Картография
КАРТОГРАФИЯ – географиялық карталар, оларды жасау және пайдалану туралы ғылым. К. табиғат пен қоғам құбылыстарының үйлесуі мен өзара байланысуын, олардың кеңістіктегі орналасуын және уақыт бойынша өзгеруін, т.б. картогр. кескіндеудің (бейнелеудің) көмегімен зерттейтін ғылым. К-лық ұғымдарға – аспан денелері мен жұлдызды аспанның карталары, глобустар мен жер бедері карталары, картогр. белгілермен берілген кеңістік модельдері (үлгілері) жатады. К-ның негізгі салалары: 1) К. пәні мен әдістемесі, карта туралы ілім, картогр. проекциялар теориясы, генерализация мен кескіндеу әдістерінің (шартты белгілер жүйесі) теориялары; 2) К. ғылымы мен өндірісінің тарихы; 3) картогр. деректер тану (картогр. деректерді саралау және оларға қатысы бар ғыл.-ақпарат теориясының мәселелері); 4) карталарды жобалау және оларды дайындау теориясы мен технологиясы; 5) карталарды пайдаланудың теориясы мен әдістемесі.

