Кәсіподақ
КӘСІПОДАҚ, кәсіби одақтар – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеум.-экон. құқтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар; қызметінің сипаты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қарай ұйымдасқан азаматтардың бұқаралық ерікті қоғамдық бірлестіктері. К. ұйымдары азаматтардың еңбек қатынастарында, жұмыспен қамтылуға, жұмысқа қабылдауға және жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, жалақының мөлшеріне, т.б. байланысты туындаған мәселелерін шешуде елеулі рөл атқарады. К-тар Бат. Еуропа мен АҚШ-та өзара көмек қоғамдары ретінде 18 ғ-дың аяғында пайда болды. Францияда жұмысшы қоғамдары, АҚШ-та жұмысшы қауымдастықтары құрыла бастады. Германия мен Еуропаның басқа да елдерінде 19 ғ-дың 30 – 40-жылдары құрылған жұмысшы қауымдастықтары жұмыскерлердің еңбек ету жағдайларын, жалақысы, тұрмысы, мәдениеті, демалысы, т.б. мұқтаждары салаларындағы мүдделерін қорғауды көздеді, олар нақты істерімен өздерінің дербес саяси күш екендігін көрсетті. Дамыған елдерде К-тар 19 ғ-да заңдастырылды. 1905 ж. К-тардың одақаралық органдары – Орталық бюролар құрылды. Аса ірі халықар. К. орталықтары: Кәсіподақтардың дүниежүзілік федерациясы, Ерікті кәсіподақтардың халықар. конфедерациясы және Дүниежүз. еңбек конфедерациясы.

