Жаңалықтар

Көрген, сезген жайлардан

  Көрген, сезген жайлардан Ауданға бұл жолғы келісімде менің айрықша жазушылық бір міндетім бар еді. Ол – "Абай" атты романның екінші кітабына керек болатын қосымша материалдар, мағлұматтар жинап қайту, сонымен қолға алынған романның екінші кітабын 1943 жылдың аяғына дейін жазып бітіру еді. Бірақ бүгінгі ел-жұртымыз түгел білген, түгел қадірлеген Абай өлеңдерінің қай орындарда туғанын айқын білу шарт. Өзің білгенді өзге оқушыға жеткізу-білдіру шарт. Сондықтан роман геройы Абайдың қыстау еткен мекені, жаз жайлауы, күз күзеуі, өріс-қонысы, аралаған сай-саласы — бәрі-бәрі де суреттелу керек. Кейде үміт, кейде өкініш, кейде кейіс, кейде қиял, талап тудырған табиғат бесігін білмек керек. Сол мақсатпен келіп ем. Менімен бірге келген сыншы Есмағамбет Исмайылов, ақын-жазушы Бегалин Сапарғали, Мұхаметханов Қайым, Полоцкий жолдастардың да өзді-өзінің жазушылық арнаулы мақсаты бар. Мен осы өлкенің өзінде туып-өссем де, Шыңғыс тауының атырабын дәл осы жылғыдай армансыз аралаған емеспін. Аудан басшыларының көрнекті көмегімен біз көлденең созылған Шыңғыс тауының бауыр, сыртын — Аягөзден Саржалға дейін, Бақанас, Машаннан Семейге дейін жол жүріп, көп жерді көріп өттік. Мұнда жер-дүниені көру ғана емес, бүгінгі ұрпақтың барлығына қадірмен, дос болып танылған ардақты ақын Абай сөзін, мінезі мен өмір жолын еске алып, ұзақ жырдай етіп, әңгіме шертіп отырған талай-талай колхозшыны, қарт пен жасты, саналы әйел мен ерді көрдік. Көп-көп әңгімелестік. Ауданның басшы азаматтары, қарт аналары, оқушы балалары бізбен жасаған әңгімесінде ерекше бір жақсы жайды танытты. Соғыс күннің ауыр қиыншылықтары кезінде көп міндеттер жүктелсе де, бұл жұртшылық еңбектегі қажырымен, кеудедегі совет азаматының сенімімен аса ыстық көрінеді. Істеріне тілеулестік, достық көңілді нығайтады. Осындай сана-сезім барында аудан өсіп-өркендейді, мал-дүниесі молаяды, өлке өзгеше гүлденеді. Осылай болмасқа шарасы жоқ деген сенім бітеді. Бұрынғы Абай өмірінің, Абай еңбегінің әр кезең, әр сәтіне куә болған тау мен тас, өзен, өлке, бел-белестері, жаңа тарихымыз тудырған жаңа адамды, жаңа өмірді көргенде, дәл бүгінгі Шаған, Қарауыл, Тақыр, Мұқыр, Құндызды, Шет бөктерінен ақын Абайдың анық жақын көп туысын көргендей боласыз. Шимандай қалың ел арасында отырып, Абай өз өмірінің анық зарын шерткенде: "Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным" дейді ғой. Ол маңайындағы көп жайды көріп, уайым шегіп айтқан еді. Білім-өнерге, әділет-достыққа, жаңа шақырған жолына еретін жан таппағанын айтып күңіренетін. Бүгін осы Шыңғыстың іші-тысына неше алуан еңбек етіп жатқан жанның бәрі — шерлі Абайдың сол күнде тапсам-ау деген елі, досы еді. Бұрын рушылдық таластың, қиян-кескінің мекені болған Қарауыл бүгін өзінің орта ұл-қызына жас интеллигентін тудырып, өсіріп отыр. Бұрын матаудағы атаусыз мүлік, жесір-жебір атанған қыз-келіншек бүгін социалистік құрылыстың командирі болып отыр. Бұрын өткен Абайдың бүгінгі біздің Абайымыз болатын себебі осы. Рас, аудан тіршілігіне керекті істелетін істер, қойылатын талаптар әлі де толып жатыр. Оның бәрі қолдан келетіні де даусыз. Ауданның барлық жұртшылығының Отан соғысы күндеріндегі еңбектерінің жемісті болуына тілектестігімізді білдіреміз. Мұхтар Әуезов  
04.12.2012 08:59 3147

 

Көрген, сезген жайлардан

Ауданға бұл жолғы келісімде менің айрықша жазушылық бір міндетім бар еді. Ол – "Абай" атты романның екінші кітабына керек болатын қосымша материалдар, мағлұматтар жинап қайту, сонымен қолға алынған романның екінші кітабын 1943 жылдың аяғына дейін жазып бітіру еді. Бірақ бүгінгі ел-жұртымыз түгел білген, түгел қадірлеген Абай өлеңдерінің қай орындарда туғанын айқын білу шарт. Өзің білгенді өзге оқушыға жеткізу-білдіру шарт. Сондықтан роман геройы Абайдың қыстау еткен мекені, жаз жайлауы, күз күзеуі, өріс-қонысы, аралаған сай-саласы — бәрі-бәрі де суреттелу керек. Кейде үміт, кейде өкініш, кейде кейіс, кейде қиял, талап тудырған табиғат бесігін білмек керек. Сол мақсатпен келіп ем.

Менімен бірге келген сыншы Есмағамбет Исмайылов, ақын-жазушы Бегалин Сапарғали, Мұхаметханов Қайым, Полоцкий жолдастардың да өзді-өзінің жазушылық арнаулы мақсаты бар.

Мен осы өлкенің өзінде туып-өссем де, Шыңғыс тауының атырабын дәл осы жылғыдай армансыз аралаған емеспін.

Аудан басшыларының көрнекті көмегімен біз көлденең созылған Шыңғыс тауының бауыр, сыртын — Аягөзден Саржалға дейін, Бақанас, Машаннан Семейге дейін жол жүріп, көп жерді көріп өттік.

Мұнда жер-дүниені көру ғана емес, бүгінгі ұрпақтың барлығына қадірмен, дос болып танылған ардақты ақын Абай сөзін, мінезі мен өмір жолын еске алып, ұзақ жырдай етіп, әңгіме шертіп отырған талай-талай колхозшыны, қарт пен жасты, саналы әйел мен ерді көрдік. Көп-көп әңгімелестік.

Ауданның басшы азаматтары, қарт аналары, оқушы балалары бізбен жасаған әңгімесінде ерекше бір жақсы жайды танытты.

Соғыс күннің ауыр қиыншылықтары кезінде көп міндеттер жүктелсе де, бұл жұртшылық еңбектегі қажырымен, кеудедегі совет азаматының сенімімен аса ыстық көрінеді. Істеріне тілеулестік, достық көңілді нығайтады. Осындай сана-сезім барында аудан өсіп-өркендейді, мал-дүниесі молаяды, өлке өзгеше гүлденеді. Осылай болмасқа шарасы жоқ деген сенім бітеді.

Бұрынғы Абай өмірінің, Абай еңбегінің әр кезең, әр сәтіне куә болған тау мен тас, өзен, өлке, бел-белестері, жаңа тарихымыз тудырған жаңа адамды, жаңа өмірді көргенде, дәл бүгінгі Шаған, Қарауыл, Тақыр, Мұқыр, Құндызды, Шет бөктерінен ақын Абайдың анық жақын көп туысын көргендей боласыз.

Шимандай қалың ел арасында отырып, Абай өз өмірінің анық зарын шерткенде: "Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным" дейді ғой. Ол маңайындағы көп жайды көріп, уайым шегіп айтқан еді. Білім-өнерге, әділет-достыққа, жаңа шақырған жолына еретін жан таппағанын айтып күңіренетін.

Бүгін осы Шыңғыстың іші-тысына неше алуан еңбек етіп жатқан жанның бәрі — шерлі Абайдың сол күнде тапсам-ау деген елі, досы еді.

Бұрын рушылдық таластың, қиян-кескінің мекені болған Қарауыл бүгін өзінің орта ұл-қызына жас интеллигентін тудырып, өсіріп отыр.

Бұрын матаудағы атаусыз мүлік, жесір-жебір атанған қыз-келіншек бүгін социалистік құрылыстың командирі болып отыр.

Бұрын өткен Абайдың бүгінгі біздің Абайымыз болатын себебі осы.

Рас, аудан тіршілігіне керекті істелетін істер, қойылатын талаптар әлі де толып жатыр. Оның бәрі қолдан келетіні де даусыз. Ауданның барлық жұртшылығының Отан соғысы күндеріндегі еңбектерінің жемісті болуына тілектестігімізді білдіреміз.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға