Жаңалықтар

Шайқастарда шыңдалдық

  БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала) Алма-Ата «Қазақстан Коммунисі», 1970 жыл, май, №5 Шайқастарда шыңдалдық Офицерлік шинелімді шешкенге кейбіреулер мені әскерден біржола кетті деп ойлайтын шығар. Жоқ, мен әлі кәдімгі жауынгерлік саптамын. Отставкадағы полковникпін, бірақ отставкадағы азамат емеспін. Көңілім де, жүрегім де сонау сұрапыл жылдардағыдан сергек. Жанымдағы жалын басылған жоқ, көзімдегі өрт лапылдаған ыстық күйінде. Соғыс жайлы сөз қозғалса, қаным қайнап, буырқанып - бұрсанып, қалаған кезде атып тұруға әзірмін. Өйткені ажалмен арпалыс мені, өзімнің қанды көйлек майдандас бауырларымды осыған үйреткен. Кір жуып, кіндік кескен жерімнің, туған елімнің ежелгі азаматтық, адамгершілік салты мені осылай тәрбиелеген. Мен - қан майданда өлімді жеңген, өресі биік өрен ұрпақтың, қайтпас қайсар қаһарман ұрпақтың өкілімін. Сондықтан толғана шертер сырым, әрқашан айтар әңгімем - сол замандастарымның ерлігі жайлы. Адалдық пен арамдық, ерлік пен ездік ел басына күн туған, үлкен сын үстінде сарапқа түседі ғой. Майданда мен батальон командирінен полк, дивизия командирлігіне дейін көтерілдім. Отан соғысының отын кеше жүріп, талай рет хас батырды да, еменнің иір бұтағындай иілуді білмейтін мәртті де, шорт сынар шатақты да, қоян жүрек қорқақты да көрдім. Тарихтың таразысына тартылып, қатал сынға түскен қатерлі де қауырт шақта алуан түрлі адуын мінез бой көрсетті ғой. Қорқақты қайтеміз, адамдықты, адалдықты айтайық та.   1941 жылдың 26 ноябірі күні маршал К.Рокоссовский (ол кезде генерал - лейтенант) мені полк командирі етіп тағайындады. Бұрын батальон командирі болатынмын. Жасым отызда. Партияға мүше емеспін. Әскери атағым - аға лейтенант. Полкті басқару оңай ма. Генерал - лейтенанттың мұндай жауапты жұмысты сеніп тапсыруының мәнісі мынада екен: мен батальон командирі болған кезімде бес рет жау қоршауын бұзып шыққанмын. Соны генерал Иван Васильевич Панфилов көзі тірісінде Рокоссовскийге жеткізген көрінеді. Бір қызық жері, полк штабының бастығы подполковник, ал, мен болсам, аға лейтенант қанамын. Батальон командирлерінің бәрі де шетінен майор. Дегенмен, бұйрықтың аты - бұйрық, оны бұлжытпай орындау керек. Трусово деревнясындағы штабқа полкті қабылдауға келгеніме бір сағат болмай жатып, немістер тұтқиылдан шабуыл жасады. Гитлершілердің күші мол. Қарсыласудың қажеті жоқ екенін сездім де, шегінуге бұйрық бердім. Ал шегінуден шығу үшін тосқауыл керек. ─ Комиссар, сіздің қарамағыңызға бір рота қалдырамын. Мен полкті алып шығуым керек. Сіз тосқауыл боласыз,- дедім. Комиссар Логвиненко: ─ Түсінікті, командир жолдас, - деді маған. Жасыратыны жоқ, біз ығысып бара жатырмыз. Сертіне берік комиссар бұл ротамен сіресіп тұрып алып, тегеурінді тосқауыл жасады. Немістерді алға жылжытпады. Соколова дейтін селоға жеттік. Сонда қорғаныс ұйымдастырып, есімізді жинадық. Логвиненко ротаның аман қалған жауынгерлерімен ізімізден қуып жетті. Күштің аты - күш. Немістер тықсырып келе жатыр... Біз де қасарыса қарсыласып тұрып алдық. Полкімізде зеңбірек алтау. Бәрін де алғы шепке қойғанбыз. Немістердің танкісі сегіз. Зеңбіректер зіркілдей бастады. Фашист танкілерінде де зеңбірек бар. Бес зеңбірегіміз істен шықты. Бір ғана зеңбірек қалды. Шыдай алмай, соның қасына жүгіріп бардым. Сөйтсем, командирі еңгезердей қап - қара қырғыз жігіті екен. Атағы - старшина. ─ Aт! - деп айқай салдым. ─ Атып жатырмыз, командир жолдас, - деді. Әлгі қырғыз жігіті, Сатыбалды Тоқтағұлов, бір сәтте - ақ бес танкіні жайпап салды. Қалған үш танк кейін қарай бұрылды... Отызыншы ноябрь күні Крюковоға қарай шегіндік. Ол астанадан отыз - ақ километр жерде. Крюковода алты күн шайқастық. Деревняны біресе немістер тартып алады, біресе біз тартып аламыз... Ақыры немістер бізді қуып шықты. Ес жинап, әлденіп алған соң қайтадан қарсы шабуылға шықтық. «Отан үшін!» деп айқайлап, ұран салып бара жатырмыз. Мен де алдыңғы шепте жүгіріп келемін. Немістердің бірнеше минометі бізге оқ жаудырды. Сол кезде минаның жарықшағы алдымда кетіп бара жатқан жауынгердің қолына тиіп, білезіктігінен қиып түсіпті. Жаңағы жауынгер енді екі- ақ елі теріге ілініп тұрған қолын жұлып алып, көзімше қарға лақтырып жіберді. Мұны көргенде есімнен танып қала жаздадым... Ол мылтығынан оқ атып, алға жүгірді. Соғыс заңы бойынша ауыр жараланған кісі шетке шығып, тұрып қалуы керек. Бірақ ел өйтпеді, қайта тістене ызаланып алға жүгіре берді. Таң қалдым. Қуып жетіп, бетіне қарасам, әлгі жауынгерім - баяғы старшина Тоқтағұлов Сатыбалды... ─ О, сабаз, нағыз абзал азамат екенсің, елің үшін еңіреп туған ер екенсің, - дедім. ...Осы күні «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына кіре берісте мәрмәр тақта тұр. Редакциядан соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тапқандар есімі тақтада қашалып жазылған. Редакцияға жолым түскен сайын сол тақта алдында біраз басымды иіп тұрамын. Неше түрлі ойлар келеді. Сұрапыл соғыстан осылар сияқты қайтпай қалуым да мүмкін еді - ау. Оқ адамды таңдап тимейді ғой. Небір боздақтардан айырды бұл соғыс. Мына тізімдегілердің көбін біле бермеймін. Бірақ өзім білетін бір адам осы тізімнің жуан ортасында тұр. Ол - Мұхамбетқұл Исламқұлов. Ол менен он жас үлкен еді. Тірі болса, биыл жетпіске шығады екен. Тірі болса, «Мұха, Мұха» деп, мерекесімен құттықтап, қаумалап отырар едік. Иә, тірі болса деген тілекке жете алмағандар қаншама... Мұхамбетқұл ұзын бойлы, маңдайы кере қарыс, көзі алақандай, қыр мұрын, қалың қасы ұшуға ыңғайланған қыранның қанатындай сұлу жігіт еді. Мен оны бірінші рет 1936 жылы көргенмін. Содан кейін майданға бірге аттандық. Марқұм генерал Панфилов - дивизия командирі. Сабырлы, ақылды кісі еді. Панфилов бастаған қазақстандықтар дивизиясы Москва түбінде астанаға анталаған неміс күшінің нақ орган беліне қарсы тұрды. Жау осы дивизияға ерекше шүйлікті. Шепті бұзып өтпек болды. Осы тұста Мұхамбетқұл дивизияның батальон штабының бастығы (ол кезде батальонда 750 адам бар) бола жүріп, талай қиын - қыстау шақта қайрат көрсетіп еді. Жоғарыда өз батальонымен жаудың шебін бес рет бұзып шыққанымды айттым ғой. Осыған орай бір кездесуде Мұхамбетқұл маған бы лай деді: ─ Ей, Бауыржан, есіңде бар ма? Мен саған бір кезде өте қатал екенсің дегенім. Сонда сен маған: «Мұха, мені жұмсартып қайда жұмсамақсыз», - деп жауап бергенсің. Жығылдым. Ішімнен «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы ғой деп ойладым. Сенің қаталдығыңды жақтырмаушы едім. Бірақ соғыста кейде қаталдық та керек екен. Соған қазір көзім жетті. К.Рокоссовский мені полк командирі етіп тағайындаған күні көп толғанып, көп ойланып барып батальонымды Мұхамбетқұл Исламқұловқа тапсырдым. Бірнеше күнге, бірнеше түнге, бірнеше аптаға созылған қырғын ұрыста Исламқұловтың батальоны алғы шепте, ең жауапты учаскелерде болды. Әсіресе, жоғарыда аталған Соколова селосында дұшпан бізді тықсырып, қоршай бастады. Исламқұловты шақырып алдым. ─ Мұха! Жағдайды көріп отырсыз ғой. Мен полкті осы жерден аман алып шығуым керек, бұл оңай емес, сол себепті сізді тосқауылға қалдыру қажет болып тұр. Бәрінен де осындай қысылшаң шақта бізге керегі сіздің батылдығыңыз, тапқырлығыңыз. ─ Түсіндім, Бауке! Полкті аман алып қалу үшін бір батальонды жаудың арандай ашылған аузына тығын болсын деп тастай салғанмен бірдей бұл. Бұған ердің ері ғана шыдауы мүмкін. Сол шайқаста Исламқұловтың батальоны жаумен табан тіресіп тұрып алды. Мен полкті қоршаудан шығарып, жаңа қауіпсіз шепке алып келдім. Екі күннен кейін Исламқұлов бізді соңымыздан қуып жетті. Крюково деревнясындағы кескілескен ұрыс толассыз бір аптаға созылды. Деревняны біресе біз, біресе немістер алады. 5 декабрьде мен жараланып қалдым. Дәрігердің госпитальға жат дегеніне көнбей, командалық пунктте жаттым. Өйткені немістер астанаға жақындап қалған. Бір мезет екінші, үшінші батальондардың командирлері қосарлана телефон соқты. ─ Командир жолдас, менде жеті - ақ адам қалды, - дейді бірі. ─ Командир жолдас, менде он екі - ақ адам қалды, - дейді екіншісі. Телефониске: ─ Дереу бірінші батальон командирі кіші лейтенант Исламқұловқа қос, - дедім. Мұхамбетқұл трубканы көтерді.   ─ Мұха, екінші батальонда жеті - ақ адам, үшінші батальонда он екі - ақ адам қалыпты. Сізде ше? ─ Менде 120 адам. Екі майор да қасымда отыр. ─ Ендеше трубканы соларға беріңіз. Екеуінің де тез арада бөлімшелерімен Исламқұловтың қарамағына көшуін бұйырдым. ─ Трубканы Исламқұловқа беріңіз! ─ Мұха, команданы қолға аласыз. Мына екеуін ұрысқа салыңыз. ─ Ойбай - ау! деді Мұхамбетқұл. - Олар кілең майор той, қалай болады мұның өзі. ─ Жасақсыз майор - майор емес. Олардың батальондарын түгел жоғалтқанына сенбеймін. Дереу кірісіңіз. Істің толық мән - жайын адам жіберіп анықтаңыз, ал екі майорды қатардағы жауынгерлер сапына қосыңыз. Тексеру қорытындысын дереу маған хабарлаңыз. ─ Құп болады, Бәуке! Кейін анықталды: екінші батальонда жеті адам емес - 170 адам, үшінші батальонда 12 адам емес - 150 адам бар екен. Тарихтың тағдырын шешкен осынау тар жол, тайғақ кешуде соғысқа миллиондаған солдаттар мен офицерлер қатысты. Олар қыруар қаһармандық көрсетті. Әрине, оның бәрін тізу мүмкін емес. Мен бұл жерде майдандағы ерлік шежіресінен көзіммен көрген екі оқиғаны ғана баяндап отырмын. Ал, осының өзі сонау сын сағатта аса қауіпті жау - фашизмге күйрете соққы беріп, бүкіл адам баласын апаттан аман алып қалған совет солдатының тегеурінді тұлғасын, өр мінезін көз алдыңа келтірмей ме? Бір сәт ойланар болсақ, совет халқының аса зор алапат соғысты жеңіспен аяқтауы, күллі Европаны лезде - ақ күлталқан етіп, табанға таптап, езіп - жаншып, жапырып келе жатқан жалмауыз жауды қайтып тұрмастай етіп өлтіре соғуы, шынында да, қайран қаларлық! Фашистер: «Алдымен Россияны, одан соң бүкіл дүниежүзін жаулап аламыз!» деп көкіген еді. Реакционерлердің көбісі бұған жалбақтай қуанып, олардың қолтығына су бүрікті, біреулері қорыққанынан - ақ қолпаштап берді. Совет Армиясы, әсіресе, Москва түбінде ауыр күндерді басынан кешті. Сол бір қысылшаң кезде біздің елде күндіз күлкі, түнде ұйқы болған жоқ. Отан үшін жанын аямаған талай абзал азаматты өз көзіммен көрдім. Қазақстанда құрылған даңқты Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің тарихи ерлігі, міне, осы тұста айқын көрінді. Панфиловшы саяси жетекші Василий Клочковтың: «Россия кең - байтақ, бірақ шегінер жер жоқ, артымызда - Москва!» - деген жүрек тебірентер сөздері астананы қорғаушылардың ұранына айналып кеткені мәлім. Алғашында арындап келе жатқан жаудың қарқынын осылай бастық. Содан кейін «Ұру олай болмайды, былай болады» деп, фашистердің зәресін ұшыра шабуылға шықтық. Гитлердің бақайшағына дейін қаруланған күшті армиясының быт - шытын шығарып қудық. Отанымызды азат еттік, фашизмнің табанында тапталған Европа халықтарын қанды шеңгелден құтқарып қалдық. Рейхстагқа қызыл жалау тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев пен орыс Григорий Булатов және басқа жауынгерлер совет солдатының ерен ерлігінің символындай тарихтың төрінен мәңгі орын алды. Мен архивтерден олардың таңғажайып ерлігін бейнелейтін 32 документ таптым. Совет халқы Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалған, қасиетті жерімізді озбыр қарақшылардан тазартқан өзінің осындай қаһарман ұлдары мен қыздарын әрқашан ардақ тұтады, олардың ерлік дәстүрін келер ұрпаққа үлгі етеді. Жеңіс совет халқына оңайға түскен жоқ. Кешегі сұрапыл соғыста біздің ел жиырма миллионнан аса адамынан айрылды. «Соғыс шығындары төрт триллион сомға жетті, - деп жазады Совет Армиясы Бас штабының бастығы, Совет Одағының Маршалы М.В.Захаров «Достарымыз бен дұшпандарымыздың көзімен» деген кітабында, - соғыс адамзат ғасырлар бойы жасаған қыруар материалдық байлықты кұртып жіберді. Тек Совет Одағының территориясында 1710 қала ойрандалды, 70 мың село мен деревня өртелді, 32 мың кәсіпорын қиратылды, 98 мың колхоз бен 1876 совхоз тонауға түсті». Осы кітапта айтылғанындай, фашистер біздің елге бес миллион бес жүз мың солдаты мен офицерін төккен. Иә, өрт - жалыны жер жаһанды шарпып, бүкіл дүниені дүрліктірген сұрапыл соғыс совет халқы үшін үлкен сын, асқан ерлік мектебі болатыны рас. Қан майданда халықтың жалын атқан жігері, қайтпас қайраты, талмас табандылығы, интернационалдық сезімі, асқақ патриотизмі айқын айшығымен көрінді. Советтік құрылыс өзінің мызғымас мықтылығын, біртұтас бірлігін әлемге паш етті. Замандастарымыздың заңғар биік тұлғасын, ішкі жан дүниесінің сұлулығын, айдын шалқар байлығын, орасан зор оптимизмін өз көзімізбен көрдік. Талай сыннан сүрінбей өткен, мерейі үстем Совет Армиясының кешегі соғыстағы естен кетпес бір ерекшелігі - жауынгерлердің жаппай қаһармандық көрсетуі. Совет Армиясы - халықтар достығының армиясы, пролетарлық интернационализмнің армиясы. Оның қатарында шынайы достық пен бауырмал туысқандықтың орасан зор жауынгерлік одағына кірген еліміздегі барлық ұлттың өкілдері, бүкіл жұмысшы табы мен күллі шаруалардың ең таңдаулы адамдары топтастырылған. Олардың сұрапыл соғыста туысқандық туын жоғары ұстап, бұрын - соңды болмаған қаһармандық, тамаша батырлық көрсетуі, құлақ естіп, көз көрмеген азапқа төзуі, жеңіс үшін, Отан үшін өздерін құрбан етуі - осынау ынтымақ - бірліктің, қасиетті де қастерлі достықтың керемет көрінісі. Бұған мысалды алыстан іздемей - ақ, өзіміздің панфиловшылар дивизиясында 36 ұлттың өкілдері болғанын айтсақ та жеткілікті. Жиырма сегіз панфиловшы батырдың ерен ерлігі - біздің Қарулы Күштеріміздің қаһармандығының символы. Қазақ халқының ұл - қыздары да дұшпанға кек жіберген жоқ. Ғажап ерлік көрсеткен Төлеген Тоқтаров, Александр Матросовтан 13 күн бұрын жау дзотының амбразурасын өз денесімен жапқан Боран Нысанбаев, Николай Гастеллоның ерлігін қайталап, жанып бара жатқан самолетін жау танкілеріне қарай шүйілтіп, өлімге басын тіккен қырдың қыраны Нұркен Әбдіров, қасарысқан жерінен қан алатын хас батырлар Сұлтан Баймағанбетов, Ақәділ Суханбаев, Жұмаш Қарақұлов, ұлдан бетер қайсар туған қазақ қыздары, Советтік Шығыс әйелдерінің ішінен тұңғыш рет Совет Одағының Батыры атағын алған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова... Ерлік шежіресіне өшпес үлес қосқан, ел намысы дегенде етігімен су кешіп, белдескеннің белін үзген, жалын жүректі қазақтардың қаһармандығын айтып тауысу қиын. Туған халқының туын көтерген небір батырлардың арпалыс шебінде азулы жауға қарсы айқасқа кіріп, тістескеннің тісін сындырып, зәресін зәр түбіне жібергенін көзіммен көріп, солардың сапында бірге болғанымды мақтаныш етемін. Содан бері 25 жыл өтті. Әлі талай жылдар өтеді... Қиян - кескі жойқын жорықтың қиын - қыстау жолдары, шытырман шайқастары, замандастарымыздың ерлігі халық көкейінен ешқашан кетпейді. Егер біреу менен қарапайым совет адамдарының осынау қыруар қаһармандықты қайдан алғанын сұраса, оның сағасы сонау Ұлы Октябрь социалистік революциясынан басталған деп жауап берер едім. Себебі, халқымызды қаһармандыққа бастаған сол революцияның асқақ та ізгі мұраттары. Совет Армиясының ең басты құдіретті күші, оның жеңілмейтіндігінің қайнар көзі - социалистік Отанды қорғау туралы лениндік идеялардың жүзеге асырылуы, тарихи жеңістердің дем берушісі Коммунистік партияның кемеңгер басшылығы. Совет Армиясының халықпен мызғымас бірліктегі жеңімпаз шеруі - Отанға шексіз берілгендіктің, революция ісіне жан - тәнімен қызмет етудің өнегесі. Өз басым совет жауынгерлерінің рухани бейнесіндегі ардақты да абзал моральдық қасиеттер - идеялық берік сенім, қиындыққа қамықпай қарсы тұру, ержүректілік деп есептеймін. Мен Отан соғысының отында, аласапыран алапатында шыңдалған ұрпақтың өкілімін. Менен ақылды, менен батыр талай азамат жойқын жорықта қыршын кетті. Солар ойыма түссе, көзіме жас аламын да, болашағы жарқын жас ұрпақтың бетіне қарап, көңілімді басамын. Сөйтіп, әлемде әлі дау - жанжал басыла қоймаған дәуірде қазақ қарттарының ежелгі салты бойынша (енді мен де алпыстағы ақсақал болдым ғой) жас ұрпақтарға: «Біз әліміздің келгенінше жауға намысымызды жіберген жоқпыз. Отан алдындағы борышымызды абыроймен өтедік. Сендер де әке жолын қуып, халқымыздың революциялық жауынгерлік және еңбек дәстүрлерін жалғастыра беріңдер. Ата - бабаларыңның аруағын сыйлап, абыройын көтеріңдер!» - деген ақ тілегімді айтқым келеді.    
04.12.2012 09:44 4128

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

Алма-Ата

«Қазақстан Коммунисі»,

1970 жыл, май, №5

Шайқастарда шыңдалдық

Офицерлік шинелімді шешкенге кейбіреулер мені әскерден біржола кетті деп ойлайтын шығар. Жоқ, мен әлі кәдімгі жауынгерлік саптамын. Отставкадағы полковникпін, бірақ отставкадағы азамат емеспін. Көңілім де, жүрегім де сонау сұрапыл жылдардағыдан сергек. Жанымдағы жалын басылған жоқ, көзімдегі өрт лапылдаған ыстық күйінде. Соғыс жайлы сөз қозғалса, қаным қайнап, буырқанып - бұрсанып, қалаған кезде атып тұруға әзірмін. Өйткені ажалмен арпалыс мені, өзімнің қанды көйлек майдандас бауырларымды осыған үйреткен. Кір жуып, кіндік кескен жерімнің, туған елімнің ежелгі азаматтық, адамгершілік салты мені осылай тәрбиелеген. Мен - қан майданда өлімді жеңген, өресі биік өрен ұрпақтың, қайтпас қайсар қаһарман ұрпақтың өкілімін. Сондықтан толғана шертер сырым, әрқашан айтар әңгімем - сол замандастарымның ерлігі жайлы.

Адалдық пен арамдық, ерлік пен ездік ел басына күн туған, үлкен сын үстінде сарапқа түседі ғой. Майданда мен батальон командирінен полк, дивизия командирлігіне дейін көтерілдім. Отан соғысының отын кеше жүріп, талай рет хас батырды да, еменнің иір бұтағындай иілуді білмейтін мәртті де, шорт сынар шатақты да, қоян жүрек қорқақты да көрдім. Тарихтың таразысына тартылып, қатал сынға түскен қатерлі де қауырт шақта алуан түрлі адуын мінез бой көрсетті ғой. Қорқақты қайтеміз, адамдықты, адалдықты айтайық та.

 

1941 жылдың 26 ноябірі күні маршал К.Рокоссовский (ол кезде генерал - лейтенант) мені полк командирі етіп тағайындады. Бұрын батальон командирі болатынмын. Жасым отызда. Партияға мүше емеспін. Әскери атағым - аға лейтенант. Полкті басқару оңай ма. Генерал - лейтенанттың мұндай жауапты жұмысты сеніп тапсыруының мәнісі мынада екен: мен батальон командирі болған кезімде бес рет жау қоршауын бұзып шыққанмын. Соны генерал Иван Васильевич Панфилов көзі тірісінде Рокоссовскийге жеткізген көрінеді. Бір қызық жері, полк штабының бастығы подполковник, ал, мен болсам, аға лейтенант қанамын. Батальон командирлерінің бәрі де шетінен майор. Дегенмен, бұйрықтың аты - бұйрық, оны бұлжытпай орындау керек.

Трусово деревнясындағы штабқа полкті қабылдауға келгеніме бір сағат болмай жатып, немістер тұтқиылдан шабуыл жасады. Гитлершілердің күші мол. Қарсыласудың қажеті жоқ екенін сездім де, шегінуге бұйрық бердім. Ал шегінуден шығу үшін тосқауыл керек.

─ Комиссар, сіздің қарамағыңызға бір рота қалдырамын. Мен полкті алып шығуым керек. Сіз тосқауыл боласыз,- дедім.

Комиссар Логвиненко:

─ Түсінікті, командир жолдас, - деді маған.

Жасыратыны жоқ, біз ығысып бара жатырмыз. Сертіне берік комиссар бұл ротамен сіресіп тұрып алып, тегеурінді тосқауыл жасады. Немістерді алға жылжытпады. Соколова дейтін селоға жеттік. Сонда қорғаныс ұйымдастырып, есімізді жинадық. Логвиненко ротаның аман қалған жауынгерлерімен ізімізден қуып жетті. Күштің аты - күш. Немістер тықсырып келе жатыр... Біз де қасарыса қарсыласып тұрып алдық. Полкімізде зеңбірек алтау. Бәрін де алғы шепке қойғанбыз. Немістердің танкісі сегіз. Зеңбіректер зіркілдей бастады. Фашист танкілерінде де зеңбірек бар. Бес зеңбірегіміз істен шықты. Бір ғана зеңбірек қалды. Шыдай алмай, соның қасына жүгіріп бардым. Сөйтсем, командирі еңгезердей қап - қара қырғыз жігіті екен. Атағы - старшина.

─ Aт! - деп айқай салдым.

─ Атып жатырмыз, командир жолдас, - деді.

Әлгі қырғыз жігіті, Сатыбалды Тоқтағұлов, бір сәтте - ақ бес танкіні жайпап салды. Қалған үш танк кейін қарай бұрылды...

Отызыншы ноябрь күні Крюковоға қарай шегіндік. Ол астанадан отыз - ақ километр жерде. Крюковода алты күн шайқастық. Деревняны біресе немістер тартып алады, біресе біз тартып аламыз... Ақыры немістер бізді қуып шықты. Ес жинап, әлденіп алған соң қайтадан қарсы шабуылға шықтық. «Отан үшін!» деп айқайлап, ұран салып бара жатырмыз. Мен де алдыңғы шепте жүгіріп келемін. Немістердің бірнеше минометі бізге оқ жаудырды. Сол кезде минаның жарықшағы алдымда кетіп бара жатқан жауынгердің қолына тиіп, білезіктігінен қиып түсіпті. Жаңағы жауынгер енді екі- ақ елі теріге ілініп тұрған қолын жұлып алып, көзімше қарға лақтырып жіберді. Мұны көргенде есімнен танып қала жаздадым...

Ол мылтығынан оқ атып, алға жүгірді. Соғыс заңы бойынша ауыр жараланған кісі шетке шығып, тұрып қалуы керек. Бірақ ел өйтпеді, қайта тістене ызаланып алға жүгіре берді. Таң қалдым. Қуып жетіп, бетіне қарасам, әлгі жауынгерім - баяғы старшина Тоқтағұлов Сатыбалды...

─ О, сабаз, нағыз абзал азамат екенсің, елің үшін еңіреп туған ер екенсің, - дедім.

...Осы күні «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына кіре берісте мәрмәр тақта тұр. Редакциядан соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тапқандар есімі тақтада қашалып жазылған. Редакцияға жолым түскен сайын сол тақта алдында біраз басымды иіп тұрамын. Неше түрлі ойлар келеді. Сұрапыл соғыстан осылар сияқты қайтпай қалуым да мүмкін еді - ау. Оқ адамды таңдап тимейді ғой. Небір боздақтардан айырды бұл соғыс. Мына тізімдегілердің көбін біле бермеймін. Бірақ өзім білетін бір адам осы тізімнің жуан ортасында тұр. Ол - Мұхамбетқұл Исламқұлов.

Ол менен он жас үлкен еді. Тірі болса, биыл жетпіске шығады екен. Тірі болса, «Мұха, Мұха» деп, мерекесімен құттықтап, қаумалап отырар едік. Иә, тірі болса деген тілекке жете алмағандар қаншама...

Мұхамбетқұл ұзын бойлы, маңдайы кере қарыс, көзі алақандай, қыр мұрын, қалың қасы ұшуға ыңғайланған қыранның қанатындай сұлу жігіт еді. Мен оны бірінші рет 1936 жылы көргенмін. Содан кейін майданға бірге аттандық. Марқұм генерал Панфилов - дивизия командирі. Сабырлы, ақылды кісі еді. Панфилов бастаған қазақстандықтар дивизиясы Москва түбінде астанаға анталаған неміс күшінің нақ орган беліне қарсы тұрды. Жау осы дивизияға ерекше шүйлікті. Шепті бұзып өтпек болды. Осы тұста Мұхамбетқұл дивизияның батальон штабының бастығы (ол кезде батальонда 750 адам бар) бола жүріп, талай қиын - қыстау шақта қайрат көрсетіп еді.

Жоғарыда өз батальонымен жаудың шебін бес рет бұзып шыққанымды айттым ғой. Осыған орай бір кездесуде Мұхамбетқұл маған бы лай деді:

─ Ей, Бауыржан, есіңде бар ма? Мен саған бір кезде өте қатал екенсің дегенім. Сонда сен маған: «Мұха, мені жұмсартып қайда жұмсамақсыз», - деп жауап бергенсің. Жығылдым. Ішімнен «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы ғой деп ойладым. Сенің қаталдығыңды жақтырмаушы едім. Бірақ соғыста кейде қаталдық та керек екен. Соған қазір көзім жетті.

К.Рокоссовский мені полк командирі етіп тағайындаған күні көп толғанып, көп ойланып барып батальонымды Мұхамбетқұл Исламқұловқа тапсырдым.

Бірнеше күнге, бірнеше түнге, бірнеше аптаға созылған қырғын ұрыста Исламқұловтың батальоны алғы шепте, ең жауапты учаскелерде болды. Әсіресе, жоғарыда аталған Соколова селосында дұшпан бізді тықсырып, қоршай бастады.

Исламқұловты шақырып алдым.

─ Мұха! Жағдайды көріп отырсыз ғой. Мен полкті осы жерден аман алып шығуым керек, бұл оңай емес, сол себепті сізді тосқауылға қалдыру қажет болып тұр. Бәрінен де осындай қысылшаң шақта бізге керегі сіздің батылдығыңыз, тапқырлығыңыз.

─ Түсіндім, Бауке!

Полкті аман алып қалу үшін бір батальонды жаудың арандай ашылған аузына тығын болсын деп тастай салғанмен бірдей бұл. Бұған ердің ері ғана шыдауы мүмкін.

Сол шайқаста Исламқұловтың батальоны жаумен табан тіресіп тұрып алды. Мен полкті қоршаудан шығарып, жаңа қауіпсіз шепке алып келдім. Екі күннен кейін Исламқұлов бізді соңымыздан қуып жетті.

Крюково деревнясындағы кескілескен ұрыс толассыз бір аптаға созылды. Деревняны біресе біз, біресе немістер алады. 5 декабрьде мен жараланып қалдым. Дәрігердің госпитальға жат дегеніне көнбей, командалық пунктте жаттым. Өйткені немістер астанаға жақындап қалған.

Бір мезет екінші, үшінші батальондардың командирлері қосарлана телефон соқты.

─ Командир жолдас, менде жеті - ақ адам қалды, - дейді бірі.

─ Командир жолдас, менде он екі - ақ адам қалды, - дейді екіншісі.

Телефониске:

─ Дереу бірінші батальон командирі кіші лейтенант Исламқұловқа қос, - дедім. Мұхамбетқұл трубканы көтерді.

 

─ Мұха, екінші батальонда жеті - ақ адам, үшінші батальонда он екі - ақ адам қалыпты. Сізде ше?

─ Менде 120 адам. Екі майор да қасымда отыр.

─ Ендеше трубканы соларға беріңіз.

Екеуінің де тез арада бөлімшелерімен Исламқұловтың қарамағына көшуін бұйырдым.

─ Трубканы Исламқұловқа беріңіз!

─ Мұха, команданы қолға аласыз. Мына екеуін ұрысқа салыңыз.

─ Ойбай - ау! деді Мұхамбетқұл. - Олар кілең майор той, қалай болады мұның өзі.

─ Жасақсыз майор - майор емес. Олардың батальондарын түгел жоғалтқанына сенбеймін. Дереу кірісіңіз.

Істің толық мән - жайын адам жіберіп анықтаңыз, ал екі майорды қатардағы жауынгерлер сапына қосыңыз. Тексеру қорытындысын дереу маған хабарлаңыз.

─ Құп болады, Бәуке!

Кейін анықталды: екінші батальонда жеті адам емес - 170 адам, үшінші батальонда 12 адам емес - 150 адам бар екен.

Тарихтың тағдырын шешкен осынау тар жол, тайғақ кешуде соғысқа миллиондаған солдаттар мен офицерлер қатысты. Олар қыруар қаһармандық көрсетті. Әрине, оның бәрін тізу мүмкін емес. Мен бұл жерде майдандағы ерлік шежіресінен көзіммен көрген екі оқиғаны ғана баяндап отырмын. Ал, осының өзі сонау сын сағатта аса қауіпті жау - фашизмге күйрете соққы беріп, бүкіл адам баласын апаттан аман алып қалған совет солдатының тегеурінді тұлғасын, өр мінезін көз алдыңа келтірмей ме?

Бір сәт ойланар болсақ, совет халқының аса зор алапат соғысты жеңіспен аяқтауы, күллі Европаны лезде - ақ күлталқан етіп, табанға таптап, езіп - жаншып, жапырып келе жатқан жалмауыз жауды қайтып тұрмастай етіп өлтіре соғуы, шынында да, қайран қаларлық! Фашистер: «Алдымен Россияны, одан соң бүкіл дүниежүзін жаулап аламыз!» деп көкіген еді. Реакционерлердің көбісі бұған жалбақтай қуанып, олардың қолтығына су бүрікті, біреулері қорыққанынан - ақ қолпаштап берді.

Совет Армиясы, әсіресе, Москва түбінде ауыр күндерді басынан кешті. Сол бір қысылшаң кезде біздің елде күндіз күлкі, түнде ұйқы болған жоқ. Отан үшін жанын аямаған талай абзал азаматты өз көзіммен көрдім. Қазақстанда құрылған даңқты Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің тарихи ерлігі, міне, осы тұста айқын көрінді. Панфиловшы саяси жетекші Василий Клочковтың: «Россия кең - байтақ, бірақ шегінер жер жоқ, артымызда - Москва!» - деген жүрек тебірентер сөздері астананы қорғаушылардың ұранына айналып кеткені мәлім. Алғашында арындап келе жатқан жаудың қарқынын осылай бастық. Содан кейін «Ұру олай болмайды, былай болады» деп, фашистердің зәресін ұшыра шабуылға шықтық. Гитлердің бақайшағына дейін қаруланған күшті армиясының быт - шытын шығарып қудық. Отанымызды азат еттік, фашизмнің табанында тапталған Европа халықтарын қанды шеңгелден құтқарып қалдық.

Рейхстагқа қызыл жалау тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев пен орыс Григорий Булатов және басқа жауынгерлер совет солдатының ерен ерлігінің символындай тарихтың төрінен мәңгі орын алды. Мен архивтерден олардың таңғажайып ерлігін бейнелейтін 32 документ таптым. Совет халқы Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалған, қасиетті жерімізді озбыр қарақшылардан тазартқан өзінің осындай қаһарман ұлдары мен қыздарын әрқашан ардақ тұтады, олардың ерлік дәстүрін келер ұрпаққа үлгі етеді.

Жеңіс совет халқына оңайға түскен жоқ. Кешегі сұрапыл соғыста біздің ел жиырма миллионнан аса адамынан айрылды. «Соғыс шығындары төрт триллион сомға жетті, - деп жазады Совет Армиясы Бас штабының бастығы, Совет Одағының Маршалы М.В.Захаров «Достарымыз бен дұшпандарымыздың көзімен» деген кітабында, - соғыс адамзат ғасырлар бойы жасаған қыруар материалдық байлықты кұртып жіберді. Тек Совет Одағының территориясында 1710 қала ойрандалды, 70 мың село мен деревня өртелді, 32 мың кәсіпорын қиратылды, 98 мың колхоз бен 1876 совхоз тонауға түсті». Осы кітапта айтылғанындай, фашистер біздің елге бес миллион бес жүз мың солдаты мен офицерін төккен.

