Жаңалықтар

Ағаш

    Ағаш – сабақтары мен тамырлары сүректеніп біткен, өте жақсы жетілген діңі бар, биіктігі 2 метрден кем болмайтын көп жылдық өсімдіктер. Қазақстанда өсетін ағаштардың ең биігі 50 метрден аспайды (қарағай, шырша, емен, жөкеағаш, т.б.). Дүние жүзінде ең биік ағаш – Аустралия эукалиптісі (биіктігі 140-150 м), ең жуан ағаш – Баобаб (диаметрі 4-12 м). Ағаш палеозой дәуірінің тас көмір, девон кезеңінен бастап (126 млн жыл бұрын), мезозой дәуірінің бор, юра (96 млн жыл бұрын) кезеңіне дейін ағашты өсімдіктер. кейін бірқатары көп жылдық, одан бір жылдық шөптесін өсімдіктерге айналған. Жер бетінде климаттың өзгеруіне байланысты, ағашты өсімдіктердің даму циклы қысқаруда. Осыған байланысты олар шөптесін өсімдіктерге айналуда. Қазіргі кезде ағаштардың осы эволюциялық бағыты жалғасуда. Олар 5 топқа (балғын, жас, толық өсіп жетілмеген, толық өсіп жетілген, көп тұрып қалған ағаштар) бөлінеді. Соңғы екі тобына жататын ағаштар ғана кесіледі. Ағашты кескен кезде сүрегіндегі шеңберлердің санына байланысты жасын анықтайды. Жапырағының ішкі құрылысы мен сыртқы түріне қарап ағаштарды түрге бөледі: қалқан жапырақты (шырша, қарағай); жапырақты ағаш (қайың, терек). Ағаш ішкі құрылымы (талшықтарының ұзындығы, қалыңдығы) мен физико-механикалық қасиеттеріне (көлемдік салмағы – бұл көрсеткіш неғұрлым көп болса, механикалық қасиеттері жоғары болады) байланысты пайдаланылады. Қазақстанда өсетін ағаштардың техникалық қасиеттері жақсы зерттелген. Ағаш - адамның күнкөріс қарекеті мен рухани өмірде ерекше орын алатын табиғат нысаны. Анимистік дүниетанымға байланысты туындаған наным-сенімдер бойынша ағаштарда жаны бар «тіршілік иесі». Әлемнің көптеген халықтары ағашты қастерлеп, табынған. Саян-Алтайдағы түрік халықтары ағашқа құрбандық шалып, сан түрлі жора-жосындар атқарады. Олардың ағашты ерекше қастерлеуі орманды өлкенің тұрғындары болғандығымен байланысты болса керек. Мысалы, иркит руы өздерінің «әкесі ырғай, анасы қайық» деп санайды. Ал қазақта қыпшақ руының арғы тегі ағашпен байланысты айтылатыны белгілі. Иенде өскен жалғыз ағашты қасиетті ағаш, шығыс қазақтары сетер ағаш немесе көбіне тал кездесетіндіктен сетер тал деп атайды. Қазақ наным-сенімі бойынша әулие адамның табаны тиген жерде өскен немесе әулиенің көлеңкесі түскен ағаш қасиетті шашқа айналады екен. Қазақ жапан далада жалғыз өскен ағашты киелі ағаш немесе әулие ағаш деп санап, оны кеспейді, зақым келтірмейді, тіптен саясына барып, ұйықтамайды. Әйтпесе сол ағаштай сопиып жалғыз қаласың, ал дүниеде жалғыздықтан өткен жамандық жоқ, жанның құлазуынан асқан қорлық жоқ деседі. Жалғыз ағашты жалғыз қалудың нышаны деп қарайды. Топырақ үйілген төбенгіктер, құла түздегі жалғыз ағаш, шөл мекен далада бұтақтары тарбиып өскен бұғалар да қасиетті делінеді. Сол жерлерде түнейді, шүберек байлайды. Әулие жатқан жер деп танып, мал сойып, тілеу тілейді. Қазақ дәстүрінде жаңа шыққан көкті жұлмайды, ағаш бүрлерін үзбейді. Көк шыбықты, көк өркенді сындырмайды. Өйткені жас өркеннің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі деп біледі. Көк жұлсақ көктей соласың деп ырымдалады. Сондай-ақ қазақ дәстүрінде қосарланып өскен, қатар біткен ағашты кеспейді. Себебі қосағыңнан айырыласың, қанатыңнан қырқыласың деп тыйым еткен. Яғни, дүние түгел егізден жаралған, ал егіздің сыңарын құлатқан оңбайды, көңілі қапаланып, зарығып өтеді деп қатты ырымдайды. Қазақ мифологиясында бәйтерек космос ағашты ретінде рәмізделеді. Бәйтеректің шағын модель-үлгілері бақан, адалбақан, таяқ, асатаяқ ғұрыптық жосындарды атқаратын киелі құрал қызметін атқарады. Бәйтерек - үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Қазақ арасында кең тараған адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым бәлкім осы жайтқа байланысты қалыптасқан сияқты. Ол туралы мынадай миф бар: «Рух адамның тәнін өлерден қырық күн бұрын тастайды. Сөйтіп, құсқа (көгершінге) айналып, ұшып барып бәйтеректің жапырағында өз адамының есімі жазылған бұтаға қонады. Мұнда адамның аты жазылған қисапсыз жапырақтар көктеп-солып, алма-кезек ауысып тұрады. Жал адам өлгенде шыбын бейнесінде денеден шығып, үй ішінде ұшып жүреді. Тек қырық күннен кейін барып, үйді біржолата тастайды. Бәйтеректің діңгегі арқылы әлгі жал жерге түсіп, не жерге шығып жүреді де, мезгілі болғанда әйелдің құрсағына қонады, сөйтіп, жаңа өмір пайда болады. Жануарлар да, өсімдіктер де дәл осылай өмipгe қайта келеді». Жапырағына жан орналасқан осынау киелі терек туралы миф түркі халықтарына кең таралған. Қазақта басқаша бір нұсқасы тағы бар. Онда «Жер мен көктің кіндігінде жападан жалғыз өскен киелі бәйтерек бар. Бұл теректің басы аспанмен, түп тамыры жер астымен жалғасқан. Ол көзге көрінбейтін киелі ағаш. Бұл бәйтеректе жайқалып өскен әрбір жапырақ жер жүзінде жасаған әрбір адамның өмір тіршілігінің ны¬шаны, жер жүзінде тіршілік етіп отырған әрбір адам киелі теректің жапырағы жарылғанда өмірге келеді, жапырағы жайқалып өскенде өсіп, үлкейіп, кемеліне келеді, жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады, жапырағы солса, қартаяды, жапырағы үзіліп, жерге түссе, қазаға ұшырайды» дейді. Бұл сюжеттерде әлем ағашты, яғни ғаламның вегетативті моделі көрініс тапқан. Қазақ халқы өзінің өмір-салтын, тұрмыс-тіршілігін, кейбір әрекетін ағашқа теліп, ағаштарды адам бейнесіне енгізіп, сан түрлі аңыз-әңгіме шығарған. Бүл мифтік сюжеттер қазақтың байырғы өмір салтының метафоралық образы іспеттес. Расында да, ағаштардың сыртқы түр-түрпаты, өсетін мекенінің ерекшелігі қазақтың ежелгі тіршілігін еске түсіреді. Ұзын қарағай тәкаппар адам, мықшиған сексеуіл жазықсыз жапа шегуші, таста өсетін арша тасбауыр, қызыл тобылғы ұялшақ кейіпкерлер ретінде сомдалып, халқымыздың қалыңмал төлеп неке салтының көріністері айқын бейнеленеді. Осындай мифтік түсініктен туған ағаштардың араздығы мен татулығы, құдаласу сарыны «Ағаш өлең» деп аталатын кейбір халық өлеңдері мен жұмбақ айтысқа да жиі арқау болады. Ертеде дәстүрлі ортада ағаштың тұрмыс пен шаруашылыққа жарамдылығына қарай отындық ағаш және кәделік ағаш деп екі топқа бөлген. Ал, Ағаштардың өсу, даму сатысына байланысты да екі түрге бөледі: жас ағаш және тіршілік циклы аяқталуы жақын кәрі ағаш. Балғын жас ағашты кесуге қазақтар «коктей соласың» деп тыйым салады. Сондықтан жас, толық өсіп жетілмеген ағашты қажетіне қарай ғана кеседі. Өсіп жетілген ағашты шірімей, құрт жемей тұрып қажетке жаратады. Кәрі қуарған ағашты жығып, шауып отынға пайдаланған. Ағашты кескен кезде сүрегіндегі шеңберлердің санына қарап, жасын анықтайды. Ағаштың таудың теріскей беткейіне өскен ағаш діңінің көлеңке (солтүстік) жағындағысын «ұрғашы ағаш» атайды. Ондай ағаштардың бұтағы жоқ, жылдық сақиналары жиі, шайыры аз болғандықтан «шешен», яғни акустикалық сипаты, яғни дыбыс өткізгіштік қасиеті жоғары болады дейді шеберлер. Саз аспаптарының құлағын ырғай, тобылғы т.б. қатты ағаштардан әзірлейді. Ағаш шеберлері тәжірибе жүзінде кез келген ағаштың түп жағы берік болады деп санайды. Ағаштан бұйым жасағанда қазақ шеберлері әр ағашқа тән ерекшеліктері, атап айтсақ ағаштың қаттылығы, салмағы, тығыздығы, иілгіштігі, серпімділігі, түсі, тұтқырлығы, жарылғыштығы, шайырлығы, дыбыс өткізгіштігі т.б. қасиеттерін басты назарда ұстайды. Сүрегі біркелкі ақ түсті, қатты ағаш қайыңнан үй ағашын, жиһаз, ер, ал оның безінен ыдыс, түрлі ұсақ бұйымдар жасайды. Ол күнге қаңсымайды, ыстық-суыққа төзімді болады. Қайыңның тозын ыдыс, құты жасауға, саз аспаптарын әсемдеуге пайдаланады. Өте қатты, тығыз, берік ағаш емен сүрегінің түсі сарғыш қоңыр болып келеді. Тез жарылғыш келетіндіктен баппен кептірмесе, өзегін қуалай шытынап, жарылып кетеді. Еменнен жасалған саз аспабы уақыт өте табиғи өрнектері ашылып, жалтырай түседі. Сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш терек бабымен кепсе жарылмайды, кепкен сайын киізденіп қатая түседі. Одан бұйым жасағанда өткір сайманмен өңдеп қана қояды. Иілгіш, сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш саналатын тал кебе келе қатайып, жеңілдейді. Өзекті, сәмбі талдан киіз үйдің ағашына таптырмайтын ең қолайлы шикізат деп саналады. Тұт ағашын негізінде жібек құртын өсіруге пайдаланатындықтан «тұт еккенің - құт еккенің» деп бағалаған. Ол саз аспаптарын әзірлеуге ең тиімді ағашқа айналады. Ұзақ уақыт, тіптен бірнеше ғасыр өседі делінетін тұт ағашын шаппайды, тек бұтақтарының тармағын орақпен кесіп алады. Қатты әрі тығыз ағаш үйеңкінің сүрегі біртекті ақ сарғыш түсті болып келеді. Домбыраны үйеңкіден тұтас шауып немесе құрап әзірлеу өте қолайлы. Алма, алмұрт, алхоры, жиде, шие, долана, өрік т.б. жеміс ағаштары қатты, тығыз, жылтыр болып келетіндіктен, кәделік ағашқа саналып бұйым жасауға жарамды деп саналады. Ағаштың жапырақтары мен қабығы, шайыры жүн, тері бояуға, тері илеуге, қабықтыруға пайдаланылған. Қайыңның жапырағы, емен мен анар ағашының қабығы, таулы өңірден талдың қабығынан алынған бояулар ертеде кең пайдаланылған. Дәстүрлі қазақы ортада аймақтың экологиялық жағдайына байланысты күнделікті тіршілік ретінде қарекетіне ағаш отын пайдаланылған. Ағаштан отын дайындаудың салынды жинау, бұтақ теру, ағаш шабу, құлату тәрізді жолдары бар. Қарабұта теріскей бетте, күнгейде теріскен, жирен, жусан, сарытабан, ал биік суық жерде қарағай, қайың, шөлейт пен құмды өңірде сексеуіл отынға жиі пайдаланылады. Шетен, жыңғыл, сексеуілдің қызуы мол, бұта-шілік, балғын, баялыш, тал тамызыққа ғана, қызуы мол делінетін қарағаш, қарағай, қайың, емен, терек қыста үй жылытуға пайдаланылады. Жыңғылды балтамен шауып алады. Ал, сексеуілді қатты томармен отындық сексеуілді ұрып сындырып дайындайды. Жыңғыл мен сексеуілді күздің аяғында, қыстың басында мол етіп жинайды. Басқа уақытта жинаса құмдағы тіршілік иелеріне обал деп ырымдайды. Қураған ағаш, сынып түскен бұтақты тереді. Көктемде тау өзендерінің кенересінен асып тасыған кезде ағыстан жағаға қарай шығып қалған қураған, сынған бұтақтарды салынды деп атайды.
05.12.2012 04:25 37434

 

 

Ағаш – сабақтары мен тамырлары сүректеніп біткен, өте жақсы жетілген діңі бар, биіктігі 2 метрден кем болмайтын көп жылдық өсімдіктер. Қазақстанда өсетін ағаштардың ең биігі 50 метрден аспайды (қарағай, шырша, емен, жөкеағаш, т.б.). Дүние жүзінде ең биік ағаш – Аустралия эукалиптісі (биіктігі 140-150 м), ең жуан ағаш – Баобаб (диаметрі 4-12 м). Ағаш палеозой дәуірінің тас көмір, девон кезеңінен бастап (126 млн жыл бұрын), мезозой дәуірінің бор, юра (96 млн жыл бұрын) кезеңіне дейін ағашты өсімдіктер. кейін бірқатары көп жылдық, одан бір жылдық шөптесін өсімдіктерге айналған. Жер бетінде климаттың өзгеруіне байланысты, ағашты өсімдіктердің даму циклы қысқаруда. Осыған байланысты олар шөптесін өсімдіктерге айналуда. Қазіргі кезде ағаштардың осы эволюциялық бағыты жалғасуда. Олар 5 топқа (балғын, жас, толық өсіп жетілмеген, толық өсіп жетілген, көп тұрып қалған ағаштар) бөлінеді. Соңғы екі тобына жататын ағаштар ғана кесіледі. Ағашты кескен кезде сүрегіндегі шеңберлердің санына байланысты жасын анықтайды. Жапырағының ішкі құрылысы мен сыртқы түріне қарап ағаштарды түрге бөледі: қалқан жапырақты (шырша, қарағай); жапырақты ағаш (қайың, терек). Ағаш ішкі құрылымы (талшықтарының ұзындығы, қалыңдығы) мен физико-механикалық қасиеттеріне (көлемдік салмағы – бұл көрсеткіш неғұрлым көп болса, механикалық қасиеттері жоғары болады) байланысты пайдаланылады. Қазақстанда өсетін ағаштардың техникалық қасиеттері жақсы зерттелген.

Ағаш - адамның күнкөріс қарекеті мен рухани өмірде ерекше орын алатын табиғат нысаны. Анимистік дүниетанымға байланысты туындаған наным-сенімдер бойынша ағаштарда жаны бар «тіршілік иесі». Әлемнің көптеген халықтары ағашты қастерлеп, табынған.

Саян-Алтайдағы түрік халықтары ағашқа құрбандық шалып, сан түрлі жора-жосындар атқарады. Олардың ағашты ерекше қастерлеуі орманды өлкенің тұрғындары болғандығымен байланысты болса керек. Мысалы, иркит руы өздерінің «әкесі ырғай, анасы қайық» деп санайды. Ал қазақта қыпшақ руының арғы тегі ағашпен байланысты айтылатыны белгілі.

Иенде өскен жалғыз ағашты қасиетті ағаш, шығыс қазақтары сетер ағаш немесе көбіне тал кездесетіндіктен сетер тал деп атайды.

Қазақ наным-сенімі бойынша әулие адамның табаны тиген жерде өскен немесе әулиенің көлеңкесі түскен ағаш қасиетті шашқа айналады екен. Қазақ жапан далада жалғыз өскен ағашты киелі ағаш немесе әулие ағаш деп санап, оны кеспейді, зақым келтірмейді, тіптен саясына барып, ұйықтамайды. Әйтпесе сол ағаштай сопиып жалғыз қаласың, ал дүниеде жалғыздықтан өткен жамандық жоқ, жанның құлазуынан асқан қорлық жоқ деседі. Жалғыз ағашты жалғыз қалудың нышаны деп қарайды. Топырақ үйілген төбенгіктер, құла түздегі жалғыз ағаш, шөл мекен далада бұтақтары тарбиып өскен бұғалар да қасиетті делінеді. Сол жерлерде түнейді, шүберек байлайды. Әулие жатқан жер деп танып, мал сойып, тілеу тілейді.

Қазақ дәстүрінде жаңа шыққан көкті жұлмайды, ағаш бүрлерін үзбейді. Көк шыбықты, көк өркенді сындырмайды. Өйткені жас өркеннің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі деп біледі. Көк жұлсақ көктей соласың деп ырымдалады. Сондай-ақ қазақ дәстүрінде қосарланып өскен, қатар біткен ағашты кеспейді. Себебі қосағыңнан айырыласың, қанатыңнан қырқыласың деп тыйым еткен. Яғни, дүние түгел егізден жаралған, ал егіздің сыңарын құлатқан оңбайды, көңілі қапаланып, зарығып өтеді деп қатты ырымдайды.

Қазақ мифологиясында бәйтерек космос ағашты ретінде рәмізделеді. Бәйтеректің шағын модель-үлгілері бақан, адалбақан, таяқ, асатаяқ ғұрыптық жосындарды атқаратын киелі құрал қызметін атқарады. Бәйтерек - үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Қазақ арасында кең тараған адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым бәлкім осы жайтқа байланысты қалыптасқан сияқты. Ол туралы мынадай миф бар: «Рух адамның тәнін өлерден қырық күн бұрын тастайды. Сөйтіп, құсқа (көгершінге) айналып, ұшып барып бәйтеректің жапырағында өз адамының есімі жазылған бұтаға қонады. Мұнда адамның аты жазылған қисапсыз жапырақтар көктеп-солып, алма-кезек ауысып тұрады. Жал адам өлгенде шыбын бейнесінде денеден шығып, үй ішінде ұшып жүреді. Тек қырық күннен кейін барып, үйді біржолата тастайды. Бәйтеректің діңгегі арқылы әлгі жал жерге түсіп, не жерге шығып жүреді де, мезгілі болғанда әйелдің құрсағына қонады, сөйтіп, жаңа өмір пайда болады. Жануарлар да, өсімдіктер де дәл осылай өмipгe қайта келеді».

Жапырағына жан орналасқан осынау киелі терек туралы миф түркі халықтарына кең таралған. Қазақта басқаша бір нұсқасы тағы бар. Онда «Жер мен көктің кіндігінде жападан жалғыз өскен киелі бәйтерек бар. Бұл теректің басы аспанмен, түп тамыры жер астымен жалғасқан. Ол көзге көрінбейтін киелі ағаш. Бұл бәйтеректе жайқалып өскен әрбір жапырақ жер жүзінде жасаған әрбір адамның өмір тіршілігінің ны¬шаны, жер жүзінде тіршілік етіп отырған әрбір адам киелі теректің жапырағы жарылғанда өмірге келеді, жапырағы жайқалып өскенде өсіп, үлкейіп, кемеліне келеді, жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады, жапырағы солса, қартаяды, жапырағы үзіліп, жерге түссе, қазаға ұшырайды» дейді. Бұл сюжеттерде әлем ағашты, яғни ғаламның вегетативті моделі көрініс тапқан.

Қазақ халқы өзінің өмір-салтын, тұрмыс-тіршілігін, кейбір әрекетін ағашқа теліп, ағаштарды адам бейнесіне енгізіп, сан түрлі аңыз-әңгіме шығарған.

Бүл мифтік сюжеттер қазақтың байырғы өмір салтының метафоралық образы іспеттес. Расында да, ағаштардың сыртқы түр-түрпаты, өсетін мекенінің ерекшелігі қазақтың ежелгі тіршілігін еске түсіреді. Ұзын қарағай тәкаппар адам, мықшиған сексеуіл жазықсыз жапа шегуші, таста өсетін арша тасбауыр, қызыл тобылғы ұялшақ кейіпкерлер ретінде сомдалып, халқымыздың қалыңмал төлеп неке салтының көріністері айқын бейнеленеді. Осындай мифтік түсініктен туған ағаштардың араздығы мен татулығы, құдаласу сарыны «Ағаш өлең» деп аталатын кейбір халық өлеңдері мен жұмбақ айтысқа да жиі арқау болады.

Ертеде дәстүрлі ортада ағаштың тұрмыс пен шаруашылыққа жарамдылығына қарай отындық ағаш және кәделік ағаш деп екі топқа бөлген. Ал, Ағаштардың өсу, даму сатысына байланысты да екі түрге бөледі: жас ағаш және тіршілік циклы аяқталуы жақын кәрі ағаш. Балғын жас ағашты кесуге қазақтар «коктей соласың» деп тыйым салады. Сондықтан жас, толық өсіп жетілмеген ағашты қажетіне қарай ғана кеседі. Өсіп жетілген ағашты шірімей, құрт жемей тұрып қажетке жаратады. Кәрі қуарған ағашты жығып, шауып отынға пайдаланған.

Ағашты кескен кезде сүрегіндегі шеңберлердің санына қарап, жасын анықтайды. Ағаштың таудың теріскей беткейіне өскен ағаш діңінің көлеңке (солтүстік) жағындағысын «ұрғашы ағаш» атайды. Ондай ағаштардың бұтағы жоқ, жылдық сақиналары жиі, шайыры аз болғандықтан «шешен», яғни акустикалық сипаты, яғни дыбыс өткізгіштік қасиеті жоғары болады дейді шеберлер. Саз аспаптарының құлағын ырғай, тобылғы т.б. қатты ағаштардан әзірлейді. Ағаш шеберлері тәжірибе жүзінде кез келген ағаштың түп жағы берік болады деп санайды.

Ағаштан бұйым жасағанда қазақ шеберлері әр ағашқа тән ерекшеліктері, атап айтсақ ағаштың қаттылығы, салмағы, тығыздығы, иілгіштігі, серпімділігі, түсі, тұтқырлығы, жарылғыштығы, шайырлығы, дыбыс өткізгіштігі т.б. қасиеттерін басты назарда ұстайды.

Сүрегі біркелкі ақ түсті, қатты ағаш қайыңнан үй ағашын, жиһаз, ер, ал оның безінен ыдыс, түрлі ұсақ бұйымдар жасайды. Ол күнге қаңсымайды, ыстық-суыққа төзімді болады. Қайыңның тозын ыдыс, құты жасауға, саз аспаптарын әсемдеуге пайдаланады. Өте қатты, тығыз, берік ағаш емен сүрегінің түсі сарғыш қоңыр болып келеді. Тез жарылғыш келетіндіктен баппен кептірмесе, өзегін қуалай шытынап, жарылып кетеді. Еменнен жасалған саз аспабы уақыт өте табиғи өрнектері ашылып, жалтырай түседі. Сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш терек бабымен кепсе жарылмайды, кепкен сайын киізденіп қатая түседі. Одан бұйым жасағанда өткір сайманмен өңдеп қана қояды. Иілгіш, сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш саналатын тал кебе келе қатайып, жеңілдейді. Өзекті, сәмбі талдан киіз үйдің ағашына таптырмайтын ең қолайлы шикізат деп саналады. Тұт ағашын негізінде жібек құртын өсіруге пайдаланатындықтан «тұт еккенің - құт еккенің» деп бағалаған. Ол саз аспаптарын әзірлеуге ең тиімді ағашқа айналады. Ұзақ уақыт, тіптен бірнеше ғасыр өседі делінетін тұт ағашын шаппайды, тек бұтақтарының тармағын орақпен кесіп алады. Қатты әрі тығыз ағаш үйеңкінің сүрегі біртекті ақ сарғыш түсті болып келеді.

Домбыраны үйеңкіден тұтас шауып немесе құрап әзірлеу өте қолайлы. Алма, алмұрт, алхоры, жиде, шие, долана, өрік т.б. жеміс ағаштары қатты, тығыз, жылтыр болып келетіндіктен, кәделік ағашқа саналып бұйым жасауға жарамды деп саналады. Ағаштың жапырақтары мен қабығы, шайыры жүн, тері бояуға, тері илеуге, қабықтыруға пайдаланылған. Қайыңның жапырағы, емен мен анар ағашының қабығы, таулы өңірден талдың қабығынан алынған бояулар ертеде кең пайдаланылған. Дәстүрлі қазақы ортада аймақтың экологиялық жағдайына байланысты күнделікті тіршілік ретінде қарекетіне ағаш отын пайдаланылған. Ағаштан отын дайындаудың салынды жинау, бұтақ теру, ағаш шабу, құлату тәрізді жолдары бар.

Қарабұта теріскей бетте, күнгейде теріскен, жирен, жусан, сарытабан, ал биік суық жерде қарағай, қайың, шөлейт пен құмды өңірде сексеуіл отынға жиі пайдаланылады. Шетен, жыңғыл, сексеуілдің қызуы мол, бұта-шілік, балғын, баялыш, тал тамызыққа ғана, қызуы мол делінетін қарағаш, қарағай, қайың, емен, терек қыста үй жылытуға пайдаланылады.

Жыңғылды балтамен шауып алады. Ал, сексеуілді қатты томармен отындық сексеуілді ұрып сындырып дайындайды. Жыңғыл мен сексеуілді күздің аяғында, қыстың басында мол етіп жинайды. Басқа уақытта жинаса құмдағы тіршілік иелеріне обал деп ырымдайды. Қураған ағаш, сынып түскен бұтақты тереді. Көктемде тау өзендерінің кенересінен асып тасыған кезде ағыстан жағаға қарай шығып қалған қураған, сынған бұтақтарды салынды деп атайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға