Тұқымқуалаушылықтың хромосомалық теориясы – ядрода орналасқан хромосомалар гендерінің тасымалдаушысы болатындығын және олардың тұқымқуалау негізі екендігін дәлелдейтін теория. Т. х. т. 20 ғ-дың басында клетка теориясы негізінде қалыптасты. 1902 – 07 ж. неміс ғалымы Т.Бовери және 1902 – 03 ж. АҚШ ғалымы У.Сеттон мендельдік тұқымқуалау факторы (қазір ол «ген» деп аталады) хромосомада локализденген (орналасқан) деген тұқымқуалаушылықтың хромосомалық гипотезасын ұсынды. Бұл гипотезаның алғашқы дәлелі жануарларда жынысты анықтаудың генетикалық механизмдерін зерттеу кезінде алынды. Теорияны тәжірибе арқылы американдық ғалым Т. Морган (1866 – 1945) дәлелдеді. Ол кейбір гендердің ұрпақтан-ұрпаққа берілуі жыныс хромосомаларына байланысты болатындығын, яғни, жыныспен тіркесіп тұқымқуалайтындығын байқады. Тұқымқуалаушылық хромосомалық теориясының дамуы арқасында бір хромосомада орналасқан гендер бір тіркесу тобын құрайтындығы және келесі ұрпаққа бірге берілетіндігі, яғни, тіркесу тобының саны клеткадағы жұп хромосомалар санына тең болатындығы анықталды (мыс., адамда, 23 жұп хромосома болса, тіркесу тобының саны да 23-ке тең). Морган және оның қызметкерлері (А.Стертевант, т.б.) гендердің толық емес тіркесу құбылысын зерттеп, соның нәтижесінде гендердің хромосомада бір түзу сызық бойында орналасатындығын анықтады. Гомологты хромосомаларда тіркескен гендер гетерозиготалы жағдайда мейоз кезінде жаңа комбинациялы гаметалар береді. Мұндай хромосомалық қайта құрылулар немесе кроссинговер құбылысын (қ. Кроссинговер) дрозофила шыбынына жасалған тәжірибелер арқылы К.Штерн, жүгеріде Х.Критон және Б.Мак-Клиток дәлелдеп берді (1933). Хромосомада гендер бір-бірінен қаншалықты қашықта (алыс) орналасса, онда олардың арасында кроссинговердің жүруі соғұрлым жиілей түседі. Осы құбылыс, яғни, тіркескен гендер арасындағы қашықтық пен кроссинговер жиілігінің бір-біріне тәуелділігі хромосомалардың генет. картасын жасауға мүмкіндік берді. Тұқымқуалаушылық хромосомалық теориясы өсімдіктер мен жануарлар организміндегі белгілердің тұқымқуалау заңдылықтарын түсіндіре отырып, а. ш. ғылымы мен тәжірибесінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ хромосомалардың қайта құрылу заңдылықтарын білу адамдағы тұқымқуалайтын ауруларды жан-жақты зерттеуге негіз болады.
Б. Бекманов
Тұқымқуалаушылықтың хромосомалық теориясы
Оқи отырыңыз
3 Сәуір, 10:03
«Таза ауада серуендемейді»: дәрігер бала дамуының кешеуілдеуіне әсер ететін факторларды атады30 Наурыз, 13:17
Ван Дейкті сан соқтырған футболшы: «Шахтердің» жаңа бас бапкері жайлы не білеміз?12 Наурыз, 10:11
«Бірден камераға түсіріп, айыппұл салады». 12 наурыздан бастап не өзгереді?11 Наурыз, 18:45
Түнде жұмыс істеу ағзаға қалай әсер етеді? Мамандар ескерту жасады