Жаңалықтар

Ана

  Ана — отбасы ұғымында — балалы әйел, туған шеше; туыстық байланыста — әже, апа, қарындас, жеңге, балдыз, құдағи, құдаша т.б. Ана бейнесі ежелден жыр, аңыз желісі болып келеді. Хауа Ана есімі қасиетті кітаптарға түскен. Хәууа — көне еврей және араб тілдерінде “өмір бастауы”, “әнам” — парсыша (кітаби) адамдар, адамзат, қарапайым жандар деген ұғымды білдіреді. Ананың көшпелілер қоғамында алатын орнын, бітім-болмысын жан-жақты ашып көрсететін мұрағаттарды қадым замандардан көптеп табуға болады. Зерттеушілер Қазақстан жеріндегі археологиялық қазбалардан табылған заттарға, кісіні жерлеу ерекшеліктеріне сүйеніп, ежелгі дәуір адамдарының ұғым-нанымында ру басшысы және ошақ иесі ретінде Анаға табынғандығын жазады. Бұған Қазақ даласынан табылған сүйектен ойып, тастан қашап жасалған әйел мүсіндері куә. Қазақстанның солтүстік-батысындағы байтақ даланы, Оралдың оңтүстігін мекендеген сарматтарды (б.з.б. VІІ—VІ ғ.ғ.) Әйел-Аналардың басқарғандығы жөнінде деректер бар. Қазақ қоғамындағы ел аналары мен әйелдердің жайы осы өңірде болған саяхатшылардың да қаламдарына іліккен. Мыс, Дешті-Қыпшақ даласында болған Ибн-Баттута, Марко Поло т.б. әйелдердің жергілікті тұрғындар тарапынан қатты құрметтелетінін таңдана жазған. Ерлер билігі үстемдік еткен дәуірде де қазақ қоғамында Аналар мерейі төмендетілмеген. Қазақстан жеріндегі Аналар атымен аталған жер-су, кешендер, күмбездер, қалалар, тайпа-ру атаулары бұған айқын айғақ бола алады. Мысалы, Қозы Көрпеш — Баян сұлу күмбезі (Аягөз өзені бойында), Бикен-мұнара (Сырдария бойында), Белең-Ана, Жұбан-Ана күмбездері (Сарысу өзенінің бойында) сақталған. Жеке ескерткіштерді былай қойғанның өзінде, орта ғасырлық талғам-түсінікпен тұтас бір қаланың әйел атымен аталғаны дүние жүзінде сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте қазақ даласында Қатын қала, Баршынкент т.б. болғанын атап айту керек. Тарихи-дерекнамалық еңбектерде қазақ ішіндегі қасиетті Аналардың ел басқару ісіне араласып, кейде олардың есімімен тұтас ру-тайпалардың аталу фактілері көп кездеседі. Мысалы Енең (шын аты Бөкей), Домалақ-енең (Албан-Суан, Дулат руларын кейде осылай атайды), Қызай (Найман), Дәулетбике, Алтын, Мәукеш, Айбике, Нұрбике, Ұлдай, Жезбике, Нәнжіл т.б. А-лар есімдері ру атына айналған. Тіпті, кейбір қазақ руларының елдігін танытатын ұрандары да А. есімімен аталған. Мысалы, Арғыннан тарайтын сүйіндік руының ұраны да — Қызай т.б. Халық болмысының айнасы іспеттес фольклорымыздан (ертек, аңыз, әңгіме, жыр, шешендік сөз, қисса-эпостарымыздан) қиял-ғажайып мыстан кемпірден басқа жағымсыз әйел бейнесін кездестіру қиын. Оның орнына Құртқа, Гүлбаршын, Қаракөз, Қарлыға, Назым, Ақжүніс, Қыз Жібек, Баян сұлу, Айман, Шолпан, Қарашаштың бірі ақылымен, бірі көркімен, енді бірі өжеттік-ерлігімен елге қорған, ұрпаққа А. болғанын көреміз. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесі, дәстүр жалғастығы, әдет-ғұрыптардың қалтқысыз орындалуын қадағалап отыруда А-ның қызметі айрықша. Аналар әуелі үй-ішімен, отбасы береке-бірлігінің ұйытқысы болып, одан асса, ауыл-ел ынтымағының жарасуына ықпал жасаған. Адуын би, азулы хандардың өзі ел Аналарының айтқан ақылына құлақ асып отырған. Аналар бейнесі қазақ жазушыларының тарихи-көркем шығармаларында да жан-жақты сомдалған. М.Әуезовтің “Абай жолындағы” Зере, Ұлжан, Ғ.Мүсіреповтің Ұлпаны т.б. көркем бейнелерде бүкіл қазақ әйелдерінің бітім-болмысы жинақталып, шеберлікпен көрсетілген. Халқымыз қара жерді — Жер-Ана деп құрметтеп, туған тілін — Ана тілі деп әспеттеген.
04.12.2012 09:16 4632

 

Ана — отбасы ұғымында — балалы әйел, туған шеше; туыстық байланыста — әже, апа, қарындас, жеңге, балдыз, құдағи, құдаша т.б. Ана бейнесі ежелден жыр, аңыз желісі болып келеді. Хауа Ана есімі қасиетті кітаптарға түскен. Хәууа — көне еврей және араб тілдерінде “өмір бастауы”, “әнам” — парсыша (кітаби) адамдар, адамзат, қарапайым жандар деген ұғымды білдіреді. Ананың көшпелілер қоғамында алатын орнын, бітім-болмысын жан-жақты ашып көрсететін мұрағаттарды қадым замандардан көптеп табуға болады. Зерттеушілер Қазақстан жеріндегі археологиялық қазбалардан табылған заттарға, кісіні жерлеу ерекшеліктеріне сүйеніп, ежелгі дәуір адамдарының ұғым-нанымында ру басшысы және ошақ иесі ретінде Анаға табынғандығын жазады. Бұған Қазақ даласынан табылған сүйектен ойып, тастан қашап жасалған әйел мүсіндері куә. Қазақстанның солтүстік-батысындағы байтақ даланы, Оралдың оңтүстігін мекендеген сарматтарды (б.з.б. VІІ—VІ ғ.ғ.) Әйел-Аналардың басқарғандығы жөнінде деректер бар. Қазақ қоғамындағы ел аналары мен әйелдердің жайы осы өңірде болған саяхатшылардың да қаламдарына іліккен. Мыс, Дешті-Қыпшақ даласында болған Ибн-Баттута, Марко Поло т.б. әйелдердің жергілікті тұрғындар тарапынан қатты құрметтелетінін таңдана жазған. Ерлер билігі үстемдік еткен дәуірде де қазақ қоғамында Аналар мерейі төмендетілмеген. Қазақстан жеріндегі Аналар атымен аталған жер-су, кешендер, күмбездер, қалалар, тайпа-ру атаулары бұған айқын айғақ бола алады. Мысалы, Қозы Көрпеш — Баян сұлу күмбезі (Аягөз өзені бойында), Бикен-мұнара (Сырдария бойында), Белең-Ана, Жұбан-Ана күмбездері (Сарысу өзенінің бойында) сақталған. Жеке ескерткіштерді былай қойғанның өзінде, орта ғасырлық талғам-түсінікпен тұтас бір қаланың әйел атымен аталғаны дүние жүзінде сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте қазақ даласында Қатын қала, Баршынкент т.б. болғанын атап айту керек.

Тарихи-дерекнамалық еңбектерде қазақ ішіндегі қасиетті Аналардың ел басқару ісіне араласып, кейде олардың есімімен тұтас ру-тайпалардың аталу фактілері көп кездеседі. Мысалы Енең (шын аты Бөкей), Домалақ-енең (Албан-Суан, Дулат руларын кейде осылай атайды), Қызай (Найман), Дәулетбике, Алтын, Мәукеш, Айбике, Нұрбике, Ұлдай, Жезбике, Нәнжіл т.б. А-лар есімдері ру атына айналған. Тіпті, кейбір қазақ руларының елдігін танытатын ұрандары да А. есімімен аталған. Мысалы, Арғыннан тарайтын сүйіндік руының ұраны да — Қызай т.б. Халық болмысының айнасы іспеттес фольклорымыздан (ертек, аңыз, әңгіме, жыр, шешендік сөз, қисса-эпостарымыздан) қиял-ғажайып мыстан кемпірден басқа жағымсыз әйел бейнесін кездестіру қиын. Оның орнына Құртқа, Гүлбаршын, Қаракөз, Қарлыға, Назым, Ақжүніс, Қыз Жібек, Баян сұлу, Айман, Шолпан, Қарашаштың бірі ақылымен, бірі көркімен, енді бірі өжеттік-ерлігімен елге қорған, ұрпаққа А. болғанын көреміз. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиесі, дәстүр жалғастығы, әдет-ғұрыптардың қалтқысыз орындалуын қадағалап отыруда А-ның қызметі айрықша. Аналар әуелі үй-ішімен, отбасы береке-бірлігінің ұйытқысы болып, одан асса, ауыл-ел ынтымағының жарасуына ықпал жасаған. Адуын би, азулы хандардың өзі ел Аналарының айтқан ақылына құлақ асып отырған. Аналар бейнесі қазақ жазушыларының тарихи-көркем шығармаларында да жан-жақты сомдалған. М.Әуезовтің “Абай жолындағы” Зере, Ұлжан, Ғ.Мүсіреповтің Ұлпаны т.б. көркем бейнелерде бүкіл қазақ әйелдерінің бітім-болмысы жинақталып, шеберлікпен көрсетілген. Халқымыз қара жерді — Жер-Ана деп құрметтеп, туған тілін — Ана тілі деп әспеттеген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға