Бразилия
04.12.2012 09:55
9229
Бразилия, Бразилия Федеративтік Республикасы – Оңтүстік Америка құрлығының шығыс және орталық бөліктерін алып жатқан мемлекет. Жері – 8,5 млн. км2. Халқы 189 млн. адам (2007). Халқының этникалық құрамы: ақ нәсілдер – 54,7%, зәңгілер – 5,89%, мулаттар – 38,45%. Бұған қоса 3 млн-нан астам иммигранттар (жапон, италиялық, неміс, араб, француз, т.б.) тұрады. Астанасы – Бразилиа. Мемлекеттік тілі – португал тілі. Халқының көпшілігі христиан дінін ұстанады. Ұлттық мейрамы – жетінші қыркүйектегі Тәуелсіздік күні. Бразилия – президенттік федеративті республика. Елдің басшысы, Қарулы Күштердің бас қолбасшысы – президент. Жоғарғы заң шығарушы органы – Ұлтық Конгресс федералдық сенат және депутаттар палатасынан тұрады. Әкімшілік жағынан жиырма бес штатқа, бір федералдық (астаналық) округке бөлінеді. Губернатор билейтін әрбір штат өз конституциясын ұстанады.
Бразилия жері экваторлық (солтүстік бөлігі), субэкваторлық, тропиктік (орталық және оңтүстік бөлігі), субтропиктік (қиыр оңтүстік-шығыс) ендіктерде орналасқан. Жерінің көбін Бразилия таулы үстірті алып жатыр. Климаты негізінен ыстық, жауын-шашын мөлшері әр түрлі. Батыс жағы ылғалды экваторлық, шығыс жағы қуаң экваторлық ендікте. Суы мол, энергия көзіне бай өзендер көп, ішіндегі ірілері: Амазона, Сан-Франсиску, Парнамба, Парана. Ниобий, уран, торий кендері бар. Одан басқа темір, марганец, мыс, мұнай, газ, көмір қорлары мол кездеседі.
Бразилия жеріне адам неолит дәуірінде қоныстанған. 16 ғасырдың басына дейін Бразилия жерін тупи-гуарани, тупинамбас, ботокуд тамойос, короадос, т.б. үндіс тайпалары мекендеген. Олар аңшылықпен, балық аулаумен, жер өңдеумен шұғылданып, темекі, какао, т.б. дақылдар өсірді. 1500 ж. Бразилия жағалауына португалдық теңізші Педру Кабрал келіп түсті де, өзі тапқан жерді Португалия иелігі деп жариялады. Ол паубразил атты құнды қызыл ағашты Бразилиядан Португалияға тасыды; елдің аты да осы ағаштың атынан шыққан. 1549 ж. генерал-губернаторлық құрылып, астанасы Баия (Салвадор) қаласы болды. 1517 жылдан құлдар әкеліне бастады да, құл еңбегінің нәтижесінде ірі жер иеліктері пайда болып, онда қант қамысы, мақта, күріш, жүгері өсірілді. Кейіннен алтын мен алмас шығарылуына байланысты Бразилия Португалияның ең бай отарына айналды. 1763 ж. астана Баиядан Рио-де-Жанейроға көшірілді. 1815 ж. Бразилияға корольдік статус беріліп, «Португалия, Бразилия және Алгарва біріккен корольдігінің» құрамдас бөлігіне айналды. 1822 ж. қаңтарда Бразилияның тәуелсіздігі жарияланды. 1824 ж. наурыз айында елдің тұңғыш конституциясы қабылданып, конституциялы монархия орнады. Келесі жылы Португалия Бразилияның тәуелсіздігін мойындады. 1850 ж. елге құл әкелуге тыйым салынып, 1888 ж. құл иелену мүлде жойылды. 1-дүниежүзілік соғыста Ұлыбритания және АҚШ-тың қысымымен Бразилия Германияға соғыс жариялап, 1918 ж. Еуропаға бірнеше әскери бригадаларын жіберді. 2-дүниежүзілік соғыс кезінде Бразилияда АҚШ-тың ықпалы күшейеді де, 1942 ж. тамызда Германия және Италияға, 1945 ж. маусымда Жапонияға қарсы соғыс жариялады. 1944 ж. елу мыңдық әскери корпусын Италия майданына жіберді. 1950 – 60 ж. Бразилия аграрлы елден аграрлы-индустриялы елге айналды. Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Ресифи, т.б. өнеркәсіп орталықтары өсіп, аграрлық, финанс, оқу реформалары жүргізілді. 1960 ж. жиырма бірінші сәуірде ел астанасы Бразилиа қаласына көшті. Бұдан кейін жиырма жылдай (1964 – 85) елді әскери генералдар басқарды. Бразилия экономикалық күш қуаты жағынан дүние жүзінде сегізінші орын алады. Бразилия Латин Америкасы елдері ішінде шешуші рөл атқарады. Негізгі сауда серіктестері: АҚШ (22%), Батыс Еуропа елдері, Латин Америкасы елдері, Азия елдері. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас 1992 ж. орнатылған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Анхель