Карантин
КАРАНТИН (итал. quarantena, quaranta gіornі – қырық күн), уақытша тыйым салу – жұқпалы ауруларға шалдыққан немесе сол індеттер бойынша күдікті адамдар мен жануарларды жұқпалы аурулардан сақтауға, сол аурулардың жан-жаққа таралмауы үшін алдын ала жүргізілетін әкімшілік, мед.-санитариялық, ветеринариялық-санитариялық кешенді шаралар жүйесі. Көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғыштары мен жасырын кезеңі (инкубациялық кезеңі) әлі толық анықталмаған жағдайда кез келген жұқпалы аурулар бойынша 40 күнге шектеу қойылады. К-дік шаралар халықар. мед.-санитариялық ережелерге сай ДДҰ (Дүниежүз. денсаулық сақтау ұйымы) мүшесі ретінде Қазақстан Республикасында да жүргізіледі. Әсіресе, елдің өз территориясында немесе шекаралас елдерде аса қатерлі індеттер (оба, тырысқақ, т.б.) пайда болғанда К. жүргізудің маңызы арта түседі. Мұндай жағдайда әкімш. шара ретінде мемл. шекараны жабуға тура келеді. К. жарияланған елдермен байланыс жасауға тыйым салынады.

