Керней
Керней – қазақ халқының үрмелі музыкалық аспабы. Кернейді әскери жорықтарда атой шақырушы, хабар беруші ретінде, сондай-ақ, хандар мен әскер басыларын күтіп алу салтанаты кезінде қолданған. Керней аспабының ел арасында таралуын белгілі аспаптанушы Б.Сарыбаев ең алғаш ғылыми негізде дәлелдеді. Керней аспабы әр түрлі көлемде жасалады. Жұмыр ағашты дәл ортасынан қақ бөліп, өзегін ойын шығарып, іші тегістеліп тазартылады. Тегістеліп болған соң, біріне-бірі желімделінеді. Жұмырланып келген шанағынын сырты жылқы қылынан жасалған шашақпен әшекейленеді. Шашақ арнайы жасалған қайысқа бекітіледі. Ең алғаш Керней аспабын композитор И.Тілендиев "Қыз Жібек" фильміне қолданды. Дыбысы зор Керней Орта Азия халықтарында әскери музыкалық аспабы ретінде тартылады. Әр халықтағы Кернейлердің үлгі-нұсқасы ұқсас болғанымен аталуы, жасалуы бөлек. Керней аспабының аталуы әр тілде әртүрлі аталады. Өзбектерде - карнай, ұйғырларда -супнай, най деп те аталады.