Иә, өрт - жалыны жер жаһанды шарпып, бүкіл дүниені дүрліктірген сұрапыл соғыс совет халқы үшін үлкен сын, асқан ерлік мектебі болатыны рас. Қан майданда халықтың жалын атқан жігері, қайтпас қайраты, талмас табандылығы, интернационалдық сезімі, асқақ патриотизмі айқын айшығымен көрінді. Советтік құрылыс өзінің мызғымас мықтылығын, біртұтас бірлігін әлемге паш етті. Замандастарымыздың заңғар биік тұлғасын, ішкі жан дүниесінің сұлулығын, айдын шалқар байлығын, орасан зор оптимизмін өз көзімізбен көрдік. Талай сыннан сүрінбей өткен, мерейі үстем Совет Армиясының кешегі соғыстағы естен кетпес бір ерекшелігі - жауынгерлердің жаппай қаһармандық көрсетуі.

Совет Армиясы - халықтар достығының армиясы, пролетарлық интернационализмнің армиясы. Оның қатарында шынайы достық пен бауырмал туысқандықтың орасан зор жауынгерлік одағына кірген еліміздегі барлық ұлттың өкілдері, бүкіл жұмысшы табы мен күллі шаруалардың ең таңдаулы адамдары топтастырылған. Олардың сұрапыл соғыста туысқандық туын жоғары ұстап, бұрын - соңды болмаған қаһармандық, тамаша батырлық көрсетуі, құлақ естіп, көз көрмеген азапқа төзуі, жеңіс үшін, Отан үшін өздерін құрбан етуі - осынау ынтымақ - бірліктің, қасиетті де қастерлі достықтың керемет көрінісі. Бұған мысалды алыстан іздемей - ақ, өзіміздің панфиловшылар дивизиясында 36 ұлттың өкілдері болғанын айтсақ та жеткілікті. Жиырма сегіз панфиловшы батырдың ерен ерлігі - біздің Қарулы Күштеріміздің қаһармандығының символы.

Қазақ халқының ұл - қыздары да дұшпанға кек жіберген жоқ. Ғажап ерлік көрсеткен Төлеген Тоқтаров, Александр Матросовтан 13 күн бұрын жау дзотының амбразурасын өз денесімен жапқан Боран Нысанбаев, Николай Гастеллоның ерлігін қайталап, жанып бара жатқан самолетін жау танкілеріне қарай шүйілтіп, өлімге басын тіккен қырдың қыраны Нұркен Әбдіров, қасарысқан жерінен қан алатын хас батырлар Сұлтан Баймағанбетов, Ақәділ Суханбаев, Жұмаш Қарақұлов, ұлдан бетер қайсар туған қазақ қыздары, Советтік Шығыс әйелдерінің ішінен тұңғыш рет Совет Одағының Батыры атағын алған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова...

Ерлік шежіресіне өшпес үлес қосқан, ел намысы дегенде етігімен су кешіп, белдескеннің белін үзген, жалын жүректі қазақтардың қаһармандығын айтып тауысу қиын. Туған халқының туын көтерген небір батырлардың арпалыс шебінде азулы жауға қарсы айқасқа кіріп, тістескеннің тісін сындырып, зәресін зәр түбіне жібергенін көзіммен көріп, солардың сапында бірге болғанымды мақтаныш етемін.

Содан бері 25 жыл өтті. Әлі талай жылдар өтеді... Қиян - кескі жойқын жорықтың қиын - қыстау жолдары, шытырман шайқастары, замандастарымыздың ерлігі халық көкейінен ешқашан кетпейді. Егер біреу менен қарапайым совет адамдарының осынау қыруар қаһармандықты қайдан алғанын сұраса, оның сағасы сонау Ұлы Октябрь социалистік революциясынан басталған деп жауап берер едім. Себебі, халқымызды қаһармандыққа бастаған сол революцияның асқақ та ізгі мұраттары.

Совет Армиясының ең басты құдіретті күші, оның жеңілмейтіндігінің қайнар көзі - социалистік Отанды қорғау туралы лениндік идеялардың жүзеге асырылуы, тарихи жеңістердің дем берушісі Коммунистік партияның кемеңгер басшылығы. Совет Армиясының халықпен мызғымас бірліктегі жеңімпаз шеруі - Отанға шексіз берілгендіктің, революция ісіне жан - тәнімен қызмет етудің өнегесі. Өз басым совет жауынгерлерінің рухани бейнесіндегі ардақты да абзал моральдық қасиеттер - идеялық берік сенім, қиындыққа қамықпай қарсы тұру, ержүректілік деп есептеймін.

Мен Отан соғысының отында, аласапыран алапатында шыңдалған ұрпақтың өкілімін. Менен ақылды, менен батыр талай азамат жойқын жорықта қыршын кетті. Солар ойыма түссе, көзіме жас аламын да, болашағы жарқын жас ұрпақтың бетіне қарап, көңілімді басамын. Сөйтіп, әлемде әлі дау - жанжал басыла қоймаған дәуірде қазақ қарттарының ежелгі салты бойынша (енді мен де алпыстағы ақсақал болдым ғой) жас ұрпақтарға: «Біз әліміздің келгенінше жауға намысымызды жіберген жоқпыз. Отан алдындағы борышымызды абыроймен өтедік. Сендер де әке жолын қуып, халқымыздың революциялық жауынгерлік және еңбек дәстүрлерін жалғастыра беріңдер. Ата - бабаларыңның аруағын сыйлап, абыройын көтеріңдер!» - деген ақ тілегімді айтқым келеді.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға