Бұхара хандығы
04.12.2012 12:06
17047
Бұхара хандығы — Орталық Азиядағы Шайбани хан негізін салған мемлекет (16 ғ-дың басы — 1920). 16 ғ-дың 2-жартысында хандықтың астанасы Самарқаннан Бұхара қаласына көшірілді. Бұхар хандығы деген ат осыған байланысты шыққан. Хандықта алғашында Шайбани әулеті (16 ғ-дың басынан 1598 жылға дейін), кейін Аштархан әулеті (1599 — 1740) және Маңғыт әулеті (1755 — 1920) билік жүргізді. Шайбани әулеті билік еткен тұста Орталық Азиядағы саяси жағдайға байланысты Бұхар хандығының жер көлемі жиі өзгеріп тұрды. 1506 — 10 ж. Қазақ хандығына қарсы ұйымдастырған 4 жорығының алғашқылары табысты болғанымен, соңғысында Шайбани әскері Қасым ханнан ойсырай жеңілді. Абдолла ІІ ханның тұсында Бұхар хандығы саяси жағынан күшейіп, территориясы айтарлықтай кеңейді. Ресеймен сауда және дипломатиялық қатынастар орнатылды. Бұхар ханы Иранмен арадағы толассыз күрестерінде қазақтардың көмегіне сүйенді. Қазақ хандығы билеушілерінің мұндай жәрдемін тиісті дәрежеде бағалап, қазақ ханы Шығайға Ходжент қаласын, оның баласы Тәуекел сұлтанға Зеравшан мен Адеркент өлкесінің біраз бөлігін сыйға тартты. Бұхар хандығы мен Қазақ хандығы арасындағы мұндай қатынас ұзаққа созылмады. Тәуекел хан 1583 жылдан бастап Бұхар хандығына қарсы күрес бастады. Соның нәтижесінде 1588 ж. Ташкент хандығының қарамағына көшті. 1599 ж. Қазақ және Бұхар хандықтары арасында жасалған шартқа сәйкес, Ташкентпен қоса Түркістан аумағы да қазақтардың қарамағына көшті. Абдолла ханның мирасқоры Абд әл-Мұмин билікке таласқан топтың қолынан қаза тапқан соң, Бұхар хандығы саяси жағынан әлсірей түсті. Осы тұста Хорезм Бұхар хандығынан бөлініп шықты. Шайбани әулеті тұсында хандық мәдени жағынан едәуір өркендей түсіп, қала құрылысы қарқынды жүргізіліп, бірқатар мешіттер, медреселер салынды. Абдолла хан тұсында хан сарайында 250-ге жуық адам ғылыммен, әдебиетпен шұғылданған. Аштархан әулетінің билігі кезінде Бұхар хандығындағы басқару жүйесі күрделене түсті. Мемлекет басқару жүйесінің негізін аталық, диуан бегі, парванчи, датқа секілді лауазым иелері құрады. Сот, білім беру жүйесі дін иелерінің қолында болды. Аштархандықтар да Иранмен ұзақ уақыт соғысты. Қазақтардан жәрдем алған Имамқұл (Имамкули) хан (1611 — 42) ақыры ирандықтарға ойсырата соққы берді. Жеңіске қол жеткізгеннен кейін, Ташкентті қазақтардан тартып алды. Бұхар хандығы 1680 — 1702 ж. Хиуа хандығымен үнемі соғыс жағдайында болды. 1740 ж. парсы қолбасшысы Нәдір шаї Бұхараны басып алды. Аштархан әулеті билігі кезінде БҰХАР ХАНДЫҒЫнда 150-ге жуық медреселер болды, емханалар салынды. 17 ғ-да БҰХАР ХАНДЫҒЫнда өмір сүрген Жүсіп Қарабағи, Молла Ширази сынды ғұламалар өздерінің филос. трактаттарын жазып қалдырды. Сайид Несефи (1637 — 1710) секілді сарай ақындарының, “Ұбайдолла наме” атты тарихи еңбектің авторы Мир Мұхаммед Амин Бұхаридың есімі Шығысқа танымал болды.[1]
1755 ж. ақсүйектер мен дін иелерінің қолдауына сүйенген маңғыт тайпасының жетекшісі Мұхаммед Рахым Бұхар хандығының тағына отырғаннан кейін мемлекеттің саяси-экон. жағдайы едәуір жақсара түсті. Ал әмір Хайдардың тұсында (1800—26) Хиуа, Қоқанмен соғыстар қайта жанданып, Бұхар әмірі қазақтар тарапынан қолдау күтті. Ресей отаршыларының қазақ даласына тереңдей енуі Бұхар әмірінің алаңдаушылығын туғызғанымен, Қоқан хандығымен жүргізіп жатқан соғысын тоқтатпады. Бұл соғысты Ресей отаршылдары өз мүддесіне пайдаланып, 1865 ж. Ташкентті, 1866 ж. Жизақты, Ходжентті басып алды. 1868 ж. Самарқан іргесінде Ресей армиясы әмір әскерлеріне қирата соққы берді. 1868 және 1873 ж. жасалған шарттарда Бұхар хандығы мен Ресей империясының арасындағы қарым-қатынас ережелері белгіленді. Бұхар хандығы Ресей протектораттығын қабылдауға мәжбүр етілді. Бұхар хандығы Ресей империясы қол астындағы мұсылмандардың 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басындағы рухани өмірінде елеулі рөл атқарды. Бұхара медреселерінде қазақ, татар, өзбек, башқұрт, қырғыз секілді түркі тілдес мұсылман халықтарының өкілдері діни білім алды. Бұхар хандығы Түркістан өлкесінде кеңестік биліктің орнығуына барынша наразылық танытып, оған қарсы шыққан мұсылман зиялыларына қолдау көрсетті. 1920 ж. 2 қыркүйекте Қызыл Армия Бұхараны басып алды. Бұхар хандығының соңғы әмірі Сейіт Әлім хан Ауғанстанға барып паналады
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Карл Маркс