Моңғолтану
05.12.2012 02:17
4802
Моңғолтану – тарих ғылымының Моңғолия мен Ішкі Моңғолиядағы жергілікті халықтарға байланысты мәселелерін зерттейтін саласы. 13 ғ-дың бас кезінде Шыңғыс хан басқарған моңғол мемлекетінің тарихи сахнаға шығып, аз уақытта орасан зор империяға айналуы М. мәселесін сол кездің өзінде-ақ зерттей бастауға әкелді. Қытай, Еуропа, араб, түркі зерттеушілері моңғолдар, олардың атақты билеушісі Шыңғыс хан жөніндегі мәселелерге көңіл бөле бастады. Бірқатар еңбектер Шыңғыс хан жорықтарының ізі суымай жатып-ақ жарық көрді. Мұндай зерттеулердің қатарына А.Жуайни, Мэн Хун, Марко Поло, Рашид әд-Дин, Плано Карпини және Вильгельм Рубруктардың еңбектерін жатқызуға болады. Орта ғасырлардың соңына қарай Еуропада М. тақырыбына арналған шығармалар қатары толыға түсті. Ресейде М. 19 ғ-дың орта кезінен бастап дами бастады. М. мәселелері жөнінде Н.Я. Бичурин, П.Кафаров, С.Козин, Г.Е. Грумм – Гржимайло, В.Я. Владимирцов, Т.Н. Потанин, А.М.Позднеев, С.Е.Малов тәрізді ғалымдар қалам тартты. Н.М. Ядринцев, В.В. Радлов, П.К. Козлов, С.В. Киселевтар бастаған экспед-лар моңғол жеріндегі түркілердің ежелгі астанасы – Қарақорымды ашып, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге Ноян жотасындағы археол. қазбалардың негізінде көне түркілік өркениеттің ізін тапты. Даниялық ғалым Вильгельм Томсеннің 1893 ж Орхон-Енисей көне түркі жазуының сырын ашуы М. мәселесін жаңа биіктерге шығарды. 20 ғ-дың алғашқы ширегінен бастап М. ісіне АҚШ, Жапония, Германия ғалымдары да атсалыса бастады. 20 ғ-дың ортасынан бастап М. мәселесі тарих ғылымының өзекті тақырыптарының біріне айналды. 1959 ж. 1 – 8 қыркүйекте Улан-Батор қ-нда моңғолтанушылардың халықар. 1-құрылтайына әлемнің 15 елінен 40 ғалым қатысты. Құрылтайға қатысушы ғалымдар халықар. Моңғол зерттеу одағын құрды. Қазіргі кезде М. ғылымының аса көрнекті өкілдері қатарына В.Хаиссиг (Германия), Мураками Малансугу, Х.Линобу, М.Шимада және Умесао (бәрі де Жапониядан), Ч.Бауден (Англия), В.М. Солнцев, А.Деревянко (Ресей), Цай Мэбио (Қытай), Д.Кара (Венгрия), П.Аолто (Финляндия), т.б. жатады. М-мен соңғы жылдары қазақ ғалымдары да айналыса бастады.
Әдеб.: Бира Ш., Монгольская историография XІІІ – XVІІ вв., М., 1978; “Монгол Судлал” – бюллетендер, УБ., 1987 – 2004.
З. Қинаят
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Моңғолиядағы қазақ әдебиеті