Жаңалықтар

Таным теориясы (Гносеология)

Таным теориясының тарихы
06.01.2016 11:39 198573

Таным теориясы (Гносеология)

Таным теориясының тарихы

Ежелден адамзат жаңа білімдерді алуға әрқашанда ұмтылғаны белгілі. Тіршілік құпияларын меңгеру — адамзаттың ұлы мақтанышы болып табылатын ақылдың шығармашылық белсенділігіне жоғары ұмтылыстарының көрінісі. Өзінің мың жылдық дамуында ол болмыстың мәніне үңілудің және шектеуліден жан-жақты шындыққа жетудің ұзақ және күрделі жолынан өтті. Бұл жолда көптеген айғақтар, табиғаттың, қоғамдық өмір мен адамның өзінің қасиеттері және заңдары ашылды. Әлемнің суреттемесі өзгерді. Қазіргі уақытта адамзат білімі аса бай және күрделі жүйені құрайды және оның ұрпақтан-ұрпаққа, бір елден екінші елге таралуы тез жүзеге асырылады.
 
Таным теориясы мәселелері

"Таным" деген не?", "Білімді қалай алуға болады?" деген мәселелер төңірегінде ойлана отырып, адам сонау ежелгі заманда-ақ өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінген. Уақыт өте келе бұл мәселені саналы қойылуы және оны шешуге тырысуы салыстырмалы тәртіпті пішін алып, сол кезде білім туралы ілім қалыптасты. Философтар таным теориясының мәселелері төңірегінде ой қозғай бастады. Гносеология — айналадағы әлемді тану туралы философиялық ғылым. Таным теориясы немесе гносеология (грекше gnosis — білім, таным) — философиямен бірге, оның іргелі бөлімдерінің бірі ретінде пайда болды және қалыптасты. Ол адам танымының сипатын, білімінің формаларын, оның жадағай түрінен тереңіне бойлау әдістерін зерттейді. Гносеологиядағы орталық ұғымдарға "таным субъектісі" мен "таным объектісі", "білім", "таным" жатады. Таным субъектісі деп белгілі бір мақсатқа бағытталған танымдық қызметті атқарушыны айтамыз. Ол — бірдеңені танып, білуге тырысушы. Ол адам немесе тұтастай қоғам болуы мүмкін. Таным объектісі деп танымдық қызмет бағытталған нәрсені айтамыз. Демек, ол танылушы, былайша айтқанда, кітап, молекула, атом, адам немесе тұтастай табиғат болуы мүмкін. Таным объектісі материялық, дүние немесе рухани құбылыс, сонымен катар субъектінің өзі де болуы мүмкін. Таным объектісі мен субъектісі бір-бірінің мәнділігін шарттастырады: субъектісіз объект болмайды, объектісіз субъект болмайды. Таным үдерісінде олар бір-біріне маңыз аларлық ықпал етеді. Сонда танымдық қызмет субъекті мен объект қатынасы және олардың өзара әрекеттесуі болып шығады.
 
Білім деген не?

Білім — адамның санасында берілген, өзінің қызметінде шынайы дүниенің заңды байланыстарын идеалды бейнелейтін объективті шындық. Материалды дүниені бейнелеудің нәтижесі, түйсіктің, білімнің, зауықтың, қобалжудың бірлігі болып табылатын және материямен ұштасатын санадан өзгешелігі — таным білім алу үдерісі болып табылады және ол тәжірибемен жанасады. Таным — адамның санасындағы ақиқаттылық және нағыздықтың оны одан өрі өзгерту мүмкіндігін мақсат ететін, мақсатты бағытталған белсенді бейнелену үдерісі. Таным барысында болмыстың түрлі қырлары ашылады, қоршаған дүниедегі заттардың, құбылыстардың сыртқы жақтары мен мәні ашылады, сонымен қоса таным қызметінің субъектісі — адам адамды, демек, өзін-өзі зерттейді. Таным — адам қызметінің қоршаған дүниені және ондағы өзін тануға бағытталған арнайы түрі. Адам таным бойынша әрекеттің екі негізгі түрін жүзеге асырады: — қоршаған дүниені өзге ұрпақтардың танымдық қызметінің нәтижелері арқылы таниды (кітаптар оқиды, білім алады, материалдық және рухани мәдениеттің; барлық түрлерімен қауышады); — қоршаған дүниені тікелей таниды (өзі немесе адамзат үмітін бір жаңалық ашады). Таным — білім алу және дамыту үдерісі үнемі тереңдетіліп және кеңейтіліп отыратын, нәтижесінде, жаңа білім алынатын таным объектісі мен субъектісінің әрекеттесуі. Білім әрқашан тәжірибелік ақпараттық сипатта болады. Егер белгілі бір идеяға практикалық қажеттілік туа қалса, онда олар университет зертханалары мен кафедраларға қарағанда өндірісте, практикада тез жүзеге асырылады. "Білім" терминінің үш аспектіде қолданылатынын естен шығармау керек: — бірдеңені істеу, жүзеге асыру үшін хабардар болуға негізделген білім мен машық қабілеттері; — кез келген танымдық мән бар ақпарат; — практикамен өзара байланыста болатын ерекше танымдық бірлік. Соңғы екі аспекті ерекше философиялық пән — таным теориясының (гносеологияның) зерттеу объектісін құрайды. Таным теориясының философиялық пән ретіндегі зерттейтіні мыналар: тұтас түрдегі танымның сипаты, оның мүмкіндіктері мен шекаралары, білім мен шынайылықтың, білім мен сенімнің, таным субъектісі мен объектісінің ара-қатынасы, ақиқат және оның өлшемдері, танымның формалары мен деңгейлері, оның тарихи, әлеуметтік-мәдени негіздері, сонымен қоса білімнің түрлі формаларының ара-қатынастары. Қазіргі философияда таным ортақ мәселелердің бірі болып табылады.



 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға