Монғол-татар шапқыншылығы
XII ғасырдан бастап монғол тайпалары қазіргі кең-байтақ монғол жерін мекендеді. Жері Орталық Азиядан Байқал көліне, Енисей және Ертіс өзенінен Гоби құмына дейін созылып жатты. Монғол жерінде монғол, татар, керей, найман және меркіт тайпалары өмір сүрген. XII ғасырдың екінші жартысында Далай-Нұр және Бұйыр-Нұр көлінің жағасын тата (орыс деректерінде «татар» атауымен белгілі) тайпасы мекен еткен. Олардың батысында Тола көлінде керей, олардан батыста, Алтай тауының етегінде наймандар қоныстанған. Онон өзені бойында, татар тайпасы жерінің солтүстігінде монғолдар көшіп-қонып жүрген. Монғол жерінде тұрған тайпалар ежелден мал бағумен, аң аулаумен айналысқан. 1155 жылы Есугей баһадүр отбасында ер бала дүниеге келеді. Есугейдің руы қият, ал әйелі олқұн руының қызы болған. Есугей баһадүр 1155 жылы татар тайпасына шабуыл жасап, Темучин атты батырын қолға түсіреді. Сол жылы дүниеге келген баласының есімін Темучин деп қояды. Жастайынан қиындық көріп өскен Темучин өте қайратты және өжет болып өседі. Темучин ер жеткен кезде монғол тайпасының керейіт, меркіт және татар тайпаларымен ұзаққа созылған соғысы басталды. Монғолдар 1203 жылы керейлерді, одан кейін татарлар мен меркіттерді жеңеді. Содан керейіттер мен меркіттер батысқа көшіп кетуге мәжбүр болады. Олар қазіргі қазақ даласына қоныстанады. 1204-1205 жылы өзінің көрші тайпаларын жеңіп, жерін кеңейте түседі.

