Жаңалықтар

Әдебиет ескілігін жинаушыларға

Әдебиет ескілігін жинаушыларға Қазақ әдебиетінің шашылып жатқан жұрнақтарын жинап, арнаулы бағасын беріп, тиісті орын-орнына тарату — бүгінгі күнде қазақ тіліне қызмет қылып жүрген жұрттың барлығына да бір жалпы міндет сияқты. Шаң басып жатқан ескілікті жинап, басын құрап, көпшіліктің мүлкі қылып беру жалғыз ғана әдебиетті сүюшіліктен тумайды. Жақын жердегі алдыңғы керегі әдебиетті сүйетін қазақ оқушысына ой, сезім азығын беру болса, одан кейінгі зор пайдасы қазақ тілінің қалыптанып, нығайып өзіне біткен көркі мен күшін.жинау үшін керек. Көрік пен күш жинау елдің ішкі байлығын сыртқа шығарып, бетін ашады. Өткен заманның қадірлілері талайдан келе жатқан кәрі қазақтың бұл күнге шейін көмескі болып келген ақыл, сезім жолындағы бітімін айқын көрсетеді. Талайдан қалыптанған ой тұлғасын көзге елестетеді. Қазақтың өткен күндегі тұлғасы айқындалмай, келешегінің беті ашылмайды. Өткен күннің ұғымы мен нанымы, әдебі мен салты анықталып өкшелмесе, алдыңғыға бет түзелмейді. Ирегі мен бұраңы көбейеді. Қай жұрттың қай түрдегі өнерін алсақ та, артындағы қоры жиналмай, алдына қарай заулап кеткен емес. Бұл туралы бүгінгі еңбекшіл әдебиетінің өзін мысалға алсақ та: «Біздің де артымызда ой тербететін ертегіміз бар, мифіміз бар. Алдымызда зор сеніммен күткен келешегіміз бар, магиямыз бар. Ертегіміз жер дүниені меңгерген ұлы еңбек ертегісі. Алдымыз сол еңбектің адам қауымын баққа жеткізетін келешегі», — дейді. Ескілікті тірілтудің үшінші зор керегі мектеп үшін. Әрбір мектеп нағыз ұлт мектебі болуы үшін екі діңгекке тіреледі. Біреуі сол елдің тілі, екіншісі тарихы. Осы екі тараудағы білімменен әрбір мектептің бір ұлтқа тиісті болған пішіні қаралады. Қазірде қазақ мектебінде тіл әңгімесі бірінші сатыдағы істі істеп келеді. Жазу мен оқу жолында ана тілінің іргесін нығайтып, соны құрап келеді. Тілге арналған қызмет онымен бітпейді. Бұл тілдің қара қызметін атқарып келе жатқан мезгіліміз. Тіл оқуы жалғыз осы сатысында тұрып қалса, ол қалыптасқан өнер сияқты ақыл, сезім жемісі болып ой азық бере алмайды. Тіл оқуына әдебиет заңы, әдебиет тарихы ісін талдау барып қосылған күнде ғана тіл оқуы өнерге, білімге айналады. Онан соң әдебиет ескілігін түгел тірілтіп, жинап алып талғау жалғыз әдебиеттің өз керегін орындап, жоғарғы айтқан керекке жарап қоймайды. Орыс академигі А. Н. Веселовский: «Қай жұрттың ескілігін алсақ та әдебиет ауданы көпке бірдей кең алқап, оған неше тарау өнердің неше алуан адамдары бір соқпай кете алмайды. Сол көп мергеннің бәрінің де іздеген керегі әдебиеттен .аз көп болса да табылып отырады», — деген. Шынында ескі әдебиеттен мағлұматты кім алмайды? Санасақ әдебиетшінің өзінен басқа: тарихшы, шаруа білгіші, тәрбиеші, заң білгіштері, мәдениет тарихшысы, тағы толып жатқан көпшіліктің бәрі де сөзін білсе, әдебиет мағлұматын бере де біледі. Ескі грек, Рим жұртының тарих көзі жетпейтін кәрі заманында, құлдық дәуірінде болған елдің салт-санасы қандай түрде болғандығы туралы бірталай мағлұматты Гомер өлеңдері беріп отырғаны көпке мәлім. Сол сияқты қазақ әдебиеті де құр ғана өлең, жыр болып қоймай, ескі заң, ескі мінез, ескі білім тәжірибені білдірудің үстіне, қазақтың шаруа тіршілігі мен тұрмыс түрінен туатын ұғымын да айқын көрсетеді. Көшпелі салт бақташылық кәсібі қазақ елінің ой-сезімін, мінезі мен ұғымын өзгеден бөлек пішінде қалыптаған. Қазақтың алғашқы өзгешелігінен туатын айқын бөлек, тұлғасы бар. Ерекше біткен ұлы денелі қол батыры, жан батыры болған геройы мен героинялары бар. Бақташылық кәсібінің дәл езінен туған шаруа геройы Қодар бұл сөздерге дәлел. Мол денелі алып бақташы бұрынғы жағалай шабыс заманындағы Қобыланды, Тарғыннан кем бағаланбайды. Бір кезде бар мақтанды батырға беріп: Таңертең шапса, кешке озған, Ылдидан шапса, төске озған, Томаға көзді қасқа азбан, —  десе, Қодарға келгенде сол сияқты қиял қылған қара шаруаның қайраткерін еңбегіне сүйсіне жырлап: Күнімен құдық аршып, түске шейін, Сондай құдық қазады беске шейін, Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ. Меспен тасып толтырар кешке шейін, — деп жазғы еңбегін айтып өтіп, қысқа келгенде тағы бір қырға мініп кететін Қодарды: Жылқыға тіпті жайлы Қодар маман, Сырт дұшпан бата алмайды ол бір қабан. Қодекең шүйгітеді қайдағы отқа Жылқысы семіз шықты есен-аман,— дейді. Қодар пішінінде қазақтың көшпелі тұрмысынан туатын қиялы мен тілегінің бір жерге жиналған мол денелі жиынтығын көрмеуге болмайды. Іздеуші, сынаушы болса, қазақ ескілігінен бұдан басқа да талай жаңалықты ашуына күмән жоқ. Сондықтан осы айтылған неше тараулы керегі мен пайдасын санап келіп, ендігі айтылатын жалғыз-ақ сөз: сол қазақтың жоғалып, ұмытылып, тозып бара жатқан сұлу өнерін қайта жинап, тірілту керек деген ғана сөз болады. Бұл іс бір-ақ беттегі адамдардың міндеті емес, оқи біліп, жаза білген бар қазақ баласының міндеті. Бұл жолда ең алдыңғы тілекті ел ішінде ескі сөзді білетін кәрі құлақтарға айтамыз. Жазу білгендері ойында жүрген асыл жұрнақтардың бағасын ұғынып өз бетімен жазса, болмаса жаза білетін баласы, інісі сияқты жастарға жазғызса, не болмаса елге әдейі шығайын деп отырған оқушы, оқытушы жастарға жазғызса, сол іс өз міндетін атқарып, қазақтың елдігіне кәрі қолымен қосқан бір бағалы әлем байлығындай еңбек болар еді. Ел ішіндегі ескі сөзді білетін адамдар жаздың қол бос болатын кең күнінде, даяр жазушыға айтып отырып ұзақ өлең, әңгімелер болса да жазғызуы қиын болмас еді. Сол жұмысты істер еді. Осы үмітті ақтар еді деп сенеміз. Сондықтан биыл жаз Семейдің техникумынан ел ішіндегі сауатсыздықты жоюға шығатын 100 шәкіртке осы нұсқауды қолданатын жоба қылып беріп, ел ескілігін жинап әкелуді тапсырып отырмыз. Бұл кез шәкірт Семей губерниясының барлық бұрыш-бұрышына саны жеткенше тарамақшы. Талай жерде елеусіз жүрген бағалы сөзді жарыққа салмай, ішінде әкетіп бара жатқан кәрі құлақтарға кездеспекші. Сондықтан күзге қарсы сол шәкірттер арқылы көп қадірлі сәлемдемені қалың елден күтеміз. Енді қазақ әдебиеті мен тарихына жанасатын ескіліктің қандай түрлерін жинау керек, соған келейік. Бұл туралы Семейдің губерниялық методический көдесі мен қазақ техникумында жасалған мына нұсқаны ұсынамыз: Әдебиет жайынан жазып алатындары: 1. Алдымен ел ішінде кездесетін барлық батырлар әңгімесі. Бұлардың ішінде әсіресе қалдырмайтындар: «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қобыланды», «Едіге», «Шора», «Алпамыс» сияқтылар. Бұларды түгел білуші болса білген жерлерін жазып алу керек. Бұл әңгімелердің өлеңмен айтылуы шарт емес: қара сөзбен болса да алу керек. 2. Ескі жиында айтысқан атақты ақындардың барлық айтысы. Айтысқан өлеңнің, мысалы, Кемпірбай мен Шөже, не салдар айтысы сияқтылар болады. 3. Ескі билердің ру тартысының үстінде, билік үстінде өлең, мәтел, тақпақпен ырғасқан сөздері. Мысалы, Ақтайлақ бидің сөзі, Сабырбайдың Солтабайға айтқан сездері. 4. Есім, Абылай сияқты көпке белгілі хандар жайындағы тарихи өлеңдер. Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбай сияқты бергі замандағы батыр жайындағы жорық өлеңдер. Осы сияқты атақты адамдардың жақыны арқылы солардың өмірбаянын, өмірінде кездескен белгілі үлкен уақиғаларын алу керек. Мысалы, Наурызбай мен Тілеуқабақ қызарының әңгімесі сияқты. 5. Қыз ұзатқанда айтылатын өлеңдер: жар-жар, бет ашар, қоштасу. 6. Салтпен байланысқан сыршылдық өлеңдері: естірту, қоштасу (өлім алдындағы қоштасу, жерге қоштасу, өткен дәуренге қоштасу). Жоқтау (хан өлгенде қарашының жоқтауы, қара кісі өлгенде үй ішінің жоқтауы). Бұндай өлеңдердің барлық кездескен түрлерін түгел жинау керек. Кім шығарды, қай заманда, кімге арналғаны жазылу керек. 7. Ақтабан шұбырынды сияқты аума-төкпе заманда басшылық еткен ру геройларының әңгімелері. Сол уақиғаның тұсынан қалған ескі өлең, жырлар. 8. Өзен, өлке, қоныс, мола, көл мен таулар атымен жалғасатын ертегіше әңгімелер (легендалар). 9. Қалмақ пен қазақ жаулығының тұсынан қалған, не болмаса, жақын рулармен жауласқан кезден қалған ескілікті әңгімелер. Көзкөргеннің баяны (воспоминание). 10. Қазақтың Бұқар жырау, Шөже, Шортанбай, Жинақ, Кемпірбай сияқты ақындарының өмірбаянына тиісті мағлұматтар: қай рудан, қанша жасқа келіп өлген. Өлгеніне қанша болған. Өміріндегі ірі өзгерістер, әдеті, өлеңді көп айтқан мезгілі, кімдерге, нелерге арнап айтқан өлеңдері бар. Солар жиналуы керек. Бұл ерекше көңіл бөлетін мағлұматтардың бірі. Бұлардан басқа ертегі адамынша аталатын: Асан қайғы, Жиренше, Алдар Көсе, Қорқыт жайларындағы әңгімелер. Солар айтты деген өлең, тақпақ сөздер, өмірбаянына тиісті болатын әңгіме. Ескі атақты билер жайынан да жиналуға керек. Олар: Төле, Бекболат, ІІІоң, Торайғыр, Қазыбек, Ақтайлақ сияқтылар болады. 11. Атақты бақсылар жайындағы әңгімелер сарыны, күйлерінің аты, жындары жайындағы әңгімелер, жындарының аттары, істейтін міндеттері, бақсының сиынатын көмекшілері. Одан басқа қазақ әдетіндегі шаманизм сарқыттары: «жұп шырақ», ақ шашу, аластау, ұшықтау, отқа май құю, айтылатын сөздер тағы осы сияқты сақталып қалған ескі әдеттер. Наурыз сияқты мейрамға арналған өлеңдер, жарапазан өлеңдері. 1916 жыл уақиғаларымен жалғас туған әңгіме, өлең сияқты сымбатты сөздер. 1917 жыл өзгерісінен бергі уақиғалар туғызған өлең, жырлар, әңгімелер. Тарих жайынан жазып алатындары: 1. Әрбір рудың шежіресі, рудың қазіргі туған жерге қайдан келіп, қандай уақиғалардың есебінен келгендігі. Бұрынғы жер иелері, сол замандағы ру басшысы мен батырлары. 2. Орысқа бағынбай хан билеп тұрған заманды білдіретін әңгімелер. Аға сұлтандар билік сүрген кездің әңгімесі. Бұрынғы шербешнай съездер. Көп ру бас қосысқанда жасалған уақытша ережелер. 3. Руды қаратқан себеп. Кім басшы болған. Алғашқы қараған мезгілдің әңгімелері. 4. Қазақ даласының әр жеріне алғашқы келген переселендер. Алғашқы жер алуы. Ол кездегі қазақ пен келімсектер арасы. Алғашқы қағысулар. Бұл уақиғалардың тұсында рулардан шыққан ерлер. 5. 1916 жылдың сыртқы жайын білетін әңгімелер. Елдің берілгісі келмеген жалтағы, алысқа көшу, басшылары. Қарулы әскермен соқтығысу, соғыс суреттері. Көтерілістің арты. Miнe, осы сияқты жайлардан шама келгенше толық мағлұмат жиналуы керек. Жинаушыға қойылатын шарт: барлық сөз айтушының дәл өз аузынан шыққан қалпында ғана жазылуы керек. Бұл сияқты іс басқа губернияларда да болар. Жаз елге қайтатын шәкірттер мен мұғалімдер арқылы жиналатын мағлұмат аз болмайды, көп болады. Оқушы мен оқытушы — біздегі өзінше көп халықтың бірі. Сондықтан олар арқылы қай губерния болса да дағды қылар. Біздің қазірде айрықша осы жұмысқа шақыратын жеріміз — Қарқаралыдағы қазақ техникумы. Семей шәкірттері Қарқаралыға бармайды. Ол уезд түгелімен сондағы техникумның міндетінде. Сондықтан осы істі қолданып, күздігүні мағлұмат туралы Семей техникумымен айрықша қатынас жасау керек. Мұхтар Әуезов
05.12.2012 03:36 4847

Әдебиет ескілігін жинаушыларға

Қазақ әдебиетінің шашылып жатқан жұрнақтарын жинап, арнаулы бағасын беріп, тиісті орын-орнына тарату — бүгінгі күнде қазақ тіліне қызмет қылып жүрген жұрттың барлығына да бір жалпы міндет сияқты.

Шаң басып жатқан ескілікті жинап, басын құрап, көпшіліктің мүлкі қылып беру жалғыз ғана әдебиетті сүюшіліктен тумайды. Жақын жердегі алдыңғы керегі әдебиетті сүйетін қазақ оқушысына ой, сезім азығын беру болса, одан кейінгі зор пайдасы қазақ тілінің қалыптанып, нығайып өзіне біткен көркі мен күшін.жинау үшін керек.

Көрік пен күш жинау елдің ішкі байлығын сыртқа шығарып, бетін ашады. Өткен заманның қадірлілері талайдан келе жатқан кәрі қазақтың бұл күнге шейін көмескі болып келген ақыл, сезім жолындағы бітімін айқын көрсетеді. Талайдан қалыптанған ой тұлғасын көзге елестетеді. Қазақтың өткен күндегі тұлғасы айқындалмай, келешегінің беті ашылмайды. Өткен күннің ұғымы мен нанымы, әдебі мен салты анықталып өкшелмесе, алдыңғыға бет түзелмейді. Ирегі мен бұраңы көбейеді. Қай жұрттың қай түрдегі өнерін алсақ та, артындағы қоры жиналмай, алдына қарай заулап кеткен емес. Бұл туралы бүгінгі еңбекшіл әдебиетінің өзін мысалға алсақ та:

«Біздің де артымызда ой тербететін ертегіміз бар, мифіміз бар. Алдымызда зор сеніммен күткен келешегіміз бар, магиямыз бар. Ертегіміз жер дүниені меңгерген ұлы еңбек ертегісі. Алдымыз сол еңбектің адам қауымын баққа жеткізетін келешегі», — дейді.

Ескілікті тірілтудің үшінші зор керегі мектеп үшін. Әрбір мектеп нағыз ұлт мектебі болуы үшін екі діңгекке тіреледі. Біреуі сол елдің тілі, екіншісі тарихы. Осы екі тараудағы білімменен әрбір мектептің бір ұлтқа тиісті болған пішіні қаралады.

Қазірде қазақ мектебінде тіл әңгімесі бірінші сатыдағы істі істеп келеді. Жазу мен оқу жолында ана тілінің іргесін нығайтып, соны құрап келеді. Тілге арналған қызмет онымен бітпейді. Бұл тілдің қара қызметін атқарып келе жатқан мезгіліміз. Тіл оқуы жалғыз осы сатысында тұрып қалса, ол қалыптасқан өнер сияқты ақыл, сезім жемісі болып ой азық бере алмайды.

Тіл оқуына әдебиет заңы, әдебиет тарихы ісін талдау барып қосылған күнде ғана тіл оқуы өнерге, білімге айналады.

Онан соң әдебиет ескілігін түгел тірілтіп, жинап алып талғау жалғыз әдебиеттің өз керегін орындап, жоғарғы айтқан керекке жарап қоймайды. Орыс академигі А. Н. Веселовский: «Қай жұрттың ескілігін алсақ та әдебиет ауданы көпке бірдей кең алқап, оған неше тарау өнердің неше алуан адамдары бір соқпай кете алмайды. Сол көп мергеннің бәрінің де іздеген керегі әдебиеттен .аз көп болса да табылып отырады», — деген.

Шынында ескі әдебиеттен мағлұматты кім алмайды? Санасақ әдебиетшінің өзінен басқа: тарихшы, шаруа білгіші, тәрбиеші, заң білгіштері, мәдениет тарихшысы, тағы толып жатқан көпшіліктің бәрі де сөзін білсе, әдебиет мағлұматын бере де біледі. Ескі грек, Рим жұртының тарих көзі жетпейтін кәрі заманында, құлдық дәуірінде болған елдің салт-санасы қандай түрде болғандығы туралы бірталай мағлұматты Гомер өлеңдері беріп отырғаны көпке мәлім.

Сол сияқты қазақ әдебиеті де құр ғана өлең, жыр болып қоймай, ескі заң, ескі мінез, ескі білім тәжірибені білдірудің үстіне, қазақтың шаруа тіршілігі мен тұрмыс түрінен туатын ұғымын да айқын көрсетеді. Көшпелі салт бақташылық кәсібі қазақ елінің ой-сезімін, мінезі мен ұғымын өзгеден бөлек пішінде қалыптаған. Қазақтың алғашқы өзгешелігінен туатын айқын бөлек, тұлғасы бар. Ерекше біткен ұлы денелі қол батыры, жан батыры болған геройы мен героинялары бар.

Бақташылық кәсібінің дәл езінен туған шаруа геройы Қодар бұл сөздерге дәлел. Мол денелі алып бақташы бұрынғы жағалай шабыс заманындағы Қобыланды, Тарғыннан кем бағаланбайды.

Бір кезде бар мақтанды батырға беріп:

Таңертең шапса, кешке озған,

Ылдидан шапса, төске озған,

Томаға көзді қасқа азбан, — 

десе, Қодарға келгенде сол сияқты қиял қылған қара шаруаның қайраткерін еңбегіне сүйсіне жырлап:

Күнімен құдық аршып, түске шейін,

Сондай құдық қазады беске шейін,

Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ.

Меспен тасып толтырар кешке шейін, —

деп жазғы еңбегін айтып өтіп, қысқа келгенде тағы бір қырға мініп кететін Қодарды:

Жылқыға тіпті жайлы Қодар маман,

Сырт дұшпан бата алмайды ол бір қабан.

Қодекең шүйгітеді қайдағы отқа

Жылқысы семіз шықты есен-аман,—

дейді.

Қодар пішінінде қазақтың көшпелі тұрмысынан туатын қиялы мен тілегінің бір жерге жиналған мол денелі жиынтығын көрмеуге болмайды.

Іздеуші, сынаушы болса, қазақ ескілігінен бұдан басқа да талай жаңалықты ашуына күмән жоқ.

Сондықтан осы айтылған неше тараулы керегі мен пайдасын санап келіп, ендігі айтылатын жалғыз-ақ сөз: сол қазақтың жоғалып, ұмытылып, тозып бара жатқан сұлу өнерін қайта жинап, тірілту керек деген ғана сөз болады.

Бұл іс бір-ақ беттегі адамдардың міндеті емес, оқи біліп, жаза білген бар қазақ баласының міндеті. Бұл жолда ең алдыңғы тілекті ел ішінде ескі сөзді білетін кәрі құлақтарға айтамыз.

Жазу білгендері ойында жүрген асыл жұрнақтардың бағасын ұғынып өз бетімен жазса, болмаса жаза білетін баласы, інісі сияқты жастарға жазғызса, не болмаса елге әдейі шығайын деп отырған оқушы, оқытушы жастарға жазғызса, сол іс өз міндетін атқарып, қазақтың елдігіне кәрі қолымен қосқан бір бағалы әлем байлығындай еңбек болар еді. Ел ішіндегі ескі сөзді білетін адамдар жаздың қол бос болатын кең күнінде, даяр жазушыға айтып отырып ұзақ өлең, әңгімелер болса да жазғызуы қиын болмас еді. Сол жұмысты істер еді. Осы үмітті ақтар еді деп сенеміз.

Сондықтан биыл жаз Семейдің техникумынан ел ішіндегі сауатсыздықты жоюға шығатын 100 шәкіртке осы нұсқауды қолданатын жоба қылып беріп, ел ескілігін жинап әкелуді тапсырып отырмыз. Бұл кез шәкірт Семей губерниясының барлық бұрыш-бұрышына саны жеткенше тарамақшы. Талай жерде елеусіз жүрген бағалы сөзді жарыққа салмай, ішінде әкетіп бара жатқан кәрі құлақтарға кездеспекші. Сондықтан күзге қарсы сол шәкірттер арқылы көп қадірлі сәлемдемені қалың елден күтеміз.

Енді қазақ әдебиеті мен тарихына жанасатын ескіліктің қандай түрлерін жинау керек, соған келейік. Бұл туралы Семейдің губерниялық методический көдесі мен қазақ техникумында жасалған мына нұсқаны ұсынамыз:

Әдебиет жайынан жазып алатындары:

1. Алдымен ел ішінде кездесетін барлық батырлар әңгімесі. Бұлардың ішінде әсіресе қалдырмайтындар: «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қобыланды», «Едіге», «Шора», «Алпамыс» сияқтылар. Бұларды түгел білуші болса білген жерлерін жазып алу керек. Бұл әңгімелердің өлеңмен айтылуы шарт емес: қара сөзбен болса да алу керек.

2. Ескі жиында айтысқан атақты ақындардың барлық айтысы. Айтысқан өлеңнің, мысалы, Кемпірбай мен Шөже, не салдар айтысы сияқтылар болады.

3. Ескі билердің ру тартысының үстінде, билік үстінде өлең, мәтел, тақпақпен ырғасқан сөздері. Мысалы, Ақтайлақ бидің сөзі, Сабырбайдың Солтабайға айтқан сездері.

4. Есім, Абылай сияқты көпке белгілі хандар жайындағы тарихи өлеңдер. Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбай сияқты бергі замандағы батыр жайындағы жорық өлеңдер.

Осы сияқты атақты адамдардың жақыны арқылы солардың өмірбаянын, өмірінде кездескен белгілі үлкен уақиғаларын алу керек. Мысалы, Наурызбай мен Тілеуқабақ қызарының әңгімесі сияқты.

5. Қыз ұзатқанда айтылатын өлеңдер: жар-жар, бет ашар, қоштасу.

6. Салтпен байланысқан сыршылдық өлеңдері: естірту, қоштасу (өлім алдындағы қоштасу, жерге қоштасу, өткен дәуренге қоштасу). Жоқтау (хан өлгенде қарашының жоқтауы, қара кісі өлгенде үй ішінің жоқтауы). Бұндай өлеңдердің барлық кездескен түрлерін түгел жинау керек. Кім шығарды, қай заманда, кімге арналғаны жазылу керек.

7. Ақтабан шұбырынды сияқты аума-төкпе заманда басшылық еткен ру геройларының әңгімелері. Сол уақиғаның тұсынан қалған ескі өлең, жырлар.

8. Өзен, өлке, қоныс, мола, көл мен таулар атымен жалғасатын ертегіше әңгімелер (легендалар).

9. Қалмақ пен қазақ жаулығының тұсынан қалған, не болмаса, жақын рулармен жауласқан кезден қалған ескілікті әңгімелер. Көзкөргеннің баяны (воспоминание).

10. Қазақтың Бұқар жырау, Шөже, Шортанбай, Жинақ, Кемпірбай сияқты ақындарының өмірбаянына тиісті мағлұматтар: қай рудан, қанша жасқа келіп өлген. Өлгеніне қанша болған. Өміріндегі ірі өзгерістер, әдеті, өлеңді көп айтқан мезгілі, кімдерге, нелерге арнап айтқан өлеңдері бар. Солар жиналуы керек. Бұл ерекше көңіл бөлетін мағлұматтардың бірі. Бұлардан басқа ертегі адамынша аталатын: Асан қайғы, Жиренше, Алдар Көсе, Қорқыт жайларындағы әңгімелер. Солар айтты деген өлең, тақпақ сөздер, өмірбаянына тиісті болатын әңгіме. Ескі атақты билер жайынан да жиналуға керек. Олар: Төле, Бекболат, ІІІоң, Торайғыр, Қазыбек, Ақтайлақ сияқтылар болады.

11. Атақты бақсылар жайындағы әңгімелер сарыны, күйлерінің аты, жындары жайындағы әңгімелер, жындарының аттары, істейтін міндеттері, бақсының сиынатын көмекшілері.

Одан басқа қазақ әдетіндегі шаманизм сарқыттары: «жұп шырақ», ақ шашу, аластау, ұшықтау, отқа май құю, айтылатын сөздер тағы осы сияқты сақталып қалған ескі әдеттер.

Наурыз сияқты мейрамға арналған өлеңдер, жарапазан өлеңдері.

1916 жыл уақиғаларымен жалғас туған әңгіме, өлең сияқты сымбатты сөздер.

1917 жыл өзгерісінен бергі уақиғалар туғызған өлең, жырлар, әңгімелер.

Тарих жайынан жазып алатындары:

1. Әрбір рудың шежіресі, рудың қазіргі туған жерге қайдан келіп, қандай уақиғалардың есебінен келгендігі. Бұрынғы жер иелері, сол замандағы ру басшысы мен батырлары.

2. Орысқа бағынбай хан билеп тұрған заманды білдіретін әңгімелер. Аға сұлтандар билік сүрген кездің әңгімесі. Бұрынғы шербешнай съездер. Көп ру бас қосысқанда жасалған уақытша ережелер.

3. Руды қаратқан себеп. Кім басшы болған. Алғашқы қараған мезгілдің әңгімелері.

4. Қазақ даласының әр жеріне алғашқы келген переселендер. Алғашқы жер алуы. Ол кездегі қазақ пен келімсектер арасы. Алғашқы қағысулар. Бұл уақиғалардың тұсында рулардан шыққан ерлер.

5. 1916 жылдың сыртқы жайын білетін әңгімелер. Елдің берілгісі келмеген жалтағы, алысқа көшу, басшылары. Қарулы әскермен соқтығысу, соғыс суреттері. Көтерілістің арты.

Miнe, осы сияқты жайлардан шама келгенше толық мағлұмат жиналуы керек. Жинаушыға қойылатын шарт: барлық сөз айтушының дәл өз аузынан шыққан қалпында ғана жазылуы керек. Бұл сияқты іс басқа губернияларда да болар. Жаз елге қайтатын шәкірттер мен мұғалімдер арқылы жиналатын мағлұмат аз болмайды, көп болады. Оқушы мен оқытушы — біздегі өзінше көп халықтың бірі. Сондықтан олар арқылы қай губерния болса да дағды қылар.

Біздің қазірде айрықша осы жұмысқа шақыратын жеріміз — Қарқаралыдағы қазақ техникумы. Семей шәкірттері Қарқаралыға бармайды. Ол уезд түгелімен сондағы техникумның міндетінде. Сондықтан осы істі қолданып, күздігүні мағлұмат туралы Семей техникумымен айрықша қатынас жасау керек.

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға