Капиталды шетке шығару
КАПИТАЛДЫ ШЕТКЕ ШЫҒАРУ, капитал экспорты – кәсіпкерлік қызметтің түрлі нысандарын жүзеге асыру және пайда алу мақсатымен капиталдың шет елдегі ұзақ мерзімді салымы. К. ш. ш. негізгі екі нысанға бөлінеді. Олар: тікелей және қоржындық инвестициялар. Тікелей инвестициялар қаражатты шет ел кәсіпорындарын (филиалдар, бөлімшелер, бірлескен кәсіпорындар) құруға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар сатып алуға, акциялардың бақылау пакетін сатып алу немесе бақылау құқығын беретін мажоритарлық қатысу жолымен шетелдік компанияға бақылау орнатуға, шетелдік филиалдардың қызметін кеңейтуге, соның ішінде пайданы кері инвестициялау есебінен кеңейтуге жұмсау болып табылады. Қоржындық инвестициялар қаражатты шетелдік компаниялардың акциялары мен басқа да бағалы қағаздарын сатып алуға – бақылау құқығын бермейтін миноритарлық қатысуға, шетелдік заңи тұлғаларға қарыздар мен несиелер беруге жұмсау болып табылады.

