Әл-Бұхари
05.12.2012 03:33
8142
Имамның толық аты-жөні—Мұхаммед ибн Исмаил ибн Ибраһим ибн Муғира ибн Бардизбаһ әл-Бұхари әл-Жуғфи, күния есімі—Әбу Абдуллаһ.
Имам Бұхари
Мұхаммед бин Исмаил Әбу Абдаллах әл-Жуфи әл-Бұхари (810 — 870) — діни қайраткер, каламшы ғалым. Бұхарада иран тектес әулетте дүниеге келіп, Хартанка (Самарқан қ-ның маңайы) елді мекенінде қайтыс болды. 10 жасында хадистерді (Пайғамбар туралы аңыздар) оқып үйрене бастаған Бұхари ғажайып зерделілігімен көзге түседі.Хадистерді жасөспірім кезінде Меккеге қажылық сапарында жинап келіп, кейіннен халифаттың түкпір-түкпірін аралап (Мысыр, Ирак, Хорасан, т.б.), хадистерді жан-жақты зерттеді. Ол мыңнан астам шейхтардан хадистер тыңдаған. Бұхари Мұхаммед пайғамбар туралы айтылған ең анық (сахих) аңыздарды жинақтауды мақсат етті. Сол кездегі мұхаддистерге тән сыншылдықпен жұртшылыққа сол заманда кең тараған 600 мың хадисті, сонымен қатар хабаршылардан өзі жазып алған тағы да 200 мың хадисті зерттеуден өткізіп, олардың ішінен еш мінсіз, шыншыл деп тек 7400 хадисті іріктеп алады. Солардың “әл-Жами ас-Сахих” жинағын түзді, оны әдетте қысқаша “ас-Сахих” деп атайды. Б-дің “ас-Сахих” жинағы мұсылман әлемінде танымал “Алты (шыншыл) кітап” (“Әл-кутуб ас-ситта”) деп аталатын хадистер жинақтарының қатарына жатады. Қалған бесеуі — “Мүслим әл-Кушайри”, “Әбу Дауд ас-Сиджистани”, “Мұхаммад ат-Тирмизи”, “ән-Насан” және “Ибн Мәджи” жинақтарында Б. өз жағынан хадистерді алғаш рет сюжет (оқиғалар желісі) бойынша құрастырып, бұрын кездеспеген Пайғамбар мен сахабалардың өмірбаянына байланысты, сол сияқты тарихи, этнографиялық материалдарды ұсынды. “ас-Сахих”мұсылман елдерінде көп мәрте қайта басылды, сол сияқты ағылшын, француз, т.б. тілдерге де аударылған. Сүнниттер үшін “ас-Сахих” Құраннанкейінгі екінші кітап болып есептеледі. 20 ғ-дың 90-жылдарында Б-дің отаны Өзбекстанда ғұлама есімі қайта жаңғырып, оның хадистер жинағы өзбек тіліне аударылып, жарық көрді. Бұхари сондай-ақ, хадистерді жеткізушілердің ғұмырнамаларынан тұратын “ат-Тарих әл-кабир” еңбегінің және Құранға түсіндірменің (“Тәфсир әл-Құран”) де авторы.
Дүниеге келуі мен өмір жолы
Имам әл-Бұхари һижра жыл санағы бойынша 194 жылы шәууәл айының он бірінде, жұма күні Бұхарада дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған оған Бұхарадағы бір мешіттің имам-хатибы болған атасы жастайынан діни тәрбие берген. Ол балалық шағының бас кезінде көзі көрмей, соқыр боп қалады. Біраз уақыт өткен соң анасы түсінде Ибраһим пайғамбарды (аләйһис-сәләм) көреді. Ол: «Ей, пәленше! Көп жалбарынуың себепті Аллаһ балаңның көз жанарын қайтарды»,—дейді. Аллаһ тағала оған бала кезінен-ақ хадистерді жаттап алу қабілетін дарытты. Әбу Жағфар әл-Уаррақ: «Бірде Әбу Абдуллаһ: әл-Бұхаридан «Сен хадистерді қалай оқып-үйрене бастадың?» деп сұрағанымда, ол: «Он жасымда не одан да ертерек хадистерді оқып-үйренуді бастаған кезімде, маған оларды жаттап алу қажеттігі туралы ой келді. Сосын медресені тастап, әртүрлі ұстаздардан білім ала бастадым. Он алты жасқа жеткен шағымда Ибн Мубарак пен Уакиғдың кітаптарын жатқа оқып, олардың айтқандарын ойға тоқып үлгердім. Содан кейін анам және ағам Ахмадпен бірге Меккеге бардық та, сол жерде хадистер жинау мақсатында тұрақтап қалдық. Сөйтіп, он сегіз жасқа келгенімде, сахабалар мен табиғиндер және олардың айтқандары жайлы мағлұматтарды сұрыптауға кірістім»,—деп айтты»,—деген. Әбу Абдуллаһ әл-Бұхари Меккеде төрт жыл тұрып, әйгілі мухаддис Ахмад ибн Ханбалдың басшылығымен хадистерді зерттеп, үйрене жүріп, белгілі дін ғұламаларымен кездеседі. Сосын сол кездегі Ислам халифатының астанасы, ғылыми оқу орталығы ретінде танылған Бағдатта бірнеше жыл өмір кешеді. Кейіннен Мысырға, Шамға, Самарқанға, Нишапурға сапар шегеді. Жүрген жерлерінің бәрінде жаңа хадистерді жинаумен және оларды жүйелеп жинақтаумен айналысады. Хадистерді іздеу барысында ол, өзінің айтуынша, мыңнан астам мухаддистермен жолығады, Таяу Шығыс пен Орта Азияның көптеген қалаларын аралайды.
Есте сақтау қабілетінің ерекшелігі
Аллаһ тағаланың оған кереметтей есте сақтау қабілетін дарытқаны оныңжас кезінде-ақ белгілі болған. Ол алты жасында-ақ Құранның көптеген сүрелерін жаттап алған. Хамид ибн Исмаил: «Әл-Бұхари Басрада, ол кезде балаң жігіт шағы, бізбен бірге хадис білгірлері саналған әртүрлі ғұламалардың сұхбатына қатысып жүрді, бірақ ол еш нәрсені жазып алмайтын. Біраз күндерден кейін оған «Сен бізбен бірге әртүрлі ғұламаларға барасың да, еш нәрсе жазбайсың. Неге бұлай етесің?» дедік. Он алты күн өткен соң ол бізге «Сендер тым көп сөйлеп, мазамды алдыңдар! Қане, не жазғандарыңды көрсетіңдерші» деді. Біз өзіміз жазған он бес мыңнан астам хадистерімізді алып ұсындық. Сонда ол оның бәрін жатқа айта бастады, тіпті біз қателерімізді оның айтқанына қарап түзетуге кірістік. Сосын ол: «Мені ғұламаларға уақытты босқа өткізіп, еріккеннен барып жүр деп ойлайсыңдар ма?»—деді. Содан кейін ешкімнің одан оза алмасына көзіміз жетті»,—деген. Әлі мұрты да тебіндемеген балаң жігіт шағында әл-Бұхаридан хадис тыңдағысы келген Басра тұрғындары соңынан қалмай, отыруға мәжбүрлеп, одан хадис тыңдайтын және олардың көпшілігі оның айтқандарын жазып алатын. Әл-Бұхаридың ерекше есте сақтау және айна-қатесіз дәл айту қабілетіне ие екендігінің тағы бір дәлелі оның Самарқанда төрт жүздей мухаддиспен кездескені туралы хабарда көрінеді. Олар Шам мен Ирак аймағындағы хадистердің иснадтарын араластырып, бір хадистің иснадын басқа хадистің мәтініне тіркеп, әл-Бұхариға оқып бергенде, ол қайсы мәтіннің қай иснадқа тиісті екенін көрсетіп, бәрін реттеп шыққан. Олардың ешқайсысы бірде-бір иснадтан не мәтіннен қателік немессе дәлсіздік таба алмаған. Осы секілді оқиға Бағдатта да қайталанған. Оның бір рет оқып шыққан кітабын жатқа соғатыны туралы да көптеген хабарлар бар.
Имамның қадір-қасиеттері
Имам әл-Бұхари өз өмірін бүтіндей ғылым мен құлшылыққа арнады. Ол: «Мен ешуақытта ешкімнен бір дирһам құнындай нәрсе сатып та алған емеспін және ешкімге бір дирһам құнындай нәрсе сатқан да емеспін»,—деп жиі айтатын. Бірде әл-Бұхаридан оның қалай нан сатып алатыны жайлы сұрағанда: «Мен оны біреуге тапсырамын. Сол сатып әкеп береді»,—деп жауап қайтарыпты. Имам өте арлылығымен, өжеттігімен, жомарттығымен, тақуалығымен, фәни дүниені тәрк етуі және мәңгілік өмірге ұмтылуымен ерекшеленген. Ол өзінің қадір-қасиеті мен абыройының аяқасты етілуіне жол бермеген. Сол замандағы әмірдің бірі баласының әл-Бұхаридан білім алғанын қалап, имамды алып келу үшін кісі жібергенде, ол әмірге «Білім іздеуші білім иесіне өзі келуі тиіс» деп сәлем жолдап, оған барудан бас тартқан. Бәкір ибн Мунирдің: «Бір күні Бұхараның әмірі Халид ибн Ахмад әз-Зухали имам Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхариға «Маған «әл-Жамиъ», «әт-Тарих» және басқа да кітаптарыңды алып кел, не жазғаныңды өз аузыңнан естиін» деп сәлем жолдап, кісі жібереді. Сонда әл-Бұхари оған жіберген адамы арқылы «Ақиқатында, мен білімді адамдардың есігіне апарып қорламаймын, егер білімнен әлденеге мұқтаж болсаң, онда мешітіме немесе үйіме өзің кел» деп жауап қайтарады»,—дегені туралы хабар бар. Басқа бір деректе: әмір әл-Бұхариға тек өзінің балаларын ғана хадиске үйретуді және ол мәжіліске басқа ешкімнің қатыспауын талап етіп кісі жұмсағанда, имам «Мен хадис тыңдауға біреулерді қатыстырып, екінші біреулерді қатыстырмай қоя алмаймын» деп сәлем жолдапты. Ол күндіз жиі ораза тұтып, түндерін құлшылыққа арнап, Құран оқитын әсіресе қасиетті рамазан айында ғибадатты арттыра түсетін. Әбу Бәкір әл-Бағдади Мәсих ибн Сағидтың: «Рамазанның алғашқы түні кіре салысымен Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхаридың үйіне жолдастары жиналатын да, ол әр ракағатта Құранның жиырма аятынан оқып, солармен бірге намаз оқитын және Құранды қатым қылғанша осылай жалғасатын»,—деп айтқанын баяндайды. Бір күні намаз оқып жатқанында имамның он жеті жерінен ара шағады. Намазын аяқтаған соң: «Қараңдаршы, намаз кезінде мені не мазалағанын»,—дейді. Адамдар қараса, денесінің он жеті жерінде араның шаққан ізі бар екен, имам сонда да намазын үзбепті.
Имам әл-Бұхари туралы ғұламалардың пікірлері
Имам әл-Бұхари туралы онымен замандас өмір сүрген ғұламалардың көпшілігі өте жақсы пікірде болған. Мысалы, оның хадис ғылымы саласында «Мүміндердің әміршісі» деген лақап атты иеленгенін айтсақ та жеткілікті. Бұл пікірге ешкім де қарсылық танытпаған. Бірде имам Муслим оның маңдайынан сүйіп: «Уа, ұстаздардың ұстазы, мухаддистердің мырзасы және хадистер ақауының емшісі, аяғыңды сүюіме рұқсат ет!»—деп, оған кездесудің өтеуі [7] жайлы хадиске қатысты сұрақ қойғанда, әл-Бұхари бұл хадистің олқылығын көрсетіп береді. Сонда Муслим: «Сені күншіл ғана жек көруі мүмкін! Бұл дүниеде саған тең келер ешкімнің жоғына куәлік беремін»,—депті. Биндар: «Мухаддистердің ең көрнектілері төртеу: рейлік—Әбу Зурға, нишапурлық—Муслим, самарқандық—әд-Дәрими және бұхаралық—әл-Бұхари»,—деп айтқан. Имам Ахмад: «Хорасандда оған тең келер ешкім болған емес»,—депті. Әли ибн әл-Мәдини: «Әл-Бұхари ешуақытта өзіне тең келер ешкімді кездестірген емес»,—десе, Исхақ ибн Раһауайһ: «Егер ол Хасанның кезінде өмір сүрсе де, адамдар оның хадистеріне және дүниетанымы мен фиқһқа қатысты біліміне сөзсіз мұқтаж болар еді»,—деген. Әбул-Аббас әд-Дағлауи Бағдад тұрғындарының әл-Бұхариға «Сен мұсылмандармен бірге тұрғанда олардан игілік кетпейді. Өзіңнен кейін сенен жақсы табылмайды, сенің орның әрдайым ойсырап тұрады» деген сөздер жазылған жолдау хат жібергенін айтады. Әбу Хатим әр-Рази: «Расында, ол—Бағдадқа келгендердің ең білімдісі»,—депті. Ибн Хузайма: «Мен бұл дүниеде Аллаһ елшісінің хадистері саласында әл-Бұхаридан артық хабары бар және хадистерді одан көбірек білетін ешкімді көрмедім»,—деп баға берген. Ал әт-Тирмизи: «Мен Иракта да, Хорасанда да тарихты әл-Бұхаридан артық білетін және хадистердің олқылықтары мен иснадын одан артық талдайтын бірде-бір адамды көрмедім»,—деген.
Өмірден озуы
Имам әл-Бұхари өмірінің аяқ шенінде туған қаласынан сол кезде шамамен Самарқаннан бір шақырым жердегі Хартанк елді мекеніне қоныс аударады. Сол жерде жанына жақын адамдардың арасында өмір сүріп, Аллаһ тағалаға «Мені Өз жағыңа ала гөр» деп жалбарынумен жүріпті. Өйткені бүлікшілер оған қауіп төндіруде еді, Пайғамбарымыз (с.а.у) да Аллаһ тағаладан бүлікшілердің қысасынан жиі пана сұрайтын. Содан көп уақыт өтпей ауырып, һижра жыл санағы бойынша 256 жылы сенбі күні, ораза айты мерекесі қарсаңында кешке құптан намазының уақыты кіргеннен кейін дүниеден озған. Келесі күні бесін намазынан соң жаназасы оқылған, Аллаһ тағала оны рақымына алғай және оған разы болғай!
Танымал ұстаздары мен шәкірттері
Имам әл-Бұхари хадистерді өзі барған түрлі елдердегі мыңнан астам ғұламалардан жеткізген. Бұл жерде оның ғұлама ұстаздары мен шәкірттерінің әрқайсысы туралы әңгімелеу былай тұрсын, олардың аттарын атап шығудың өзі мүмкін емес. Сондықтан ең танымалдарының ғана есімдерін атауды ұйғардық. Олар—Хаммад ибн Шәкир, Таһир ибн Махлид, Ахмад ибн Ханбал, Әли ибн әл-Мәдини, Мәккә ибн Ибраһим әл-Балхи, Абдуллаһ ибн Мұса әл-Абси, Әбу Бәкір ибн Хумәйди, Ибраһим ибн Мағқил, Әбу Талха ибн Әли ән-Нәсәфи, Ибраһим ибн Мунзир, Адам ибн Ияс, Абдан ибн Осман әл-Маруази, Әбу Асим әш-Шәйбәни және Яхия ибн Муғин.
Имам әл-Бұхари жинаған хадистерді жеткізушілердің көрнектілері:
1.Муслим ибн Хажжаж,
2.әт-Тирмизи,
3.ән-Нәсәи,
4.Ибраһим әл-Харби,
5.Ибн Әбу Дуния,
6.Әбу Хатим,
7.Абдуллаһ ибн Мұхаммед ибн Нәжиһ,
8.Хусейн ибн Исмаил әл-Махамили және басқалар.
Ән-Науауи: «Тоқсан мың адам «Сахихты» әл-Бұхаридың өз аузынан естіген»,—деп айтқан.
Аса маңызды және ең іргелі еңбектері
Имам әл-Бұхари артында «әл-Жамиъ әс-Сахих», «әл-Әсмә уә әл-Кунә», «әт-Тарих әл-Кәбир», «әс-Сунән фи әл-Фиқһ», «Халқ әфъал әл-Ибад», «әл-Әдәб әл-Муфрад» және «әл-Қира-а халф әл-Имам» т.б. көптеген еңбектер қалдырды. Солардың аса құндысы және шоқтығы биігі—«әл-Жамиъ әс-Сахих».
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Австралия