияқты ұзақ әңгіме (повестер) бұрын қазақ әдебиетінің тарихында болмаған көркем қара сөздің туғанын және кең өріспен дамығанын дәлелдейді. Бір "Балуан Шолақ" болмаса, бұл шығармалардың бәрінің тақырыбы - бүгінгі совет дәуірінің тақырыбы.   Сәбиттің бұл шығармаларының бәрін де айрықша, тереңдеп зерттеу қажет. Қазақтың жаңа әдебиетінің өсу жолында бүтін бір саласына, бүтін бір дәуіріне тарихтық табыс енгізген бұл шығармалар кең талқыланып, көп сөз етуді тілейді.   Газеттің қысқа мақаласында тек жалпы ұзын-ырға пікір айтуға ғана болады. Сол ретте бұл шығармалар революция алдындағы дәуір мен революциядан соңғы бірқатар жылдардағы қазақ халқының болмысынан, советтік құрылыстан, жас республиканың тірлігінен көп, кең суреттер көрсетеді дейміз.   Қазақ аулының өзіндік тірлік қалпын қонымды қып суреттеуден басқа, сахара табиғатының мол көркем суреттерінен басқа, сол сахарадағы еңбек елінің неше алуан кәсіп қайратын көрсетуден басқа, Сәбиттің бұл шығармаларындағы дұрыс кейіпкерінің бәрінде, бұрынғы мешеу болмысты өзгертем деген үлкен қайратты қажыр көрініп отырады... Жазушының біркелкі еңбекші кейіпкерлері тартыста табанды және революцияның туына барынша, шын жалынмен берілген адамдар болады. Ескі өмірден алған кейіпкерлерінде де жаңа дәурен таңын тосқан асыл сезімдер жүреді. Ауыл тірлігін революция жолымен жаңғыртам деп алысқан жеке-жеке адамдарының бәрінде үлкен оптимистік наным мол болады. Оларды осылай етіп суреттеу жазушының өз кеудесіндегі үлкен нанымнан туған. Ұлы жолдағы орыс пролетариатының қаһармандық табысына өзінің талабы мен тағдырын қосқан еңбек елінің зор келешегіне шын ден қойған нанымнан туады.   Сәбиттің "Теміртас", "Жұмбақ жалау" сияқты кей романдарында әңгіме құрылысын босаңсытып, кейде әлсіретіп жіберетін ұзақтықтар болғанымен, бұл романдар сапа мен көркемдік жағынан қазақ көркем қара сөзінің елеулі үлкен дәуірін танытады. Қазақ романының тарихында талантты, өнімді жазушы Сәбиттің орны бірінші орын. Жазба әдебиетінің ең қиын, ең мәдениетті түрі бізде болмай тұрған кезде, сол үлгіні ең алғаш бастағандықтан, бірінші орынға ие болады.   Сәбит драма жазуға да қатынасады. Оның "Күрес күндері" деген пьесасы жалпы қазақстандық конкурста екінші бәйге алған. Сәбит жазған либретто бойынша Қазақстанның көрнекті композиторы Брусиловский "Алтын астық", "Гвардия, алға" деген советтік опералар жазып шығарды.   Ұлы Отан соғысы уақытында Пинчевскиймен бірлесіп, Сәбит "Жеңіс жыры" атты пьесасын жариялады.   Қазақстанның ғылым жұртшылығы мен жазушы жұртшылығына Сәбиттің әдебиет тарихын зерттеген еңбектері де мейлінше мәлім. Оның бүгінгі әдебиетті, XIX ғасыр әдебиетін зерттеген кітаптары және Абайдың өмірі мен еңбегін талдаған мол еңбегі, монографиясы - әдебиеттану ғылымының көп мерейіне жарайтын еңбектер. Бұлармен қатар Сәбит көп кітаптарға кіріспе тексерулер жазған. Абай, Жамбыл шығармаларына жазған кіріспелері, фольклордың "Батырлар жыры" сияқты, "Айтыс" сияқты ғылымға жаңа тың түрлеріне жазған кіріспе тексерулері де елеулі жұмыстар.   Міне, қазақтың ең ірі, аға жазушысы Сәбиттің жан-жақты, кең тынысты, еңбекке толы, өнімді жолы осындай кең жол боп келеді.   1946       Мұхтар Әуезов
05.12.2012 04:30 4350

 

Жолы кең жазушы

 

Қазақстан әдебиет жұртшылығы қазір қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбит Мұқановтың жиырма бес жылдық еңбегін мерекелеп отыр. Әрі ақын, әрі романшы, әрі драматург және әдебиет тарихының зерттеушісі - Сәбиттің аты қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі. Оның аты бүкіл Одақ елінің оқушысына да мәлім.

 

Сәбиттің өмірі мен еңбегі жазушының бір басының ерекшелігін ғана баян етпейді. Ол қазақ әдебиетінің тарихындағы аса бір күрделі дәуірдің өскен жолын, ізденген мүддесін, жеткен өрісін де баян етеді. Сол себепті оның көрнекті, көркем шығармасының көпшілігі қазақтың бастауыш және орта мектебінің барлық оқу құралдарына кірген. Бүгінгі совет жұртшылығының бірнеше буындары өздерінің балалық, жастық шақтарындағы естеліктері бойынша да, Сәбитті жете біліп, жақсы көреді.

 

Ленин-Сталин партиясы өсірген, еңбек елінің адал ұлы Сәбит - Қазақстандағы пролетариат әдебиетінің ең алғаш бастаушысының бірі. Бұл күнде Қазақстандағы совет жазушыларының алдыңғы буынындағы, ең алдыңғы қатар жазушысы. Ол өзінің еңбектерімен большевиктік, пролетариат салт-сананы жас буынға және жұмысшы, колхозшы көпшілікке кең танытуға себепкер болған жазушы. Кімде-кімге Октябрьдің жеңісі мен жемісі қымбат болса, Ленин-Сталин жүйесі қымбат болса, соның бәріне Сәбит өз еңбегімен көмектес болған жазушы. Ол және бүгінгі Қазақстанда қалыптанып, шынығып өскен қазақ жазушысының барлығына жазушы болу жолында көп жәрдем еткен қайраткер. Әдебиет өнерінің өсер жолы, беттер өрісі туралы үнемі жауапты ойлар ойлап, дамылсыз еңбек ететін Сәбит біздегі совет әдебиетінің ұйымдастырушысы есебінде де зор еңбегі бар адам.

 

Социалистік Қазақстанның әдебиет мәдениетін жетілдіріп, гүлдендіру туралы үнемсозар үрдіс әрекет еткен анық аға жазушы Сәбит дейміз. Сәбит өзінің жазушылық еңбегін 1920 жылы ақындықтан бастаған. Ол кезде де, одан бұрын да қазақ әдебиетіндегі мәлім, үстем әдебиет түрі поэзия (өлең) болатын. Көркем қара сөз жаңа ғана туып келе жатыр еді. Драматургия да аяғын апыл-тапыл басатын. Әдебиет тарихы мен сын мәселелері ол кезде күн тәртібіне қойылған да жоқ-ты.

 

Әдебиетке ең алғаш атсалысып, араласқан шақтан бастап Сәбит әдебиет пен жазушының міндетін қоғам үшін, жаңа тарих үшін алысу деп түсінеді. Ыстық отпен, жалынды екпінмен алысқанда өз халқының ендігі тарихы Ұлы Октябрь нұсқаған бетпен, Ленин-Сталин басшылығымен өркендесін деп алысады. Өзі ақын, өзі саяси қайраткер боп барлық өлең, дастандарының, мақалаларының тақырыбын социалистік революцияның зор санасын үгіттеуге арнайды. Ол кезде аяқталып болмаған азамат соғысының жауынгерлік сарындарынан бастап, ауылдың советтенуін, ұлтшыл-байшыл алашордашылармен алысуды ұран қып көтерді. Одан бері келе, қайта құрылыс дәуірін, байларды конфискелеу науқанын, колхоздасу тақырыбын жыр етеді. Тағы бір кезек совет Конституциясын жыр етіп, Отан қорғаудың көркем жырларын туғызады. Сәбит ақындығының бұл саласы кешегі Ұлы Отан соғысында өз Отанын қаһармандықпен қорғаған жауынгерлерге арналған жалынды жырларына кеп соғады.

 

Осы аталған негізгі тақырыптардың ұзын санының өзі де Сәбиттің өз дәуірімен қатар жүріп отырғанын танытады. Ақындық еңбегімен жаңа дүние үшін алысып, сонымен бірге жасап келгенін көрсетеді. Патшалық Ресейдің отары болған қараңғы өлкенің енді көп ұлы Одақтағы теңдес, дос ұлттардың арасында алдыңғы қатарлы социалистік республикаға айналған жолы мен өткелдерін Сәбит өлеңдері өзінше бір ақындық шежіре есебінде, кезең-кезең, жылма-жыл дәл елестетіп отырады.

 

Сәбит ақындығы бұл жағынан қарағанда, өз өлкесінің Октябрь жаңғыртқан жас тарихының құрдасы есепті. Бірақ ақын шығармалары тек қана Қазақстанда болған уақиғаларды жыр етіп қоймайды. Қазақ совет поэзиясының тақырыбын ұлттық шеңберден асырып, кең өріске беттеткен жазушының бірі де Сәбит. Челюскин жорығына арналған "Ақ аю" атты дастаны - жалпы социалистік поэзияның кең толғауына сай болған, үлкен жауапты тақырыпты қозғайтын, күрделі еңбектің бірі. Бұл дастан - терең ойлы, көркем шебер жырлы және философиялық ақындық түйіні ірі келген шығарма. Ондағы қара аю тұспал суретпен, адам өнеріне бағынған табиғат күшін суреттейді. Ақ аю болса, әлі адамға бағынып, бойсұнып болмаған жабайы, дүлей табиғат күшін бейнелейді.

 

Сәбиттің ақындық шығармаларының арасында өткен заман тақырыбына, қазақ фольклорының сарынына ұштасып жазылғандары да бар. Көркемдік сапасы бойынша аса ірі шыққан дастаны - белгілі "Сұлушаш", халық аңызы мен жырының желісінен туған. Бірақ ақын сол әңгіменің өрісін ұлғайтып, өзгертіп, қоғамдық мазмұны зор драмаға айналдырып жыр етеді. Мұнда фольклор іргесін қаймағын бұзбай сақтап отырып, қайта жырлауды мақсат етпейді. Оның орнына барлық тартыстың қоғамдық, таптық терең тамырларын аша отырып, кейіпкерлерінің таптық мінез-бітімін айқындап суреттеу арқылы, халық аузындағы әңгімеге жаңа сыр-сымбат, жаңа сана-сапа бітіреді.

 

Сәбит қазақ поэзиясына жаңалықты тақырып жаңалығымен ғана енгізбейді, сонымен қатар дүниеге өз көзқарасын, оз сезімін өзінше, жаңаша танытатын жаңа түр іздеумен де енгізеді. Қазақ өлеңін түрге байытып, жаңғырту, жасарту үшін тыңнан үлгі, нақыс іздеу - бұл ақынның ең айқын, ең батыл шыққан ерекшелігі.

 

Ұлы орыс халқының революциялық поэзиясынан жақсы өрнек алып, Сәбит қазақ әдебиетіне жиын бейнемен ойдың уақиғасыз дастанын кіргізді. "Ақ аю", "Сөз - советтік армия", "Колхозды ауыл осындай", "Майбұлақтан Мәскеуге" сияқты ұзақ жырларға Сәбит қазақтың бұрынғы әңгімелі өлеңінің, әнді-күйлі қиссалау өлеңінің ырғағын әдейі жаңғыртып, өзгертеді. Қазақ поэзиясына сөйлеп толғап айтатын, еркін екпіні бар өлеңді кіргізеді. Бұрынғы буын санаған, баяу басқан, айнымас жәй ырғақты өлең жолын желпініп сөйлейтін, жеңіл орамға жеткізуге тырысады. Шығармаларының барлық мұң-мұраты қалың елдің күнделік керегіне жарау болғандықтан, сол сыпатты жаңа мазмұн, жаңа түрді өзі туғызған. Ол түр динамикалы, орамды және жеңіл түсінікті бір ырғаққа бөленеді.

 

Поэзиямен қатар Сәбит қазақтың көркем қара сөзіне де еңбек етеді. "Адасқандар", "Теміртас", "Жұмбақ жалау" сияқты романдар, "Есіл", "Менің мектебім", "Балуан Шолақ" сияқты ұзақ әңгіме (повестер) бұрын қазақ әдебиетінің тарихында болмаған көркем қара сөздің туғанын және кең өріспен дамығанын дәлелдейді. Бір "Балуан Шолақ" болмаса, бұл шығармалардың бәрінің тақырыбы - бүгінгі совет дәуірінің тақырыбы.

