Намазга
05.12.2012 04:21
3720
Намазга, Намазғы, Намазғытөбе – көне дәуір ескерткіші (энеолит және қола дәуірі). Түркменстандағы Каахка т. ж. ст-нан батысқа қарай 7 км жерде. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 1 км-ге созылып жатқан үлкен төбе түрінде сақталған. Жалпы ауд. 70 ш. м жерді алып жатыр. Мәдени қабаттардың қалыңдығы 34 м. 1940 жылдардың соңынан бастап М.Е. Массон, Б.А. Литвинский, Б.А. Куфтин, В.М. Массон, т.б. зерттеді. Намазга-1, -2, -3, -4, -5, -6 деп аталатын алты мәдени қабаттан тұрады. Қыш ыдыстар, домалақ басты мыс түйреуіштер, террекоталы әйел бейнелері жиі кездескен намазга-1 қабаты (б.з.б. 5-мыңжылдықтың 2-жартысы мен 4-мыңжылдықтың басы) кешеннің алғашқы қалыптасу кезеңін көрсетеді. Бұл қабаттың қалыңдығы 7 – 10 м. Қоныс ауданы 10 га жерді алып жатыр намазга-2 (б.з.б. 4-мыңжылдықтың басы мен ортасы) кезеңінде Алтынтөбе, т.б. ескерткіштерді қамтитын батыс тобы ерекшеленеді. Бұл кезеңде қара және қызыл түсті геом. оюлары бар сәнді, бояулы қыш тараған және бидай мен арпа дақылдарына негізделген суармалы егіншілік неғұрлым толық орныққан.
Соңғы энеолитке жататын намазга
Соңғы энеолитке жататын намазга-3 (б.з.б. 4-мыңжылдықтың соңы – 3-мыңжылдықтың басы) кезеңінде мәдениет дамуында ірі өзгерістер орын алған. Тамаша өнер туындыларына жататын сәнді қыш ыдыстар кең тарап, әйелдердің отырған бейнелері, сондай-ақ ер адамның бейнелері пайда болған.
Ерте қола дәуір жататын намазга
Ерте қола дәуіріне жататын намазга-4 кезеңінде (б.з.б. 2900 – 2300 ж.) қышшы дөңгелегі пайда болып, кезеңнің соңына қарай толығынан тараған. Балшықтан жасалған, түйе жеккен арба бейнелері пайда болған. Орта қола дәуіріне жататын намазга-5 (б.з.б. 3-мыңжылдықтың соңы – 2-мыңжылдықтың басы) кезеңінде урбанизацияланған мәдениет қалыптасты. Қоныс ірі мәдени және өндірістік орталыққа айналып, Ежелгі Шығыс өркениетінің қалыптасуымен ерекшеленетін жаңа дәуір көрініс берді. намазга-6 кезеңінде (б.з.б. 2-мыңжылдық) құлдырау процестері жүрді. Миграциялық әсерлер, яғни сыртқы тайпалардың жылжулары мен қоныс аударулары байқалады. Кейбір деректер осы соңғы кезеңде намазга мәдениетіне Қазақстанның қола дәуірі тайпаларының әсері болғанын көрсетеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Кәсіпкерлік