Жаңалықтар

Абайдың өнері һәм қызметі

Абайдың өнері һәм қызметі Абай 1845 жылы дүниеге келіп, 60 жыл өмір сүріп, 1904 жылы дүниеден қайтты. Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұңшыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды. Табиғаттың қыңыр жолы кімді билемеген?! Өскен орта, көрген үлгі, тоңмойын надандық толқыны ағызып, ақыл көзін шын хақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізіп, 35 жасқа шейін ықтиярсыз айдап келді. Бұл жасқа келгенде маңайында жұрттың кір, бұзық мінездері бар қалпымен көзіне айқын суреттелді. Өкінді, өксіді, жиренді... Осы өкініш, өксіктің уыты бойын кернеп, сөзінде азалы, кекті, улы көп әсер, көп із қалдырды. Өткен өмір — қу соқпақ, Қыдырады талайды. Кім алдады, кім таппақ, Салды соны санайды. Нені тапсаң, оны тап, Жарамайды керекке. Өңкей уды жиып ап, Себеді сорлы жүрекке Адасқан күшік сықылды, Ұлып жұртқа қайтқан ой, Өкінді, жолын бекінді, Әуре болма, оны қой.   Абайдың белсеніп, қолына қалам ұстап надандықпен алысуға кіріскенге шейінгі өмірінің сыртқы пішіні осы болды. Енді Абайдың сөзінің бағасына келейік.   Абайдың ең бір артық өзгешілігі заманның ыңғайына жүрмей, өзінің «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұнжырарлық кемшілік, міннің ортасында тұрып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы. Мұндай сипат Абай бұл жүрген адамдарға ұқсамай, өзгеше зор мақсат үшін дүниеге келгендігіне дәлел. Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл-білімінің әр тарауынан көкірегінде асыл қазына көп. Сол көп қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы ғып шығаруы әрі ақындығы, «қызыл тілді» шешендігі. Абайдың ақындық өнері, тар жолды, бірбеткей емес. Әр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілділік, ызалықпен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводшиктік. Мұндай әр жақты, сегіз қырлы өнер басқа ақындардан табыла бермейтін Абайға ғана хас сипат. Абайдың өлеңінің көбі-ақ мінез түзеу жолына арналған. Көп өлеңнің ішінен мысал үшін мына бір сөзін алайық. Мағлумға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.   Тереңнен толғап, хақиқатты болжап, пәлсәпа жолымен де сөйлегендігіне кейінгі сөздерді мысал қылуға болады.   Кім жүрер тіршілікте көңіл бермей, Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей. Міні қайда екенін біле алмассың Терең ойдың телміріп соңына ермей. Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек? Замана оны илемек.   Және «Алла деген сөз жеңіл» деген сөзі де пәлсапамен сөйлейтіндігін көрсетеді. Абайдың басылмаған қара сөздері көп. Сол сөздерінің бәрі терең ойға салып толғап жазылған. Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел. Абайдың данышпандық белгісі—өзі шығарған он алты мақалы бар. Мақалының біреуі: «Әкесінің баласы — адамның дұшпаны, адамның баласы — бауырың», — деген. Заманындағы өнерсіз, қалжыңбас жігіттерді, шен құмар ел адамдарын сынағаны, өлеңге, ән-күйге баға қойғандығы Абайдың сыншылдығын көрсетеді. Өзге сипаттарының ішіндегі ақындық сезімінің артық жетіктігі, дүниенің сыры мен жүрегінің жалғасып, ымдасып кететіндігі. Жылдың төрт уақытын қазақтың өмірімен үйлестіріп жазғандары оқып отырғанда сол уақыттарды көзіңмен көріп, денеңмен сезіп отырғандай суретін алдыңа әкеліп елестетеді. «Сөзімде жаз бар шыбынсыз» — дегені өзінің ақындығына көзі жеткендігімен айтқан. Мысалы, Абай көз алдына мынандай дүниенің түрін келтірген: желсіз, жарық түн, әдемі тау, ағашты су, су бетінде дірілдеген айдын көлеңкесі, ұйықтаған ауыл, үрген ит. Бұл дүниенің бір ұнасымды суреті. Нәзік мінез, ыстық махаббатқа жүректері толып айқасқан екі ғашықтың сұлу халін дүниенің әлгіндей сұлу суретімен құбылыстырып «Желсіз түнде жарық ай» деп жазған өлеңі суретшілігінің зор куәсі. Ғашықтық жайын, әйел турасын жазғанда Абай аса шеберлеп, қызықтыра сипаттайды. Ондай өлеңдерінде ахлақ жолынан алыстау кететін орындары болады. Бірақ мұнысы ақындық жолында кешірерлік іс. Ақынның жүрегі не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейді. Жүрегінің сезімі, көңілінің шабыты билеп, өз бетімен жазып кеткен сөзін былай неге жазбадың ахлаққа хлаф деу жол емес, ол зорлық. Оның суретшіл көңіліне, жүрек қиялына басқаның мөлшері өлшеу емес. Абайдың бірсыпыра өлеңдері жүрегінің сырын, шерін толқытып қанымен, мұң-зармен шығады. Мысалы, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?..» «Ішім өлген, сыртым сау...», «Жүрегім менің қырық жамау...» деген өлеңдері. Шаншып алма ащы тіл, ызалы күлкі, кекесін де Абайдан табылады. Ұнатпаған қылықтарды көріп, кекеп, жерлеп, мысқыл қылатын жерлері де көп. «Болыс болдым мінеки» деген өлеңі жаман болысты сықақ қылған ылғи кекесін. Мінді кекеп айтқанына кей жерлерде үстірт қараған кісі түсінбей қалуға да болады. Мысалы, парақор болыс туралы кекеп айтқан бір сөзі мынау: Кісімсі қайда болса олжаға тоқ, Шұқыма халық көзінше қарғаша боқ! Жұрт — бала, ешнәрсесін тартып алма Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.   Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап, Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез!   Көп өнерінің бірі — Абай керемет переводшы болған. Переводқа шеберлігі мынадан білінеді: кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің тән өлеңінен артық деуге болады. Орыстың әдебі болған толғаулы, ырғақты, нақысты бай тілімен жазылған сөздерін қазақтың кедей, дөкір тілімен ұғымды, мағыналы, терең, тілге жеңіл келтіріп переводтауы мейлінше ұсталығы. Кейбір өлеңдерді, мысалы: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Кинжал», «Жолға шықтым бір жым-жырт» қалыбынан, мағынасынан һеш аудармай перевод еткен. Кей жерлерде сөздің мағынасынан ғана алып, қазақтың ұғымына ыңғайлап сырт пішінін өзгерткен. Абайдың ақындығының еркіндігі сол: кейбір переводты өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген. Мысалы: «Теректің сыйы», «Онегиннің хатын» Пушкиннің геройынан өзгертіп, тілін сұлулап перевод қылған. Енді Абайдың тіл жағына келсек, тілі ұғымды, қысқа, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш. Өрнекті, дәлшіл, күйлі, таза һәм анық келеді. Тіл терең мағыналы болғандықтан жұрттың көбіне ұғымсыз, ауыр жерлері де болады. Жалпыға түсініксіз сөздері туралы: «Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін», — деп өзі де айтып кеткен, «Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым өлең жастарға бермек үшін», — деген сөзінен; «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар», — деген сөзінен Абайдың жалпы үшін өлең жазбағандығын көрсетеді. Бұрынғы ақындармен Абайды салыстырып көрейік. Бұрынғы ақындардың, шешендердің өрнекті, түрлі, мағыналы тілдері болмағандық па? Болса да көбі жазылып, нұсқауға түспегендік пе, қазақ тілі аса ұстарып өрнекті келмеген. Қазақ тілін анық түрлеп, керекке жаратып, түзеген Абай. Бұл бір. Екінші Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінің беті мақтау, жамандау, асыру, кеміту, болмаса зарлаған сары уайым болып келген. Мінезді суреттеп, мінді айтып, адамшылыққа жөн сілтеген ақындар болмаған. О кездегі ақындар ия қошеметшіл, ия тіленші, ия мақтаншақ болып заманның ыңғайымен кетіп, сөздеріне баға қойылмаған һәм баға қойдыра алмаған. Мұның себебі: ол кезде ақындық өнер орнына жүрмей, жан сақтап, дүние табу жолына жұмсалғандықтан: ақыл көзінің шарасы кең, халықтың бетін бұрарлық, жол көрсетіп, түре саларлық, білімді, дана ақындар шықпағандықтан: ақындық пен тіленшілік жанас жүрген соң халық ақындыққа терең көзбен қарап қадірлемегендіктен, һәм ақындар төмен, нашар жерлерден шығып, аталы адамдар ақындықтан жиренгендіктен еді. Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Бұл Абайдың бұрынғы ақындардан ақыл көзінің артықтығы болды — бір; ақындығы күшті болды — екі; өлеңнің өнер екендігін білді — үш. Сонымен Абай ешкімнен үлгі алмай, қазақ әдебиетінің бетін бұрып, мүйіс шығарды. Өлеңшілікке өзгеше түр кіргізді. Осы күнгі қазақ әдебиетінің түрі Абайдың көрсеткен бетімен келеді. Абайдың ақындық күшінің зорлығы — өз заманында жұртты өзіне қаратып алып, кейінгілері де сол ізбен әкеле жатыр. Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктетіп, соңынан ертіп шәкірт қып әкетті. Абай өлеңнен неше түрлі өлшеу көрсетіп, көп түр кіргізді. Бұл күнде ақындар Абайдың салған көп түріне түр қоспақ түгілі, әлі сол түрлерді түгел сіңіріп ала алған жоқ. Көптің бетін бұрып алғандығы — ақындық екпіннің күштілігі. Абайдың өлеңімен пайдаланып, еліктеу әлі қызған жоқ, бірақ мұнан да артық қозып, бірталай заманға шейін бармақ. Ақындығы Абай қатарлы адам шығып, жаңа түр тапқанша осы буындағы әдебиеттің беті «Абай дәуірі» деп аталады. Қазақтың әдебиеті ілгері басып, өрлейтін болса, Абайдың бұл қызметі әдебиетімізге негіз болып, келешектегі көтерілуіне тұрғы болмақ. Пушкин айтқандай Абай «өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып кетті». Абайдың пайдасыз сөзі жоқ. Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы, үлгілі сөздері кемшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Жүректен толғанып, ыза мен қайрат айдап шыққан қайғылы, қапалы, зарлы сөздері адамның ақылын өз ішіне үңілтіп, жанымен сырластырып ұғып, оқып түсінгендердің сезімін тәрбиелемек. Бұл күнде жұрт Абайдың сөзімен пайдаланып, айтқанын ала қоймайтындық — көптің қараңғы, надандығынан. Бірақ Абайдың соңынан ерген, сөздері әсер берген кісілер жоқ деуге тағы болмайды. Халық жалпы ғылымға бет қойып, көзі ашылған сайын Абайдың сөзінің бағасы артылып, өзінің нұсқаған жолдарына халықтың ұғымын сүйремек, көпшіліктің қараңғы надандығына қарағанда Абайдың көп сөзі ертерек айтылғанға ұқсайды, бірақ іске аспай, керекке жарамай қалмайды. Жұрттың хақиқатқа көзі ашылуға айналса, тағы бірталайға шейін созып барады. Қазақ жұрты кең дала, еркін ауада сайран қылып, жер мен көк, су мен ағаш, тау мен тастың тамаша сырларымен бірге туысып, біте қайнап, басы бос, қиялы күшті, бұлғақтап жүрген дүниенің бір ерке баласы. Сондықтан қазақтың сүйегіне біткен ақындығы бар — бұл бір. Екінші, әдебиетіміздің алғашқы адымында надан халықтың ішінен мәдени жұрттардың алдыңғы ақындарымен таласа Абай сықылды кісі шығып көтермеші, таяныш болып отыр. Бұл екі себепке қарағанда біздің әдебиетіміз мәдени жұрттардың әдебиетінің қатарына тез ілінеді деп білеміз. Абайдың істеп кеткен қызметі әдебиетімізге асыл іргетас. Бұл асыл іргенің үстіне салынатын ілгергі қазақ әдебиетінің дүкені көрікті, көрнекті, нақысты, өрнекті болуына лайық. Қуанамыз! Нанамыз! Марқұм атамыз қазақ халқына халықтығын жоғалтпайтын өшпес белгі орнаттың! Еңбегіңнің жемісін өзің көрмесең аруағың көріп қуансын! Екеу.  Мұхтар Әуезов
04.12.2012 12:04 16095

Абайдың өнері һәм қызметі

Абай 1845 жылы дүниеге келіп, 60 жыл өмір сүріп, 1904 жылы дүниеден қайтты. Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұңшыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды. Табиғаттың қыңыр жолы кімді билемеген?!

Өскен орта, көрген үлгі, тоңмойын надандық толқыны ағызып, ақыл көзін шын хақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізіп, 35 жасқа шейін ықтиярсыз айдап келді. Бұл жасқа келгенде маңайында жұрттың кір, бұзық мінездері бар қалпымен көзіне айқын суреттелді. Өкінді, өксіді, жиренді... Осы өкініш, өксіктің уыты бойын кернеп, сөзінде азалы, кекті, улы көп әсер, көп із қалдырды.

Өткен өмір — қу соқпақ,

Қыдырады талайды.

Кім алдады, кім таппақ,

Салды соны санайды.

Нені тапсаң, оны тап,

Жарамайды керекке.

Өңкей уды жиып ап,

Себеді сорлы жүрекке

Адасқан күшік сықылды,

Ұлып жұртқа қайтқан ой,

Өкінді, жолын бекінді,

Әуре болма, оны қой.

 

Абайдың белсеніп, қолына қалам ұстап надандықпен алысуға кіріскенге шейінгі өмірінің сыртқы пішіні осы болды. Енді Абайдың сөзінің бағасына келейік.

 

Абайдың ең бір артық өзгешілігі заманның ыңғайына жүрмей, өзінің «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұнжырарлық кемшілік, міннің ортасында тұрып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы.

Мұндай сипат Абай бұл жүрген адамдарға ұқсамай, өзгеше зор мақсат үшін дүниеге келгендігіне дәлел.

Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл-білімінің әр тарауынан көкірегінде асыл қазына көп. Сол көп қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы ғып шығаруы әрі ақындығы, «қызыл тілді» шешендігі.

Абайдың ақындық өнері, тар жолды, бірбеткей емес. Әр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілділік, ызалықпен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводшиктік.

Мұндай әр жақты, сегіз қырлы өнер басқа ақындардан табыла бермейтін Абайға ғана хас сипат.

Абайдың өлеңінің көбі-ақ мінез түзеу жолына арналған. Көп өлеңнің ішінен мысал үшін мына бір сөзін алайық.

Мағлумға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

 

Тереңнен толғап, хақиқатты болжап, пәлсәпа жолымен де сөйлегендігіне кейінгі сөздерді мысал қылуға болады.

 

Кім жүрер тіршілікте көңіл бермей,

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.

Міні қайда екенін біле алмассың

Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек?

Замана оны илемек.

 

Және «Алла деген сөз жеңіл» деген сөзі де пәлсапамен сөйлейтіндігін көрсетеді. Абайдың басылмаған қара сөздері көп.

Сол сөздерінің бәрі терең ойға салып толғап жазылған. Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел. Абайдың данышпандық белгісі—өзі шығарған он алты мақалы бар. Мақалының біреуі: «Әкесінің баласы — адамның дұшпаны, адамның баласы — бауырың», — деген.

Заманындағы өнерсіз, қалжыңбас жігіттерді, шен құмар ел адамдарын сынағаны, өлеңге, ән-күйге баға қойғандығы Абайдың сыншылдығын көрсетеді.

Өзге сипаттарының ішіндегі ақындық сезімінің артық жетіктігі, дүниенің сыры мен жүрегінің жалғасып, ымдасып кететіндігі. Жылдың төрт уақытын қазақтың өмірімен үйлестіріп жазғандары оқып отырғанда сол уақыттарды көзіңмен көріп, денеңмен сезіп отырғандай суретін алдыңа әкеліп елестетеді. «Сөзімде жаз бар шыбынсыз» — дегені өзінің ақындығына көзі жеткендігімен айтқан. Мысалы, Абай көз алдына мынандай дүниенің түрін келтірген: желсіз, жарық түн, әдемі тау, ағашты су, су бетінде дірілдеген айдын көлеңкесі, ұйықтаған ауыл, үрген ит. Бұл дүниенің бір ұнасымды суреті. Нәзік мінез, ыстық махаббатқа жүректері толып айқасқан екі ғашықтың сұлу халін дүниенің әлгіндей сұлу суретімен құбылыстырып «Желсіз түнде жарық ай» деп жазған өлеңі суретшілігінің зор куәсі.

Ғашықтық жайын, әйел турасын жазғанда Абай аса шеберлеп, қызықтыра сипаттайды. Ондай өлеңдерінде ахлақ жолынан алыстау кететін орындары болады. Бірақ мұнысы ақындық жолында кешірерлік іс. Ақынның жүрегі не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейді. Жүрегінің сезімі, көңілінің шабыты билеп, өз бетімен жазып кеткен сөзін былай неге жазбадың ахлаққа хлаф деу жол емес, ол зорлық. Оның суретшіл көңіліне, жүрек қиялына басқаның мөлшері өлшеу емес.

Абайдың бірсыпыра өлеңдері жүрегінің сырын, шерін толқытып қанымен, мұң-зармен шығады. Мысалы, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?..» «Ішім өлген, сыртым сау...», «Жүрегім менің қырық жамау...» деген өлеңдері.

Шаншып алма ащы тіл, ызалы күлкі, кекесін де Абайдан табылады. Ұнатпаған қылықтарды көріп, кекеп, жерлеп, мысқыл қылатын жерлері де көп. «Болыс болдым мінеки» деген өлеңі жаман болысты сықақ қылған ылғи кекесін. Мінді кекеп айтқанына кей жерлерде үстірт қараған кісі түсінбей қалуға да болады. Мысалы, парақор болыс туралы кекеп айтқан бір сөзі мынау:

Кісімсі қайда болса олжаға тоқ,

Шұқыма халық көзінше қарғаша боқ!

Жұрт — бала, ешнәрсесін тартып алма

Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.

 

Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,

Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез!

 

Көп өнерінің бірі — Абай керемет переводшы болған. Переводқа шеберлігі мынадан білінеді: кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің тән өлеңінен артық деуге болады. Орыстың әдебі болған толғаулы, ырғақты, нақысты бай тілімен жазылған сөздерін қазақтың кедей, дөкір тілімен ұғымды, мағыналы, терең, тілге жеңіл келтіріп переводтауы мейлінше ұсталығы. Кейбір өлеңдерді, мысалы: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Кинжал», «Жолға шықтым бір жым-жырт» қалыбынан, мағынасынан һеш аудармай перевод еткен. Кей жерлерде сөздің мағынасынан ғана алып, қазақтың ұғымына ыңғайлап сырт пішінін өзгерткен. Абайдың ақындығының еркіндігі сол: кейбір переводты өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген. Мысалы: «Теректің сыйы», «Онегиннің хатын» Пушкиннің геройынан өзгертіп, тілін сұлулап перевод қылған.

Енді Абайдың тіл жағына келсек, тілі ұғымды, қысқа, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш. Өрнекті, дәлшіл, күйлі, таза һәм анық келеді. Тіл терең мағыналы болғандықтан жұрттың көбіне ұғымсыз, ауыр жерлері де болады. Жалпыға түсініксіз сөздері туралы: «Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін», — деп өзі де айтып кеткен, «Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым өлең жастарға бермек үшін», — деген сөзінен; «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар», — деген сөзінен Абайдың жалпы үшін өлең жазбағандығын көрсетеді.

Бұрынғы ақындармен Абайды салыстырып көрейік. Бұрынғы ақындардың, шешендердің өрнекті, түрлі, мағыналы тілдері болмағандық па? Болса да көбі жазылып, нұсқауға түспегендік пе, қазақ тілі аса ұстарып өрнекті келмеген. Қазақ тілін анық түрлеп, керекке жаратып, түзеген Абай.

Бұл бір. Екінші Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінің беті мақтау, жамандау, асыру, кеміту, болмаса зарлаған сары уайым болып келген. Мінезді суреттеп, мінді айтып, адамшылыққа жөн сілтеген ақындар болмаған. О кездегі ақындар ия қошеметшіл, ия тіленші, ия мақтаншақ болып заманның ыңғайымен кетіп, сөздеріне баға қойылмаған һәм баға қойдыра алмаған. Мұның себебі: ол кезде ақындық өнер орнына жүрмей, жан сақтап, дүние табу жолына жұмсалғандықтан: ақыл көзінің шарасы кең, халықтың бетін бұрарлық, жол көрсетіп, түре саларлық, білімді, дана ақындар шықпағандықтан: ақындық пен тіленшілік жанас жүрген соң халық ақындыққа терең көзбен қарап қадірлемегендіктен, һәм ақындар төмен, нашар жерлерден шығып, аталы адамдар ақындықтан жиренгендіктен еді.

Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Бұл Абайдың бұрынғы ақындардан ақыл көзінің артықтығы болды — бір; ақындығы күшті болды — екі; өлеңнің өнер екендігін білді — үш. Сонымен Абай ешкімнен үлгі алмай, қазақ әдебиетінің бетін бұрып, мүйіс шығарды. Өлеңшілікке өзгеше түр кіргізді. Осы күнгі қазақ әдебиетінің түрі Абайдың көрсеткен бетімен келеді. Абайдың ақындық күшінің зорлығы — өз заманында жұртты өзіне қаратып алып, кейінгілері де сол ізбен әкеле жатыр. Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктетіп, соңынан ертіп шәкірт қып әкетті. Абай өлеңнен неше түрлі өлшеу көрсетіп, көп түр кіргізді. Бұл күнде ақындар Абайдың салған көп түріне түр қоспақ түгілі, әлі сол түрлерді түгел сіңіріп ала алған жоқ. Көптің бетін бұрып алғандығы — ақындық екпіннің күштілігі. Абайдың өлеңімен пайдаланып, еліктеу әлі қызған жоқ, бірақ мұнан да артық қозып, бірталай заманға шейін бармақ. Ақындығы Абай қатарлы адам шығып, жаңа түр тапқанша осы буындағы әдебиеттің беті «Абай дәуірі» деп аталады.

Қазақтың әдебиеті ілгері басып, өрлейтін болса, Абайдың бұл қызметі әдебиетімізге негіз болып, келешектегі көтерілуіне тұрғы болмақ. Пушкин айтқандай Абай «өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып кетті».

Абайдың пайдасыз сөзі жоқ. Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы, үлгілі сөздері кемшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Жүректен толғанып, ыза мен қайрат айдап шыққан қайғылы, қапалы, зарлы сөздері адамның ақылын өз ішіне үңілтіп, жанымен сырластырып ұғып, оқып түсінгендердің сезімін тәрбиелемек.

Бұл күнде жұрт Абайдың сөзімен пайдаланып, айтқанын ала қоймайтындық — көптің қараңғы, надандығынан. Бірақ Абайдың соңынан ерген, сөздері әсер берген кісілер жоқ деуге тағы болмайды. Халық жалпы ғылымға бет қойып, көзі ашылған сайын Абайдың сөзінің бағасы артылып, өзінің нұсқаған жолдарына халықтың ұғымын сүйремек, көпшіліктің қараңғы надандығына қарағанда Абайдың көп сөзі ертерек айтылғанға ұқсайды, бірақ іске аспай, керекке жарамай қалмайды. Жұрттың хақиқатқа көзі ашылуға айналса, тағы бірталайға шейін созып барады.

Қазақ жұрты кең дала, еркін ауада сайран қылып, жер мен көк, су мен ағаш, тау мен тастың тамаша сырларымен бірге туысып, біте қайнап, басы бос, қиялы күшті, бұлғақтап жүрген дүниенің бір ерке баласы. Сондықтан қазақтың сүйегіне біткен ақындығы бар — бұл бір. Екінші, әдебиетіміздің алғашқы адымында надан халықтың ішінен мәдени жұрттардың алдыңғы ақындарымен таласа Абай сықылды кісі шығып көтермеші, таяныш болып отыр. Бұл екі себепке қарағанда біздің әдебиетіміз мәдени жұрттардың әдебиетінің қатарына тез ілінеді деп білеміз.

Абайдың істеп кеткен қызметі әдебиетімізге асыл іргетас. Бұл асыл іргенің үстіне салынатын ілгергі қазақ әдебиетінің дүкені көрікті, көрнекті, нақысты, өрнекті болуына лайық. Қуанамыз! Нанамыз! Марқұм атамыз қазақ халқына халықтығын жоғалтпайтын өшпес белгі орнаттың! Еңбегіңнің жемісін өзің көрмесең аруағың көріп қуансын!

Екеу. 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға