Жаңалықтар

Бұл күлкіге дән ырзамыз

Бұл күлкіге дән ырзамыз (1959 ж.) Қалтай Мұхамеджановтың тұңғыш талабы татымды комедия тудырды демекпіз. Тегі, күлкінің жөн-жосығы, алуаны мол екені көпке мәлім. Жақынды қуантатын күлкі, жатты суалтатын күлкі бар. Сорақыны — мұқату, келеңсізді — келемеждеу әр саты, әр сипатты күлкі жайларын аңғартады. Мына комедия күлкісінің сыр-сипаттарынан әр алуан ой саларлық қасиет көрінеді. Сапардың сорақы сұмырай мінез-құлығына арналған күлкі — көрушіні жамандықпен жалғаса алысып, соны жоюға мегзейтін күрескер күлкі. Марфуға, Арыстан тәрізді жеңілтек, сұйық, көңілсіздер сынатына арналған күлкі — көңіл ашар, зілсіз күлкі. Айналамызда әлі де жиі ұшырайтын Жұпардай өсекші әйелдерге арналған күлкі — мысқыл, мазақ күлкісі. Осылайша бір шығарма көлемінде бірнеше сорақы, келеңсіз тұрпайы мінездерге арналған күлкілердің бәрі де қонымды, орынды, әсіресе нанымды сезіледі. Бұл комедия сол қасиеттері бойынша елеулі шығарма боп қалыптасқан. Айтар сөз аз емес болғанда, орын тарлығынан, әзірше тек алғашқы, сүйсінген ғана көңілді білдіреміз. Жас жазушы Қалтай "бұл жанрда алда да өнімді өріс табады" деп нық сенгіміз келеді. Себебі күлкісінің бәрі де шынайы күлкі, көрерменді қытықтап күлдіргендей, зорлықпен езу тартқызатын жасанды, жұқалаң, тұзсыз күлкі емес. Шын күлесіңде, сонысына сүйсінесін. Тек қана бір кезеңде комедия сәл "әттегене-айды" айтқызатын жәйі бар тәрізді. Екінші актының екі суреті бойында Марфуға мен Арыстандардың келеңсіз, жеңілтек берекесіздігіне күлудің орны молырақ боп кеткен. Тегі, бұлар мінездерінің бергі бетінде тұрған келеңсіздіктер олардың міні болса да, шыны емес. Тек тоғышарлық. Құр ғана қазақ тілін шала шәлдіріктеумен күлкі тудыру, өз өлшеуі мен мөлшерінен аса қалса, тапқырлық болмай, сәлден соң тасымалдау боп кетеді екен. Олардың осы сынатына арналған күлкіні азайтыңқырап, анау, түбегейлі тақырыпқа, түпкі арқауға арналған сырлы сатира, зілді сықақ көбірек орын алса, ондырақ болар еді. Бірінші акты мен үшінші актыда өте жақсы тарайтын сол тақырып, екінші актының тұсында да үзілместен соқталы жотасын жақсы көрсетіп отыруға тиіс. Берідегі арзандау күлкінің шымылдығы астында кетпеуі керек. Бұл тәрізді азғантай сөзді тек пьесаға арнағандықтан, артистер ойынына арнаулы сөз айтпадық. Айта қалсақ: "Сапарды сынап ойнайтын Сүртібаевтің көзі-жүзі бірдей өнерлі еңбек танытты. Марфуғада Шолпан талантының қызықты бір қыры танылды. Арыстан ролінде Мәмбетов те қымбат қасиет танытты. Жұпар ролінде Хадиша тамаша сүйсіндірді" дер едік. Қыскасы, бұл комедия — қызғын-қырғын күлкіге қарық қылғам анық талантты табыс. Жазушы Қалтайға және әрі режиссер, әрі қызықты артист сынатында жақсы көрінген жас талант Мәмбетовке "осы бағытта өрлей өсуге жол болсын!" айтамын. Мұхтар Әуезов
05.12.2012 03:12 3785

Бұл күлкіге дән ырзамыз

(1959 ж.)

Қалтай Мұхамеджановтың тұңғыш талабы татымды комедия тудырды демекпіз. Тегі, күлкінің жөн-жосығы, алуаны мол екені көпке мәлім. Жақынды қуантатын күлкі, жатты суалтатын күлкі бар. Сорақыны — мұқату, келеңсізді — келемеждеу әр саты, әр сипатты күлкі жайларын аңғартады. Мына комедия күлкісінің сыр-сипаттарынан әр алуан ой саларлық қасиет көрінеді.

Сапардың сорақы сұмырай мінез-құлығына арналған күлкі — көрушіні жамандықпен жалғаса алысып, соны жоюға мегзейтін күрескер күлкі. Марфуға, Арыстан тәрізді жеңілтек, сұйық, көңілсіздер сынатына арналған күлкі — көңіл ашар, зілсіз күлкі. Айналамызда әлі де жиі ұшырайтын Жұпардай өсекші әйелдерге арналған күлкі — мысқыл, мазақ күлкісі.

Осылайша бір шығарма көлемінде бірнеше сорақы, келеңсіз тұрпайы мінездерге арналған күлкілердің бәрі де қонымды, орынды, әсіресе нанымды сезіледі. Бұл комедия сол қасиеттері бойынша елеулі шығарма боп қалыптасқан. Айтар сөз аз емес болғанда, орын тарлығынан, әзірше тек алғашқы, сүйсінген ғана көңілді білдіреміз.

Жас жазушы Қалтай "бұл жанрда алда да өнімді өріс табады" деп нық сенгіміз келеді. Себебі күлкісінің бәрі де шынайы күлкі, көрерменді қытықтап күлдіргендей, зорлықпен езу тартқызатын жасанды, жұқалаң, тұзсыз күлкі емес. Шын күлесіңде, сонысына сүйсінесін.

Тек қана бір кезеңде комедия сәл "әттегене-айды" айтқызатын жәйі бар тәрізді. Екінші актының екі суреті бойында Марфуға мен Арыстандардың келеңсіз, жеңілтек берекесіздігіне күлудің орны молырақ боп кеткен. Тегі, бұлар мінездерінің бергі бетінде тұрған келеңсіздіктер олардың міні болса да, шыны емес. Тек тоғышарлық. Құр ғана қазақ тілін шала шәлдіріктеумен күлкі тудыру, өз өлшеуі мен мөлшерінен аса қалса, тапқырлық болмай, сәлден соң тасымалдау боп кетеді екен. Олардың осы сынатына арналған күлкіні азайтыңқырап, анау, түбегейлі тақырыпқа, түпкі арқауға арналған сырлы сатира, зілді сықақ көбірек орын алса, ондырақ болар еді.

Бірінші акты мен үшінші актыда өте жақсы тарайтын сол тақырып, екінші актының тұсында да үзілместен соқталы жотасын жақсы көрсетіп отыруға тиіс. Берідегі арзандау күлкінің шымылдығы астында кетпеуі керек. Бұл тәрізді азғантай сөзді тек пьесаға арнағандықтан, артистер ойынына арнаулы сөз айтпадық. Айта қалсақ: "Сапарды сынап ойнайтын Сүртібаевтің көзі-жүзі бірдей өнерлі еңбек танытты. Марфуғада Шолпан талантының қызықты бір қыры танылды. Арыстан ролінде Мәмбетов те қымбат қасиет танытты. Жұпар ролінде Хадиша тамаша сүйсіндірді" дер едік.

Қыскасы, бұл комедия — қызғын-қырғын күлкіге қарық қылғам анық талантты табыс. Жазушы Қалтайға және әрі режиссер, әрі қызықты артист сынатында жақсы көрінген жас талант Мәмбетовке "осы бағытта өрлей өсуге жол болсын!" айтамын.

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға