Жаңалықтар

Бүгінгі зор міндет

Бүгінгі зор міндет Қазіргі күнде үкімет махкамаларының мол шаруаны меңгере алмай, ойындағы көп істерін зерттеп, тәртіпке қоя алмай жатқанына қарап, көп жұрт бұл өкімет өнімді іс істей алмады дейді. Бүлінген шаруа, шашылған дүние әлі күнге бүлінген, шашылған күйінде дейді. Мұның үстіне ел қолындағы мүлкі де күннен-күнге сусып, қолынан шығып бара жатқанын ойлап, жұрт шаруасы шарасынан кеміп, әлсіреп бара жатқанын көріп, мемлекет әлсіздікке айналды, ел сымпыс шолақ кедейлікке түскелі тұр дейді. Енді осы қалыпты ой ойлап, ел қамы, кедей қамы үшін қайғыратын кісілер болса, төмендегі сөзге көңіл бөлсін. Үкімет ісінің ретке түсе алмай тәртіпсіз болып отырғанына махкамалардың басында отырған жаңа адамдардың іспен таныс еместігі қаншалық себеп болса, елдің өз шаруасын өзі жөндеп ала алмай, беріп отырған нәрсеге не бола алмай отырғандығы соншалық кемшілік. Хатта бұ күнгі жалпақ мемлекеттің шаруасы күйзеліп отырғандықтан, ел шаруасына да түсіп отырған ауыртпалықты айтпай тұра тұрайық. Ол — бәріміздің басымыздағы саяси халдің салмағынан туып отырған бір ауыртпалық шығар. Бірақ бұдан басқа да арысы жалпақ елдің, берісі ел ішіндегі көзі қарақты жігіттердің іс істеуін күтіп, иесіз тұрған қызмет көп. Қазіргідей шаруа жүзінде күйзеулік болып, елдің қоғамды көп тілегі орындалуға жол болмай тұрғанда елдің қамын шын жейтін азаматтар мың тілектің бірі орындалатын болса да, соған еңбегін салмаушы ма еді?! Төс табандап тартып, соң да болса жемісін елге жегізем демеуші ме еді? Мінекей сондай тың тілектің жарым-жартысы болғандай, ел өміріне өте қажет істердің бірталайын істеуге осы күнде кең орын, ашық жолдар бар. Бойына азын-аулақ шыдам жиып, аз ғана еңбек қылса, көркейіп кеткелі тұрған істер көп. Ол істердің бірі деп менің айтатыным — оқу жұмысы. Совет һүкіметінің заңынша оқу жұмысы қаншалық бағалы, қадірлі екенін іске араласқан кісінің бәрі де біледі. Бұл жолдағы кеңшілік, дүние аямайтын молшылық, барып бермек болып отырған мырзалық, қай жұртта болса да жеткілікті. Оқу ісіне қазіргі һүкіметтің артық екендігіне барлық жаулары да қол қойған. Ескі үкіметтердің шашпауын көтерген оқытушылар да бұ күнгі оқу жолындағы кемшілікті көріп, әбден риза болып отыр. Жә, оқу ісіне һүкіметтің істеп отырған қызметі, беріп отырған кеңшілігі қайсы? Бұған дәлел — қалың солдат, қалың жұмысшы, аяғы жалпақ кедей елдердің арасындағы қызметтер, бұған дәлел — орыс, қазақ, бай, кедей, жас, кәрінің арасындағы надандықты құртуға істеліп отырған қызметтер (ликвидация безграмотности). Бұл — жалпақ мемлекеттің қолданып отырған ісі. Енді қазақ ішіндегі оқу ісіне келейік. Қазіргі күнде губерниялық оқу бөлімінің жасап отырған жобасы бойынша келесі жазда қазақ ішінен 300-ден аса мектептер салынбақшы. Оқу бөлімдерінің бәрі де осы жоба бойынша жаз шыға осы қызметтеріне кіріспекші. Бұл турада «губкомтруда»[1] тиісті көмегін беріп отыр. Салынатын мектептердің әрқайсысына 50 кісіден жұмысшы берілмекші. Оның жұмысына кіріскен кісілер басқа қызметтерге алынбайды. Және де мектептерге керекті ағаш саймандар қазынадан берілмек. Енді болыс ішінен, старшын ішінен мектеп саламыз деген кісілер болса, ел ішінен жұмысшылар дайындап алып, оқу бөлімдерінен керекті көмектерін алады. Міне, осы ретпен қыр ішінен ашылатын мектептердің жұмысы реттеледі. Енді қала ішіне келейік. Бірталай жылдардан бері қарай қазақ оқығандары қалада тұрып бас қосып, елді ағарту жолына қызмет қылар десе де әлі күнге бір қалада қазақ халқына арналып салынған бір мектеп, бір клуб жоқ. Қазақ көшпелілігін қойып, қала болса, мәдениет тез орнар еді дейміз. Сол мәдениет қайтсе орнамақшы? Қазақтың әр жерде отырған жалғыз-жалғыз ауылдарын бір жерге әкеліп құр ғана үй салғанмен мәдениет өзінен-өзі қаулап кетпек пе? Ол да осы оқығанның қызметін керек қылмай ма? Біздің сол күнде қызмет өндіретін қайрат, талабымыз осы күнде неге көрінбейді? Қазақтың келешекте салынатын қалалары осы күнгі Семей губерниясындағы қалалардан үлкен болмайды. Қазағының саны осыдан артық болмайды. Ал біздің осы қалаларда салған бір мектеп, бір клубымыз жоқ. Керек десе, салуға істеген қамымыз да жоқ. Мінеки, қазіргі күнге қолға алатын жұмыстың тағы біреуі — осы. Бұлардың қай-қайсысын болса да сәтті қылып, келістіріп салуына болмаса да, орташа қылып салуға болады. Қай қалада болса да ерте күндегі лавкалар осы күнде керексіз болып бос тұр. Іздеген кісілер қанша мектеп, қанша клубқа болса да сол лавкалардың ағашын алуға болады? Әрине, бұл айтылғандардың бәрі де оқу бөліміне тиіс шығар. Бірақ осының бәрін басқарып, аз уақытта ойындағы ісін істей қою олардың қолынан келмейді. Сондықтан қыр мектебінің турасында қырдағы көзі ашық жігіттер, қандай жерде барлық қызмет басындағы оқығандар оқу бөліміне көмекке келуіне керек. Оқу бөлімінің ойында жоқ істер болса, есіне салып соны басқарудың міндетін өз мойындарына алу керек. Ел ішіндегі мектептерді көбейтіп, жандарынан балалар тұратын үйлер салынса, қалаларда клубтар салынса, ол аз қызмет емес қой. Бұл — бір. Екінші: осы күнде қыр қазағы бұрынғы қаладан алынатын ұсақ нәрселердің бәріне де мұқтаж. Ол нәрселер айтуы ұсақ болса да бүгінгі шаруа жұрттың керектігіне қарағанда, ат-түйеден кем емес. Мәселен қыр елдерінің мұқтаждары: бұл, былғары, ыдыс-аяқ. Бұлардың кейбірін елдің қолдан істеп жүргендері бар. Бірақ не жөнді қылып істерін білмегендіктен, не тез уақытта іс қылып шығара алмағандықтан шаруаның мұқтажын әлі күнге шығара алмай тұр. Кейбір адамдардың әр нәрсені істеймін деген талаптары болса да, оны үйрететін, не қолына сайман тауып беретін кісі жоқ. Мінеки, осындай жұмыстардың ретінде ескеретін бір үлкен іс мынау: Губерниялық уездің шаруа бөлімдерінің жанында қол шаруасын үйрететін (кустарный отдел)[2]  бөлімдері бар. Оның ішінде бұл тоқу, былғары илеу, шыны ыдыс-аяқ істеуді үйретеді. Түскен жігіттер әбден үйреніп болған соң, қалаған жеріне барып, мастерской[3]  ашады. Оның қолына керекті машиналарының бәрі де[4] беріледі. Міне, егерде осындай шаруа оқуына көп жігіттер түсіп үйренетін болса, бүгінгі мұқтаждықтың күнінде солардың қызметінен пайдалы қызмет бар ма? Және біздің естуімізше, жоғарыдағы айтылған бұл тоқитын, ыдыс-аяқ істейтін машиналарды қолдан істеп алуға да оңай дейді. Бәрінің саймандары ағаш болса керек. Егерде осыларды қырға апарып көрсетсе, талай қазақ өзі істеп алып ыдыс-аяқ(ты) өзі істеп, шекпенін тез тоқып алып отыратын болса, онан артық олжа бар ма. Шекпен тоқитын машина тәуір үйренген кісі ұстаса, күніне бес кез бұл шығарады, ыдыс-аяқ істейтін машина істеушінің қолында боры[5] және басқа саймандары болса, күніне қанша шыны, аяқ болса да жасай береді. Қазіргі күнде Семей қаласында сол бөлімге жиырмадан аса жігіттер берілгелі отыр. Енді осы ретпен болыс-болыстың бәрінен жігіттер келуіне керек. Ел ыңғайлы жігіттерін жіберсін. Түбінде әр болыстың адамдары өз болыстарына шығады. Мінеки, осы айтылған екі-үш түрлі істерге күш салып, көңіл бөлсе, талай пайдалы көрікті істер шығаруға болады. Тегінде іс қылуға көңілі бар жігіттердің бұл жұмыстарға ықыласын салу — борышы. Бүгінгі секілді күндердің зор міндеті осылар.   Мұхтар Әуезов           [1]Губкомтруда − губерниялық еңбек комитеті [2]Кустарный отдел − қолөнер бұйымдар бөлімі. [3]Мастерской − шеберхана. [4]Машиналарының бәрі де − құрал-сайман. [5]Боры − саз балшық.
05.12.2012 03:08 4139

Бүгінгі зор міндет

Қазіргі күнде үкімет махкамаларының мол шаруаны меңгере алмай, ойындағы көп істерін зерттеп, тәртіпке қоя алмай жатқанына қарап, көп жұрт бұл өкімет өнімді іс істей алмады дейді. Бүлінген шаруа, шашылған дүние әлі күнге бүлінген, шашылған күйінде дейді. Мұның үстіне ел қолындағы мүлкі де күннен-күнге сусып, қолынан шығып бара жатқанын ойлап, жұрт шаруасы шарасынан кеміп, әлсіреп бара жатқанын көріп, мемлекет әлсіздікке айналды, ел сымпыс шолақ кедейлікке түскелі тұр дейді.

Енді осы қалыпты ой ойлап, ел қамы, кедей қамы үшін қайғыратын кісілер болса, төмендегі сөзге көңіл бөлсін.

Үкімет ісінің ретке түсе алмай тәртіпсіз болып отырғанына махкамалардың басында отырған жаңа адамдардың іспен таныс еместігі қаншалық себеп болса, елдің өз шаруасын өзі жөндеп ала алмай, беріп отырған нәрсеге не бола алмай отырғандығы соншалық кемшілік. Хатта бұ күнгі жалпақ мемлекеттің шаруасы күйзеліп отырғандықтан, ел шаруасына да түсіп отырған ауыртпалықты айтпай тұра тұрайық. Ол — бәріміздің басымыздағы саяси халдің салмағынан туып отырған бір ауыртпалық шығар. Бірақ бұдан басқа да арысы жалпақ елдің, берісі ел ішіндегі көзі қарақты жігіттердің іс істеуін күтіп, иесіз тұрған қызмет көп. Қазіргідей шаруа жүзінде күйзеулік болып, елдің қоғамды көп тілегі орындалуға жол болмай тұрғанда елдің қамын шын жейтін азаматтар мың тілектің бірі орындалатын болса да, соған еңбегін салмаушы ма еді?! Төс табандап тартып, соң да болса жемісін елге жегізем демеуші ме еді?

Мінекей сондай тың тілектің жарым-жартысы болғандай, ел өміріне өте қажет істердің бірталайын істеуге осы күнде кең орын, ашық жолдар бар. Бойына азын-аулақ шыдам жиып, аз ғана еңбек қылса, көркейіп кеткелі тұрған істер көп. Ол істердің бірі деп менің айтатыным — оқу жұмысы. Совет һүкіметінің заңынша оқу жұмысы қаншалық бағалы, қадірлі екенін іске араласқан кісінің бәрі де біледі. Бұл жолдағы кеңшілік, дүние аямайтын молшылық, барып бермек болып отырған мырзалық, қай жұртта болса да жеткілікті.

Оқу ісіне қазіргі һүкіметтің артық екендігіне барлық жаулары да қол қойған. Ескі үкіметтердің шашпауын көтерген оқытушылар да бұ күнгі оқу жолындағы кемшілікті көріп, әбден риза болып отыр.

Жә, оқу ісіне һүкіметтің істеп отырған қызметі, беріп отырған кеңшілігі қайсы? Бұған дәлел — қалың солдат, қалың жұмысшы, аяғы жалпақ кедей елдердің арасындағы қызметтер, бұған дәлел — орыс, қазақ, бай, кедей, жас, кәрінің арасындағы надандықты құртуға істеліп отырған қызметтер (ликвидация безграмотности). Бұл — жалпақ мемлекеттің қолданып отырған ісі. Енді қазақ ішіндегі оқу ісіне келейік.

Қазіргі күнде губерниялық оқу бөлімінің жасап отырған жобасы бойынша келесі жазда қазақ ішінен 300-ден аса мектептер салынбақшы. Оқу бөлімдерінің бәрі де осы жоба бойынша жаз шыға осы қызметтеріне кіріспекші. Бұл турада «губкомтруда»[1] тиісті көмегін беріп отыр. Салынатын мектептердің әрқайсысына 50 кісіден жұмысшы берілмекші. Оның жұмысына кіріскен кісілер басқа қызметтерге алынбайды. Және де мектептерге керекті ағаш саймандар қазынадан берілмек. Енді болыс ішінен, старшын ішінен мектеп саламыз деген кісілер болса, ел ішінен жұмысшылар дайындап алып, оқу бөлімдерінен керекті көмектерін алады. Міне, осы ретпен қыр ішінен ашылатын мектептердің жұмысы реттеледі.

Енді қала ішіне келейік. Бірталай жылдардан бері қарай қазақ оқығандары қалада тұрып бас қосып, елді ағарту жолына қызмет қылар десе де әлі күнге бір қалада қазақ халқына арналып салынған бір мектеп, бір клуб жоқ. Қазақ көшпелілігін қойып, қала болса, мәдениет тез орнар еді дейміз. Сол мәдениет қайтсе орнамақшы? Қазақтың әр жерде отырған жалғыз-жалғыз ауылдарын бір жерге әкеліп құр ғана үй салғанмен мәдениет өзінен-өзі қаулап кетпек пе? Ол да осы оқығанның қызметін керек қылмай ма? Біздің сол күнде қызмет өндіретін қайрат, талабымыз осы күнде неге көрінбейді? Қазақтың келешекте салынатын қалалары осы күнгі Семей губерниясындағы қалалардан үлкен болмайды. Қазағының саны осыдан артық болмайды. Ал біздің осы қалаларда салған бір мектеп, бір клубымыз жоқ. Керек десе, салуға істеген қамымыз да жоқ.

Мінеки, қазіргі күнге қолға алатын жұмыстың тағы біреуі — осы. Бұлардың қай-қайсысын болса да сәтті қылып, келістіріп салуына болмаса да, орташа қылып салуға болады. Қай қалада болса да ерте күндегі лавкалар осы күнде керексіз болып бос тұр. Іздеген кісілер қанша мектеп, қанша клубқа болса да сол лавкалардың ағашын алуға болады? Әрине, бұл айтылғандардың бәрі де оқу бөліміне тиіс шығар. Бірақ осының бәрін басқарып, аз уақытта ойындағы ісін істей қою олардың қолынан келмейді. Сондықтан қыр мектебінің турасында қырдағы көзі ашық жігіттер, қандай жерде барлық қызмет басындағы оқығандар оқу бөліміне көмекке келуіне керек. Оқу бөлімінің ойында жоқ істер болса, есіне салып соны басқарудың міндетін өз мойындарына алу керек. Ел ішіндегі мектептерді көбейтіп, жандарынан балалар тұратын үйлер салынса, қалаларда клубтар салынса, ол аз қызмет емес қой. Бұл — бір.

Екінші: осы күнде қыр қазағы бұрынғы қаладан алынатын ұсақ нәрселердің бәріне де мұқтаж. Ол нәрселер айтуы ұсақ болса да бүгінгі шаруа жұрттың керектігіне қарағанда, ат-түйеден кем емес. Мәселен қыр елдерінің мұқтаждары: бұл, былғары, ыдыс-аяқ. Бұлардың кейбірін елдің қолдан істеп жүргендері бар. Бірақ не жөнді қылып істерін білмегендіктен, не тез уақытта іс қылып шығара алмағандықтан шаруаның мұқтажын әлі күнге шығара алмай тұр. Кейбір адамдардың әр нәрсені істеймін деген талаптары болса да, оны үйрететін, не қолына сайман тауып беретін кісі жоқ. Мінеки, осындай жұмыстардың ретінде ескеретін бір үлкен іс мынау:

Губерниялық уездің шаруа бөлімдерінің жанында қол шаруасын үйрететін (кустарный отдел)[2]  бөлімдері бар. Оның ішінде бұл тоқу, былғары илеу, шыны ыдыс-аяқ істеуді үйретеді. Түскен жігіттер әбден үйреніп болған соң, қалаған жеріне барып, мастерской[3]  ашады. Оның қолына керекті машиналарының бәрі де[4] беріледі.

Міне, егерде осындай шаруа оқуына көп жігіттер түсіп үйренетін болса, бүгінгі мұқтаждықтың күнінде солардың қызметінен пайдалы қызмет бар ма? Және біздің естуімізше, жоғарыдағы айтылған бұл тоқитын, ыдыс-аяқ істейтін машиналарды қолдан істеп алуға да оңай дейді. Бәрінің саймандары ағаш болса керек. Егерде осыларды қырға апарып көрсетсе, талай қазақ өзі істеп алып ыдыс-аяқ(ты) өзі істеп, шекпенін тез тоқып алып отыратын болса, онан артық олжа бар ма. Шекпен тоқитын машина тәуір үйренген кісі ұстаса, күніне бес кез бұл шығарады, ыдыс-аяқ істейтін машина істеушінің қолында боры[5] және басқа саймандары болса, күніне қанша шыны, аяқ болса да жасай береді.

Қазіргі күнде Семей қаласында сол бөлімге жиырмадан аса жігіттер берілгелі отыр.

Енді осы ретпен болыс-болыстың бәрінен жігіттер келуіне керек. Ел ыңғайлы жігіттерін жіберсін. Түбінде әр болыстың адамдары өз болыстарына шығады.

Мінеки, осы айтылған екі-үш түрлі істерге күш салып, көңіл бөлсе, талай пайдалы көрікті істер шығаруға болады. Тегінде іс қылуға көңілі бар жігіттердің бұл жұмыстарға ықыласын салу — борышы. Бүгінгі секілді күндердің зор міндеті осылар.

 

Мұхтар Әуезов

 

 

 

 

 



[1]Губкомтруда − губерниялық еңбек комитеті

[2]Кустарный отдел − қолөнер бұйымдар бөлімі.

[3]Мастерской − шеберхана.

[4]Машиналарының бәрі де − құрал-сайман.

[5]Боры − саз балшық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға