Жаңалықтар

Бор Нильс Хенрик Давид

  Бор Нильс Хенрик Давид – даниялық ғалым, қазіргі заманғы физиканың негізін салушылардың бірі, Дания корольдік қоғамының мүшесі (1917) және 1919 жылдан оның президенті. Нильс Бор (Bohr) 1885 ж. жетінші қазанда Данияның Копенгаген қаласында туған. Копенгаген университетін (1908) бітірген соң 1911 – 12 ж. Кембриджде физик Джозеф Томсонмен, 1912 – 13 ж. Манчестерде Эрнест Резерфордпен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1916 жылдан Копенгаген университетінің профессоры. 1920 жылдан өмірінің соңына дейін Копенгагендегі Теориялық физика институтын (қазіргі Нильс Бор институты) басқарды. 1943 ж. Данияға фашистердің жаулап алу қатері төнгенде, ол АҚШ-қа кетуге мәжбүр болды. АҚШ-та алғашқы атом бомбасын жасауға қатысты, кейін оны шығаруға қарсы шықты. Соғыс аяқталған соң Данияға қайта оралды. Бор – атомның алғашқы кванттық теориясын жасаушы, кванттық механиканың негізін қалаушылардың бірі. Ол Бор қағидалары (постулаттары) деп аталған тұжырымдар негізінде атомның орнықтылығын және сутек тәрізді атомдардың спектрлік заңдылықтарын түсіндірді. Бор теориясы бойынша атомның орнықты (стационар) күйдегі энергиясының үзілісті (дискретті) мәндерге ие болатындығы алынғанымен, электрон шеңбер не эллипс тәрізді орбита бойымен қозғалатын классикалық бөлшек ретінде қарастырылады. Бұл теорияда Луи де Бройль ашқан микробөлшектердің толқындық қасиеті ескерілмейді. Атом құрылысының және оның ішінде өтетін түрлі процестердің толық теориясы кванттық механика заңдары ашылған соң ғана жасалды. Бор 1923 ж. классикалық және кванттық ұғымдар арасындағы сәйкестік принципін ашты. Сол жылы өзі жасаған атом моделі негізінде, алғаш рет Дмитрий Менделеевтің элементтердің периодтық жүйесіне ғылыми түсініктеме берді. 1927 ж. микродүниенің ең маңызды принциптерінің бірі – толықтырғыштық принципін тұжырымдады. Мұның философия ғылымы үшін маңызы зор болды. Ол құранды ядро теориясының авторы (1936). 1939 ж. американ физигі Джон Уилермен бірге ядроның бөліну механизмін түсіндірді. Уран ядросының өздігінен бөлінуін болжады. Бор 20 ғасырдың 40 – 50-жылдары негізінен, элементар бөлшектердің белгілі бір ортамен әсерлесу мәселесін зерттеді. Ол дүние жүзі физиктерінің (Феликс Блох, Оге Бор, Виктор Вайскопф, Лев Ландау, т.б.) үлкен мектебін ұйымдастырды, олардың арасындағы ғылыми шығармашылық байланысты дамытты. Бор – Нобель сыйлығының лауреаты (1922), дүниежүзіндегі жиырмадан астам Ғылым академияларының, оның ішінде бұрынғы КСРО Ғылым академиясының да (1929) құрметті мүшесі. Ғалым Нильс Бор 1962 ж. 18 қарашада Копенгаген қаласында дүние салды. Бор қағидалары, Бор постулаттары – даниялық физик Нильс Бордың атомның орнықты (стационар) күйін және спектрлік заңдылықтарын түсіндіруге арналған негізгі болжамдары (1913). Бірінші қағида немесе орнықты күйлер қағидасы: атомдағы электрондар кез келген энергиясы бар орбиталармен емес, тек белгілі бір энергиясы бар орбиталар бойымен қозғалады. Оларды орнықты орбиталар деп атайды. Орнықты орбиталардың энергиясы тек белгілі бір дискретті (үзікті) мәндерді ғана иеленеді. Электрондар мұндай орнықты орбита бойымен қозғалып жүргенде сәуле шығармайды. Екінші қағида немесе сәуле шығарудың жиіліктік шарты: атом бір орнықты күйден екінші бір сондай күйге ауысқанда ғана жарықтың бір фотонын жұтады не шығарады. Шығарылған не жұтылған фотонның энергиясы (һν) екі орнықты күй энергияларының (Е1 және Е2) айырымына тең (һν = Е1 – Е2, мұндағы ν – шығарылған не жұтылған сәуле фотонының жиілігі, һ – Планк тұрақтысы). Осы қағидалар негізінде құрылған Бор теориясы тек сутек және сутек тәріздес атомдардың құрылысын түсіндіруге қолданылады. Бор қағидалары классикалық физика заңдылықтарына толығымен қайшы келеді. Бұл қағидалар – микродүние қасиеттерін түсіндіру үшін табылған алғашқы тұжырымдар. Атом құрылысы кванттық механика арқылы ғана толық түсіндіріледі.   
04.12.2012 09:44 9597

 

Бор Нильс Хенрик Давид – даниялық ғалым, қазіргі заманғы физиканың негізін салушылардың бірі, Дания корольдік қоғамының мүшесі (1917) және 1919 жылдан оның президенті. Нильс Бор (Bohr) 1885 ж. жетінші қазанда Данияның Копенгаген қаласында туған. Копенгаген университетін (1908) бітірген соң 1911 – 12 ж. Кембриджде физик Джозеф Томсонмен, 1912 – 13 ж. Манчестерде Эрнест Резерфордпен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1916 жылдан Копенгаген университетінің профессоры. 1920 жылдан өмірінің соңына дейін Копенгагендегі Теориялық физика институтын (қазіргі Нильс Бор институты) басқарды. 1943 ж. Данияға фашистердің жаулап алу қатері төнгенде, ол АҚШ-қа кетуге мәжбүр болды. АҚШ-та алғашқы атом бомбасын жасауға қатысты, кейін оны шығаруға қарсы шықты. Соғыс аяқталған соң Данияға қайта оралды. Бор – атомның алғашқы кванттық теориясын жасаушы, кванттық механиканың негізін қалаушылардың бірі. Ол Бор қағидалары (постулаттары) деп аталған тұжырымдар негізінде атомның орнықтылығын және сутек тәрізді атомдардың спектрлік заңдылықтарын түсіндірді. Бор теориясы бойынша атомның орнықты (стационар) күйдегі энергиясының үзілісті (дискретті) мәндерге ие болатындығы алынғанымен, электрон шеңбер не эллипс тәрізді орбита бойымен қозғалатын классикалық бөлшек ретінде қарастырылады. Бұл теорияда Луи де Бройль ашқан микробөлшектердің толқындық қасиеті ескерілмейді. Атом құрылысының және оның ішінде өтетін түрлі процестердің толық теориясы кванттық механика заңдары ашылған соң ғана жасалды. Бор 1923 ж. классикалық және кванттық ұғымдар арасындағы сәйкестік принципін ашты. Сол жылы өзі жасаған атом моделі негізінде, алғаш рет Дмитрий Менделеевтің элементтердің периодтық жүйесіне ғылыми түсініктеме берді. 1927 ж. микродүниенің ең маңызды принциптерінің бірі – толықтырғыштық принципін тұжырымдады. Мұның философия ғылымы үшін маңызы зор болды. Ол құранды ядро теориясының авторы (1936). 1939 ж. американ физигі Джон Уилермен бірге ядроның бөліну механизмін түсіндірді. Уран ядросының өздігінен бөлінуін болжады. Бор 20 ғасырдың 40 – 50-жылдары негізінен, элементар бөлшектердің белгілі бір ортамен әсерлесу мәселесін зерттеді. Ол дүние жүзі физиктерінің (Феликс Блох, Оге Бор, Виктор Вайскопф, Лев Ландау, т.б.) үлкен мектебін ұйымдастырды, олардың арасындағы ғылыми шығармашылық байланысты дамытты. Бор – Нобель сыйлығының лауреаты (1922), дүниежүзіндегі жиырмадан астам Ғылым академияларының, оның ішінде бұрынғы КСРО Ғылым академиясының да (1929) құрметті мүшесі. Ғалым Нильс Бор 1962 ж. 18 қарашада Копенгаген қаласында дүние салды.
Бор қағидалары, Бор постулаттары – даниялық физик Нильс Бордың атомның орнықты (стационар) күйін және спектрлік заңдылықтарын түсіндіруге арналған негізгі болжамдары (1913). Бірінші қағида немесе орнықты күйлер қағидасы: атомдағы электрондар кез келген энергиясы бар орбиталармен емес, тек белгілі бір энергиясы бар орбиталар бойымен қозғалады. Оларды орнықты орбиталар деп атайды. Орнықты орбиталардың энергиясы тек белгілі бір дискретті (үзікті) мәндерді ғана иеленеді. Электрондар мұндай орнықты орбита бойымен қозғалып жүргенде сәуле шығармайды. Екінші қағида немесе сәуле шығарудың жиіліктік шарты: атом бір орнықты күйден екінші бір сондай күйге ауысқанда ғана жарықтың бір фотонын жұтады не шығарады. Шығарылған не жұтылған фотонның энергиясы (һν) екі орнықты күй энергияларының (Е1 және Е2) айырымына тең (һν = Е1 – Е2, мұндағы ν – шығарылған не жұтылған сәуле фотонының жиілігі, һ – Планк тұрақтысы). Осы қағидалар негізінде құрылған Бор теориясы тек сутек және сутек тәріздес атомдардың құрылысын түсіндіруге қолданылады. Бор қағидалары классикалық физика заңдылықтарына толығымен қайшы келеді. Бұл қағидалар – микродүние қасиеттерін түсіндіру үшін табылған алғашқы тұжырымдар. Атом құрылысы кванттық механика арқылы ғана толық түсіндіріледі. 
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға