Жаңалықтар

Ой мен тіл

  ҒАБИДЕН МҰСТАФИН Ой мен тіл «Қазақ әдебиеті» газеті сұрай келген соң тәжірибе туралы бірер сөз айтуға тура келді. Сырт көзбен қарағанда дағдылы жазушыларға жазу оңай, жастарға қиын сияқты. Дұрысында әрбір жаңа шығарманың тұсында дағдылы жазушы да жас. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем әдебиетте де жоқ. Әрбір көркем шығарма өмірдің бірсырын ашуға, бейнесін жасауға міндетті. Бұл оңай ма? Мен жас кезімнің, жасамыс кезімнің бірде-бірінде қиналмай жазған емен. Бәлки, жас шақта аз қиналған шығармын. Өйткені тіс қақпаған жас, жырыңды жасамыстай өмір мен ойдың қалтарыстарын тінте бермейді ғой. Қиналу бірақ ізденуден туды. Іздеп жарамды бір сөз, не бір ой тапсам бір дорба жем жеген аттай-ақ көтеріліп қаламын. Оқушыны қызықтыруға жазушылар қилы-қилы тәсіл қолданады. Тәсілдерді орындай білгенге шығарманың шырайын енгізетін шарттар кеп. Солардың ішінде менің таңданғаным ой мен тіл. Әдебиеттік барлық тұлға түгелденген күнде ой қораш, тіл олақ болса шығарма бәрі бір құнды шықпайды. Ендеше тіл шеберлігі алдымен ұқыптылықта жатыр. Әдетте не нәрсе көбейсе, сол нәрсенің бағасы төмендейді. Көп сөзділік те шығарманың бағасын төмендетеді. Бұдан, әрине, жуан кітаптар жаман, жұқа кітаптар ғана жақсы деген ұғым тумасқа керек. Гәп онда емес, сөз сұйыла көрмесін демекпін. Шеберлер аз сөзбен көп аңғартады, сөзі бос кетпей нысанаға тиеді, айтуға жеңіл, көңілге қона қалады. «Өнер алды қызыл тіл» болса, әдебиетте де сол. Жазушы халық тіліне бай, сөз үлгілеріне қанық болуға тиісті. Соның өзінде шебер емес, жинаушы ғана. Шеберлік — сөздің орнын табуда, мөлшерін білуде. Мұны білгеннің әр сөзі алтын. Жалғанда не терең? Сөз терең. Не сұлу? Сөз сұлу. Не өткір? Сөз өткір. Оның бұл қасиеттерін адам адам болғалы пайдаланып келеді. Әлі күнге ешкім шегіне жете алған жоқ. Демек, әр жазушы өз тұсында өзіндік сөз өнерін көрсетуіне әбден болады. Көрсете алмаса кінә өзінде. Қалампаздар кәдімгі төрт бұрышты кірпішті жалпағынан, қырынан ғана емес, тігінен де, көлбете де қалай біледі. Сөйтіп, жасаған дүниесіне алуан-алуан, қызықты сымбат береді. Жазушы да осы тәрізді. Сөзді әр қилы қалай отырып, о да бір қызықты дүние жасайды. Біздің кейбір тіл мамандарымыз бұған әлі жете түсінбей жүр. Сөзді тек жалпағынан қала, бабаларымызша сөйле, балалар ұғымына шақта, дегенді аңғартады. Жазушы халықтан, мамандардан үйрене отырып, үйрету мақсатын да ұмытпау керек. Мен өз тәжірибемде бұл егіз мақсатты естен шығарған емеспін. Дегенмен, сөз ойдың айнасы. Айнаның, әрине, жақсы - жаманы бар. Қайсысы болса да барды көрсетеді, жоқты көрсете алмайды. Түптеп келгенде шығармаң тағдырын шешетін ой. Ой деген қисапсыз көп, шексіз үлкен. Сол көптің ішінен таңдай білсе, сол үлкеннің өнетінінен бойына шақтап ала білсе, жазушы сәтті бір адым алға басқаны. Ойларға мен тек социализм тұрғысынан қарадым. Неғұрлым социализмді жақтаған, оны жасаушыларға жәрдем еткен ой солғұрлым күшті, әрі әдемі көрінеді маған. Сондықтан үлкенді-кішілі еңбектерімнің бәрі совет жерінде болып жатқан ғажап өзгерістерді, қазақ халқының арманың әрекетін бейнелеуге арналды. Бейнелеу тіпті қиынға соқты. Дүние дүние, әдебиет әдебиет болғалы біздегідей өмір, біздікіндей қауымды білмеген екен. Тарих үлгі түгілі нобай, жол түгілі сүрлеу тауып бере алмады. «Өмір мен өлім» романын жазғанда менің аласұрған ойым совет қауымына теңеу таба алған жоқ. Әйтеуір совет адамдарын барлық адамдардан жоғары қоюды көздеді. Бұл мақсаттық қаншалықты орындалғанын қайдам. Табысым таудай мейлі теңгедей болсын, барын Гюго мен Горькийге бағыштадым. Өйткені ол кезде маған ықпал еткен тек сол екеуінің шығармалары. Ақыры, сабырлы ер, шешен адамдардың тұлғасын сол екеуі көрсетті. Сөз ізденуім «Шығанақтың» тұсында басталды. Бұл кезде халық қалыптастырған дайын сөздерге, эпосқа құмарттым. «Миллионер» мен «Қарағандыда» күшімді сынадым. Әдейі жолсызбен, сонымен жүріп жол салмақ болдым. Барды ғана айтып қоймай, жоқты да айтса, болғанды ғана айта бермей, болашақты да айтса, соларды айтуға лайық тіл тапса деген мақсат тұрды алда. Осы мақсат «Аманкелді» сияқты колхоз, Жомарт сияқты председатель жасауға апарды. Екеуі ол кезде жоқ-ты. Кейін болды. Ахмет ұста әлі жоқ. Бірақ сөзсіз болады. «Қарағандыдағы» жаңа жұмысшы табы, «Миллионердегі» колхозшы, оқуы жаңа шаруалар ескі қазақша сөйлеуге көне бермеді. Сондықтан ескі мөлшерді кейде өзгертіп, кеңейтіп, жаңа қауымның өз қосқандарын әдебиетке енгізуге тура келді. Бабаларымыз совет, социализм, электр, трактор... сияқты сөздерді аузына алған емес. Қазір әркім алады. Жазба мәдениетіміздің мешеу кезінде адамның қат - қабат ой, әрекетін, қай сөздің қай әуенде айтылып тұрғанын дәл беру қиын еді, кейде тіпті мүмкін емес-ті. Біздің тұсымызда жазу техникасы да күшейді. Сөзді талай саққа жүгіртуге, құрылыс шумақтарына жаңалық енгізіп, бояуын, мәнін байытуға ерік тиді. Мен бұл ерікті «Қарағанды» мен «Миллионерде» көбірек пайдаландым. Тіпті мақал, мәтел сияқты өзімше қанатты сөздер жасауға дейін бардым. Онымды кейбір әдебиет, тіл зерттеушілері қағида бұзғандық десе, мен әдебиетті, тілді дамыту дер едім. «Дауылдан кейін» әзір ақырғы еңбек. Бұрын болып жатқанға, болашаққа ұмтылсам, бұл кітапта өткенді жаздым. Дағдыдан шығып, кейін оралған себебім — өміріміздің, бір қызықты шағы жөнді көрсетілмей қалыпты. Оны жазатын жасамыс адамдар азайып барады. Жастар білмейді. Борыш арқалап кету лайық па? Сондықтан азырақ шегінуге тура келді. «Дауылдан кейін» романы бірсыпыра тәжірибелерді бастан кешіріп, ой байсалды, жас мосқал тартқан кезде жазылғандықтан бастапқы кітаптарда ескере алмағанымды ескерсем, жеткізе алмағанымды жеткізсем, деген талап қатты қойылды. Көркем әдебиеттің ең үлкен қасиеті — адам таныту. Таныту үшін әуелі өзің танып алу керек. Бұл өте қиын. Сол қиындықтан қашып, шығармаға адамдарды аз енгізетінмін. Бұл жолы көбірек енді. Бірақ, біріне бірі ұқсамау жағын қадағаладым. Меніңше, сөзі, мінезі, пішіні, ойы, іс-әрекеті тек өзіне тән, дара-дара адамдар көбейе берсе, кітап күшейе береді. Ал, адамдары көбейгенмен біріне-бірі ұқсай берсе, әлсірей бермек. Шығарманы қызықты ететін тек оқиға, сарт-сұрт айқас, деген сыңар езу ұғым бар. Бұл кітаптан мен алдымен ішін, кескінін, әрекетін, табиғат суреттерін көрсетуге тырыстым. Өйткені, бүкіл көркемдік, оқиға осылардан туады. Социалистік реализм әдісі де осында жатыр. «Өмір мен өлім» өте асығыс жазылды. Журналда істей жүріп, жұмыс арасында жаздым. Журналдың бір нөмері шыққанша жалғасын келесі нөмерге үлгеріп тұрдым. «Шығанақ» бас-аяғы төрт-бес ай, «Миллионерге» үш-төрт ай, «Қарағандыға» бір жылдай уақыт кетті. Бірде-бірінде уақыт қыспай қалған жоқ. Толғануға жібермеді. «Дауылдан кейінге» екі жыл отырыппын. Бұл еңбекте қапы кеткенім аз болар, жеріме жетіп тоқтаған сияқтымын. 1958    
04.12.2012 08:27 9949

 

ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

Ой мен тіл

«Қазақ әдебиеті» газеті сұрай келген соң тәжірибе туралы бірер сөз айтуға тура келді.

