Болгария
04.12.2012 09:37
6209
Болгария, Болгария Республикасы – Балкан түбегінің шығыс бөлігіндегі мемлекет. Жері 110 мың км2. Халқы 7,7 млн. адам (2007). Негізгі халқы болгарлар (85%), бұған қоса түрік, сыған, армян, грек, т.б. ұлттар өкілдері тұрады. Астанасы – София қаласы (1,5 млн.). Мемлекеттік тілі – болгар тілі. Халқының көпшілігі православие дінін ұстанады, 13%-ы мұсылмандар. Болгария – парламенттік республика. Мемлекет басшысы – президент. Жоғарғы заң шығару органы – бір палаталы Халық жиналысы. Атқарушы билікті Министрлер Кеңесінің төрағасы жүргізеді. Жерінің солтүстігін Дунай жазығы, шығысын Добруджа үстірті және оңтүстігін Стара-Планина тауы (Балкан) алып жатыр. Климаты көп жерінде қоңыржай континенттік, тек оңтүстігінде ғана – жерортатеңіздік. Жауын-шашынның жылдық мөлшері: жазықта 450 – 600 мм, тауда 850 – 1300 мм. Болгария жерінде өзен көп. Басты өзендері: Дунай, Искыр, Марица, Струма, т.б. Көлдердің басым көпшілігі Рила, Пирин тауларында. Жерінің 30%-ы орманды. Қара теңіз жағалауында көптеген демалыс орындары орналасқан.
Болгария жеріне адамдар палеолит дәуірінде қоныстана бастаған. Біздің заманымыздан бұрынғы 8 – 6 ғасырлардағы грек тіліндегі деректерге қарағанда, бұл жерлерді фракийлер қоныстанған. 1 ғасырда фракийлерді Рим империясы бағындырып, мұнда Мезия мен Фракия провинцияларын құрады. 395 ж. Болгария жері Византия империясының құрамына кірді. 7 ғасырдың 70-жылдарында Аспарух (Исперих) хан бастаған бұлғарлар (түркі тайпалары) Азов теңізі маңы мен Солтүстік Кавказ өңірінен көшіп келіп, 680 ж. Балкан таулары мен Дунайдың төменгі ағысында славян-бұлғар тайпалары мемлекетінің негізін қалады. 9 ғасырда Сердиканы, Адрианопольді, т.б. аймақтарды қосып алу нәтижесінде бұл мемлекет шекарасы кеңейді. Бірінші Болгар патшалығы (1018 – 1186) Византияға бағынған. 1187 – 1396 жылдардағы Екінші Болгар патшалығы алғашқыда Батуға салық төлесе, 13 ғасырдың аяғы мен 14 ғасырдың басында Ноғай ордасына тәуелді болды. Бытыраңқылықтағы Болгария жерлерін 14 ғасырдың аяғында Осман сұлтандығы өзіне бағындырады. 15 ғасырдан бастап қалалар көркейіп, елдің әл-ауқаты артты, болгар шонжарларының бір бөлігі ислам дінін қабылдады. Өндірістік қатынастар, сауда дамып, ірі жәрмеңкелерде тауар айналымы артты. Орыс-түрік соғыстары (18 – 19 ғасырлар) болгарларды тәуелсіздік үшін күреске жұмылдырды. 1908 ж. жиырма екінші қыркүйекте Болгария өзін толық тәуелсіз ел деп жариялады. Бірінші Балкан соғысында (1912 – 13) Болгария Түркияның біраз бөлігін өзіне қаратқанмен, Екінші Балкан соғысында (1913) қайта айырылып қалды. Болгария 1-дүниежүзілік соғыс кезінде Германия мен Австрия-Венгрия жағында болды. 2-дүниежүзілік соғыс қарсаңында Болгария бейтарап саясат ұстанғанымен, 1941 ж. наурызда Германия, Италия және Жапония арасындағы үштік одақ пактісіне қосылды. 1944 ж. тоғызыншы қыркүйекте Болгария жеріне Кеңес Армиясы кірген соң, мемлекеттік монархиялық құрылымы жойылды. 1946 ж. он бесінші қыркүйектен 1989 жылға дейін Болгария социалистік даму жолын таңдаған елдер қатарында Варшава шартына, Экономикалық өзара көмек кеңесіне мүше болды. 1989 жылдан елде саяси өзгерістер, демократиялық жаңғыру, экономикалық нарықтық қатынастарға көшу басталды. 1991 жылға дейін үкіметті басқарып келген Болгария компартиясы биліктен кетті. Болгария БҰҰ-на, Еуропа Кеңесіне, т.б. халықаралық ұйымдарға мүше. 1992 ж. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.
Болгария 1947 жылға дейін аграрлы ел болатын. 1947 – 90 ж. индустриялды-аграрлы мемлекетке айналды. 1996 ж. жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс 1160 АҚШ долларын құрады. Экономикасының негізі машина жасау, тамақ өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, химия және мұнай-химия өнімдерін шығару, ағаш өңдеу салаларынан тұрады. Ауыл шаруашылығында дәнді дақылдар (бидай, жүгері), темекі, көкөніс, жеміс өсіріледі. Райхан майын экспортқа шығаруда дүние жүзінде бірінші орын алады. Экспортқа машина, пластмасса өнімдерін, темекі, шарап шығарылады. Қара теңіз жағалауында туризм дамыған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Кристалдар
Келесі жаңалық
Ақтөбе облысында оқушылар төрт жыл күткен мектеп ашылды