Авиация өнеркәсібі
05.12.2012 03:21
5845
Авиация өнеркәсібі – өнеркәсіптің арнаулы конструкторлық және өндірістік тәсілдермен авиация техникасын жасайтын саласы. 20 ғасырдың басында авиация техникасын игерудегі елеулі жетістіктер ұшу құралдарын көптеп шығаруды талап етті. Әсіресе 1-дүниежүзілік соғыс ұшу құралдарын әскери мақсатта кеңінен пайдаланудың мол мүмкіндіктерін ашып берді. Соғыста аэростаттармен қатар, ішінде зеңбіректер орнатылған, бомба салынған шағын ұшу аппараттарының қолданылуы авиация өндірісін өрістетуге кең жол ашты. Еуропаның көптеген елдерінде жаңа авиация зауыттары салынды. Ауыр ұшақтар жасаудан Ресей 1-орын алды. Авиаконструктор Игорь Сикорский жасаған (1913) төрт моторлы «Илья Муромец» ауыр ұшағы 800 кг бомба, 5 – 6 зеңбірек, 8 адам көтеретіндіктен өте тиімді болып шықты. Су бетіне қона алатын ұшақтармен қатар француздардың «Фраман», «Вуазен», «Ньюпор» ұшақтары, ағылшынның «Сопвич», немістің «Фоккер» ұшақтарының осы кезеңде көптеп шығарылуы авиация өнеркәсібінің өркендеуіне пәрменді ықпал жасады. 1914 ж. Франция 540 ұшақ, 1100 авиация қозғалтқышын шығарды. 1917 ж. Ресейде шағын 15 авиазауыт жұмыс істеді. Чехословакия, Польша, Қытай, АҚШ, Англия мен Франция жаппай ұшақ жасай бастады. 1930-жылдардан бергі жерде АҚШ-та, Ресейде, Германияда, Англияда, Италияда реактивті қозғалтқыш жасауға басты көңіл бөлінді. 1937 ж. турбореактивті қозғалтқыш жасалды. 1939 ж. неміс фирмалары шығарған сұйық отынды реактивті қозғалтқыш шығарды. Мұндай қозғалтқыш орнатылған ұшақтардың жылдамдығы сағатына 3000 – 3500 км, ұшу биіктігі 30000 м, қашықтығы 10000 км-ден асты. Әуеде жанармай құйып алатын алыс сапарға ұшатын аппараттар жер шарының қалаған қиырына бара алатын болды.
2-дүниежүзілік соғыс кезінде (1939 – 1945) авиация өнеркәсібі ерекше қызу қарқын алды. Әскери авиация Германия мен Жапония сияқты басқыншылық саясатын ұстанған елдердің қолындағы аса қуатты қаруға айналды. Олар авиация өнеркәсібін дамытуды мықтап қолға алды.
Кеңес өкіметі кезінде экономикалық тұйықтықта ұсталған Қазақстанда авиация өнеркәсібін өркендетуге мүмкіндік болмады. Әйтсе де ұшақтардың корпусын, моторын, қозғалтқыштарын және басқа да маңызды тетіктерін жасауға Қазақстан металы пайдаланылды. Ондай тетіктердің көбісі Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Арқалық, Өскемен қалаларындағы зауыттарда жасалады. Қазір Қазақстан әскери авиация құралдары мен азаматтық авиация ұшақтарын негізінен Ресейден алады. Қазақстан азаматтық авиациясы соңғы жылдары жолаушылар таситын бірнеше «Боинг» ұшағын Америкадан сатып алды. Қазір авиация өнеркәсібі АҚШ, Канада, Англия, Францияда жақсы дамып отыр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Мұсылман ренессансы және түрік халықтарының мәдениеті