Жаңалықтар

Партия жеңістерге жетелейді

  БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала) «Советтік Қырғызстан», 9 май 1962 жыл   Партия жеңістерге жетелейді   Қанды қырғын соғыстың басталғанына 21 жыл, аяқталғанына 17 жыл болып та қалыпты. Бұл аз уақыт емес. Осы кезеңдегі бір адамның өмірінің бір бөлігі. Аз да болса көпті көрдік, болашақ өмір үшін аз еңбек сіңірген жоқпыз. Әйтсе де мақтануға тұрарлықтай. Ел алдында өткен өмірімізді есеп ретінде айтып отырмыз. Олай болса, өткен тілерсектен су кешкен, белуардан саз кешкен өмірімізге аз ғана назар салып, көз жүгіртіп көрейікші. 1941 жылдың жаз айы. Жадыраған жазғы жексенбі күннің бірінде, бейбіт жатқан елімізге, аспаннан жай түскендей суық хабар сап ете түсті. Қанды шеңгел зұлым жау батыстан келіп, тыныш жатқан еліміздің шекарасын бұзды. Дүниені отқа орап, бүліншілік ала келген соғыс басталды. Ұлы Октябрьдің жемісті жарқыраған жұлдызын өшіріп, ерлерімізді құл, әйелдерімізді күң етіп, осы кезге дейінгі құрған жаңа тұрмысымызбен бүкіл әлемге үлгі болып, адамзатқа жаңа өмір сүрудің бірқатар үлгісін көрсеткен, даңқты істеріміз бен еңбектерімізді жоқ етіп, елімізді тізе бүктіріп, бүкіл дүниежүзіне үстемдік ету мақсатындағы зұлым жаудың әрекетіне тосқауыл қоя білдік. Еліміздің басына түскен зор қиыншылықты жеңе отырып, Ұлы Октябрьдің жылдан - жылға дамып келе жатқан нұр шашқан болашағын қорғауды бүкіл совет халқы алдына мақсат етіп қойды. Ұлы Отан соғысының жолбасшысы - біздің сүйікті партиямыз. «Атамекеніміздің еркіндігі мен теңдігін қорғауға аттаныңдар! Біздің іс - әділетті іс, жеңіс әділдікі!» - деп ұран тастаған партияның соңынан халық ерді. Ел намысы - ер намысы. Атамекенімізді қорғау намысы жауға аттанған әрбір ер азаматтың жүрегінде от болып жалындап, білегіне күш-қуат берді. Осы жерде біздің мақсатымыз айқындалды. Елімізді қорғап, Ұлы Октябрьдің жеңістерін қанқұйлы, зұлым жауға жем қылмай, атойлап келген дұшпанның меселін қайтарып, оны біржолата орнынан тұрмастай етіп талқандау. Қысылғанда қайрат берген тылсым күш жеңіске жетеледі. Соғыстың алғашқы айларында бірде жығылып, бірде жығып, бірде шегініп жүрсек те, қайтсек те біз жеңеміз деген ой біздің жүрегіміздің түбінде сақталды. Жау біздің сағымызды сындырып, беделімізге нұқсан келтіре алған жоқ. Басынан бақайшығына дейін қаруланған күшті жаумен салғыласқан соғыс бір жылда бітпей, күректей табан тіреп, төрт жыл бойы айқастық. Егер жау әлсіз болғанда мұншалықты ұзаққа созылмас еді. Атойлап келген жаудың шабуылын тоқтатып, біз де қарсы шабуылға шығып, аздап болса да шегіндіріп тастадық. Шегінген жаудың соңынан қалмай өкшелей отырып, қасиетті мекенімізді, қасиетті жерімізді біртіндеп болса да жау шеңгелінен босата бастадық. Көп жылдар бойы дұшпанның езгісінде құлдық пенен күңдікте қор болып, қайғы тартып, жапа шеккен Европаның көп елдерін фашизмнің құлдығынан азат қылдық. Жыртқыш дұшпанды өз көрінде өкіртіп, сағын сындырып, ордасын талқандап, тізе бүктірдік. Советтік қарулы күштер осылай жеңіске жетті. Шетелдік достарымыз теңдесі жоқ жеңісті аса құрметпен қарсы ала отырып, совет елін осы ұлы жеңісімен құттықтап, қуанышына ортақ болды. Өткен екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең ірі соғыстардың бірі болып, негізгі ауыртпашылық күш совет елінің мойнына түсті. Өткен соғыстың қиыншылықтарын басынан өткізбеген, оның от - жалынына күймеген бірде - бір отбасы жоқ. Сондықтан да біздің құрбы - құрдастарымыздың арасында әскери жорықты басынан өткізбеген адамдарды кездестіру некен - саяқ. Соғысқа қатынасқандар майдан жорығы аяқталғаннан кейін соғыстағы көрген қиыншылықтарын ұмытар - ұмытпастан, қаншалықты ауыр азапты бастарынан өткізсе де сақтары сынбай, ауырлықты нардай көтеріп, өздерінің бұрынғы, соғысқа дейінгі ата кәсіптеріне оралды. Сөйтіп, жауынгерлік кәсіптерін тыныштық, еңбек кәсіптеріне алмастырды. Жауға атойлап тиген, еңбек десе еселеген қайраты бар совет азаматтары соғыста қандай қайсарлық көрсетсе, бейбіт өмірде одан екі есе қайрат көрсетуде. Жоғарыдағы айтылған ер азаматтарымыз аспаннан салбырап түскен жоқ. Оларды тәрбиелеген - Ұлы Коммунистік партия. Біздің жолбасшымыз - партия! Біз қиыншылық болса мойымаймыз, жақсылықты тәбәрік дейміз.    
04.12.2012 08:40 3781

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

«Советтік Қырғызстан»,

9 май 1962 жыл

 

Партия жеңістерге жетелейді

 

Қанды қырғын соғыстың басталғанына 21 жыл, аяқталғанына 17 жыл болып та қалыпты. Бұл аз уақыт емес. Осы кезеңдегі бір адамның өмірінің бір бөлігі. Аз да болса көпті көрдік, болашақ өмір үшін аз еңбек сіңірген жоқпыз. Әйтсе де мақтануға тұрарлықтай. Ел алдында өткен өмірімізді есеп ретінде айтып отырмыз. Олай болса, өткен тілерсектен су кешкен, белуардан саз кешкен өмірімізге аз ғана назар салып, көз жүгіртіп көрейікші.

1941 жылдың жаз айы. Жадыраған жазғы жексенбі күннің бірінде, бейбіт жатқан елімізге, аспаннан жай түскендей суық хабар сап ете түсті. Қанды шеңгел зұлым жау батыстан келіп, тыныш жатқан еліміздің шекарасын бұзды. Дүниені отқа орап, бүліншілік ала келген соғыс басталды.

Ұлы Октябрьдің жемісті жарқыраған жұлдызын өшіріп, ерлерімізді құл, әйелдерімізді күң етіп, осы кезге дейінгі құрған жаңа тұрмысымызбен бүкіл әлемге үлгі болып, адамзатқа жаңа өмір сүрудің бірқатар үлгісін көрсеткен, даңқты істеріміз бен еңбектерімізді жоқ етіп, елімізді тізе бүктіріп, бүкіл дүниежүзіне үстемдік ету мақсатындағы зұлым жаудың әрекетіне тосқауыл қоя білдік.

Еліміздің басына түскен зор қиыншылықты жеңе отырып, Ұлы Октябрьдің жылдан - жылға дамып келе жатқан нұр шашқан болашағын қорғауды бүкіл совет халқы алдына мақсат етіп қойды.

Ұлы Отан соғысының жолбасшысы - біздің сүйікті партиямыз. «Атамекеніміздің еркіндігі мен теңдігін қорғауға аттаныңдар! Біздің іс - әділетті іс, жеңіс әділдікі!» - деп ұран тастаған партияның соңынан халық ерді.

Ел намысы - ер намысы. Атамекенімізді қорғау намысы жауға аттанған әрбір ер азаматтың жүрегінде от болып жалындап, білегіне күш-қуат берді. Осы жерде біздің мақсатымыз айқындалды. Елімізді қорғап, Ұлы Октябрьдің жеңістерін қанқұйлы, зұлым жауға жем қылмай, атойлап келген дұшпанның меселін қайтарып, оны біржолата орнынан тұрмастай етіп талқандау. Қысылғанда қайрат берген тылсым күш жеңіске жетеледі.

Соғыстың алғашқы айларында бірде жығылып, бірде жығып, бірде шегініп жүрсек те, қайтсек те біз жеңеміз деген ой біздің жүрегіміздің түбінде сақталды. Жау біздің сағымызды сындырып, беделімізге нұқсан келтіре алған жоқ. Басынан бақайшығына дейін қаруланған күшті жаумен салғыласқан соғыс бір жылда бітпей, күректей табан тіреп, төрт жыл бойы айқастық. Егер жау әлсіз болғанда мұншалықты ұзаққа созылмас еді. Атойлап келген жаудың шабуылын тоқтатып, біз де қарсы шабуылға шығып, аздап болса да шегіндіріп тастадық. Шегінген жаудың соңынан қалмай өкшелей отырып, қасиетті мекенімізді, қасиетті жерімізді біртіндеп болса да жау шеңгелінен босата бастадық. Көп жылдар бойы дұшпанның езгісінде құлдық пенен күңдікте қор болып, қайғы тартып, жапа шеккен Европаның көп елдерін фашизмнің құлдығынан азат қылдық. Жыртқыш дұшпанды өз көрінде өкіртіп, сағын сындырып, ордасын талқандап, тізе бүктірдік. Советтік қарулы күштер осылай жеңіске жетті. Шетелдік достарымыз теңдесі жоқ жеңісті аса құрметпен қарсы ала отырып, совет елін осы ұлы жеңісімен құттықтап, қуанышына ортақ болды. Өткен екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең ірі соғыстардың бірі болып, негізгі ауыртпашылық күш совет елінің мойнына түсті. Өткен соғыстың қиыншылықтарын басынан өткізбеген, оның от - жалынына күймеген бірде - бір отбасы жоқ. Сондықтан да біздің құрбы - құрдастарымыздың арасында әскери жорықты басынан өткізбеген адамдарды кездестіру некен - саяқ.

Соғысқа қатынасқандар майдан жорығы аяқталғаннан кейін соғыстағы көрген қиыншылықтарын ұмытар - ұмытпастан, қаншалықты ауыр азапты бастарынан өткізсе де сақтары сынбай, ауырлықты нардай көтеріп, өздерінің бұрынғы, соғысқа дейінгі ата кәсіптеріне оралды. Сөйтіп, жауынгерлік кәсіптерін тыныштық, еңбек кәсіптеріне алмастырды. Жауға атойлап тиген, еңбек десе еселеген қайраты бар совет азаматтары соғыста қандай қайсарлық көрсетсе, бейбіт өмірде одан екі есе қайрат көрсетуде.

Жоғарыдағы айтылған ер азаматтарымыз аспаннан салбырап түскен жоқ. Оларды тәрбиелеген - Ұлы Коммунистік партия. Біздің жолбасшымыз - партия! Біз қиыншылық болса мойымаймыз, жақсылықты тәбәрік дейміз.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға