Кеңестік Қазақстан тарихының Батыс тарихнамасынан көрініс табуы
Кеңестік Қазақстан тарихының Батыс тарихнамасынан көрініс табуы Қазақстанның осы заманғы тарихнамасынан кеңестік ұлт саясатының теориясы мен практикасы жайлы еңбектерді, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы, этнографиясы мен мәдениеті жөніндегі зерттеулерді, оның ішінде докторлық диссертацияларды, сондай-ақ аймақтағы оқиғаларды көзімен көрген шетелдіктердің күнделіктері мен естеліктерін көруге болады. Шетелдік тарихнаманың маңызды бөліктері ретінде қазақ авторлары зерттеулерінің методологиясы мен әдіс-амалдарына сыни талдаулар жасауға арналған жарияланымдарды, бұрынғы Ресей империясындағы түркі тілдес халықтардың азаттық күресі көсемдері Ә. Бокейханов, А. Байтұрсынов, М. Шоқай, А. Заки Валиди Тоған, Т. Рысқұлов және басқалардың еңбектері мен жеке мұрағаттарына, сондай-ақ саяси партиялардың бағдарламаларының, үндеулері мен шешімдерінің мәтініне берілген кең көлемді ғылыми түсініктеме мен сипаттамасы бар анықтамалық библиографиялық басылымдарды атап айтқан жөн. Бұларға Ресейдегі мұсылман халықтардың бірінші және екінші Бүкілресейлік съезінің (мамыр және шілде, 1917 жыл), Мұсылмандық әскери съезінің, Кіші бұхарлықтар партиясының, Мусават партиясының (Әзірбайжан), Федералистердің түркілік партиясының, Милли-Фирка партиясының (Қырым), «Ерік» партиясының (Түркістан), «Алаш» партиясының (Қазақстан) бағдарламалық құжаттарын жатқызуға болады.