 

Сәбиттің бұл шығармаларының бәрін де айрықша, тереңдеп зерттеу қажет. Қазақтың жаңа әдебиетінің өсу жолында бүтін бір саласына, бүтін бір дәуіріне тарихтық табыс енгізген бұл шығармалар кең талқыланып, көп сөз етуді тілейді.

 

Газеттің қысқа мақаласында тек жалпы ұзын-ырға пікір айтуға ғана болады. Сол ретте бұл шығармалар революция алдындағы дәуір мен революциядан соңғы бірқатар жылдардағы қазақ халқының болмысынан, советтік құрылыстан, жас республиканың тірлігінен көп, кең суреттер көрсетеді дейміз.

 

Қазақ аулының өзіндік тірлік қалпын қонымды қып суреттеуден басқа, сахара табиғатының мол көркем суреттерінен басқа, сол сахарадағы еңбек елінің неше алуан кәсіп қайратын көрсетуден басқа, Сәбиттің бұл шығармаларындағы дұрыс кейіпкерінің бәрінде, бұрынғы мешеу болмысты өзгертем деген үлкен қайратты қажыр көрініп отырады... Жазушының біркелкі еңбекші кейіпкерлері тартыста табанды және революцияның туына барынша, шын жалынмен берілген адамдар болады. Ескі өмірден алған кейіпкерлерінде де жаңа дәурен таңын тосқан асыл сезімдер жүреді. Ауыл тірлігін революция жолымен жаңғыртам деп алысқан жеке-жеке адамдарының бәрінде үлкен оптимистік наным мол болады. Оларды осылай етіп суреттеу жазушының өз кеудесіндегі үлкен нанымнан туған. Ұлы жолдағы орыс пролетариатының қаһармандық табысына өзінің талабы мен тағдырын қосқан еңбек елінің зор келешегіне шын ден қойған нанымнан туады.

 

Сәбиттің "Теміртас", "Жұмбақ жалау" сияқты кей романдарында әңгіме құрылысын босаңсытып, кейде әлсіретіп жіберетін ұзақтықтар болғанымен, бұл романдар сапа мен көркемдік жағынан қазақ көркем қара сөзінің елеулі үлкен дәуірін танытады. Қазақ романының тарихында талантты, өнімді жазушы Сәбиттің орны бірінші орын. Жазба әдебиетінің ең қиын, ең мәдениетті түрі бізде болмай тұрған кезде, сол үлгіні ең алғаш бастағандықтан, бірінші орынға ие болады.

 

Сәбит драма жазуға да қатынасады. Оның "Күрес күндері" деген пьесасы жалпы қазақстандық конкурста екінші бәйге алған. Сәбит жазған либретто бойынша Қазақстанның көрнекті композиторы Брусиловский "Алтын астық", "Гвардия, алға" деген советтік опералар жазып шығарды.

 

Ұлы Отан соғысы уақытында Пинчевскиймен бірлесіп, Сәбит "Жеңіс жыры" атты пьесасын жариялады.

 

Қазақстанның ғылым жұртшылығы мен жазушы жұртшылығына Сәбиттің әдебиет тарихын зерттеген еңбектері де мейлінше мәлім. Оның бүгінгі әдебиетті, XIX ғасыр әдебиетін зерттеген кітаптары және Абайдың өмірі мен еңбегін талдаған мол еңбегі, монографиясы - әдебиеттану ғылымының көп мерейіне жарайтын еңбектер. Бұлармен қатар Сәбит көп кітаптарға кіріспе тексерулер жазған. Абай, Жамбыл шығармаларына жазған кіріспелері, фольклордың "Батырлар жыры" сияқты, "Айтыс" сияқты ғылымға жаңа тың түрлеріне жазған кіріспе тексерулері де елеулі жұмыстар.

 

Міне, қазақтың ең ірі, аға жазушысы Сәбиттің жан-жақты, кең тынысты, еңбекке толы, өнімді жолы осындай кең жол боп келеді.

 

1946

 

 

 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға