Монархия
05.12.2012 02:03
8357
МОНАРХИЯ (грек. monarchіa – дара билік) – жоғарғы мемлекеттік билік бір ғана басшы – монархтың (патша, шаһ, сұлтан, хан, халиф, король, император, т.б.) қолында болатын және ұрпақтан ұрпаққа мұрагерлікпен берілетін басқару тұрпаты. Ерте тарихи даму кезеңінде барлық халықтар М-лық сипатта өмір сүрді. Әр халықта М. өзінше көрініс тапқанымен, бәріне ортақ белгі – жоғ. мемл. биліктің тақ мұрагерлігі жолымен берілуі болды. Құл иеленушілік кезеңінде түрлі сипатта өмір сүріп, кейбір елдерде респ. басқару нысанымен алма-кезек ауысып отырды. Феодалдық кезеңде М. басты мемлекет басқару нысанына айналды. Оның ерте феод. М., феод. бытыраңқылық кезеңіндегі М., шексіз М. деген түрлері болды. Ерте феод. М. жауланған жерге басқару жүйесін құру мен ірі жер иеленушілердің пайда болуы барысында қалыптасты. Билеуші этн. топқа сүйенген монархтар орт. билігі күшті, бірақ жаулаған аймақтарымен экон. және саяси байланысы нашар алып феод. империялар құрды. Феод. бытыраңқылық кезінде монарх “теңдестер арасындағы бірінші” жағдайында қалды. Тауар-ақша қатынасының дамуы, орта және ұсақ жер иелерінің, кейіннен қалалықтардың да феод. бытыраңқылыққа қарсы күреске бірігуі біртұтас, орталықтанған М-ны тудырды. Біртұтас иерарх. мемл. аппараттың, күшті әскердің құрылуы монарх билігін шектейтін ешқандай органы жоқ, шексіз М-ның құрылуына алып келді. Шексіз М-да заң шығару, атқару, сот – үш билік те монархтың қолына шоғырланды. Адамзат сана-сезімінің дамуына, демократияның өркендеуіне байланысты мемл. билікті бірінен бірі тәуелсіз әрі өзара байланысты үш тармаққа бөлу теориясы белең алды. М-лық елдер конституция қабылдау арқылы монархтың билігін шектеп, Конституц. М. пайда болды. Ондай мемлекетте монарх құзырындағы мәселелер конституцияда нақты белгіленді (негізінен ішкі, сыртқы саясаттың басты бағытын белгілеу, бас қолбасшылық, т.б. аса маңызды мәселелер) әрі ол мемл. билік тармақтарының арбитрі болып танылды. Мұндай елдерде көбіне монарх билігі символик. сипатта болып, құзыреті азаяды. Ол ең бастысы ел бірлігі мен билік тұтастығын білдіретін мемлекет символы қызметін атқарады. Ал нақты билік жүргізетін үкімет басшысын халық өкілдерінің органы немесе тікелей халықтың өзі дауыс беру арқылы сайлайды. Яғни, саяси талас-тартыс үкімет билігі маңайында жүреді де өзгермейтін әулеттік мемлекет басшылығы арқасында саяси тұрақтылық мызғымайды. Қазіргі таңда Жапония, өлыбритания, Белгия, Дания, Испания, Швеция, Норвегия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері, Нидерланд, т.б. өркениетті елдер – М-лық мемлекеттер. Бұған қоса кейбір Африка және Тынық мұхит аймағындағы артта қалған ұсақ мемлекеттерде М-лық билік сақталған.
Б. Жамбыл
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Монако
Келесі жаңалық
Алматыда екі өрт болды