Ворошилов атындағы колхозда
Ворошилов атындағы колхозда
Таң сәріде, мөлдір көк аспанда түтеленіп ұшқан ақ шуда бұлт жауын-шашын хабаршысы емес. Ол - алтындай ашық күн нышаны. Сол бір жұқа ғана, алаша, бір сирек бұлттар қазір Алатаудың Үлкен Нар, Кіші Нардай қарлы биіктерін жанап өтіп, бертінді бөктер тауларға созылады. Бірсін-бірсін биіктер санап, баяу созылады. Үшқоңыр, Үш Қасқасу жоталарын қалқып өтеді. Биіктен биікке ширатылып оралған осындай ақ бұлттар кейде саналы басқа оралған ой сияқты. Сағым қиял емес, дәл деректі, өнімді ой, ісшіл жігер әкелетін ашық ойдай.
Алатаудың бөктерінде дәл қазіргі күндерде барлық еңбек еліне жайыла созылған бір ой бар, бір мүдде бар. Ол - облыстық партия комитетінен шығып, аудандық партия комитетіне, одан колхозға, бастауыш партия ұйымына жеткен, содан бригадаларға, звеноларға, одан әрі жеке колхозшы, озаттарға ауысып жатқан ой, мүдде. Жігерге жетелеп, іске бастаған ой. Қамқор, сапалы мүдде.
Бұл міндеттің әр кезеңі "бескүндікпен" қорытылады. Ол ойдан туған істі алсаң, алға міндет қамымен өлшенеді. Астық әзірлеуде алған міндеттемені Алматы облысы октябрьдің 25-де бітірмек. Сол талап Қаскелең ауданына ауысқанда, ондағы партия, совет жұртшылығы бес күн бұрын, 20 октябрьде бітірмекке бекінген. Ал міндеттеме бес күндікке айналып, Ворошилов атындағы колхозға жеткенде, тағы да мезгіл-мерзімі ілгерілеп дами түсіп, тапсырманы төрт күнде - 14 октябрьге ада қылмақ болған.
Колхоздың коммунистері, комсомол мүшелері бастаған көпшілік колхозшысы 515 центнер астықты жоспардан тыс тапсырамыз деп, өздері үстеу қосып алған.
Серт санадан туып, іске ауысты. Жігер жүздерге тарап, тонналаған дәндерге айналды. Қалғып тұрған маялардан шығып, не комбайн, не молотилка, не тастан өткен дән, күрекшенің құлаштай серіпкен шағында қиқым-қоқсықтан арылған қызыл бидай Алатаудың мөлдір аспанына, күлім күніне ең алғаш бар бойымен көрінеді. Таза тақыр үстіне түсерінде, дәл бір азат болғанына қуанғандай, сытырлай күліп, сытырлай жазылып түседі.
Тақыр қырман қызара бөртіп, семіре түсіп, дөңестене берген сайын еңбек жемісі де өсе түседі. Центнер, тонналар боп жұбанышты сандарға басады.
Ворошилов атындағы колхоздың Қапасбаев Әлімқұл бастаған екінші бригадасында күн-түн толас жоқ. Осында көп маядан туып жатқан мол дән аса бір ұжымды, нәрлі еңбекті танытады. Бұл орында өзге көп комбайндай дәл осы жауапты күндерде көп құбылғыш, көп бұзылғыш комбайн жоқ. Күйлі комбайн әрекет етеді. Ол жақсы жүрген шағында сатыр-күтір үні де жайлы. "Апкел, апкел", "бол, бол" деп зыр қаққан білектер, ұршықтар, дөңгелектер ырғағы да әсерлі. Күйлі комбайн өз ырғағымен маңындағы адам жігерін, күшін де еліктіріп, ілестіріп әкетеді. Комбайнда дән алғыш камера, түйгі аппарат, бірінші элеватор, екінші элеватор, бункер - бәрі де біріне-бірі айдаушы, қозғаушы боп қабыса қимылдап кеткенде, айналасында кезектесіп жүрген колхозшылардың қол мен білектері, бұлшық еттері де машинаның ұршығындай тынымсыз, толассыз қимылға басады.
Сағат сайын ауысып, Байымбетова Күлиза, Кембаева Зәріпбала, Байысбаева Әсемқан, Жақсылықова Нұрила, Борашова Айшат, Нұржандар жігер атады. Комбайнда жан болса, бұлар өз ынта-қайраттарымен машинаның өзіне де еліктіріп, қыздыра қоздырғандай.
Бұл қырманда Елеусізов Әбітай жаз бойына қайрат асырып келеді.
Бірінші майда әскер қатарынан келгеннен бері коммунист Әбітай 331 еңбеккүн тапқан. Мұнда Ырысбеков Жолдасбай өнімді еңбек етеді. Мартта әскер қатарынан келгеннен бері 346 еңбеккүн тапқан. Қазірде ол бір жарым еңбеккүннен өндіруден бір жаңылған жоқ.
Соңғы күндер ішінде, әсіресе осы бескүндікте, еңбек күйі жаңағы күйлі комбайн екпініндей, өзгеше сапа тапқан. Бастауыш партия ұйымының секретары Рақышев Шәлімбет, колхоз бастығы Тышқанов бұл колхоздың35 коммунисін, 43 комсомолецін де, өзге барлық колхозшысын да іске жұмылдырған. Большевиктік жігерге, санаға сын болатын, шақты күндерде колхоздың жас-кәрісі, еркек-әйелі өзді-өз орнында қалетсіз, ширақ қимылда. 205 үйлі колхозда төрт бригада, үш ферма бар. Бірінші, екінші бригадалар қызылша мен ақ егісті бірдей алып жүретін топтар. Аз күнде алған міндеттемені ада қылумен қатар, 20 октябрьге колхоз қызылша жоспарын да бітірмек. Күздігін бітірсе де, зябь та тоқталмау керек. Жеке бір бригаданың арнаулы міндеті боп жатқан бау-бақша да өз бетіне. Төрт түлік мал жөнінде де колхоздың міндеті мен мүддесі аса зор. Өйткені бүкіл Қаскелең ауданы, соның ішінде Ворошилов атындағы колхоз осы бесжылдықта мал саны, сапасымен ең алдыңғы сыннан өтеді. Бұл колхоздың Іле ауданындағы Октябрь ауыл советімен жасасқан социалистік жарыс шартында мал өсімі, күтімі ерекше орын алады.
Міне, осындай көп салалы еңбектің үйіндісі қосылып, Ворошилов атындағы колхоздың көп жақты тірлігін, жігерін, күрес табысын, сын-сапасын танытпақ. Бірақ осындай үлкен машинадай күрделі құрылысы бар кең шаруаны басқаруда бос әбігер, қарбалас жоқ. Байсалды, сенімді, ісшіл табандылық байқалады. Колхоздың мұндайлық көңілді халіне себепші болып отырған саналы қайраткердің бірі - Рақышев Шәлімбет. Көп жылдар Қызыл Армия қатарында болып, Отан соғысында совет жерінің көбісін көрген және Румыниядан бастап шет мемлекет жерлерінің, қалаларының талайын алысқан Шәлімбет сол үлкен жорықтан көп-көп оқып, сабырлы, сапалы қайрат, қасиет тауып қайтқан азамат. Ол - қазір шын білімді, көпті көрген тәжірибелі, әсіресе бойында дәл таразысы бар мінезді қайраткер.
Осы Рақышевтар бастауымен қимыл еткен колхоз аулы өз шаруаларының бәрін тегіс қатар өрістетіп, өрбітіп келе жатса, қазір тонналап дән төгуге әсіресе айрықша жұмылады.
Бұл күндерде егістің екі бригадасының құрылып, бірнеше қырманға қаптай қол қойған колхозшылар ісінде тек егіс бригадаларының адамдары емес. Оларға өзге бригадалардан көмекке келген озаттар да бар.
Алған міндеттеме қамтамасыз болсын деп Қапасбаев, Доспаев сияқты бригадалар қызылшаның тобынан да бірталай колхозшыны қырмандарға әкеп салған. Қайратты, саналы жастар, қызылша маманы Ниязова Ажар, Тышқанов Етекбайлар дәл бұл күнде қырманда, комбайн басында қимыл көрсетіп жүр.
Қырман айналасында есепші, өлшеуші, үгітші, МТС өкілі - бәрі де комбайнмен туысып жалғасқан звенолар еңбегін күндіз-түні екі кезек бойында да есепке алып, дәлін дәлше тізіп, тіркеп жүр."
Осындай тәртіпті ұйымдасқан күштер комбайнның да қарқынын асырады. Үлкен маяның жанына қара нардай жанаса тұрып, бау-бау астықты дамылсыз асап, қылғып қимыл еткен комбайнға тонналаған бидайды лезде төктіреді. Колхоз бес күнде 515 центнер бермекке серт етсе, алғашқы екі күннің өзінде-ақ 370 центнерін жөнелтіп, төгіп үлгерген.
Бірақ күйлі комбайн да кейде күйісінен жаңылады. Ол май жетпей кілт тоқтағанда, барлық еңбек ырғағы да күйінен жаңылғандай болатын шақтар бар. Көңілсіз көріністердің әрқайсысы сонда барып әр жерден жөн көрсетеді.
Соның бірі: үшінші күн қаладан келетін машиналардың Ворошилов атындағы колхозға күн бойы бірде-бірі келмеді. Колхоз қырманында дайын астық орынсыз кезек күтіп, мемлекет қорына ол күні төгілмей қалды.
Соның бірі колхоздағы оқу үйінен де көрінеді. Қаскелең колхоздарының бәрінде оқу үйі бар. Бірақ үй бар да, күй жоқ. Бұл тұста ол жоқ күйдің аты - кітап. Әсіресе қазақ кітабынан колхозшы оқитын түк жоқ.
Соның тағы бірі: колхозда клуб жоқ. Көп үйлі, күшті колхоз клубтың тек қабырғасын қалқитқан да, төбесін жаппай, тыным тапқан.
Ворошилов атындағы колхоздың сан түрлі жақсылығының арасында осындай-осындай олқылықтар да жоқ емес.
Колхозшылар еңбегі мен жігері, талабы мен табысы қазіргі салқын кеште самғай түседі. Тау бөктерінен басқа еңбек, табиғат күшін өзіне бағындыра дамиды. Таңертең тау басынан шұбалған алаша бұлт сол еңбектің асқақ еліндей еді. Қазіргі кеште бөктер тау Шамалған, Шөладыр, Шұбараттың өрі сияқты жондардың сай-саласына енді қонған көкшіл көлеңке — жеңілген табиғат күдігіндей.
Түн бола бұл колхоздан аудан орталығына қарай басқанда, қызылша даласында да еңбек оттары жалт-жұлт жанады. Бұл оттар жанында шошақталып үйілген қызылшаны түн бойы тазалап үлгірмек болып, екінші бригаданың адамдары отыр. Құрманбекова Жамал звеносы түн кезегіне кіріскен. Мұның көңілді, әнші серіктері Тілепова Дариқа, Логонко Мария, Қаражанова Күлия, Телова Сафиаттар да жоспар үшін алысады. Епті, іскер қолдарындағы өткір пышақтар қызылшаны тынымсыз қырнаумен қатар, колхозшылардың көңілді, көтеріңкі күйін танытып, "Әрнайдай" әнді де шырқайды.
Ауданға қарай ұзап кеткенінше екінші бригаданың оттары жарқырайды. Сергек әні де үзілмейді, қалқып, ырғала түседі.
1946
Мұхтар Әуезов