Сырт көзбен қарағанда дағдылы жазушыларға жазу оңай, жастарға қиын сияқты. Дұрысында әрбір жаңа шығарманың тұсында дағдылы жазушы да жас. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем әдебиетте де жоқ. Әрбір көркем шығарма өмірдің бірсырын ашуға, бейнесін жасауға міндетті. Бұл оңай ма? Мен жас кезімнің, жасамыс кезімнің бірде-бірінде қиналмай жазған емен. Бәлки, жас шақта аз қиналған шығармын. Өйткені тіс қақпаған жас, жырыңды жасамыстай өмір мен ойдың қалтарыстарын тінте бермейді ғой. Қиналу бірақ ізденуден туды. Іздеп жарамды бір сөз, не бір ой тапсам бір дорба жем жеген аттай-ақ көтеріліп қаламын.

Оқушыны қызықтыруға жазушылар қилы-қилы тәсіл қолданады. Тәсілдерді орындай білгенге шығарманың шырайын енгізетін шарттар кеп. Солардың ішінде менің таңданғаным ой мен тіл. Әдебиеттік барлық тұлға түгелденген күнде ой қораш, тіл олақ болса шығарма бәрі бір құнды шықпайды. Ендеше тіл шеберлігі алдымен ұқыптылықта жатыр. Әдетте не нәрсе көбейсе, сол нәрсенің бағасы төмендейді. Көп сөзділік те шығарманың бағасын төмендетеді. Бұдан, әрине, жуан кітаптар жаман, жұқа кітаптар ғана жақсы деген ұғым тумасқа керек. Гәп онда емес, сөз сұйыла көрмесін демекпін. Шеберлер аз сөзбен көп аңғартады, сөзі бос кетпей нысанаға тиеді, айтуға жеңіл, көңілге қона қалады. «Өнер алды қызыл тіл» болса, әдебиетте де сол.

Жазушы халық тіліне бай, сөз үлгілеріне қанық болуға тиісті. Соның өзінде шебер емес, жинаушы ғана. Шеберлік — сөздің орнын табуда, мөлшерін білуде. Мұны білгеннің әр сөзі алтын. Жалғанда не терең? Сөз терең. Не сұлу? Сөз сұлу. Не өткір? Сөз өткір. Оның бұл қасиеттерін адам адам болғалы пайдаланып келеді. Әлі күнге ешкім шегіне жете алған жоқ. Демек, әр жазушы өз тұсында өзіндік сөз өнерін көрсетуіне әбден болады. Көрсете алмаса кінә өзінде.

Қалампаздар кәдімгі төрт бұрышты кірпішті жалпағынан, қырынан ғана емес, тігінен де, көлбете де қалай біледі. Сөйтіп, жасаған дүниесіне алуан-алуан, қызықты сымбат береді. Жазушы да осы тәрізді. Сөзді әр қилы қалай отырып, о да бір қызықты дүние жасайды. Біздің кейбір тіл мамандарымыз бұған әлі жете түсінбей жүр. Сөзді тек жалпағынан қала, бабаларымызша сөйле, балалар ұғымына шақта, дегенді аңғартады. Жазушы халықтан, мамандардан үйрене отырып, үйрету мақсатын да ұмытпау керек. Мен өз тәжірибемде бұл егіз мақсатты естен шығарған емеспін.

Дегенмен, сөз ойдың айнасы. Айнаның, әрине, жақсы - жаманы бар. Қайсысы болса да барды көрсетеді, жоқты көрсете алмайды. Түптеп келгенде шығармаң тағдырын шешетін ой. Ой деген қисапсыз көп, шексіз үлкен. Сол көптің ішінен таңдай білсе, сол үлкеннің өнетінінен бойына шақтап ала білсе, жазушы сәтті бір адым алға басқаны.

Ойларға мен тек социализм тұрғысынан қарадым. Неғұрлым социализмді жақтаған, оны жасаушыларға жәрдем еткен ой солғұрлым күшті, әрі әдемі көрінеді маған. Сондықтан үлкенді-кішілі еңбектерімнің бәрі совет жерінде болып жатқан ғажап өзгерістерді, қазақ халқының арманың әрекетін бейнелеуге арналды. Бейнелеу тіпті қиынға соқты. Дүние дүние, әдебиет әдебиет болғалы біздегідей өмір, біздікіндей қауымды білмеген екен. Тарих үлгі түгілі нобай, жол түгілі сүрлеу тауып бере алмады. «Өмір мен өлім» романын жазғанда менің аласұрған ойым совет қауымына теңеу таба алған жоқ. Әйтеуір совет адамдарын барлық адамдардан жоғары қоюды көздеді. Бұл мақсаттық қаншалықты орындалғанын қайдам. Табысым таудай мейлі теңгедей болсын, барын Гюго мен Горькийге бағыштадым. Өйткені ол кезде маған ықпал еткен тек сол екеуінің шығармалары. Ақыры, сабырлы ер, шешен адамдардың тұлғасын сол екеуі көрсетті.

Сөз ізденуім «Шығанақтың» тұсында басталды. Бұл кезде халық қалыптастырған дайын сөздерге, эпосқа құмарттым. «Миллионер» мен «Қарағандыда» күшімді сынадым. Әдейі жолсызбен, сонымен жүріп жол салмақ болдым. Барды ғана айтып қоймай, жоқты да айтса, болғанды ғана айта бермей, болашақты да айтса, соларды айтуға лайық тіл тапса деген мақсат тұрды алда. Осы мақсат «Аманкелді» сияқты колхоз, Жомарт сияқты председатель жасауға апарды. Екеуі ол кезде жоқ-ты. Кейін болды. Ахмет ұста әлі жоқ. Бірақ сөзсіз болады.

«Қарағандыдағы» жаңа жұмысшы табы, «Миллионердегі» колхозшы, оқуы жаңа шаруалар ескі қазақша сөйлеуге көне бермеді. Сондықтан ескі мөлшерді кейде өзгертіп, кеңейтіп, жаңа қауымның өз қосқандарын әдебиетке енгізуге тура келді. Бабаларымыз совет, социализм, электр, трактор... сияқты сөздерді аузына алған емес. Қазір әркім алады. Жазба мәдениетіміздің мешеу кезінде адамның қат - қабат ой, әрекетін, қай сөздің қай әуенде айтылып тұрғанын дәл беру қиын еді, кейде тіпті мүмкін емес-ті. Біздің тұсымызда жазу техникасы да күшейді. Сөзді талай саққа жүгіртуге, құрылыс шумақтарына жаңалық енгізіп, бояуын, мәнін байытуға ерік тиді. Мен бұл ерікті «Қарағанды» мен «Миллионерде» көбірек пайдаландым. Тіпті мақал, мәтел сияқты өзімше қанатты сөздер жасауға дейін бардым.

Онымды кейбір әдебиет, тіл зерттеушілері қағида бұзғандық десе, мен әдебиетті, тілді дамыту дер едім.

«Дауылдан кейін» әзір ақырғы еңбек. Бұрын болып жатқанға, болашаққа ұмтылсам, бұл кітапта өткенді жаздым. Дағдыдан шығып, кейін оралған себебім — өміріміздің, бір қызықты шағы жөнді көрсетілмей қалыпты. Оны жазатын жасамыс адамдар азайып барады. Жастар білмейді. Борыш арқалап кету лайық па? Сондықтан азырақ шегінуге тура келді.

«Дауылдан кейін» романы бірсыпыра тәжірибелерді бастан кешіріп, ой байсалды, жас мосқал тартқан кезде жазылғандықтан бастапқы кітаптарда ескере алмағанымды ескерсем, жеткізе алмағанымды жеткізсем, деген талап қатты қойылды. Көркем әдебиеттің ең үлкен қасиеті — адам таныту. Таныту үшін әуелі өзің танып алу керек. Бұл өте қиын. Сол қиындықтан қашып, шығармаға адамдарды аз енгізетінмін. Бұл жолы көбірек енді. Бірақ, біріне бірі ұқсамау жағын қадағаладым. Меніңше, сөзі, мінезі, пішіні, ойы, іс-әрекеті тек өзіне тән, дара-дара адамдар көбейе берсе, кітап күшейе береді. Ал, адамдары көбейгенмен біріне-бірі ұқсай берсе, әлсірей бермек.

Шығарманы қызықты ететін тек оқиға, сарт-сұрт айқас, деген сыңар езу ұғым бар. Бұл кітаптан мен алдымен ішін, кескінін, әрекетін, табиғат суреттерін көрсетуге тырыстым. Өйткені, бүкіл көркемдік, оқиға осылардан туады. Социалистік реализм әдісі де осында жатыр.

«Өмір мен өлім» өте асығыс жазылды. Журналда істей жүріп, жұмыс арасында жаздым. Журналдың бір нөмері шыққанша жалғасын келесі нөмерге үлгеріп тұрдым. «Шығанақ» бас-аяғы төрт-бес ай, «Миллионерге» үш-төрт ай, «Қарағандыға» бір жылдай уақыт кетті. Бірде-бірінде уақыт қыспай қалған жоқ. Толғануға жібермеді. «Дауылдан кейінге» екі жыл отырыппын. Бұл еңбекте қапы кеткенім аз болар, жеріме жетіп тоқтаған сияқтымын.

1958

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға